Балаңызға қандай ойыншық әперiп жүрсiз?

Понедельник, 18 Август 2014 03:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4644 раз

ОҚО Тұтынушылар құқығын қорғау  департаментінің  қызметкерлері  сапасы күмән тудыратын ойыншықтарды тексеруді күшейтті.  Бұған Еліміздің бас санитар дәрігерінің 30 шілде күні  сапасыз ойыншықтарды елге кіргізбеу туралы қаулысы негізінде жүзеге асуда.  Оған қоса,  түсіндір және ағарту жұмыстары да қолға алынған.

Биыл жыл басынан бері мамандар зертханада 14 ойыншықты  тексерсе, соның  13-і  мемлекеттік стандартқа сәйкес келген жоқ. Ал,  біреуінің құрамынан фенол  анықталды. Бұл - баласының  денсаулығына алаңдаған  ата-аналардың әкелген ойыншықтары.  Өздеріңізге белгілі,   СЭС  дәрігерлері  тұтынушылар тарапынан шағым  түспейінше, кәсіпкерлерді тексеруге  мораторий жарияланған. Осыған орай, мамандар балаңызға ойыншық әперер алдын оның сапасы мен құжатына назар аударуды  ексертеді.
Қазір дүкен сөрелері  мен базарларда да ойыншықтардың  сан түрін кездестіруге болады.  Түр-түсі көздің жауын алады. Қатты , жұмсақ және резеңке ойыншықтарды талғамыңызға қарай сатып ала бересіз. Балаңыз не сұраса, соны тауып беру қиынға соқпас.  Алайда, біз көп ретте  ұнағанын алып, ал оның сапасына назар аударуды жөн көрмейміз.  Оның құжатын сұрап, ойыншықтың сапалы екенін дәлелдейтін   құжатты  сұрамаймыз да. Біз сатушыға  толығымен сенім артамыз.  Бірақ, санитар мамандар  дабыл қағып отыр.  Ұл-қызыңызға бүгін әперген ойыншығыңыз ертең оның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Бала ағзасына  
қандай қауіп төнеді?

Зиянды заттардың балалар ағзасында қатерлі ісік аурын тудыру мүмкіндігі зор екенін, репродутивтік қызметін бұзатынын, иммундық және жүйке жүйесін зақымдайтынын әлі де ескермейміз. Білген күннің өзінде ондай жағдайдың өзіміздің баламыздың басында болатынына сенгіміз келмейді. Мамандардың айтуынша, еліміздегі әрбір үшінші ойыншықтың құрамында улы заттар болады. Зерттеулер барысында белгілі болғандай, жұмсақ резеңке ойыншықтарын сырлайтын бояу құрамында кадмий мен қорғасынның мөлшері қалыпты деңгейден әлдеқайда асып түскен. Мұндай улы ойын­шықтар баланы тек қана аллергиялық ауруға ұшыратып қана қоймай, асқазан- ішек дерттеріне де ұшыратады екен. Сондықтан, он сатып алар алдын неге баса назар аудару керек? ОҚО Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің  бөлім басшысы Раушан  Қасымқұлова  былай дейді:
–Қандай ойыншық болса да, бала оны аузына салады. Сондықтан, ойыншық сатып алмас бұрын, ең алдымен  тауардың  белгісіне, қай елде жасалғанына,  иісіне,  тағы басқа  факторларға  нара аударған  жөн. Мәсеоен, ойыншықтың иісі болса, ол міндетті түрде баланың тыныс алу  органына әсер етеді. Ал кейбір ойыншықтардың  қырлары үшкір болып, бала жарақат алуы мүмкін.  Біз тексерген 13 ойыншықтың  дәл осындай  кемшілігі  болған.  Ата-аналардың кейбірі  қандай ойыншық сатып алу  керектігін  ойлана  бермейді. Тіпті, оны пайдаланғанда да салақтыққа бой алдырады.  Кез келген жерден  тауар алған соң, оны үй жағдайында жақсылап жуып барып, баланың  қолына ұстатуға болады. Жұмсақ ойыншықтар туралы айтар болсам,  олар  аллергия тудырады. Оның қалай жасалғанына көзіміз жете бермейді ғой. Кейбір  кәсіпкерлер  қолданыста болған заттарды  жұмсақ ойыншықтың ішіне толтырып, тігіп қояды. Сатып алғанда , әлбетте оның сыртықы пішіні мен түсіне ғана назар аударамыз. Ал, егер  сапасыз болып шықса, жаңағы ойыншықтың ішіндегі зиянды қоқыс заттар баланың аузына түспейді деп кім айта алады? Оның құрамында химиялық заттың болуын да жоққа шығармаймыз.  Егер, жұмсақ ойыншықтың құрамында химиялық қоспа  бар болса,  күннің астында ұзақ уақыт қалып қойса, жанып кетуі ғажап емес. Бояуы кеткен ойыншықтарды алудың қажеті жоқ. Сәби оны аузына салса, уланады.   Бала дүниеге келгенде алғаш алып берер ойыншығымыз ол – сылдырмақ.  Кейбірінің дауысының тым ащы болатыны соншалық, тіпті ересек адамның жүйкесі шыдамайды. Ал кеше ғана туылған бала сол сылдырмақтың дауысын күн сайын ести берсе, керең  болары анық. Оған қоса, психикасына әсер етеді.
Демек, ойыншық сатып аларда оның  белгісіне,  ойыншықтың  орамына,  түріне, түсіне назар аударып,  сол ойыншықтың сапасының дұрыстығын растайтын  құжатты– декларацияны  сұрауды ұмытпаған жөн.  Раушан Қасымқұлованың айтуынша,  егер  ойыншықтардың декларациясы  мемлекеттік стандартқа сәйкес болмаса,  онда мамандар  Кәсіпкерлер палатасына  және прокуратураға шағым  түсіре алады.
Ол баланың дамуы, ой-өрісінің кеңеюі үшін қажет. Ойыншықтармен ойнау арқылы баланың дүние танымы да жетіледі, жақсы-жаманды ұғады. Әрі-беріден соң, ойыншық баланың күн ұзаққа сөйлесетін сырласы. Жалпы алғанда балалар тауарлары сауда жүйесінде ең өтімді тауарлар қатарына жатады. Балалар тауарларының әлемдік нарықтағы айналымы 500 миллиард АҚШ долларын құрайды. Сауда айналымындағы ойыншықтардың  барлығы дерлік Қытайдан келеді.  Балалардың денсаулығына  ең қауіптісі де  осылар.   Ойыншықтың сапасыз екенін біле тұра, оның бағасына алданатын ересектер бар.   20-300 теңгеге  ойыншық алуға болады. Тіпті,  «Барби» қуыршағын  100-150 теңгеге алуға болады. Пластамссадан жасалған басы, аяқ-қолдары  дұрыс бекітілмеген. Дене бөлшектері өте жұқа.  Оны бала бір ойнағаннан-ақ,  бөлшектеп тастайды. Екінші рет ойнауға жарамсыз.  Ал, оңы мен солын ажырата білмейтін   сәби үшін  майда конструкциялар  қауіпті.
Еуропада жыл сайын ойыншықтар көрмесі ұйымдастырылып, оған 20 мың­нан астам ойыншық өндіруші кәсіпорын қатысады екен. Мемлекет соның арасынан ең таңдаулысымен ғана келісімшарт жасасып, жұмыс істейді. Есесіне, балалар ауырмайды, қауіпсіз. Ата-аналар да алаңдамайды. Енді біз Кедендік одаққа мүше ел ретінде сырттан келетін тауардың барлығынан сертификатталған, жоғары сапалы тауарды талап етуіміз керек.
Ойыншықтардың  ашық-шашық киім  киісі де, түрі де   бала  тәрбиесіне  кері  әсерін тигізеді.  Мәселен, дүкен мен базарларда  шетелдік мультфильмдердің кейіпкерлерін іздмей-ақ табуға болады. «Өрмекшi-адам», «трансформер», «Шрек», «вампир-қанiшер», «Спанж Боб»,  Барбидің неше түрі бар. Кейбірінің заты тұрмақ, аты да қорқынышты. “Баланың бір күн қуанғаны - мың күнге олжа” дейтін халқымыз, перзентінен ештеңені  аямайтыны анық. Бірақ,  арзан ойыншықтың   қымбат дертке айналмауына  ересектер жағы жауапты.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.