ҰШҚЫШСЫЗ ҰШАТЫН АППАРАТ – ШЫМКЕНТТІҢ НОУ-ХАУЫ Избранное

Пятница, 12 Февраль 2021 05:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3183 раз

robo-avia

Қазір дамыған заман ғой. Қазақстан нарығында, оның ішінде Шымкентте ұшақсыз ұшу аппараттары шығарылып жатыр. Қараша айында шаһар басшылығы үшінші мегаполистегі заманауи инновациялық технологиялар өндірісімен, яғни, ұшақсыз ұшу аппаратын шығаратын «RoboAvia» зауытымен танысып қайтқан болатын. Сол кезде «осындай да өндіріс бар ма?» деп таңғалған едік. «Тассай» индустриалды аймағында орын тепкен, Қазақстанда баламасы жоқ өндіріс ошағына барып, жұмыс процесімен танысып қайтуға мүмкіндік туды.

Ұшақсыз ұшу аппаратын – квадрокоптер не дрон деп ойлайтындар баршылық. Әсілі, орысшалап айтқанда «беспилотникті» дронмен шатастыруға болмайды. Екеуі екі түрлі нәрсе. «РобоАвиа» ЖШС Бас директоры Николай Пажитневтің айтуынша, қазір туризм мен қала имиджі, цифрландыру, сәулет пен құрылыс, кадастр, жер қатынастары, шаһар шаруашылығы, тағы басқа салалардың көпшілігінде осы ҰҰА қолданылып келеді. Біріншіден, бұл қауіпсіз әрі ыңғайлы. Нәтижелі әрі анағұрлым арзан. Бұрын аэрофототүсірілім жасау үшін компаниялар арнайы тікұшақ не ұшақ жалдайтын, сосын оның нәтижесін бір-екі аптадай күтуге тура келетін. Ал мұндағылар бірінші күні түсірілім жасайды, екінші күні нәтижесін қолына ұстатады. Бір сөзбен айтқанда уақыт пен жұмыс күшін үнемдейді.

ҰҰА деген ұғымымызға таңсық болған соң өндіріс ошағының жұмыс процесін білмекке асықтық. Н. Пажитнев бізді зауытқа бастап жүрді. 2015 жылы ашылған кәсіпорында электроника, слесарлық цех, конструкторлық бюро, оқу сыныбы, жону бөлмесі, композиттік технологиялар цехы, сырлау цехы деген 7 цех бар екен.

«Электроника цехы – ең маңызды цех. Мұнда гидроөлшемдер алынып, ҰҰА нобайы жасалады», - деді Николай Владимирович. –Ал композитті технологиялар цехында ҰҰА-ның қаңқасы, матрицасы, қанаты істелінеді. Қанаты композиттік материалдан жасалады. Күрделі процес. Конструкторлық бюрода барлық бөлшектері құрастырылады. Жону бөлмесінде каркасқа қолданылатын ағашы кесіледі. Сырлау цехында бояп, келесі бөлмеде кептіріледі. Кез келген адам ҰҰА басқара алады. Оны басқаруға аса көп білімнің қажеті жоқ. Аэродинамиканың әліппесін және компьютерде жұмыс істеуді білсе болды. Әр ҰҰА сататын кезде мамандарымызды екі апта арнайы оқудан өткіземіз. Сосын тестілеуден өткізіп, тапсырысқа қарай құрылғыны басқаруға жібереміз. Қазір ұшақтардан гөрі біздің қызметімізге көп жүгінеді.

Бізге әр түрлі компаниялардан сұраныс түседі. Елімізде мұндай өндірістер бар. Бірақ, бәрі шағын. Біз секілді ауқымды спектр жоқ. Бізде бәрі нөлден басталып, арнайы технология бойынша температуралық режиммен вакуумдық құрылғыда құрастырылады, - дейді компанияның жобалық үйлестірушісі Антон Ладухин.

Ұшқыш-оператор Алишер Шаязов бұл зауытта екі жылдан бері істейді екен.

– «Ұшқыш-операторлар мектебі» жұмыс істейді. Пилот-оператор куәлігін бере отырып, тапсырыс берушінің өкілдерін оқыту курсы – 2 аптадан 3 аптаға дейін (кешеннің комплектациясы мен міндеттеріне байланысты, сондай-ақ практикалық сабақтар кезінде ауа-райына байланысты). Ұшқыш-операторлар ноутбуктағы арнайы бағдарламалардың көмегімен суретке түсіріп, карта құрастырып, видеомониторинг жасайды, - деп кешенді басқарудағы ұшқыштың рөлін түсіндіріп берді. Ұшқышсыз ұшу аппараты делінгенімен, ұшқыш-операторлар аппаратты ноутбуктың көмегімен басқарады.

Бір қызығы, ұшқышсыз ұшу аппаратында да қара жәшік болады екен. Егер апат орын алса, мамандар адами фактордан ба, әлде техникалық себептен бе, сол жәшікке қарап біледі.

