Тағдыршешті арайлы таңымыз Избранное

Среда, 16 Декабрь 2020 02:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 648 раз

Тәуелсіздік фото

Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары мен қала қонақтары!

Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Егемендікке, елдікке сара жол салған Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев: «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды» деген еді. Ұлттық қасиетіміз бен Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған осынау Тәуелсіздік мерекесіне биыл міне, 29 жыл толып отыр. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Еліміз алып, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Айбыны асып, айдарынан жел ескен елге айналды. Сол биік рухымыздың туын төмендетпей, жасампаздығымызды жаңа белеске көтеруге бастаған бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақ елі жарқын болашаққа бет алып барады.

Тәуелсіздіктің бізге берген үлкен сыйы – Шымкент республикадағы үшінші мегаполиске айналып, өрісі кеңейіп, мәртебесі биіктей түсті. Бұл – егемен елдің еншісі ерек қаласына айналған шаһарымыздың қадамына тың серпін, өзгеше тыныс беріп отыр. Қаламыздың келбеті күннен күнге ажарланып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсара түсуде.

2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған шаһарымыз бұл мерейлі мәртебені абыроймен атқарып шықты. Сондай-ақ шаһар жұртшылығы ЮНЕСКО-ның мақұлдауымен халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізілген Шымкенттің 2200 жылдығын, Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдығын да кең көлемде атап өтті.

Осындай айтулы, мерейлі жақсылықтармен жалғасқан Тәуелсіздік мерекесінде әр отбасына татулық пен ырыс-береке, Отанымыздың игілігі мен жарқын болашағы жолында жаңа табыстар тілейміз.

Мәңгілік елдің көгінде көк байрағымыз биіктеп, желбірей берсін!

 

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі

 

Ғани ТАШҚАРАЕВ, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.