Ә.ТҰЯҚБАЕВ, Шымкент қаласы дін істері басқармасының басшысы: «Уағыз-насихат ұлттық, патриоттық, зайырлылық бағытында жүргізілуі керек» Избранное

Среда, 03 Март 2021 04:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2095 раз

«Жусан» операциясы бойынша Сирияда жүрген Қазақстан азаматтарын елге қайтару барысында Шымкентке 18 әйел, 50 бала әкелінді. Олардың барлығына мемлекет тарапынан жағдай жасалды. Бұл туралы қалалық дін істері басқармасының басшысы Әлжан Тұяқбаев айтып берді.

187

 

Әлжан Әлішерұлының мәлімдеуінше балалар балабақшаға орналастырылып, жасы үлкендері мектепте оқып жатыр. Балалардың әрқайсысына жеке-жеке психологтар бекітілген. Одан бөлек олармен бірге әлеуметтанушы мамандар жұмыс істеуде. Балалардың білімін көтеру – басты мақсат. Дегенмен бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру үшін қалалық білім басқармасымен бірлесіп оқушыларды ағылшын тілін оқыту курстарына, түрлі спорт секцияларына қатыстыруда. Дін істері басқармасы балаларға кеңселік тауарлар тарту еткен. Сондай-ақ карантин кезінде компьютер, планшеттермен қамтамасыз етілді.
Денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмыс барысында бір қыз үшінші топ мүгедектігіне шығарылды. Сирияда болғанда жарақат алған екен. Бір баланың денсаулығы жіті тексеріліп, мүгедектікке шығару мәселесін мемлекеттік медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясы шешетін болады. Үш бала жыл сайын кезек-кезек ауруханада жатып ем қабылдайды. Басқарма басшысының айтуынша былтыр жазда карантинге байланысты балалар демалыс лагеріне бара алмады. Дегенмен биыл бір оқушы қыз қысқы демалысты лагерьде өткізіп қайтты.
Сириядан елге қайтарылған әйелдер баспана кезегіне қойылған. Алайда төртеуі ғана тұрғылықты мекенжай бойынша Шымкент қаласында тіркелген. Өзгелерінің тіркелген тұрғылықты мекенжайы басқа өңірлерде. Әйелдердің арасында тігін цехын ашып, жеке бизнесін бастағандар да бар. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіп бастауға көмектескен. Өзгелер де сол әйелге қарап кәсіп ашуға талпынуда. Басқарма басшысы «мемлекет үнемі сүйреп жүре бермейді, сондықтан еңбек етіп, бала-шағаны асырау үшін өз күндеріңді өздерің көріп үйреніңдер дегенді айтамыз» дейді. Әйелдермен теологтар сөйлесіп діни көзқарастарын біліп отырады. Апта сайынғы кездесуде олар да өздерін мазалаған мәселелерін ортаға шығарады. Басқарма әр мейрам сайын құттықтап, материалдық көмектен кенде қылған емес. Өткен жылы осы Сириядан келгендер жайлы 5 бейнефильм түсіріліпті. Ол дін істері комитетінен жоғары бағасын алған. БАҚ өкілдері де тағдырлы жандармен талай мәрте кездесулер өткізген.
–Жалпы біздің басқарма үш бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Ол діни талдау, мониторинг, террористік, экстремистік іс-әрекеттердің алды алу, яки профилактикалық жұмыстар және теріс ағымдарға кіріп кеткен жандарды оңалту бағыттары. Еліміз бойынша ресми түрде тіркелген 11 діни конфессия бар. Шымкент қаласында 137 мешіт-шіркеу бар. Мегаполистегі мешіттер саны – 106. Қазақстанда мешіттердің көптігі жөнінен Шымкент қаласы бірінші орында тұр,–дейді Әлжан Әлішерұлы.
Басқарма басшысы мұны көп мешіттердің заман талабына сай еместігімен, мәселен, көлік тұрағының жоқтығымен, тағы сол сияқты сервистік кемшіліктермен түсіндіреді.
–Сайрам көшесі мен Тәукехан даңғылы қиылысындағы Исамидин ата мешітін мысалға алсақ, жұма намаз кезінде көлік қоятын жер болмай, жаяу жүргіншілер өте алмай қалады, –дейді Ә.Тұяқбаев. –Шымкентте мешіттердің көп болу себебі, қалаға Түркістан облысының аудандарынан біраз елдімекен кірді. Ол ауылдардағы мешіттер 90-шы жылдары ашылған. Сондықтан оларды мешіт деуден гөрі намазхана деген дұрысырақ. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласындағы өкіл имамы Бағдәулет қажы Нұрматұлымен осы мәселе төңірегінде пікірлесіп, 17 мешітті намазханаға айналдыру жөнінде пікір алмастық. Бірақ, алдымен комиссия шешім шығаруы керек. Дегенмен ертең ол жердегі жамағатқа кім бақылау жасайды? Алдымен осы мәселені реттеу керек. Басқа да діни конфессиялардың қызметі жіті бақылауда. Соның бірі Иегова куәгерлері. Қайнарбұлақ ауылында бұл діни ағымның шіркеуі заңсыз жұмыс істеп отырғаны анықталды. Оны жабу туралы іс сотта қаралып жатыр.
