АҚЫЛ-ОЙЫМЫЗ «АҒЫП КЕТІП» ЖАТЫР МА? Избранное

Пятница, 29 Январь 2021 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2292 раз

немесе сыртқы миграция Қазақстанның әлеуетін көрсететін фактор емес

migrasia1

ХХІ ғасырда ақпарат кез келген елдің саясаты мен экономикасына, халықтың ынтымақ-бірлігі мен мемлекеттің тұрақтылығына әсер ететін алапат күшке айналып тұр. Өйткені, әртүрлі деректердің өңін айналдырып, мың құбылтып бере отырып қалың бұқараның көңіл-күйі мен санасына ықпал етуге болады. Қазақстанға, оның билігіне жасалатын ақпараттық шабуылдың ең «көрнекі» тақырыптарының бірі — сыртқы миграция.

«Не дейсің, жастар елден жаппай кетіп жатыр» деген ақпараттың ауық-ауық таралып, жұрттың көңілін алаңдатып, ел ертеңіне деген сеніміне селкеу түсіре бастағанына бірнеше жыл болды. Отандық және кейбір шетелдік ақпарат құралдарының отқа май құйып, түймедейді түйедей етуінің астарында кейде салмақты себептер болса, кейбір ақпарат құралдары жәй ғана дүрмекке ілесіп, сол тақырыптар арқылы оқырманын көбейтуді ғана ойлайды.

Бұл әңгіменің ушыққаны сонша оған Мемлекет басшысының өзі арнайы тоқталуға мәжбүр болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін.

Халқымыз «Атың барда жер таны, желіп жүріп» дейді. …Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ, басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру» деп тоқталып өтті.
Сонымен шынайы жағдай қалай? Расында қазақ жастары елден үдере көшіп кетпек ойда ма? Әлде бұл елімізге жасалып жатқан кезекті ақпараттық шабуыл ма? Бүгін осы сауалдарға қал-қадірімізше жауап беріп көрмекпіз. 

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы таратқан деректерге сүйенсек, 2020 жылдың 9 айында Қазақстаннан шетелдерге 21 069  адам тұрақты тұруға көшіп кеткен. Ресми статистика бұл көрсеткіштің 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шамамен 30 пайызға қысқарғанын көрсетіп отыр. Мамандар қоныс аударушылар санының қысқаруы пандемия және карантиндік шектеулермен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтады. Сондықтан еліміздегі сыртқы миграцияға қатысты толық картинаны көру үшін соңғы 3 жылдың деректеріне назар аударған жөн. 2018-2020 жылдары

Қазақстаннан 120 мыңға тарта адам қоныс аударған.   Былай қарасаңыз, 40 мың адам шынында аз емес. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл бір шағын қаланың тұрғындарымен шамалас. Әрине, жыл сайын тұтас бір қаланың тұрғындары елді тастап көшіп кетіп жатса, бұған бей-жай қарауға болмайтын да шығар. Өйткені, жерінің аумағы бойынша әлемде 9-орында, ал, халық саны бойынша бар-жоғы 65-орында тұрған Қазақстан үшін адам ресурсы – ең қымбат байлық.

Десе де, отандық БАҚ пен әлеуметтік желілерде осы статистиканы біржақты талдайтындар көп. Көптеген әлеуметтанушылар жастардың шет мемлекеттерге қоныс аударуының себебі ретінде «жұмыссыздықты», «жалақының аздығын», «білім беру мен медицина сапасының нашарлығын», «тұлға ретінде дамудың, ішкі мүмкіндіктерді толық пайдаланудың және мансаптық өсудің қиындығын» атап көрсетеді.
Иә, бұл айтылғандар белгілі бір дәрежеде шындыққа жанасады. Қазақстанда жұмыс табудың оңай еместігін, білім мен денсаулық сақтауда проблема көп екенін және жемқорлық пен тамыр-таныстықтың белең алып тұрғанын қазір ешкімнен жасыра алмайсыз. Алайда, бүгінде кейбір сарапшылар, блогерлер мен ақпарат құралдары осындай әлеуметтік мәселелерге саяси реңк беруге тырысып бағуда. Бар айтатындары «не дейсің, жұрт Қазақстанның болашағына сенбейді, кедейлік пен жемқорлықтан қашып жатыр» дегенге саяды. Әлгі статистикаға сәл тереңірек үңілсеңіз тап осылай қара аспанды төндірудің орынсыз екенін бірден байқайсыз. Сенбесеңіз, қараңыз...

