СЕНАТОРЛАР ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ Избранное

Среда, 13 Январь 2021 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3338 раз

DSC 2540

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары алдымен Маятас, Тоғыс тұрғын алаптарында болып, тұрғындармен кездесті.

Кездесуде тұрғындар қалаға жаңадан қосылған бұл елдімекендерді дамыту үшін соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарылғанын айтып, алғысын жеткізді. Атап айтқанда, қос елдімекендегі барлық жолдар мен аяқ жолдарға жаңадан асфальт төселген. Көшелер жарықтандырылып, аулалар абаттандырылған. Балалардың ойын алаңы мен спорт алаңдары ашылды. Электр желілері мен трансформаторлар жаңартылып, тұрғындар сапалы электр қуатына қол жеткізді. Қазір магистралды кәріз жүйесі жаңартылуда. Биыл осындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің негізгі ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Қазір 300 орындық қосалқы ғимараттың құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар Бадам өзенінің үстінен өтетін жергілікті 3 көпірде қайта құру жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілген.
Кездесу барысында жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Ашетов сенаторларға бірқатар проблемаларды да айтты. Олардың ішінде негізгі 2 мәселені бөліп көрсетуге болады. Біріншісі, маятастықтардың үйі қалаға өткенімен ауыл шаруашылық жерлері Төлеби ауданының қарамағында қалған.Соның салдарынан шаруалар субсидия мен басқа да мемлекеттік қолдаудан қағылып отыр. Екіншісі, Бадам өзенінен төнетін су тасқыны қаупі екен. Биыл Еңбекші ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен өзен жағалауы бекітілген. Алайда, өткен көктемдегі су тасқыны іргедегі Елтай ауылын әбігерге салған соң тұрғындар сол жағдай қайталана ма деп алаңдайды. Сондықтан мүмкін болса, Бадамның елдімекендерден өтетін тұсын бетон жабындысымен бекітсе деген өтініш айтады.
Сенат депутаттары тұрғындар көтерген мәселені қала әкімдігімен бірлесе отырып шешетінін жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ірі қалалардың шетінде орналасқан елдімекендердің проблемаларына баса назар аударылып жатқанын айтты.
Мұнан кейін жоғарғы палата өкілдері қаладағы «Медикер» медицина орталығында және «Цитадельде» болып, Шымкент қаласында денсаулық сақтау мен туризм салаларын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.