Сиыр жылының сипаты қандай болмақ? Избранное

Среда, 06 Январь 2021 04:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2596 раз

Сиыр жылы n

Әне-міне дегенше, зымыраған уақыт дөңгелегімен тышқан жылын тарих қойнауына жіберіп, 2021 Сиыр жылы табалдырымызды аттады. Бәрін айт та, бірін айт, өткен жыл қауіп-қатерге толы болды. COVID-19 шартты атауын иеленген індет әлемді әбігерге салды. Тосыннан келген кесел талай жанды құрығына ілді. Пандемия салдарынан ауылдар мен қалаларда мүлгіген тыныштық орнады. Адамдар оқшауланған жағдайда өмір сүруге дағдыланды. Бұл – 2021 жылдың есте қалар қиындығы.

Ал енді Сиыр жылының тарих бетіндегі таңбалары қандай? Өткен уақыттың уысындағы басты оқиғаларға зер салсақ, бұған дейінгі Сиыр жылдарының үлесінде де ақтаңдақ ауыртпалықтар, сондай-ақ ел есінде қаларлық елеулі оқиғалар аз болмағанын білеміз.
Оның ішінде қазақтың бетке тұтар қаймақтары – ұлт зиялылары қуғын-сүргінге ұшыраған 1937 жыл еске оралады. 1949 жылғы Семей ядролық полигонындағы сынақ жерімізге қаншама зардап әкелген зауалдың бірі. 1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.С. Горбачев сайланды. 1961 жылы 12 сәуірде адамзат тарихында
«Байқоңыр» айлағынан тұңғыш рет ғарышқа адам аттанды. Космонавт Юрий Гагарин «Восток» зымыранымен көк жүзі кеңістігінде 108 минутқа созылған уақыт «саяхаттап», жерге аман оралды. Содан бері бұл күн «Космонавтика» күні деп аталады.
1997 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Сондай-ақ дәл осы жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен елорданы Алматыдан Астанаға көшіру туралы шешім қабылданды. 2009 жыл дүниежүзілік дағдарыс зардабынан әлі құтылмаған кезең есебінде есте. Ал жағымды жаңалықты айтсақ, осы 2009 жылы бүгінде Нұр-Сұлтан деп аталған астанада «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, Орталық концерт залы т.б нысандар ашылды. Әрине, қалай болғанда да «жылдың жаманы жоқ» деп жатамыз. Өйткені қай-қайсымыз да жаңа жылдан жағымды өзгеріс, жылы леп күтетініміз анық. Ендеше есігімізден енген Сиыр жылы жайлы астрологтардың болжамына зер салайық.

 

167991

Жұлдызнама не дейді?

Астролог Бақытжан Ақанова жыл қайыру белгілері бойынша келер жылы кімді не күтіп тұрғанын топшылады.

Тоқты. Жыл белсенділікке толы. Қаражат табудың жаңа мүмкіндіктері мен мансаптық ілгерілеу байқалады. Жақсы өзгерістерге жетелейді. Ата-анамен қарым-қатынасқа мән беретін уақыт. Шығынды қадағалаңыз, оңды-солды ақша шашудан аулақ болыңыз.

Торпақ. Өзін жеке тұлға ретінде танытуға құмар. Денсаулық мәселесі басты кезекте. Жыл түрлі тренинг, оқу үшін маңызды.

Егіздер. Жөнсіз шығыннан аулақ болыңыз. Саяхаттауға, таңғажайыптарға қызығушылығыңыз оянады. Денсаулығыңызға мән беріңіз.

Шаяндар. Жоспарды жүзеге асыратын жыл. Мансапта, жеке өмірде өзгерістер болуы мүмкін.

Арыстан. Мансаптағы өзгерістер, жұмыстағы жаңа мүмкіндіктер үшін қолайлы. Ең бастысы, салыңыз суға кетпесін. Отбасына, анаңызбен қарым-қатынасқа көңіл бөлу керек.

Бикеш. Мансап жолында жаңа мүмкіндіктер, іссапарлар жоспарлануда. Саяхатқа қызығушылық пайда болады. Балалармен арада түсініспеушілік, жеке өмірде проблема туындауы мүмкін.