Біріншіден, Қазақстанды тәрк еткендердің басым көпшілігі Ресейге бет түзейді екен. Ұлттық Статистика бюросының деректері өзге елге қоныс аударған қазақстандықтардың басым бөлігі, яғни 89,1 пайызы Ресейге кеткенін көрсетеді. Яғни, соңғы 3 жылда кеткен 120 мың қоныс аударушының шамамен 108 мыңы аталған Ресейге барып жайғасыпты. Мигранттардың тағы 6,3 пайызы Германияға табан тіресе, 2,5 пайызы Украинаға кеткен. Төртінші және бесінші орындарда – Польша мен АҚШ тұр. Қазақстаннан Құрама Штаттарға тұрақты өмір сүруге жылына 300 адам көшіп барады.  
Ал, этникалық жағынан талдар болсақ, Қазақстаннан көшіп кеткендердің 86,8 пайызы – орыстар, алғашқы үштікте украиндар мен немістер де бар. Қазақстаннан біржола көшіп кетіп жатқандардың арасындағы қазақтардың үлесі бар-жоғы 3 пайыздың төңірегінде. Осыған қарап-ақ Қазақстаннан кетіп жатқандардың үлкен бөлігі тарихи Отанына оралып жатқан өзге этнос өкілдері екенін байқауға болады.
Қазақстаннан кімдердің қоныс аударып жатқанын олардың қай өңірден кеткеніне қарап та түсінуге болады. Сыртқы миграцияның теріс сальдосы бойынша алғашқы үштікте –
Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан бар. Ал, адамдары шетелге ең аз көшетін өңірлер – Қызылорда мен Маңғыстау екен. Сәйкесінше, осы 2 өңір тұрғындарының 90 пайыздан астамы қазақтар екенін ескерсеңіз жағдай одан да айқындала түседі. 

Статистикалық деректерден 2020 жылдың 9 айында Шымкент қаласынан шет мемлекеттерге 317 адам көшкенін байқаймыз. Енді бағамдап көріңіз, өткен жылдың қаңтары мен қыркүйегінде Қазақстан халқы 240 400 адамға (1,3 пайызға) көбейсе, Шымкент қаласы тұрғындарының саны 36 400 адамға (шамамен 3,5 пайызға) артқан. Енді халқы осылай көбейіп жатқан ел мен оның өңірлерін «халқы үдере көшіп, қаңырап бос қалады» деп байбалам салуға бола ма?!

Иә, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қандастарының көпшілігі тарихи Отанына бет түзегенде түрлі өмірлік себептерге байланысты кете алмағандар аз емес. Ол кезде кейбірінің лауазымды қызметі болса, кейбірінің қарт ата-анасы Қазақстанды қимаған. Енді біреулері көшуге қаржысы жетпей, қалып қойған. Уақыт өте келе олар Қазақстанда қазақтардың үлесі 70 пайызға жетіп, абсолютті көпшілікке айналғанын, қазір орыс тілі мен еуразиялық мәдениет салтанат құрып тұрғанымен, бұл елдің болашағы қазақ тілінде екенін түсінді. Біздің Шығыс әлемінен біржола тамыр үзіп кетпесімізді, қашан да мұсылман елі болып қала беретінімізді сезініп, өздерінің және балаларының болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келмей отырған этнос өкілдері де кездеседі. Кезінде тарихи тағдыр айдап келген бұл азаматтардың ата-бабасының Отанына қайтуы – табиғи құбылыс. Тап осыған бола еліміздің саяси жүйесін мансұқтап, қазақ билігін жазғырудың түкке қажеті жоқ.

Екіншіден, Қазақстанды әлемдік үдерістерден бөліп алып қарауға болмайды. Себебі, Қазақстан – әлемдік экономика мен халықаралық еңбек нарығының бір бөлшегі. Бүгінде адамдардың мобильді болуы, жиі көшіп-қонуы, қай жерде терең білім мен жақсы жұмыс бар болса, халықтың сол жаққа қарай жылыстауы – әлемдік феномен. Мұны экономист және әлеуметтанушы ғалымдар түрлі себептермен байланыстырады. Мәселен, халықаралық көлік жүйесінің дамуы, көптеген елдердің құқық қорғау жүйесінің жетіліп, ксенофобия мен дискриминацияның азаюы, либералды мәдениеттің таралуы, жалпы, жаһандану үдерісінің қарқын алуы негізгі себептер ретінде көрсетіледі. Осыған байланысты қазіргі әлемде «алыс ел», «жат ел» дейтін ұғымдар өз мәнінен айырылып барады. Оның орнына «әлем азаматтығы», «әлем азаматы» деген ұғымдар қалыптаса бастады.

