#9 БІЛІМ ОРДАЛАРЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК МЕКТЕПТЕРІ ҚАТАРЫНДА

Пятница, 13 Август 2021 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3594 раз

mektep-2

Адами капиталды қалыптастыруда және оның тиімділігін арттыруда білім беру саласының жетекші рөл атқаратыны белгілі. Мамандарының біліктілігі мықты, азаматтарының білімі терең, санасы биік елдердің өрісі кең, өркені мықты келеді. Мемлекетіміздің тұғырын бекітіп, алдағы бағыт-бағдарын, кемел келешегін дәйектеп берген ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыны басшылыққа алып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ білім саласының көкжиегін кеңейтуге басымдық берді. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы көптеген игіліктерге жол ашты. Соның нәтижесінде еліміздегі білім жүйесі әлемдік үдерістерден кейін қалмай, жылдан жылға дамып келеді. Бұл ретте тәуелсіздік жылдары бой көтерген білім ұяларының алар орны ерекше.

Биылғы жаңа оқу жылы ел өміріндегі маңызды оқиға – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі білімді ұрпақтың қолында екені ұдайы айтылып келеді. Бұл тек сөз жүзінде қалып жатқан жоқ. Мемлекет тарапынан білім сапасын арттыруға, мектеп және балабақшамен қамту, мектептерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, шет елде білім алуға мүмкіндіктер жасалып келеді. Айталық, тәуелсіздік жылдары білім саласына қарасты нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрылыс қарқынды дамыды.

Дерек дәйекті болсын деп келтіре кетейін, бүгінде елімізде 7 440 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда жалпы саны 3,4 млн бала білім алады. 30 жылдың ішінде республикада 1 800-ден астам мектеп бой көтерген. Нәтижесінде 4 ауысымда жұмыс істейтін мектептер жойылып, 3 ауысымда білім беретін мектептер саны әжептәуір қысқарды. Оқушылардың орын тапшылығы төмендеп, апатты мектептер саны азайды. Бір ғана Шымкент қаласында тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы және арнайы түзілген «Жол картасы» аясында 66 881 орынға 98 мектеп салынған. Осы жылдары дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын мектептер, Назарбаев Зияткерлік мектептер желісі құрылып, білім беру ұйымдарының 85 пайызына күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілген. Бұл өз кезегінде оқушыларды сапалы біліммен қамтуға үлес қосқаны анық.

Шымкентте 30 жылда  98 мектеп салынды

mektep-1

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Шымкент қаласындағы орта білім беретін мектептердің саны екі есеге артқан. Бұл қатарда, «Сайрам» шағынауданында іргетасы 1991 жылы қаланған Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы ел Тәуелсіздігімен бірге биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Сол кезеңде жаңа тұрпатты мектеп аталған мекеме 1993 жылы көркем-эстетикалық кешенді лицей-мектебі, 1996 жылы гуманитарлық-эстетикалық гимназия-мектебі дәрежесін иеленіпті. 2009 жылдан бері аталмыш білім ұясы мектеп-гимназия деңгейіне көтерілді. Міне, содан бергі уақытта Шымкент қаласында 100-ге таяу мектеп ғимараты ел игілігіне пайдалануға беріліпті. Осы жылдары қаладағы қазақ тілінде ғана білім беретін мектептер де көптеп салына бастады. Олардың қатарында №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы бар. Еңселі ғимараттан сапалы білім мен тәрбие алған оқушылар бүгінде түрлі салада еңбек етіп, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға  үлес қосуда.

Талапшылдық. Еңбекқорлық. Міне,  дарын мектебі Шымкент қаласындағы 140-қа жуық мектеп арасында ҰБТ нәтижесі бойынша бірінші орынға шықты. Бұдан бөлек өнер, спорт саласында да жүлделі орындардан көрініп, республика жұртшылығына танылып үлгерді. Бүгінде бұл мектеп Қазақстандағы 100 үздік мектептің қатарына кіреді. Биыл республикалық олимпиада нәтижесі бойынша Шымкенттің 6 білім ұясы Қазақстанның  үздік 100 мектебінің қатарына қосылды. Олар  – ер балаларға арналған Білім-инновация лицей-интернаты,  химия-биология және физика-математика бағыттарындағы Назарбаев зияткерлік мектептері, Абай атындағы №90 мектеп және М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы.

Аталған жетістіктердің бәрі де «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия» мәртебесін алмай тұрып қол жеткізген жетістіктер. Қазіргі таңда 5, 6, 7-сыныптарға  емтихан арқылы қабылданып, іріктеуден өткен оқушылар дарын сыныптарында оқиды. Мектеп директоры А.Орынбаевтың сөзінше, жетістікке технология мен техниканың күшімен емес, қарапайым тақта мен бордың күшімен жеткен.

