Версия для печати

Нашақорлық – қасірет

Среда, 24 Февраль 2021 05:46 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4339 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Нашақорлық мәселесі бүгінде әлемде өзекті мәселеге айналып отыр. Ол медициналық ғана емес, жалпы әлеуметтік тұрғыдан да көкейкесті. Статистикаға сүйенсек, есірткі пайдаланушылардың басым бөлігі 18-30 жас аралығындағы жастарды құрайды екен.

140

 

Өкінішке орай, соңғы кездері есірткі пайдаланатындар қатарында балалар мен жасөспірімдер де кездесуде. Сол себепті қалада жастар жөніндегі құзырлы орган өкілдері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, осы мәселенің алдын алуда ұдайы профилактикалық іс-шараларды жүргізіп келеміз. Аталған іс-шараның басты мақсаты – нашақорлық және есірткі туралы толық мағлұмат беру, тыңдаушыларға адамзат ұрпағына төніп тұрған зиянды әдеттердің зардаптарын түсіндіру, олардан аулақ болуға шақыру, адамгершілік жөнінде және құқықтық тәрбие беру, салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Нашақорлар арасында жүргізілген зерттеулерге үңілсек, жастардың есірткіге тәуелді болуына көптеген факторлар мен себептер бар екенін көрсетеді. Енді, есірткі пайдаланушылардың жас топтары мен олардың себептеріне тоқталсақ.
10-12 жаста. Бұл жастағы балалар есірткіні сирек пайдаланады. Олар темекіге әуестенеді. Бұл олардың мектептегі сыныптастар және ауладағы достары арасында дәрежесін жоғарылатады. Бұл уақытта көбіне осы жасқа тән арзан улы заттарды қолдануға бейім топтар қалыптасады (бензин, еріткіштер, желім).
13-14 жаста. Оларды «жеңіл» деп аталатын есірткілік заттарды пайдалану мүмкіндігі қызықтырады. Бұл топтағы жасөспірімдердің бірқатары анда-санда болсын психикалық белсенді құралдардың кейбір түрлерін қызығушылықтан қолданып көрді. Ал, ол ақпарат бір-біріне тез тарайды. Оларда нашақорлықтың кесел екендігі жөнінде ешқандай түсінік жоқ. Есірткіні қауіпті емес деп ойлайды. Оның психикалық, физикалық тәуелділік қаупін көрмейді. Кез-келген уақытта есірткіні қолданудан бас тарта аламыз деп санайды.
15-17 жаста. Осы жастағы жастар алдыңғы топтағы жасөспірімдерге қарағанда есірткі туралы көбірек біледі. Көбінесе олардың теориялық білімдері өздерінің тәжірибелерімен бірге жүреді. Бұл жаста қарым-қатынастың жаңа түрлері, демалыс, махаббат туралы түсініктер пайда болады. Аталған жастағыларды есірткіге қатыстылығы бойынша жақтаушылар, қарсылар және екіойлылар деп бөлуге болады.
Кәмелетке толмағандарды есірткі қолдануға итермелейтін кейбір себептерге мыналарды жатқызуға болады:
Әлеуметтік келісім - егер белгілі бір топта есірткі қолданылса, адам өзін осы топпен сәйкестендіретін болса, өзінің осы топқа жататындығын көрсету үшін оны қолдану қажеттілігін сезінеді.
Қызығушылық - кейбір адамдар ешкім айтпай-ақ есірткінің не екенін және одан қандай сезім болатыны туралы өз қызығушылығын басу мақсатында қолдана бастайды.
Көбіне жасөспірімнің есірткінің қауіпті жолына түсуіне ата-аналардың жағымсыз мысалы, дөрекі қарым-қатынасы және баланы тәрбиелеуден жалтаруы түрткі болуы мүмкін. Осындай кезде ата-аналарға, мұғалімдерге, дәрігерлерге баланың немесе жасөспірімнің есірткіге алғашқы енуінің алдын алу және оны анықтау өте маңызды.
Есірткіні пайдаланатын баланың ата-анасы не істеуі керек?
Біріншіден, өзіңізді оның орнына қойыңыз. Көбінесе жасөспірімге оның проблемаларына ешкім және ешқашан алаңдамағандай болып көрінеді. Сол үшін сіз оның жағдайының қаншалықты қиын екендігін түсінетініңізді көрсеткеніңіз дұрыс болады. Ол сізбен кез келген уақытта ашық сөйлесуге болатындай етіп келісіңіз. Ең бастысы, бала өзімен не болып жатқаны жайында сізді қызықтыратынын сезінуі қажет. Егер сіз балаңызбен дос бола алсаңыз, онда сіз ең бақытты ата-анасыз!
Екіншіден, уақытты бірге өткізіңіз. Ата-ананың баламен бірге спортпен, музыкамен, сурет салумен айналысуы және бос уақытты бірлесіп тиімді ұйымдастыруы өте маңызды.
Үшіншіден, оның достарымен достасыңыз. Көбіне бала психикалық белсенді заттарды алғаш рет достарымен бірге көреді. Балаңыздың достарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, егер олар жағдайы нашар отбасылардан болса, мұндай балаларға қаржылай көмек беру арқылы оларды спортқа немесе шығармашылыққа баулу маңызды. Осылайша, сіз басқа балаларға ғана емес, ең алдымен өзіңіздің балаңызға көмектесесіз.
Төртіншіден, сіздің балаңыздың тұлға екенін ұмытпаңыз. Кез-келген бала өзін маңызды, ерекше және қажет екендігін сезінгісі келеді. Сіз балаңызға жағымды қасиеттерді дамытуға және болашақта сол қасиеттерді қалыптастыруға көмектесе аласыз. Бала бір нәрсеге қол жеткізгенін сезгенде және сіз оның жетістіктеріне қуансаңыз, оның өзін-өзі бағалау деңгейі көтеріледі. Ал бұл, өз кезегінде, баланы есірткіні қолданудан гөрі пайдалы және маңызды істер жасауға итермелейді.
Бесіншіден, балаңызға үлгі болыңыз. Себебі, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бекерге айтылмаса керек.
Осы жоғарыда аталғандардың бәрі мансабыңыздың, жұмысыңыздың, материалдық байлығыңыздың, жеке мүдделеріңіздің біраз уақытқа құрбан етуге тұрарлық істер екенін ұмытпаңыз. Себебі, бала – сіздің болашағыңыз. Баланы зиянды әрекеттерден алшақтату арқылы сіз оның ертеңгі өмірінің сенімді де сау болуына себепкер боласыз.

Айжарқын АБДУХАЛЫҚҚЫЗЫ,
«Жастар ресурстық
орталығы» КММ-нің Аутрич, NEET және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің инспекторы

Қанатұлы Дінмұхамет,

Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің  Аутрич, NEET және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің бөлім басшысы

Бауыржан Карбеков,

Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция капитаны

Последнее изменение Среда, 24 Февраль 2021 06:14
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.