Ұлттық сана жаңғырған 30 жыл Избранное

Среда, 19 Май 2021 04:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3187 раз

Тәуелсіздік жылдарындағы табыстар жайлы сөз қозғалғанда көбіне елдің саясат пен экономикадағы жетістіктеріне тоқталып жатамыз. Ал рухани салада атқарылған жұмыстар мен шешімін күтіп, қордаланып қалған проблемалар назардан тыс қалатыны жасырын емес. Дегенмен, заманауи философияның түсіндіруінше, саясат пен экономика дегеніміз – рухани базиске табан тірейтін қондырмалар ғана. Яғни, ұлттың руханияты сау және толық болса, қондырмаларды әрқашан өзгертуге, толықтыруға, дамытуға мүмкіндік болады. Мұнан шығатын қорытынды біреу: Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекеттілігіміздің іргесі берік болғанын қаласақ, онда, ең алдымен, қазақ руханиятын бүтіндеуге ұмтылуға тиіспіз.

830

 

Міне, осы тұста алдымыздан отарсыздандыру деген тақырып кесе көлденең шыға келеді. Қазақстанда отарсыздандыру үдерiсi қалай жүргiзiлдi, оның қандай элементтерi мен кезеңдерiн атай аламыз, нәтижесi қандай? Бұл сауалдарға жауап бермей тұрып Тәуелсіздіктің 30 жылындағы ел дамуына объективті баға беру мүмкін емес.
Отарсыздандыру. Алдымен оның Қазақстанға не үшін керек екені жайлы бір-екі ауыз айта кетейік. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы азаматтық соғыс, колхоздастыру, қос бірдей ашаршылық пен репрессия және екінші дүниежүзілік соғыс секілді ұлт басына түскен тауқыметтердің қазақ руханияты мен генофондына тигізген орасан зор кері әсері жайлы жиі айтылып жүр. Біз оған қоса жығылғанға жұдырық болған тағы бір тарихи фактіні айтайық: Гиннесстің рекордтар кітабында 1917-1953 жылдары КСРО-да 66 миллион 700 мың адамның Гулаг жүйесі арқылы жазаға тартылғаны көрсетілген. Бұл сорақы анти-рекорд әлі күнге әлемнің бірде-бір елінде қайталанбаған.
Сол жылдары КСРО-да өмір сүрген әрбір төртінші адам абақтыға түскен екен. Кейіннен солардың бәрі бостандыққа шыққан кезде өздерінің «воровской» түсініктеріне негізделген лагерлік дүниетанымын халық арасына әкеп сіңірді. Бұл дүниетанымның негізінде «адам – адамға дұшпан» деген қауіпті догма жатқан болатын. Тиісінше, бұл дүниетанымдағы адамдар үшін ұрлық – ауыр қылмыс емес, мықтылар мен ептілер айналысатын абыройлы кәсіп, ал, мемлекет – қарапайым адамның қас дұшпаны. КСРО-ның орталық бөлігінде түрмеден топ-тобымен шыққан адамдарды қоғамға қайта бейімдеу өте қиын болды да оларды шалғай республикаларға жөнелте бастады. Қазақстанға бағытталған бұл көш тың игеру жылдары басталды да, алпысыншы–жетпісінші жылдары үздіксіз жалғасып жатты. Жетпісінші жылдар коммунистік идеология әбден дискредиттеліп, жұрт оған иланудан қалған кез. Сол рухани бостықтың орнын әлгі лагерлік дүниетаным тез-ақ толтырды.
Осылайша, компартия бір жағынан орталықтағы «қиын» адамдарды азайтса, екінші жағынан Қазақстан секілді шалғай республикаларды тереңірек отарлай түсті. Бұл отарлау мен лагерлік дүниетанымның қазақ ұлтына тигізген зардабы көзге ұрып тұрды. КСРО-да қарапайым жұмысшыдан бастап зауыттың директорына дейін, қырмандағы комбайншыдан бастап, компартияның хатшысына дейін ұрлық жасады. Алдынан шыққанды, қолына түскенді, шамасы келгенді ұрлау – үлкен айып емес, қалыпты жағдайға айналды. Міне, біздегі жаппай жемқорлықтың түп-тамыры сол жылдарға барып тіреледі. Маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, бандитизм мен жемқорлық ұлттық танымның қирауына әкеп соқтырды. Төл мәдениеті мен руханиятынан алшақтап, ұлттық танымы қираған халық құлдық сананы оп-оңай қабылдап алды.