Айтайын дегеніміз, адамдардың жақсырақ дамыған елдерге аттануы тек Қазақстанда болып жатқан құбылыс емес. Әрі біздің адамдар Қазақстанмен қарайлас елдерге кетіп жатқан жоқ қой. Әлгі тарихи отанына оралғандарды қоспағанда, жыл сайын Қазақстанның бір-екі мың азаматы негізінен АҚШ пен Батыс Еуропа елдеріне қоныс аударуда. Осыған бола «Қазақстанның болашағы бұлыңғыр» деп тұжырым жасау – тым ұшқары пікір болып шығады.

Ғасырлық даму жолынан өткен бұл елдерде табыстың жоғары, өмірдің жайлы болуы да заңдылық. Нарықтық даму жолына түскеніне әлі отыз жыл толмаған Қазақстанда отырып «менің жалақым дамыған елдердегіден неге аз» деп байбалам салудың мәні бар ма?! Сол үшін дамыған, игілігі мол қоғам орнатудың жалғыз жолы – жалпыға ортақ еңбек екенін ұғынуға тиіспіз.

Жоқ, біз азаматтардың шетелге көшуінің Қазақстанның ішкі проблемаларына мүлде қатысы жоқ деуден аулақпыз. Мәселен, осыдан оншақты жыл бұрын АҚШ азаматы атанған Еркебұлан Кәкімбектің Нью-Йоркте шағын бизнесі бар. Ол интернетте арнайы канал ашып, бос уақытында АҚШ-та жетістікке жеткен қазақтар туралы әңгімелеп жүр. Еркебұланның айтуынша, қазір жалпы Құрама Штаттарда 15 мыңдай экс-қазақстандықтар өмір сүреді. Алдының көшіп барғанына 25 жылға айналған. Көпшілігі техникалық салаларда терең білімі мен жоғары біліктілігі бар талантты адамдар екен. Осы деректің өзі саясаткерлер айтып жүрген ұлт ақыл-ойының «сыртқа ағып кетуі» туралы әңгіменің де мүлде негізсіз еместігін аңғартады.

Сарапшылардың айтуынша, шетелге қоныс аударғандар негізінен техникалық мамандықтарда жұмыс істеп жүр. Өйткені, мамандар елімізде қолданбалы және фундаменталды ғылымға баса ден қойылмағанын айтады. Бұл бағытқа бөлінетін қаражат та мардымсыз.

– Ішкі жалпы өнімнің 2-3 пайызын ғылымға жұмсайтын күнге жетуіміз керек. Ол үшін тек мемлекеттің ғана емес, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ірі-ірі компаниялардың қаржысы да отандық ғылымға бағытталуы қажет. Бұл – дүниежүзілік тенденция, біз оны Қазақстанға да алып келуіміз керек. Сол кезде ғана шетелде жүрген өзіміздің қаракөз қазағымыз, сонымен бірге, тәжірибесі мол шетелдік азаматтар да Қазақстанға келіп, жұмыс істеуге құлшынады. Ғылымға арқа сүйейтін, ғылыми ізденістердің нәтижесін тұтынатын, жоғары технологияларға негізделген инклюзивті экономика қалыптастырмайынша, білікті кадрлардың да жалақысы дамыған елдердей көп болуы екіталай, – дейді саяси сарапшы Ерлан Саиров.

Тағы да айтамыз, Қазақстанда мұндай проблемалардың бар екені шындық. Бірақ, проблемасы көп ел – болашағы жоқ ел деген сөз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында бірінші кезектегі міндеттердің қатарында қоғамды демократияландыру, ғылымды қаржыландыру көлемін молайту, білім беру мен медицинаның сапасын, қолжетімділігін арттыру мәселелерін атап көрсетті. Қазір бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып та жатыр. Бірақ, кейбір азаматтар осының бәрін жоққа шығарып, тәуелсіз еліміздің болашағына күмән келтіргісі келеді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өзін сарапшы санайтын кейбір байбаламшылардың «сыртқы қарыз», «жастардың шетелге көшуі» дейтін тақырыптар бойынша келтірген жалаң статистикасына құлай сене бермеңіз. Көріп отырғанымыздай, жыл сайын көшіп кететін 40 мыңның 1-2 мыңының ғана кетуіне әлеуметтік факторлар әсер еткен, ал, қалғандары өз жөнімен тарихи отанына оралып жатқан азаматтар екен. Ендеше, мәселенің байыбына барып алмай тұрып, жас ұрпақтың ел ертеңіне деген сеніміне селкеу түсіретін әңгіме айтудан аулақ болайық.

Последнее изменение Пятница, 29 Январь 2021 05:25