Версия для печати

«Atamura Grand Park» – Шымкентті дамудың жаңа деңгейіне көтереді Избранное

Среда, 17 Февраль 2021 04:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3392 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттегі ипподромды қала сыртына көшіріп, орнына заманауи тұрғын үй кешенін салу туралы ұсыныстың айтылғанына бір-екі жылдың жүзі болып қалды. Бірақ, соңғы бес-алты айдан бері қызу талқыға түсіп жатыр. Пікір айтушылардың бірі қала орталығынан көпқабатты үйлер салу түрлі қиындықтар тудыратынын айтып қарсы болса, екінші тарап заман талабына сай Шымкент қаласының жаңара түскенін қалайды. Бірақ, айналып келгенде бәрінің ойы Шымкент көріктенсе, жасыл-желекті қала болса, адамдардың өмір сүруіне қолайлы болса деген ниетке келіп саяды.

96

 Әрине, әркім өз елінің, өз Отанының, одан қалса өз ауылы, тіпті ауласына дейін әдемі болғанын қалайды. Бұл тұрғыдан алғанда қала тұрғындарының Шымкентке бей-жай қарамай, өзіндік үн қатып жатқаны қуантады. Және олардың ой-пікіріне, көзқарасына құрметпен қарауымыз керек. Осы орайда Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, құрылыс және аумақты дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, осы саласының маманы ретінде мен де өз пікірімді білдіре кеткім келеді.

Иә, заман талабына сай барлық нәрсенің жаңарып, жасарып тұрғаны жақсы. Кейде қанша жерден көнеріп, тозығы жетсе де көзкөрген дүниелерге қимастық сезіммен қарайтынымыз да рас. Оны бұзып, жаңасын салуды онша жарата бермейтініміз де жасырын емес. Бір жағынан, жаңа жобалардың қоғамға кері әсер ететін тұстары да болуы мүмкін. Бірақ, мұндай мәселелерді тізбектеп, жоқ жерден проблема жасап ала беретін болсақ, бұл біздің алға басқан қадамымызды артқа тартып, тың жобаларға тұсау бола береді. Сол үшін кейбір қиыншылықтардан қорықпай, алға қарай ұмтыла түсу үшін аз-кем тәуекелге баруымыз керек.
Мәселен, қаладағы ипподромға қатысты тақырыпты алайық. Елге пайдалы және кері әсер ететін тұстарын таразылайтын болсақ, әрине алғашқысының таразысы ауыр тартатынын түсіну қиын емес. Біріншіден, бұл жоба қала бюджетіне едеуір кіріс келтіреді. Яғни, жобаға құйылатын 135 млрд. теңге инвестиция есебінен қаланың өңірлік ішкі өнім көрсеткіші бірнеше пайызға артады деген сөз. Жобаның жүзеге асу есебінен жергілікті бюджетке 15 млрд. теңге салық түседі. Сонымен қатар «BI-Group» компаниясы жүргізетін кешенді құрылыс жұмыстарына кететін материалдарды сату арқылы да жергілікті кәсіпорындардың саудасын қыздыруға мүмкіндік бар. Сол арқылы орта есеппен 66,5 млрд. теңге түсуі мүмкін.
Екіншіден, Шымкент қыз-қыз қайнаған құрылыс алаңына айналса, ол қаншама адамға тұрақты жұмыс болады. Құрылысқа жалпы алты мыңға жуық адам тартылады деген болжам бар. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін әлеуметтік және коммерциялық нысандарда шамамен 2 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мектеп, балабақша, білім беру орталықтары және тағы басқа нысандарды салу көзделіп отыр. Үшіншіден, бұл тұрғындардың баспанаға деген сұранысын біршама қанағаттандырады. Яғни, тұрғын үй көптен салынса оның игілігін ең алдымен осы елдің адамдары көреді емес пе?!
Жалпы, бұл кешен қаланың одан әрі дамуына зор мүмкіндік беретініне бұдан басқа да көптеген мысалдар келтіруге болады. Архитекторлық келбеті де айшықтала түседі. Бұл кешен Наурыз алаңын Shymkent City қалашығымен байланыстырады. Сондай-ақ BI Group тұжырымдамасында тұрғын үй кешені аумағында ерекше балаларға арналған «Жұлдызай» оңалту орталығын салу да қарастырылып отыр.

94


Сондай-ақ, BI Group компаниясы қала сыртынан заман талабына сай жаңа атшабар салып беруге келісім берген. Одан бөлек, тұрғын үй салынатын аумаққа мектеп, емхана сияқты әлеуметтік нысандар керек екені де белгілі. Компания өкілдері қала әкімінің бұл талаптарына да келісіп отырған көрінеді. Ол жердегі тұрғындар серуендеп жүретін «Тұлпар» көлінің аумағын абаттандырып беруді де міндетіне алғаны айтылды.
Ал, енді бұл жобаны мақұл көрмей отырған қала тұрғындарының не үшін алаңдап отырғанын да түсінуге болады. Олар бұл аймақтан көпқабатты тұрғын үй салынса, оған көшіп келетін жүздеген отбасының меншігіндегі көліктер Бәйдібек би даңғылындағы кептелісті одан сайын күшейтіп жіберуі мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ, болашақта іргесінде тұрған дендросаябаққа да қауіп төнуі мүмкін дегенді алға тартады. Бұл пікірлер де негізсіз емес шығар. Бірақ, қаланың ең көрікті мекені дендросаябаққа қауіп төнуіне ешқашан жол берілмейді. Бұған жергілікті билік те, азаматтық қоғам да еш уақытта келіспесі анық. Ал, кептеліске қатысты мәселені түрлі инженерлік шешімдер қабылдау арқылы инфрақұрылымды дамыта отырып шешу мүмкіндігі бар.
Түрлі проблемалар алдымыздан кесе-көлденең шығады екен деп қол қусырып қарап отыра беруге тағы болмайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба қаланың дамуын жаңа деңгейге көтеріп, оның көркейе түсуіне жол ашады.

Нұрпейіс АНАРБЕКОВ,
Шымкент қалалық мәслихаттың депутаты, құрылыс және аумақты
дамыту жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.