Басқарма интернеттегі сайттарға да мониторинг жүргізеді. 2020 жылы 59 мың қала тұрғыны теріс ағымды діни сайттарға жазылған. Тұрғындардың бұл әрекеті маманның түсіндіруі бойынша сайттардың жан-жаққа таратқан сілтемесін көпшілік аңғармай қабылдап алуында болып отыр. Өйткені, сілтемелер назарды өзіне аударатын тақырыптармен және сезімге құрылған бейнекөріністермен әсерлі етіп беріледі. Осы ретте басқарма теріс ағымды насихаттайтын мазмұндағы аудио, видео жазбаларды интернет арқылы таратпауға ескерту жасайды. Бұл мәселеде күнделікті ғаламторда отыратын азаматтармен басқарма жанындағы діни мәселелерді зерттеу орталығының теолог, әлеуметтанушы, психолог мамандары түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Биылғы жылдың қаңтар айында мамандар теріс пиғылды сайттардың уағызына арандап қалған 80 адамды райынан қайтарған. Бұл бағыттағы күрес жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде.
Әлжан Әлішерұлының айтуынша, радикалды сайттарға әсіресе жастар көбірек кіреді. Себебі жастардың діни білімге деген сұранысы қанағаттандырылмаған. Жастар «ВК», «Друг вокруг» секілді шетелдік әлеуметтік желілерде отырады. Онда радикалды сайттардың сілтемесі кездесіп қалады. Теріс пиғылды сайттар сілтемесін дін істері комитетіне жібереміз. Сайт ТМД елдері шеңберінде ашылса, оны бұғаттауға мүмкіндік бар.
Ә.Тұяқбаев Арман Қуанышбаевтай діни білімі жоғары мамандарды жастарды теріс ағымдардың жетегіне кетіп қалудан сақтау жолында пайдаланған жөн деген пікір айтты.
–Негізінде уағыз-насихат ұлттық, патриоттық, зайырлылық бағытында жүргізілуі керек. Біздегі теріс бағыттағы діни ағымдар ұлттық салт-дәстүрді шариғатқа қарсы деп қабылдамайды. Алайда неге араб халқының өзі дінмен бірге дәстүрін де қоса ұмытпайды? Сол үшін жастарды дәстүрді сыйлайтындай етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы тақырыптағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік желідегі ортақ чаттарына тұрақты салып отырамыз. Мектеп ұстаздарымен де жиі әңгімелесіп тұрамыз. Олардан дінтану пәні оқытылады, алайда неге нәтижесі болмай жатыр деп те сұраймыз. «Лайықты маман жоқ, көбінесе бұл пәннен сабақты тарихшылар өтеді» деген жауап аламыз. Дей тұрғанмен «мектептерде дінтану пәні қалай оқытылып жатыр» деген мәселе басқарма мамандарының бақылауынан түскен емес. 2019 жылы бастауыш сыныпта оқитын 75 қыз баланың хиджап кию мәселесіне қатысты іс бойынша ата-аналарына әкімшілік айыппұлдар салынды. Әрқайсысының әке-шешелерімен жеке-жеке сөйлестік. Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан ресми білім беру мекемелерінде діни тұрпаттағы киімдер кию заңға қайшы болып саналады, -деді Ә.Тұяқбаев.
Әлжан Әлішерұлының айтуынша «Салафизм», «Таблиғи жамағат», «Ихуан муслимин», «Такфири жамағат» ағымдарында жүріп, террористік әрекет, көзқарасы бойынша сотталғандармен теолог имамдар жүйелі жұмыс жүргізеді. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда өзін саләфпін дейтін азаматтар негізінен базарларда сауда жасайды. Олар жастарды өздерінің қатарына тартудың түрлі жолдарын қолданады. Мәселен, қасына саудагер ретінде жұмысқа алады, бизнес бастауға ақшалай көмек көрсетеді немесе бойдақ болса үйленетін қыз табуға жәрдемдеседі. Ә.Тұяқбаев теріс бағыттағы діни ағым өкілдерін ажыратудың қарапайым ережесін айтып берді. Олар Абу Ханифа діни мазхабын мойындамайды.
Шымкентте 292 мешіт имамы болса, соның 83-і жоғары білімді мамандар.
–Мешіт имамдарының көп жағдайда ілім дәрежесі төмен деңгейде екені рас. Сондықтан Қазақстан діни мұсылмандары басқармасының қалалық өкілдігінде әр апта сайын сабақ өтіледі. Оған басқарма теологтары да тұрақты түрде барып қатысады. Айына бір мәрте христиан діні бағытындағы конфессия өкілдерімен кездесу өткізіп тұрамыз. Солардың ішінде Иегова куәгерлерін басқосуға келтіру өте қиын. Бұл діни ағым мемлекеттік нышандарды да онша мойындағысы келмейді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі аясында акция ұйымдастырып, оған христиан діні шіркеуінің басшыларын тартып отырмыз. Акция әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға материалдық көмек көрсетуді көздейді. Басында біраз келіспейтін сыңай танытты. Кейін қоғамдағы жауапкершіліктері жайлы айтқан соң олар да түсінді. Соның бір мысалы Имануил шіркеуі қандай көмек қажет деп жақында бізбен хабарласты. Ал біздің мақсатымыз қоғамды діни, зайырлы деп бөлмей, барша қазақстандықтарды бір кісідей ортақ іске жұмылдыру,-деді Әлжан Әлішерұлы.
Қанша жерден «дін - мемлекеттен бөлек» дегенімізбен ел бірлігі, мемлекет тұтастығы бәрінен қымбат. Сондықтан, түрлі діни ұстанымдарына қарамастан бір мақсат, бір мүддеге қызмет етіп, Тәуелсіздіктің тұғыры берік болуына қызмет етуі керек. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы.