Версия для печати

«Жанұямды көлікте жүріп құттықтаймын...» Избранное

Среда, 30 Декабрь 2020 04:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1810 раз
Оцените материал
(0 голосов)

30

31 желтоқсан – бүкіл әлемде отбасылық мерекеге айналған ерекше күн. Дегенмен кейбір мамандық иелері үшін жылдың соңғы күні кезекті кезекшілігіне тұспа-тұс келеді. Содан болар оларға әсем шыршаның жанында отшашуды тамашалау қызығы немесе жаңа жылды үйде отбасымен бірге қарсы алу бақыты бұйыра бермейді. Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын сондай саланың бірі – жедел медициналық жәрдем қызметкерлері.

Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету станциясының жүргізушісі Мақсат Қутынбетов Жаңа жыл түнін жедел жәрдем қызметкерлері де қызу жұмыс үстінде өткізетінін айтады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін оның жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын байқауға болады.
– Жаңа жыл кешінде кезекшілігім әдеттегіден ауырлау болады. Өйткені сол түні шақыртулар көп түседі. Әдетте бір тәулікте 18-20 шақыртуға барамыз. Әлде бір науқасты жедел ауруханаға аман-есен жеткізген кезде мойнынан ауыр жүк түскендей сезіледі. Кезекшілік мерекелік түнге дөп түскен кезде 70 жастағы анам мен келіншегімді, төрт перзентімді көлікте жүріп құттықтауыма тура келеді, - дейді М.Темірханұлы.
10 жылдан бері жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі болып істейтін Мақсат Темірханұлы сары түске боялған жедел жәрдем көліктері діттеген жеріне жедел жетуіне үлкен септігін тигізіп отырғанын айтады. Талай жанды өлімнен арашалап қалуға сеп болып жүрген жедел жәрдем қызметкерлерінің өзі де кейде қауіп-қатерге тап болып жататын жайттар аз емес екен.
Жедел медициналық жәрдем қызметіне жалған хабарлама немесе негізсіз қоңырау шалатындар да аз емес екенін айтады. Әсіресе, мереке және демалыс күндері араққа сылқия тойып алып, ерігіп те қоңырау шалатындар бар деп қынжылады мамандар.
– Аса ауыр халдегі науқасты жедел ауруханаға тасымалдау кезінде көшедегі көліктердің жедел жәрдем көлігіне жол бермеуінің салдарынан кейде кешігіп жатамыз. Мұндайда әрбір секунд біз үшін қымбат. Ал түнгі шақыртуларда кейбір елді мекендерде көшенің аттары берілмегендіктен мекен жайды іздестіруде бірқатар қиындық туады. Дегенмен мерекелік кештердің бірінде есімнен кетпейтін бір қызық оқиға болғаны бар. Айы-күні жеткен жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінің ішінде дәрігерлеріміз босандырып, кішкентай бүлдіршіннің кіндік әкесі атанғам, - дейді ол.
Қазіргі пандемия кезінде коронавирусқа шалдыққан науқастарды ауруханаға жеткізу жедел медициналық жәрдем қызметі арқылы қатаң түрде жүргізілетіні белгілі. Кейіпкеріміз көрінбейтін жаумен күресу үшін бекем бірлік пен қатаң тәртіп қажет екенін айтады. «Бұл ретте тазалық пен гигиенаны бірінші орынға қою керек,» - дейді ол.