Ұзын сөздің қысқасы отарсыздандыру процесінен толықтай өтпейінше, құлдық санадан арылып, қазақтың өзіне деген сенімін қалпына келтіру мүмкін емес. Ұлттың өзіне деген сенімі кемелденбейінше, ол ешуақытта бәсекеге қабілетті бола алмайды. Санасы азат, ойы еркін, рухы биік қазақтар кез келген істің үдесінен шығады.
Енді өткен 30 жылда Қазақстанда отарсыздандыру ісі қалай жүрді деген сауалға келсек. Бұл тақырыпты қозғай қалсаңыз «Қазақстанда отарсыздандыру болған жоқ» деп өре түрегелетін топ бар. Айтатын уәждерi «Парламент отарсыздандыру жөнiнде декларация қабылдаған жоқ», «Орыс тiлi ресми статусынан әлi күнге айрылған жоқ», «Павлодар мен Петропавлдың атауы өзгертiлген жоқ» деген төңiректе. Елде мұндай үдерiстiң жүрген, жүрмегенiн Кенесары ханның басының елге қайтарылу, қайтарылмауымен өлшейтiндер де кездеседi. Рас, осының бәрi де өзектi тақырыптар. Бiрақ бұл «жоқтарға» қарап отарлау саясатының ұлт санасында қалдырған зардаптарын жою жолында ештеңе iстелмедi деп айтуға болмаса керек-тi...
«Ауру батпандап кiрiп, мысқалдап шығады» дейдi дана халқымыз. Құлдық санадан арылу үшiн өйту керек, бүйту керек дейтiндердiң көбi осы қарапайым қағиданы ескермейдi. Ресей патшалығының отаршылдық саясатының, Кеңес Одағының ұлтымызға жасаған геноцидiнiң зардаптарын емдеу бiрер жылдың, тiптi екi-үш онжылдықтың да шаруасы емес. Бұл машақаты көп, ұзақ та күрделi үдерiс болары сөзсiз әрi оны жүзеге асыруда эмоцияға берiлiп, асығып-аптығуға жол жоқ. Тек салиқалы көзқарас пен «жетi өлшеп, бiр кесiлген» байыпты қадамдар ғана мұратқа жеткiзедi.
«Қазақстанда отарсыздандыру мүлде жүрген жоқ» дейтiндердiң сөзi далбаса. Өткен отыз жылда бiзде бұл үдерiс там-тұмдап емес, жоспарлы, жүйелi түрде жүргiзiлдi. «Бiз елдi отарсыздандырып жатырмыз» деген ұрандарды алаулатып, жалаулатпай-ақ, салмақты шаруалар атқарылғанына сенiмдiмiз. Сонымен...
Бiрiншiден, отарсыздандыру дегенiмiз елдiң қазақылануы, қазақтың көбеюi десек қателесе қоймаспыз. Бiр кездерi өзiнiң атамекенiнде отырып азшылыққа айналған қазақ халқының үлесi бүгiнгi таңда 70 пайызға жетіп, мемлекетқұраушы ұлт дейтiн статусына лайық болды. Бұл бiр жағынан елдегi демографиялық өсiмнiң жақсаруынан болса, екiншi жағынан мемлекеттiң шетелдердегi қазақтарды Қазақстанға шақыру саясатының жемiсi екенi талассыз. Ресми деректер бойынша тәуелсiздiк жылдарында республика бойынша 9 миллионнан астам, оңтүстік өңірде 1,85 миллион сәби дүние есiгiн ашқан. Оның 73 пайызы қазақтың қарадомалақтары екенiн ескерсек, мемлекет халықтың әлеуметтiк жағдайын оңалтып, демографиялық өсiмдi жақсарту арқылы елдi қалай отарсыздандырғанын бағамдауыңызға болады.