–  Заман талабына сай жаңғыруға қадам басқан еліміз білімді ұрпақ тәрбиелеуге ерекше ден қойып отыр. 2012 жылы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында алдымен, №90 жалпы орта мектебі болып ашылған. Мектеп оқушыларының контингентін 98,9% көршілес мемлекеттерден атамекеніне қоныс аударып келген қандастарымыздың балалары қамтиды. Жалпы орта білім беретін мектепке 2020 жылы маусым айында «мектеп-гимназия», одан кейін «дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия» мәртебесі мен Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың есімі беріліп, мектеп жанынан соғылатын интернат құрылысының жобасы бекітілді. Өткен оқу жылында 2400 оқушы білім алды. Қаламызда тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы 98 мектептің салынуы үш ауысымды мектептер санының қысқарып, мектеп оқушыларының бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына өзінің үлкен ықпалын тигізді, - дейді Арман Шымбайұлы.

Тәуелсіз еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары десек, Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше басымдықтар беріп, «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін атап көрсетті. Осындай игі мақсаттарды жүзеге асыру үшін қабылданған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» орындау – білім беру жүйесін дамытудың шешуші кезеңі болмақ.

tajieva

Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:

–Биыл 18 732 орынға арналған 32 мектептің құрылысы жүргізіліп (12 мемлекеттік, 20 жекеменшік),  жыл соңында 10 222 орынға  арналған 20 мектеп (4 мемлекеттік, 16 жекеменшік) пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, мектебі жоқ елді мекендер 13-тен 11-ге, оқушы толымдылығы артық мектеп 21-ден 17-ге азаяды. Одан бөлек,  4 білім мекемесі  күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейне бақылау камералары және 115 мектепке турникет, 28 мектепке типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылу жоспарлануда.

Қалалық білім басқармасы басшысы Ж.Тәжиеваның айтуынша, 2007- 2010  жылдары мектептерде химия, биология, физика, информатика пәндерінің кабинеттері жаңа үлгіде жабдықтала бастаған. 

– Оқу бағдарламаларына сәйкес, оқытуға және оқуға да ыңғайлы дидактикалық материалдар, көрнекілік құралдар қорымен толықтырылды. Биыл қала мектептеріне 50 физика, 95 химия, 82 биология, 13 STEM, 23 робототехника кабинеттері жабдықталды. Осы уақытқа дейін өзекті  мәселе болып келген 36 мектепке ішкі әжетханалар орнату, білім ұйымдарының ауласын жарықтандыру  жұмыстары 2020 жылы толығымен шешімін тапқан. 2020 жылдың өзінде Үкімет қоры және жергілікті бюджет есебінен 47 330 (оның ішінде Үкімет қорынан - 31 160, ЖБ - 16 170)  дана компьютер алынып, жалпы саны 56 556-ға жетті. Нәтижесінде, жыл басында бір компьютерге келетін оқушы саны 27-ні құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 4-ке дейін төмендеген. Ал салаға бөлінген қаржы көлемі 2016 жылы 41 млрд.-тан  3,3 есеге артып, бүгінде  134 млрд. теңгеге жетті,  - дейді басқарма басшысы.

2016 жылдан бастап білім беру жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына көшті.

– Білім беру реформаларының негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды көздейді. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарды. Қазіргі таңда білім беру мекемелеріндегі барлық  пән мұғалімдерінің жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті біліктері мен  дағдылары қалыптасқан, - дейді қаланың бас ұстазы.

Білімді ұрпақ қашан да ұлттың ұстыны екені даусыз. Жастардың жаһандық бәсекеге қабілетіне қарай түсуде мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі бастамалар көп. Егемен елдің ертеңі болар жастарымыздың білім көкжиегін кеңейтудегі бағдарламалар да өз нәтижесін беріп келеді.

Хакім Абай өз өлеңдері мен қарасөздерімен қазақ халқындағы санасыздықтың қара шымылдығын түріп тастауға ұмтылды. Ел болу үшін мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білім, өнер мен ғылымда тұр деп пайымдады. Өнер-білімсіз қоғамға пайдалы болу мүмкін емес екендігін терең түсінді. Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сананы жаңғырту, білімнің салтанат құруы туралы сындарлы ойлар айтылып, бәсекеге қабілеттілік, тұлғалық даралық қасиеттер қалыптасуына айрықша маңыз берілді. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – делінген Елбасы мақаласында. Демек, бүгінгі қоғам мүшелері өз ісінің үздігі болуға ұмтылуы тиіс.

Түйіндей айтсақ, жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Үшінші мегаполистегі мектептердің алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.

Последнее изменение Пятница, 13 Август 2021 05:16