НАУРЫЗДА ДАЛАНЫ ҒАНА ЕМЕС, САНАНЫ ДА ҚОҚЫСТАН ТАЗАРТСАҚ Избранное

Пятница, 19 Март 2021 03:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4434 раз

Наурыз адамзат тарихындағы ең көне мерекелердің бірі екені белгілі. Ғалымдар оның мыңдаған жылдық тарихы барын айтады. Олай болса, бұл мерекені осыншалықты өміршең еткен не? Әрине, бұл сұраққа саналуан жауап табуға болатын шығар. Бірақ, соның ішіндегі ең маңызды аргумент – Наурыз мерекесінің жаратылыс заңдарымен үйлесіп, табиғатпен бітеқайнасып жатқандығы болса керек.

403

Иә, Наурыз – нақты ғылыми, астрономиялық тұрғыдан алғанда шынайы жаңа жылдың бастауы. Осы уақытта күн мен түннің теңеліп, көктемнің басталуы, тіршіліктің ұйқыдан оянып, жаңаруы – соның дәлелі. Осылай табиғатпен астасып жатқан мереке болғандықтан бабаларымыз бұл күндерде тек ән айтып, көңіл көтеруді, ас ішіп, аяқ босатуды ғана ойламаған. Бұлақтардың көзін ашып, арық-атыздарды тазалап, ағаш отырғызған. Яғни, халқымыз ғасырлар бойы Наурызды жас ұрпақтың бойына қоршаған ортаға деген қамқорлық сезімін сіңірудің тамаша құралы ретінде қолданып келген. Олай болса, бұл мереке ХХІ ғасыр жағдайында да өміршең әрі пайдалы болуы үшін Наурыздың тап осы қырына баса мән берген жөн.
АҚШ-тағы Йель университеті екі жылда бір рет экологиялық тұрғыда таза мемлекеттердің «The Environmental Performance Index» атты рейтингін жасайды. 2020 жылы Қазақстан 101-орынға жайғасыпты. Бұл елімізде қоршаған ортаны қорғау саласында қордаланған мәселелердің көп екенін көрсетеді. Яғни, Наурызды қоғамның экологиялық санасын қалыптастырып, экологиялық мәдениетін дамыту жолында қолдануға зор сұраныс пен қажеттілік туындап отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты сүбелі мақала жариялағаны баршаға мәлім. Мемлекет басшысы сол еңбегінде « ...асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас әрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нәрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет» деп жазған болатын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған баланың өскенде туған жеріне жаны ашымайтынын айтып, «мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» екенін алға тартқан.
Енді Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын бүкіл ел болып, қоғам болып орындауды Жаңару мен тазару мерекесі Наурыздан бастаған жөн. Иә, қазір де жер-жерлерде әкімдіктер мен жекелеген мекемелер сенбілік ұйымдастырып, ағаш егіп жатады. Бірақ, мұндай бір-екі күндік іс-шаралармен үлкен нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ол үшін Президент айтқандай, ауқымды экологиялық шаралар қажет. Мәселен, Шымкент қаласының әкімдігі алдағы 5 жылда шаһардың іші мен айналасына 6 миллион 500 мың түп ағаш егуді жоспарлап отыр. Бұл қаладағы жасыл желек 2 есе көбейеді деген сөз. Алайда, миллиондаған ағашты тек бюджет есебінен егу қала қазынасына салмақ түсіреді. Әрі қалада бұл іспен айналысатын жұмысшылар жетіспеуі де мүмкін. Егер Наурыз мерекесінде қала тұрғындары жергілікті биліктің осы бастамасына қолдау білдірсе, мақсатқа жету әлдеқайда жеңіл болмақ. «Көп түкірсе көл болар» дегендей, Наурызда 250 мың тұрғын қолына күрек алып, әрқайсысы 2 ағаштан отырғызса, соның өзі туған қаласына деген үлкен көмек болар еді. Әрі осы іске үлкендермен бірге жастарды, мектеп оқушыларын да тартсақ, бұл олардың санасына табиғатқа жанашырлық сезімін ұялатары сөзсіз.
Табиғат жанашыры, қоғам белсендісі Қайрат Кәрібаев Президенттің «мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» деген сөзі өте орынды айтылған деп есептейді.
—Өткен жылы елімізде жаңа Экологиялық Кодекс қабылданып, қоршаған ортаға зиян келтіргендерге салынатын айыппұл мөлшері еселеп көбейді. Бірақ, тек заңды қатайту арқылы түпкілікті нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Ол үшін сананы өзгерту қажет. Сананы өзгерту үшін халыққа, әсіресе, жастарға экологиялық білім берілуі тиіс. Өткен жылы Президент Үкіметке экология пәнін мектеп бағдарламасына енгізу туралы тапсырма берді. Білуімше, қазір сол пәннің оқулықтары мен оқу бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл өте орынды бастама. Осы жерде айта кетерлігі, бұл пәнді тек теория бойынша оқыту айтарлықтай нәтиже бермеуі мүмкін. Бөлінген сағаттардың кемінде 60 пайызын сыныптан тыс, табиғат аясында өткізу қажет. Әсіресе, Шымкенттің жылы ауа-райында бұған мүмкіндік көп. Балалар мектептің ауласын тазаласын, көгалдандырсын, қаладағы саябақтарға, қала маңындағы табиғаты әсем орындарға саяхат ұйымдастыруға да болады. Бала кезінен әсем табиғатты көріп өскен адамның бойында оған деген сүйіспеншілік пен қамқорлық болары анық, – дейді ол.
Табиғат жанашырының айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты қоқыс тастамауға, тазалыққа шақыратын үгіт-насихат жұмыстарын күшейту керек.
—Бұл жерде үлкен жауапкершілік Шымкент қаласының экология департаментіне жүктелуі тиіс. Иә, бұл органның өзіне жүктелген міндеттері бары анық. Алайда, сонымен бірге ол экологиялық мәдениетті көтеруге де белсенді түрде қатысуы керек. БАҚ-қа жиі шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Көшеде банктердің несиесі мен дүкендердегі жаппай сатылымның жарнамасы ғана емес, жұртты көшеге қоқыс тастамауға шақыратын әсерлі, креативті билбордтар жиірек тұрса, бұл да халықтың санасына әсер етеді. Экология департаменті қоғаммен байланысын күшейтуі тиіс. Белсенді, жанашыр тұрғындарға қоғамдық негіздегі инспектор деген куәлік беріп, оларды ынталандырып қойса, бұл да табиғатты қорғауға сеп болады. Сосын Ikomek орталығының үлгісімен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне қатысты жедел желі ашу керек. Шашылып жатқан қоқысты немесе біреудің табиғатқа зиянын тигізіп жатқанын көрген адам қайда хабар беретінін білуі тиіс, — дейді Қ.Кәрібаев.
Әңгімені Наурыздан бастап едік қой. Наурызда біз үйіміздің ауласын, саябақтар мен көшелердің бойын тазалап жатамыз. Бірақ, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 17 миллион тонна өндірістік және тұрмыстық қалдықтар қордаланып қалған. Бұл проблеманы сенбілік ұйымдастырумен шеше алмасымыз анық. Енді қайтеміз? Жауап біреу ғана: Даламызды қоқыстан тазарту үшін әуелі санамызды қоқыстан тазартуымыз керек. Немқұрайдылық, немкеттілік, жанашымастық пен пасықтық дейтін қоқысты миымыздан алып тастай білсек, санамыз да, даламыз да тазарып шыға келеді.
Әз-Наурыз сол өзгерістің бастауы болғай...