Версия для печати

ХАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫН ТАҢДАДЫ Избранное

Среда, 13 Январь 2021 04:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3623 раз
Оцените материал
(0 голосов)

DSC 2783

Жексенбі күні өткен сайлауда Қазақстан халқы біртұтас саяси күшке қолдау білдіру арқылы тұрақтылық, бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдады. Мұны «Nur Otan» партиясының алдын ала қорытындыға сәйкес 71,09 пайыз дауысқа ие болып, жеңіске жеткеніне қарап айтуға болады.

Бұл сайлау елімізде көппартиялы Парламент жүйесінің нығая түсуіне жол ашты. ҚР Орталық сайлау комиссиясы жария еткен алдын ала қорытындыларға сәйкес, Мәжіліс депутаттарының сайлауында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,95 пайыз, Қазақстан халық партиясы 9,1 пайыз дауысқа ие болды. Осылайша, алдағы бесжылдықта аталған 2 партияның фракциясы парламенттік оппозиция мәртебесіне ие болады. Ал, «Ауыл» мен «АDAL» партиялары заңнамада көрсетілген 7 пайыздық межеден өте алмауына байланысты Мәжілістің құрамына енбейтін болды.
Саяси додаға қатысып, халықтың қолдауына ие болу бар да, бұқараға берген уәденің үдесінен шығу – одан да күрделі міндет. Осы орайда сайлауда жеңіске жеткен «Nur Otan» үгіт-насихат науқаны кезінде жұртқа қандай уәде бергенін тағы бір еске сала кеткенді жөн көріп отырмыз.
Партияның сайлауалды бағдарламасында алдағы 5 жылда денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны жалпыұлттық ішкі өнімнің 5 пайызына жеткізу жоспарланған. Бұл медициналық қызметті сапалы әрі қолжетімді етіп, дәрігерлердің жалақысын 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Өңірлерде 20 заманауи ірі медициналық орталық бой көтереді. Білімнің сапасы артуы үшін мұғалімдердің де жалақысын 2 есе көбейту көзделген. Сонымен қатар алдағы бесжылдықта 100 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 1 милллион отбасы баспаналы болмақ. 27 мың шақырым жол жаңарып, елдегі ауыз су мәселесі түбегейлі шешіледі. Оған қоса 3,5 мың ауыл абаттандырылып, 900 мың тұрғыны бар 246 елдімекен табиғи газға қол жеткізеді. Осылайша, партия экономиканың тұрақты өсімі мен әрбір азаматтың лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Жоспардың қай деңгейде орындаларын уақыт көрсетеді.

ОСК мәліметіне сүйенсек, Мәжілісте «Nur Otan» партиясы – 76 мандатқа, «Ақ жол» – 12 мандатқа, ал ҚХП – 10 мандатқа ие болып отыр. Мұнан өзге «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 93-1-бабына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайланды.
Мұнан бөлек Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы Шымкент қалалық мәслихаты депутаттарының сайлауының қорытындыларын жариялады. Комиссия төрағасы Қайырбек Құнанбаев ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте берген мәліметіне сәйкес, «Nur Otan» партиясы 78.63 пайыз дауыспен жеңіске жеткен.
Айта кетейік, көшбасшы партияның Шымкент қаласына қатысты да тамаша жоба-жоспарлары бар. Алдағы 5 жылда Шымкент қаласында сайлауалды бағдарлама аясында 42 мектеп пен 22 медициналық мекеменің құрылысы жүргізіледі. Қала шетіндегі шағын аудандар мен елді мекендерде тұратын 620 мыңнан астам тұрғын таза ауыз сумен, табиғи газбен және сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, 3 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, 47 мың отбасының баспана мәселесі шешілмек. Қалада 5 жылдың ішінде 80 мың тұрақты жұмыс орны жаңадан ашылады деген жоспар бар.
Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Құнанбаевтың айтуынша, мәслихат сайлауында «Ақ жол» партиясы — 9.6 пайыз, «Ауыл» партиясы — 9.44 пайыз дауысқа ие болды. Осылайша, жоғарыда аталған 3 партияның өкілдері Шымкент қалалық мәслихатының құрамына еніп отыр. Ал, ҚХП мен «Adal» партиялары сәйкесінше 1.3 және 1.03 пайыз дауыс алған. Бұл партиялар сайлау заңнамасында көрсетілген 7 пайыздық межеден өте алмауына байланысты өкілетті органның құрамына енбейді. Айта кетейік, Шымкент қаласында дауыс беру құқығына ие 617 027 азамат болса, 348 644 адам сайлауға қатысқан. Яғни, қатысу көрсеткіші 56.5 пайызды құрап отыр.
Жалпы, Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы ұлттық заңнама мен халықаралық құқықтық нормаларға сәйкес өтті. Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге Қазақстан үлкен дайындықпен келгені байқалады. Үгіт-насихат және дауыс беру кезінде айтарлықтай заңбұзушылықтар орын алған жоқ. Осының бәрі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Түрік Кеңесі секілді ұйымдардың атынан келген шетелдік байқаушыларының еліміздегі сайлауға қатысты берген бағасы. Сондықтан бұл сайлау табысты өтті әрі елімізді демократияландыру жолындағы маңызды қадам болды деп сеніммен айта аламыз.