Атамекенге ағылған ағайынның көшi елiмiз егемендiгiн жарияласымен, яғни 1991 жылы наурызда Моңғолия қазақтарының елге оралуымен басталды. Қала бердi көршiлес Өзбекстаннан оралғандардың да қарасы қалың. Атажұртына оралған ағайындардың елеулi бөлiгi Шымкенттің маңына қоныс тепкенi де белгiлi. Айтайын дегенiмiз, қандастар қазақ тiлiнiң қолданыс аясын кеңейтiп, қазақы дәстүр мен кәсiп-нәсiптi жаңғыртты. Демек, олар «орыстанған» қоғамды қазақтандырушы соны күш бола бiлдi. Бүгiнгi әлеуеттi де қуатты елiмiздiң шарапатты игiлiгiн де бiрге көрiп отыр. Мiне, сол себептен де бүгiндерi қандас деген ұғым нағыз патриот, қазақы салт-дәстүрдi жаңғыртушы, ата дiлдiң, ана тiлдiң жанашыры деген кең аяда қоғамдық санада қалыптасты. Олармен қарым-қатынастың арқасында қазақтың өз қандасын қолдауы – бауырмалдылық пен мейiрiмдiлiктiң, қазақы дарқандық пен iзгiлiктiң үлгiсi ретiнде танылды. Елдiң бiрлiгiн нығайтқан бұл құндылық Тәуелсiздiктiң ең үлкен олжаларының бiрi деп айта аламыз.
Екiншiден, отарсыздандырудың тағы бiр жолы ономастика саласы деуге болады. Отыз жылда бұл бағытта атқарылған жұмыстар да аз емес. Бiр ғана Шымкент қаласын алып қарайық, қазiр шаһарда 2029 көше орналасқан. Көше атауларының басым көпшiлiгi қазақшаланды. Елдегі көптеген елді мекендердің байырғы атаулары қайтарылып, тарихи әдiлеттiлiк орнады. Ауылдар мен қалаларға, ондағы даңғылдар, мектептер мен көшелерге ұлтымыздың заңғар тұлғалары мен елге еңбегi сiңген азаматтардың есiмдерi берiлген. Демек, атаулар елдiгiмiздi танытатын деңгейге жеттiк.
Ал Петропавлдың Қызылжар деп аталуы исi қазақтың арманы екенi шүбәсiз. Түбi ол күнге де жетерiмiз анық. Бiрақ, солтүстiк облыстарда қазақтардың үлесi 35-40 пайыздан аспай тұрғаны белгiлi. Жағдайды оңалту үшiн мемлекеттiң «Серпiн» бағдарламасын қабылдағанын да көпшiлiк жақсы бiледi. Арқадағы алаштың саны артса, қазақтың қалаларының тарихи атауларын ың-шыңсыз қайтаратын кез де келедi.
Үшiншiден, отарсыздандырудың ең негiзгi құралы – мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн арттыру. Рас, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанына отыз жылдан асса да бұл салада шешiлмеген мәселе көп. Сол проблемалардың iшiнде көзге ұрып тұрғаны ел тiзгiнiн ұстаған кейбір шенеунiктердiң қазақ тiлiн бiлмеуi. Бiрақ, ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Тәуелсiздiктi ендi алған жылдармен салыстырғанда айтарлықтай iлгерiлеу бар. Қазақ тiлi бұрын маңына да жолай алмайтын қаржы-банк, армия мен авиация салаларында қолданыла бастады. Осыдан 30 жыл бұрын техникалық ғылымдар бойынша қазақ тiлiнде жазылған монографияларды табуыңыз екiталай болатын. Ал, қазiр мұндай еңбектер аз да болса, жазылып жатыр. Бiр сөзбен айтқанда мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясы едәуiр кеңейдi. Ал ең бастысы, жас ұрпақтың басым көпшiлiгi мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген.
