ҒАНИ ІЛИЯЕВ КІМ БОЛҒАН? Избранное

Среда, 07 Апрель 2021 03:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4023 раз

Үшінші мегаполистің сән-салтанатын көруге келетін туристер саны күннен күнге арта түсуде. Бұл 2200 жылдық тарихы бар шаһардың шежіресі мен бүгінгі тіршілігіне деген қызығушылықтан туған сапар екені рас. Осы орайда қала көшелерінің атауы да қонақтарға көп сырды баян етіп тұрғандай. Қазақтың талай тұлғасы мен кезінде өңірдің гүлденуіне үлес қосқан жайсаңының есімін ардақ тұта отырып берілген атаулар аз емес. Көше атауларынан сыр шерткенде қонақ түгілі қала тұрғындары арасында да ол атаудың не үшін берілгенін, көшеге есімі берілген азаматтың кім болғанын білмейтіндердің бары рас. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, оқырмандарға «Көшеңіз кімнің атында?» деген жаңа айдарды ұсынып отырмыз. Мұнда біз қала көшелеріне есімі берілген азаматтардың кезінде кім болған, ел үшін атқарған қандай еңбегі барын баяндамақшымыз. Оқырман үшін бұл танымдық, тәрбиелік мәні үлкен айдар болатынына сенімдіміз.

574

 

Шымкент қаласының орталық көшелерінің бірі бүкіл өмірін қазақ халқының ою-өрнегін жинауға бағыштаған, Қазақстанда тұңғыш балалар көркемсурет мектебін ашқан Ғани Іләйұлының (Ғ.Ілияев) атымен аталады. Ал ол жайлы бүгінгі жастар не біледі? Мен ол кісімен екі рет кездестім. Сол кездесуден алған әсерімізді бөлісе отырып, оның кім болғанын баяндасақ дейміз...

Бірінші кездесу

Ұлы Отан соғысының батыры Қарсыбай Сыпатаев атындағы мектепте оқып жүрген кезім. Сабақ жақында ғана басталған, бесінші сыныптамын. Бір күні түсте мектепке келсем, дәліздегі терезенің жақтауына сүйеніп тұрған жасы үлкен бір кісіні көрдім. Қасында оқушылар, өзі қолындағы қағазына бірдеме жазып жатыр. Жақындап барғанда білгенім сурет мектебі ашылыпты, соған барам деушілерді тізімге алып жатыр екен. Сурет салуға бұрыннан құмарлығым бар мен де, жазылмақ болып жақындап барып, аты-жөнімді айттым. Фамилиямның бас әріптерін ести сала басын көріп: «– Әсілхан Оспанұлының баласысың ба?» деп сұрады. Бейтаныс ағайдың әкемді білетініне әрі таң қалып, әрі қуанып толқып кеттім білем, дауыстап жауап бере алмай «иә» дегендей басымды изедім.
Содан болғанды болғандай үйге айтып келдім. Сурет мектебіне баратынымды құптаған әкем, Ғани ағайдың кім екенін айтып берді. Мектебімізге келіп қазақ балаларын сурет мектебіне шақырып жүрген белгілі суретші Ғани Іләйев екен.
Сол кезден бері көп жылдар өтті... Сурет мектебінде оқып жүрген кезімде Ғани ағаның үйінде талай болдым. Үйінде әрдайым адамдар көп болатын. Кейін өзім де суретшілердің көрмесіне қатысып, Ғани ағайдың шәкірті екенімді мақтан етіп жүрдім. Бірақ шындап келгенде ұстазымның өмір жолының қандай болғанын көп кейін білдім.
Белгілі суретшінің тіршілігі сырт көзге тыныш, бұлтсыз аспандай көрінгенімен ауыртпашылығы мол болғанын көпшілік біле бермейді. Бір күні Ғани аға мені өз үйіне шақырып алып былай деді: «Әкең ғалым Әсілхан Оспанұлымен көп жылдан бері доспыз, өте бір таза адам. Мұхтар Әуезұлының өзі таңдап алған соңғы аспиранты. Қаратау атырабының ақындары Майлы, Мәделі, Құлыншақ, Молда Мұса, Ергөбек және басқалардың шығармашылығын зерттеп орасан көп еңбек атқарған азамат. Ұлы Отан соғысының батыры, генерал Сабыр Рақымовтың ұлты қазақ екенін дәлелдеген еңбегі болса да бір төбе. Сені де өз баламдай көремін. Жасым келіп қалды, мына өмір бойы жинап-терген оюларым иесіз қалып кете ме деген уайым соңғы кезде көңілімді жиі алаңдатып жүр. Мен ашқан балалар сурет мектебінің алғашқы оқушыларының бірісің, қолыңның ебі бар, осы мұрама сен ие бол. Ал егер мұрат еткен басқа мақсатың болса жолыңды байламаймын».
Бірақ, сонау 1967 жылдың күзінде, ол кезде бесінші сыныпта оқып жүрген менің сурет салуға құштарлығымды байқап, ашылуына өзі бірден-бір себепші болған, көркемсурет мектебіне ертіп апарған Ғани ағаның өтінішін орындай алмадым. Оған өзіндік себептер болды.
Дегенмен ғасырлар бойы тұрмыс-тіршілігін әрлендіріп келген ою-өрнек үлгілерін жинаумен Ғани ағаның қалай айналысқанын бірнеше кеш бойы ағаның өзімен қатар отырып, жеңгеміз Ажар апаның айтқанынан біліп едім. Ол кісілердің айтқанын жазып алғаныма әлі күнге дейін қуанамын.