Таразы. Шығынға мән беру керек. Отбасылық келіспеушілік болуы ықтимал. Ақталмайтын тәуекелге барудың қажеті жоқ.

Сарышаян. Қарым-қатынастан қашқақтаудың қажеті жоқ. Неке қидыруыңыз мүмкін. Кәсіп бойынша жаңа серіктестер пайда болады.

Мерген. Түрлі тәжірибе жылы. Өзіңіз жайында жар салуға мүмкіндік пайда болады.

Тауешкі. Жаңа мүмкіндіктер мен жобалар жылы. Балалармен қарым-қатынас қиындықтарға әкеп соғады.

Суқұйғыш. Жаныңыз рахат табатын жұмыс іздейсіз. Жылжымайтын мүлік алуыңыз мүмкін. Оқшаулануға құмартасыз.

Балықтар. Шығармашылық жолындағы жемісті жыл. Жаңа нәрсені, мансаптық дамуды қалайсыз. Жалпы жыл жақсы өзгерістермен ерекшеленеді.

 

Бұл жыл бұрынғыға қарағанда...

Отандық астролог, психолог Бақытжан Ақанова 2021 жыл 2020-ға қарағанда жеңіл өтетінін алға тартып отыр.

– Қаңтар, ақпан айлары қиын болады, наурыздың аяғынан бастап коронавирусқа қатысты жағдай жеңілдейді. Қарашаға дейін қысым сезіледі. Қаржы дағдарысы жалғасады және үнемдеу алдыңғы орынға шығады. Валютаның әсерінен өзгерістер болуы мүмкін. Адамдар экологияға мұқият бола бастайды, дұрыс тамақтануға қызығушылық туындайды, – дейді ол.
Жыл соңына таяу экономика мен саясатта тұрақтылық сезілуі мүмкін. Ауыл шаруашылығын, жер қойнауын пайдалануды дамытуға көбірек көңіл бөленеді. Негізсіз инвестициялар болуы мүмкін екенін айтқан астролог әбден ойланып шешім қабылдауға кеңес береді.
Оның әріптесі Елена Топольскаяның сөзінше, Сиыр жылының ең берік стихиясы – Металл мен Жер.
– Яғни банк секторында заң ғылымына, мемлекеттік басқаруға қатыстының барлығы жақсы болады. Мемлекеттік реттеу жоғары деңгейде жүргізіледі. Жаңарудың, жаңа бастамалар мен құндылықтарды қайта бағалаудың уақыты 2022 жылға сәйкес келеді. Ал 2021 жылы жағдайды оңтайландыру арқылы тұрақтандыру шебінде өтеді. Бұл ақшаны үнемдеуге, бұрын жинақталған мүлікті сауатты басқаруға қолайлы. Адамдар үшін үлкен мансаптық мүмкіндіктер кезеңі, – дейді ол.

 

фонарик-Loewe-Elie-Saab-Badgley-Mischka

Қай түс сәнде?

Pantone түстер институты 2021 жылдың басты түстерін анықтады. Олар – ашық сары (PANTONE 13-0647 Illuminating) және қою сұр (Pantone 17-5104 Ultimate Gray).
Ұйым директоры Леатрис Эйсман бұлар адамға шыдамдылық пен үміт сыйлайтынына сенімді. Жыл түстері сән, үй жиһазы, өнеркәсіп дизайны, медиадағы графика мен жарнама саласына да әсер етеді. Көбі осы түсті таңдауға тырысады.
Аталған институт өкілдері түрлі трендтерді талдау арқылы зерттеу нәтижесінде таңдау жасайды. Ойын-сауық, кино, суретшілердің өнер туындылары, сән және дизайн салаларын барынша зерделейді. Жыл түсі соның нәтижесінде анықталады.
Жалпы, түс адам психологиясы мен көңіл-күйіне әсер етеді. Әркім оны әрқалай қабылдайды. Бұл адамның мінезі, жасы, көңіл-күйі мен басқа да жайларға байланысты. Сондай-ақ түр мен түс ағзаға тікелей әсер етеді, адамды ерекше күйге бөлейді.
Еске салсақ, өткен жылдың басты түсі ретінде классикалық көк түс таңдалған болатын.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.