Статистикалық деректерге назар аударыңыз: 1991 жылы елдегi мектептердiң бар-жоғы 30 пайызы қазақ тiлiнде бiлiм берген екен. Ал бүгiнде елдегi 7 226 бiлiм ұясының 74 пайызы қазақ мектептерi. Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң мәлiметтерi бойынша, 2020 жылғы түлектердiң 74 пайызы қазақ мектептерiн тәмамдаған. Ал өткен қыркүйекте бiрiншi сыныптың табалдырығын аттаған бүлдiршiндердiң 82 пайызы мемлекеттiк тiлде бiлiм алуда. Бала мектепте қай тiлде бiлiм алса, ертең үлкен өмiрде сол тiлдi тұтынатыны анық. Демек, әлгi сексен екi пайыз ертең елдегi тiлдiк ортаны қалыптастыратын болады. Олай болса, кейбiр сарапшылардың «осы жағдай сақталса, алдағы 15-20 жылда мемлекеттiк тiлдiң мәселесi біршама жеңілдейді» деген пiкiрiнiң жаны бар. Көрдiңiз бе, қазақ билiгi қазақ мектептерiнiң үлесiн арттыру арқылы елдi үнсiз отырып-ақ отарсыздандырып жатыр.
Айта берсек, ұлттық сананы жаңғырту бағытында атқарылған шаруа шаш-етектен, Коммунистiк идеологияның шаңы басып қалған ұлттық рухани мұраларымыз аршылып, тарихи ақтаңдақтардың бетi ашылды. Ұлттық тарихымызды түгендеу, тұлғатану бағыттарында да көптеген жұмыстар атқарылды. Осының бәрi ұлт рухының оянып, оның өзіне деген сенімінің артуына түрткі болды. Соның нәтижесiнде қазақтың мүддесi үшiн талмай күресiп жүрген, қажет болса ұлт мұраты жолында жанын қиюға әзiр ұлтшыл саясаткерлер шоғыры мен оларды қолдаушы қалың топ қалыптасып келедi. Олардың ұлтшылдығы өзге этностарды өзекке теуiп, шеттету емес, керiсiнше оларды мемлекетқұраушы қазақ ұлтының айналасына шоғырландырып, бауырына баса отырып, ұлттың мүддесiн қорғау, сол арқылы мемлекеттi өркениеттi жолмен дамуға бастау. Осындай топтың қалыптасуының өзi мемлекеттiң байыпты ұлт саясатының, дұрыс жүргiзiлген отарсыздандыру үдерiсiнiң заңды нәтижесi.
Бүгiнде Латвияда коммунистiк идеология фашизммен бiр қатарға қойылады. Ол елде КСРО-ның символикаларын ашық қолдану заңмен қудаланады. Бiздiң кейбiр ағайындар Қазақстанда да неге солай болмайды деп ұрандатып жүр. Бiрақ олар Латвия КСРО-ның құрамына 1940 жылы ғана қосылғанын, онда да сол жылы 16 маусым күнi КСРО-ның сыртқы iстер жөнiндегi халық комиссары В.Молотов Одаққа енудi талап етiп, олай болмаған жағдайда қызыл армияның латыш жерiне басып кiретiнiн мәлiмдеген соң «халықтың қаны төгiлмесiн» деген ниетпен ғана лажсыздан осындай қадамға барғанын ескере ме? Латвия билiгi сол кезде керi шегiнгенiмен, халықтың жан мен рухы азат едi. Олай болса, 50 жыл ғана отар болған, өз жерiндегi сандық үлесi ешқашан 85 пайыздан кемiмеген Латвияны отарлау саясаты үш ғасырға жуық уақыт жүргiзiлген Қазақстанмен салыстыруға келе ме? Әрине, жоқ. Демек, елдегi отарсыздандыру үдерiсiне баға бергенде асығыстыққа бой алдырып, ағаттық жiберуге болмайды. Абайша айтқанда «ақырын жүрiп, анық бассақ» қана елдi қазақыландыруды ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiрмей iске асыра алмақпыз.