Версия для печати

#7 ШАҺАРДЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ ЗОР

Среда, 11 Август 2021 06:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1554 раз
Оцените материал
(0 голосов)

shymkent-export 1

Ұлттық экономиканы шикізат экспортына тәуелділіктен арылту – Қазақстанның алдында тұрған стратегиялық маңызға ие міндеттердің бірі. Тәуелсіздік жылдарында өзге өңірлермен қатар Шымкентте де өнеркәсіпті өркендетіп, экономиканың нақты секторын дамыту үшін ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында бүкіл өндірісі тоқырап, тоқтап қалған қала бүгінде ішкі нарыққа ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де түрлі тауарлар экспорттайтын деңгейге көтерілді.

 

Үшінші мегаполисте белсенді жұмыс істейтін 35 экспортер-кәсіпорын бар

Өнеркәсіптің қаншалықты дамығанын түсіну үшін негізгі 2 көрсеткішке назар аударсақ жеткілікті. Біріншіден, 2020 жылы Шымкент қаласында 654 миллиард 200 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Демек, Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын осы өнеркәсіп саласы құрайды деген сөз.

Екіншіден, шымкенттік кәсіпорындар өткен жылы 150 миллиард теңгенің шикізаттық емес тауарын экспортқа шығарды. Қалада 35 белсенді экспортер-кәсіпорын бар және олар Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Латвия, Ауғанстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдеріне түрлі тауарлар жөнелтеді. Бұл кәсіпорындар негізінен мұнай өңдеу, машина жасау, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдарының өндірісі және фармацевтика салаларында жұмыс істейді. Қаланың негізгі экспортталатын тауарларының қатарына мұнай және мұнай өнімдері – 16,1 пайызды, ұн – 13,4 пайызды, портландцемент және цемент өнімдері – 11,3 пайызды, мақта талшығы – 6,6 пайызды, күнбағыс майы – 5,7 пайызды, мұнай газдары – 4,6 пайызды, тоқыма бұйымдары – 3,6 пайызды құрайды.

shymkent-export

Қазақстанның өзге өңірлеріне ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де өз тауарын шығарып, халықаралық нарықтағы қатаң бәсекелестікке төтеп беріп, сеніммен алға басып келе жатқан компаниялардың бірі – «Шымкентмай» акционерлік қоғамы. Сексен жылға жуық тарихы бар әйгілі кәсіпорын соңғы онжылдықта жаңарып, жаңғырып ерекше қарқынмен дамыды. Бұрындары негізінен өсімдік майын шығарып келсе, соңғы жылдары біртіндеп тауар ассортиментін кеңейтуде. Әуелдегі мақта майының қатарына біртіндеп күнбағыс майы, соя майы, мақсары және рапс майлары қосылды. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын зауыт майды физикалық өңдеу арқылы тазартылған май қышқылдарын алып, соның негізінде кір сабын өндірісін жолға қойды. Сол арқылы компания қалдықсыз әрі экологиялық тұрғыда таза өндіріске бір қадам жақындай түсті.

«Шымкентмай» компаниясының «Хозяйка» және «FRESHKO» сауда белгілерімен танылған кір сабындары үлкен сұранысқа ие. Себебі, оның құрамында жасанды ағартқыштар мен синтетикалық хош иістендіргіштер жоқ. Мұндай өнімдер гипоаллергенді болып саналады және оны тұрмыста ғана емес, косметологиядада қолдануға болады екен. Сол себепті кәсіпорын басшылығы кір сабын өндірісін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Бүгінде зауыттың құрал-жабдықтарын жаңартып, өндірісті жаңғырту жобасы қолға алынған. Инвестициялық құны 1 миллион АҚШ долларына тең жоба өндіріс көлемін арттыра түсуіге мүмкіндік береді.

Жалпы, «Шымкентмай» компаниясы өткен жылы 32 мың тонна өсімдік майы мен 6 800 тонна кір сабын өндіріп, оның басым бөлігін Ресей, Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан және Түркияға экспорттаған. Жалпы, бұл кәсіпорын өз табысының 70,5 пайызын экспортқа жөнелткен қаражатының есебінен тауып отырғанын да айта кеткен жөн.

Бүгінде елімізде 2018-2022 жылдарға арналған «ҚР Ұлттық экспорттық стратегиясы» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарлама еліміздің экономикасын деверсификациялау арқылы шикізаттық емес тауарлардың экспортын 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге дейін өсіруді және 31,8 млрд. АҚШ долларына жеткізуді көздейді. Атқарылып жатқан шараларға қарамастан 2015 жылдан бері елдегі шикізаттық емес тауарлардың экспорты бар-жоғы 12,7 пайызға ғана өскен. Оның үстіне бүкіл әлемді жайлаған пандемия өнеркәсіп саласына да салқынын тигізгені жасырын емес. Осыны ескерген Үкімет өткен жылдан бастап отандық экспортерлерге көрсетілетін қолдауды күшейте түсті.

2020 жылы кәсіпорындар 150 миллиард теңгенің шикізаттық емес тауарын экспортқа шығарды

— «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы  мемлекеттік бағдарлама аясында экспорттаушыларға көмек көресту бойынша келісімдерге қол қойды. Бағдарламада өңделген тауарларды шығарумен айналысатын индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне шығындарды өтеу қарастырылған. Жарнамалық өнім, шетелдік көрмелерге, жәрмеңкелер мен фестивальдарға қатысуға, сондай-ақ жарнамалық каталогтарды әзірлеуге және таратуға байланысты шығындар өтелуде. Сонымен қатар тауарды шетелдік нарыққа жеткізуге кететін транспорттық шығындардың, шетелдердегі өкілдікті, сауда нүктесін немесе қойманы ұстауға, тауар белгілерін тіркеу мен өнімді сертификаттау жөніндегі рәсімдерді жүргізуге арналған шығындардың бір бөлігі мемлекеттің есебінен өтеледі. Кәсіпкерлердің өтінімдерін жұмыс тобы мен ведомствоаралық комиссия қарайды, соның негізінде кәсіпкермен қаражат аудару туралы келісім жасалады. Мұнан бөлек «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Қазақстанның сыртқы сауда палатасының  еншілес ұйымы жұмыс істейді. Оның міндеті – сыртқы экономикалық салада қазақстандық бизнестің мүдделерін қорғау, – дейді Шымкент қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев.

shymkent-export 2

Бүгінде Шымкентте белсенді жұмыс істейтін 35 экспортер-кәсіпорын бар. Соның 29-ы мемлекеттік қолдаудың жоғарыда айтылған түріне өтінім берген. Оның қатарында «Ferrum-Vtor», «Шымкент темір» «Pioneer Grain Produkt», «Grain House-555», «Turan Skin», «Қайнар» және «Каз Мед Пром» жауапкершілігі секілді ірі әрі табысты компаниялар да бар.

Осылайша, Шымкенттің экспорттық әлеуеті жан-жақты мемлекеттік қолдаудың және жергілікті кәсіпкерлердің тынымсыз ізденісі мен алға ұмтылуының  нәтижесінде жылдан жылға артып келеді. Шымкент қаласының сыртқы сауда айналымы, соның ішінде қаладан экспортталатын өнім көлемі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Өнеркәсіпті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің жақсара түсуіне ықпал етері сөзсіз.