575


Ғани ағай 1918 жылы ақпан айының 21-жұлдызында Ташкент қаласында дүниеге келген. Әкесі үлкен шебер кісі болыпты. Арба, ер, таға және тұрмысқа керек басқа да заттар жасаумен айналысыпты. Сонымен қатар іскерлікпен де шұғылданған. Жолаушылар таситын қырық шақты ат арбалары болыпты. Анасы кілем тоқып киіз басатын, тігіншілік өнерден де құралақан емес-тін. Ғани ерте жастан сурет салуға құштар болып 1934 жылы мектепте оқып жүріп сурет көрмесіне қатысады. 1937 жылы сурет мектебінде оқи бастайды. Еңбек жолына шыққан балғын жігіттің өмірі ел басына күн туғаннан бастап күрт өзгереді. «Көппен көрген ұлы той» дегендей өз қатарластарымен майданға аттанады. Алғы шепте 272-полктің миномет командирі болады.
1944 жылғы қараша айында Ғ.Іләйұлы денсаулығына байланысты әскери қызметтен босатылады да елге оралғаннан соң бұрынғы өзінің сүйікті жұмысы суретшілікпен айналысады.
1945 жылы Леңгір шахтасына Сталиннің суретін салуға барған ол пойыздан түсіп жатқан бір көрікті қызды көреді. Қасындағы жігіттің бойжеткеннің ағасы Ибадолла екенін кейін біледі. Содан соң қонақүйге орналасқаннан кейін сұрастырып жүріп әлгі сұлу қыздың үйін тауып алады. Ажар апаның айтуы бойынша «соңынан қалмай жүріп алты ай қырындайды». Әке-шешесінің ерке өскен жалғыз қызы әрине көне қоймайды. Бұл уақиғаның немен тынары белгісіз еді... егер аудандық партия комитетінің бастығы Саятай Кенбаев деген азамат араласпағанда. Бұл кісі қыздың туысқаны болатын. Сол кісі қарындасына, осы жігіттің етегінен ұста, қор болмайсың, білімді әулеттің баласы деген соң қыз көнеді. Ғани ағай бір қой, алты шөлмек арақпен той жасап, қалыңдығын Ташкентке алып кетеді.
Ажар апай айтады: – Онда барған соң, енем және күйеуі соғыста қаза тапқан қайынбикем үш баласымен, бәріміз бір өзбектің үйін жалдап тұрдық. Тіршілік ету өте қиын болды. Ерте қараңғыда барып нанның кезегіне тұратын едік. Тізіммен берілетін аз ғана қара нанның маңызы да онша емес еді, байқамай қысып жіберсең суы ағатын. Осылайша аштық-тоқтық күй кештік. Күні кеше Қасқасуда ата-анамның алдында тамағым тоқ, көйлегім көк болып жүрген маған, бұл жағдай тіптен ауыр тиді. Күйеуіме Шымкентке көшейік дегенді жиі айтатын болдым. Содан бір күні көшетін болдық.
Көшпес бұрын Ғани жас жұбайын ертіп, ұстазы суретші Орал Таңсықбайұлымен таныстырады. Жағдайын айтады. Ол кісі: – Ғани, сен жақсы суретші болайын деп тұрсың, сен Қазақстанға барсаң өспейсің. Мен бір жыл Алматыда тұрып қайтып келдім. Ал Өзбекстанда қалсаң барлық жағдай туғызамын, – деді. Бірақ жастар ол кісінің тілін алмай көшіп кетеді.
Ғани Іләйұлы Шымкентке келген соң Барайысов, Шәйтаев, Абылаев сынды біраз суретшілерді жинап «Қазақ бейнелеу» (КазИзо) сурет шеберханасын ұйымдастырды. Өмір жылжып өтіп жатты. Дегенмен Ғани Іләйевтің жаны бұл өміріне қанағаттана қоймайды.
Содан 1950 жылы бір машина тауып ұстазы Орал Таңсықбаевқа ақыл сұрай барады. Орал ағасы: «– Менің тілімді алмай кеттің. Енді сен қазақтың ою-өрнегін жина, ерте ме кеш пе бұл саған абырой әперері сөзсіз, соған кіріс. Ендігі жерде сенің айналысатын жұмысың осы болсын» деп ақыл береді.
Ажар апа айтады: – Шымкентке қайтқан соң Ғани ағаң ою жинаймын, – деп ауыл аралап кететін болды. Ескі кілемдер мен киіздердің, алаша-қоржындардың оюларын салып жүрді. Алғаш «8 март» колхозының бастығы Анартай деген кісінің, тоқсанға жетіп қайтқан шешесінің жасауымен келген, қоңыраттардың көне кілемінен бастады. Түйелі керуенді айналдыра оюлатып тоқыған екен.
Бірде Төле бидің ұрпақтары тұратын «Қызылүй» колхозында жүрсе, бір нәрсеге тәу етіп жатқан әйелге көзі түседі. Жақындап барса ою ойылған ағаш екен. Сұрастыра келе, әлгі ағаштың Төле бидің киіз үйінің маңдайшасы екенін анықтап, оюын суретке көшіріп салып алады. Ғани ағаң солай бастады ғой.
Түрлі мекемелерге Сталиннің суретін салып тапқан ақшасының біразын балаларына қарап отырған жұбайының қолына ұстатып, қалғанын қалтасына салып алып ою іздеп кететін суретші бірде дөңгелек үстел жасап, айналдыра ою салады. Келген адамдар таң қалып, бізге де жасап бер дейтін болады. Адамдардың да суреттерін салып шетін оюмен әшекелейтін. Көп адамдар осындай суреттерге құмар болып салдыртты. Осылайша көп қиыншылық көріп тіршілік етеді.

Бердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы, есімтанушы.

(Жалғасы келесі санда)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.