Ғасыр жасаған әжейдің жүрегіне ота жасалды

Пятница, 12 Февраль 2021 06:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1579 раз

101-jasagan

Шымкенттік 101 жастағы әжейдің жүрегіне күрделі ота жасалды. Аяқ астынан сырқаттанып, ауыр жағдайда түскен қарт тұрғынға кардиологтар шұғыл медициналық көмек көрсетті.

Жүрек қағысы 30-ға дейін күрт төмендеп, өмір мен өлімнің арасында жатқан кейуанаға дәрігерлер араша түсті. Сөйтіп, қалалық кардиология орталығында бұрын-соңды болмаған ота жасалды. Әжейдің жүрегіне шұғыл түрде электракордиостимулятор имплантациясы қойылды. Ота сәтті шыққан соң қарт тұрғынның жүрек соғысы қалыпқа келді. Кардиология орталығына келгенге дейін өзін нашар сезінген әжей жағдайын ойлап, күйзелген екен. Бойын өлім туралы үрей билеген. Күрделі отадан кейін өмірдің шырағы қайта жанды.

Дәрігерлердің мәлімдеуінше, қуанғаннан ол ауруынан айыққандай күйде. Тәбеті ашылып, тамақ ішетін болды. Отадан кейін аяққа тұрып, жүрген. Осындай жақсылығы үшін кардиологтарға алғысы шексіз Ол 9 қаңтарда кардиоорталықтан үйіне шығарылды. Германиялық құрылғы жүрек дертіне шалдыққандарға 8-10 жылға дейін қызмет көрсетеді. Мерзім қолданысы біткенде аппараттың батерейкасы ауыстырылып, өмір сүру ұзақтығын созуға мүмкіндік пайда болады.

– Бұл – біздің тәжірибемізде болмаған ота. Электрокардиостимулятор имплантациясы алғаш рет қолданылып отыр. Бұған дейін 95-96 жас шамасындағы апа-аталарға ота жасағанбыз. Себебі, үлкен кісілердің жасы ұлғайған сайын тіндері үлбірдей нәзік болады,– дейді қалалық кардиология орталығының дәрігері Азат Тұрсынбеков.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, шымкенттіктер соңғы жылдары жүрек қағысының нашарлауына жиі шағымданатын болған. Бұрын бұл дерт 60-65 жастағы адамдарда жиі кездессе, қазір жастар да, тіпті балалар да жүректің әлсіздігіне шалдығатын болды.

– Ауырған тұрғындар жедел инфарктен соң диспансерлік есепке тұруы керек. Бұл ауру бірден жойылып кетпейді. Үнемі жағдайын бақылап, уақытылы дәрі-дәрмегін ішкені жөн, – деп кеңес береді кардиологтар.
Қалалық кардиология орталығында жылына жүрекке 500-ден астам ашық ота жасалады. Қынжылтатыны, ауру жылдан-жылға «жасарып» барады. Сондықтан ақ халаттылар уайым, күйзелістен аулақ болып, денсаулыққа немқұрайлы қарамауды ескертеді.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.