Мемлекеттің қолдауы мен көмегі көп

Среда, 28 Апрель 2021 06:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3448 раз

Көп балалы ана «Бизнес-бастаумен» кәсіп ашты

kasip-ashty-2

Үшінші мегаполистің тұрғыны Гүлферуза Мелдебекова қыз жасауына қажет дүниелерді тігумен айналысады. Жастайынан көрпе-төсек тігіп өскен ол бұған дейін басқа кәсіпкерлердің қарамағында жұмыс істеп келгенін айтады. Енді, міне, қайтарымсыз грант алып, былтырдан бері өз ісін дөңгелетіп отыр.

Көп балалы ана кәсіпкер боламын деген арманына мемлекеттік бағдарлама арқылы қол жеткізді. Қолөнерге деген құлшынысы жоғары жанның 7 баласының үшеуі мектеп жасында. Оларды қыз жасауына қажет дүниелерді тігу арқылы жетілдіріп отыр.

– «Бизнес Бастау» бағдарламасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерінің курсын оқыдым. Оқуым аяқталған соң сертификат алып, бизнес жоспарымды құрдым. Сөйтіп, комиссияның іріктеуінен өтіп, 505 мың теңге грант алдым. Ол қаржыға өзім қызығып жүрген заманауи тігін машиналарын сатып алып, жеке цехымда жұмысымды бастап кеттім, – дейді Гүлферуза Ордабекқызы. Тігінші ана осы уақытқа дейінгі кәсібі
барысында көптеген адамдарға қыз жасауын әзірлегенін айтады. Соның ішінде ерекше есте қалғаны – Алтынай Жорабаеваның жасауын тігіп берген.

– Қателеспесем, 2006-2007 жылдары болуы керек. Әлі есімде, қаладағы Әлімбетов көшесіндегі цехта істейміз. Бір топ қыз-келіншек көрпе-төсек тігетінбіз. Бір күні кезекті тапсырыс түсті. Әдеттегідей, екі апай келіп, жетекшімізбен сөйлесіп кеткен.

Содан бастығымыз цехқа келіп айтқан кезде тапсырыс берушілердің Алтынай Жорабаеваның анасы мен апасы екенін білдік. Қыздарын ұзатуға көрпе-төсек тіктірмек екен. Барлығымыз елеңдесіп, «Әншінің жасауын тігетін болдық» деп қуанып қалған едік. Содан тапсырысты бөлетін апа «Феруза, бұл тапсырысты сен тік, сен мақтаны жақсы саласың, көрпелерің бірқалыпты шығады» деп, маған берді. Әртістің көрпесі, әдемілеп тік деген соң, бар өнерімді салып шықтым. Осылайша әнші сіңліміздің жасауын тіккенім бар. Содан жасауын алып кетер күні Алтынай қызымыз үлкен қарбыз ала келіпті. Барлығымыз ортаға қойып, жеп алғанбыз, – деп өткенді еске алды тігінші.

Гүлферуза Ордабекқызының цехы бүгінде ашық. Келген тапсырыстарды орындап жатқанын айтады.

– Жасаған дүниелеріме қымбат емес, қолжетімді баға қоямын. Басты ұстанымым – адам баласы сабыр мен еңбек арқылы барлық нәрсеге қол жеткізе алады. Мен бұған дейін көрпе-төсекті апаларымның қолмен істейтін ескі машинасымен тігетінмін. Соны арқалап, қай жерде тапсырыс болса, соған баратын едім. Қиындыққа мойымай, бүгінгі жағдайға жетіп отырмын. Үкіметке рақмет, осындай біз сияқты жандарға қолдау көрсетіп, ісін бастауына мүмкіндік жасады. Ұл-қыздарымды осы кәсібімнен тапқан несібемнен жетілдіріп отырмын. Құдайдың берген жеті баламнан екі қызымды ұзатып, бір келін түсірдім, – дейді кәсіпкер ана.
Бүгінде қолының ебі бар жан «Ана көрген тон пішер» деп, қыздарын да осы іске баулып жүр. Тағы бір жаңалығы – сықақшы Мұхтар Шерім жазған сценарий бойынша отандық сериалға түсіп жатқанын жеткізді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.