ЕГЕМЕН ЕЛ БОЛУ – ЗОР МӘРТЕБЕ, МОЛ ЖАУАПКЕРШІЛІК Избранное

Вторник, 15 Декабрь 2020 05:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 352 раз

acb1bff0-df7c-4cab-8366-369fd41d5c39

Тәуелсіздік күні – Қазақстанның әрбір азаматы үшін ұлық та қастерлі мереке. Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған елдің арманы орындалған күн.

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді.
– Тәуелсіз ел атану тек биік мәртебе ғана емес, сонымен қатар, орасан зор жауапкершілік. Елдің ертеңіне деген сол жауапкершілікті әрбіріміз тереңнен сезіне білгенде ғана ынтымағымыз ырысты, бағымыз баянды болмақ. Бұл мерекеге Шымкент қаласы да әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму бойынша елеулі жетістіктермен келіп отыр, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, Тәуелсіздік жылдары Шымкент қаласының дамуы жаңа деңгейге көтерілді. Еліміз егемендік алған жылы Шымкентте халық саны 400 мың адам болса, бүгінгі күні 1 миллион адамнан асты. Қала аумағы кеңейіп, 116,3 мың гектарға дейін ұлғайды.
М.Әйтенов өз сөзінде қала бюджеті 1994 жылы 1 млрд. теңге болса, бүгінгі күнде 455 млрд. теңгеден асқанын жеткізді. 1991 жылдан бері 6,1 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілгенінен дерек келтірді.
–Қол жеткізген табыстарымыздың барлығы – Тәуелсіздіктің, осы жолда жан аямай тер төккен азаматтарымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Қашанда тәу етер Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын, – деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, мереке қарсаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының үздік қызметкерлері, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, жалпы 46 азамат бар.
Салтанатты жиында Асар шағынауданынан 1200 орындық жалпы орта мектеп, Нұрсәт шағынауданынан бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын «Атамекен» медициналық орталығы және түсті металл мен арматура шығаратын өндіріс орны онлайн форматта ашылды.

 
Последнее изменение Вторник, 15 Декабрь 2020 05:22