Зауыт басшылығының сөзінен ұққанымыз, өндірілетін өнімге толық сервистік қызмет, кепілдік және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсету, техникалық қолдау көрсетіледі. ҰҰА-на жылына 60-70 рет ұшуға кепілдік беріледі. Ал негізі бір жылда 120 кешен шығаруға қауқарлы.

Кәсіпорынның негізгі қызмет түрі – «Sapsan-3000» ұшқышсыз ұшу аппараттарының сериялық өндірісі. «RoboAvia» қызметі Қазақстанда және әлемде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық процестермен тығыз байланысты. Қазақстан экономикасы дамуының баяулауы, әлемдік нарықтағы белгісіздіктің өсуі, геосаяси жағдайдың күрделенуі іскерлік белсенділік пен бизнесті дамытудың инвестициялық жоспарларына айтарлықтай әсер етеді, бұл тиісінше ұшқышсыз техникаға деген сұранысқа да әсерін тигізбей қоймайды. Осы тенденцияларды ескере отырып, «RoboAvia» өзінің стратегиясын өзгерткен және жаңа сынақтарға жауап беруге дайын. Өндіріс ошағында модельдік қатарды түбегейлі жаңарту басталып та кеткен: Samruk 3m және Samruk 5m модельдерін әзірлеп шығарған. Бұл ішкі жану қозғалтқышы бар әуеайлақ негізіндегі ҰҰА.

–Сонымен «бұл инновациялық техниканы қай жерлерде қолдануға болады? – дедік жоба үйлестірушісіне.
–2018 жылы коммерциялық ұйымдардың тапсырысы бойынша Атырау облысындағы мұнай құбырына мониторинг жүргізілді. Сондай-ақ, осы салада біз жергілікті жердің 3D-моделін жасай отырып, мұнай және басқа да қазбаларды өндірудің қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргіздік.

«Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы объектілеріне, салынып жатқан «Шымкент Сити» объектісіне аэрофототүсірілім жүргізіп, одан әрі өңдедік (ортофотожоспар, 3Д, 2Д, жергілікті жердің цифрлық моделі, рельефтің цифрлық моделі).

Коронавирустық инфекцияның таралу қаупіне байланысты ТЖ режимін енгізу кезеңінде біз Шымкент қаласының әкімдігіне шаһардағы блок бекеттердің жұмыс істеуіне мониторинг жүргізуге көмектестік.
2020 жылдың төртінші тоқсанында «Охотзоопром» РМҚК-мен бірлесіп табиғатты қорғау іс-шараларына қатыстық, атап айтқанда Қызыл кітапқа енген жануарларды есептедік, - деді А.Ладухин.

robo-avia-2

«РобоАвиа» ЖШС қолданатын түсірілім кешендері су орналасқан барлық учаскелерге сапалы ауа мониторингін қамтамасыз етеді. Қысқа уақыт аралығында түсірілім кешендерінің көмегімен қарапайым авиация үшін қолжетімсіз аумақтардан суреттер алуға болады. Су басу аймағын дәл анықтауға, залалды анықтауға, салдарын жою бойынша шараларды сапалы жоспарлауға, зардап шеккендерді уақытында анықтауға және алғашқы көмек көрсетуге көмектеседі. Су тасқынының себептері мұз кептелісі болып табылады, ҰҰА-дан алынған егжей-тегжейлі суреттер оларды жою үшін жарылғыш зарядтарды орнатуға болатын учаскелерді анықтайды. Экологиялық төтенше жағдайларды жою мәселелерін шешеді. Олар берген суреттердің көмегімен зақымдалған, ластанған аумақтарды тез анықтауға, шұғыл режимде жердегі операцияларды тағайындауға болады. ҰҰА түсіру арқылы алынған материалдарды экологиялық мақсаттарда – су қорғау аумақтарын, экожүйедегі су балансын қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған бағдарламаны жобалау үшін пайдалануға болады.

Санкцияланбаған қоқыс үйінділерін іздеу, ластану деңгейін айқындау, қар жамылғысының жай-күйі мен деңгейі, жағдайларды жедел талдау, ортофотопландарды, биіктік матрицаларын және жергілікті жердің егжей-тегжейлі үш өлшемді модельдерін жасау, тұрақты мониторинг, проблемалық аумақтарды түсіру, картографиялау және жобалау, шұғыл мониторинг.

Антропогендік әсер, топырақ эрозиясының пайызы, судың ластануы, аумақтың батпақтануы – бұл көрсеткіштерсіз ауыл шаруашылығы алқаптарын өсіру, жерді инфрақұрылымдық игеру бойынша нақты бағдарлама жасау мүмкін емес. Сондайда ҰҰА-ның көмегімен тығырықтан оңай шығуға болады.

Қорыта айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану аясы өте кең және экономиканың барлық салаларын қамтиды. Мұндай инновациялық технологияларды қолдану шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін, Қазақстанның облыстары мен қалаларының туристік және іскерлік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Осындай роботтандырылған әуе құралдарын басынан бастап шығаратын бірден-бір компанияның біздің шаһарымызда орын тепкені қандай жақсы. Бардық, көрдік. ҰҰА – Шымкенттің ноу-хауы екенін біліп жүретін болдық.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.