#10 ШЫМКЕНТ – КӘСІПКЕРЛЕР ҚАЛАСЫ

Среда, 18 Август 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1481 раз

kasipkerlik 2

1991 жылдың 16 желтоқсанында еліміз егемендігін алғанда есеңгіреп барып ес жиғанымыз белгілі. Кеңестік кеңістіктен шығып, Тәуелсіздігімізді жариялап, мемлекет  құру оңай болмағанына, қаншама қиын-қыстау кезеңнен өте алғанымызға өткен отыз жылдың тарихы куә. Тоқсаныншы жылдары ауылдан Шымкентке қарай көшкен халықтың арасында Көшекеевтер отбасы да бар еді. Ауылда жұмыссыздық жайлап, күнкөрістің қамымен қалаға ағылған халықтың қарасы аз болмады. Өйткені кеңестің кезінде дүрілдеп тұрған зауыт-фабрикалар тоқтап, жұмысшылар қысқартуға ұшырап жатқан кез-тұғын. Осындай кезеңге тап келген Көшекеевтерге де тоқыраудың тоқпағы оңай тиген жоқ. Шиеттей бала-шағаны асырау үшін кез келген жұмысты істеуге дайын болды.

 

– Қалаға алғаш келген жылдары Шымкент цемент зауытында жұмыс істедік. Ол кезде халықтың жағдайы мәз емес. Зауыттар тоқтап, біразы қысқартуға ұшырап жатқан. Ақша жоқ, жалақы берілмейді, орнына киім-кешек, азық-түлік таратылады. Ал адамдар соны базарға апарып сатып, күн көрді. Соның ішінде өзіміз де бармыз. Ол кезде Шымкенттің «Көл» базарының дүрілдеп тұрған кезі. Керуен сарай деген базар болушы еді. Қай тауарға сұраныс болса, соған ауысып, сауда-саттық жасадық, - дейді Тағайкүл Көшекеева.

 

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 68,8 мың  бірлік, жұмыспен қамтылғандар саны – 163,3 мың, өндірілген өнім көлемі – 1 062,8 млрд. теңгеге жеткен.

 

Сол жылдары «Көл» базары бірталай отбасының күнкөріс көзіне айналғаны шындық. Тіпті, базардың қаланың ортасында тұрып қоқыс алаңына айнала жаздағаны бар. Мұны жергілікті билік дер кезінде байқады да, базарларды қала сыртына көшіру туралы шешім қабылдады. Алғашында, бұл базар саудагерлердің наразылығын тудырса да, кейіннен дұрыс шешім екеніне мойынұсынды.

Әрине, қала базарларының заманауи келбетін қалыптастыруда аз жұмыс атқарылған жоқ. Билік базар басшыларымен мәміле жасап, оларға арнайы орын жай бөліп, шағын кәсібін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Қала сыртына көшірілген базарлар бүгінде қайнаған сауданың ортасы. Шымкент десе таңдау мен талғам бөлек, бағасы арзанқол, келілеп алатынды қапшықтап көтеріп әкететіні бар базарлар әлі де нарықтан орнын жойған жоқ. 

kasipkerlik

Айтпақшы, әлгі көл базарынан қазір ешбір белгі қалмаған. Бұрын базар болған десе сенбейтіндей. Бүгінде мұнда әдемі демалыс аймағы бой түзеген. Шәмші аллеясы деп атау берілген демалыс аймағы қазір қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған.

apai–    Біз қалаға қоныс аударған уақыт тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғой. Жағдай қиын. Біраз уақыт қалада жарық, газ болған жоқ. Шам жағып өткізген күндер кешегідей есімізде. Халық нәпәқасын базардан тапты. Қазіргідей аттам жерде дәмхана, тойхана, дүкен, шаштараз деген жоқ. Ал бүгінде қалада шағын кәсіп өркен жайған. Шымкенттен біраз нәрсе шығатынын көбіміз біле бермейміз. Аяқ-киім, киім-кешек, зергерлік бұйымдар, азық-түлік өнімдері, құрылыс заттары – бәрі бар. Содан кейін мемлекеттің тарапынан үлкен қолдау болған соң, кәсіп істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Мәселен, грант, пайызы аз несиелер кәсіп бастаушыларға үлкен көмек. Осыны дұрыс пайдалану керек. Күнкөрістің, табыстың көзі шағын кәсіпте. Өзіміз де осы жолдан өттік. Бұрын бөлшек саудамен айналыссақ, кейін көтерме саудаға көштік. Көзін тапсаң, әрекет жасасаң ісің де оңға басады. 90-жылдардағы Шымкент пен қазіргі мегаполисті салыстыру қиын. Қала күннен-күнге өсіп жатыр. Өзіміз тұратын Тәуке хан даңғылының бойында жер үйлер көп еді. Қазір оның бәрі биік, зәулім ғимараттарға айналды, - деп еске алады Тағайкүл апай.


Сандар сөйлесін...

Иә, бүгінгі жетістік бізге оңай жолмен келген жоқ. Бүгін заман басқа. Өркениеттің көшіне ілесіп кетіп барамыз. Ел еңсесін тіктеген. Сол уақыттан бері отыз жыл өтті. Қазір не кәсіп істеймін десең мүмкіндік жетеді. Осыған қарап, Шымкентте шағын және орта кәсіптің қарқынды дамып жатқанын байқайсың. Өйткені шағын кәсіп Шымкентті ұстап тұр. Елге келген сапарларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі айтатыны да – осы, Шымкентте шағын кәсіпті дамыту және оны қолдау. Өйткені, шағын кәсіптен мемлекет қазынасына түсетін түсімнің де үлесі орасан.

Тоқсаныншы жылдары Тағайкүл апай сияқты саудамен, шағын кәсіппен айналысқандар аз болған жоқ. Міне, сол кезден бері қарай шағын кәсіпкерлікке жол ашылды. Мемлекет саланы дамыту, қолдау, несиелеу ісін алға жылжытты. Мәселен, Шымкент сияқты ірі қалалардың бюджет түсімінің 70 пайызын шағын және орта бизнес құрайды екен. 

Тәуелсіздіктің 30 жылында шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы көрсеткіштер 7 есеге өсіпті. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 68,8 мың бірлік, жұмыспен қамтылғандар саны – 163,3 мың адам, өндірілген өнім көлемі – 1 062,8 млрд. теңгеге жеткен. Шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 8%-дан 34% жетті немесе 4,2 есеге өскен.

Бүгінде сауда тек базарларда ғана емес, ірі сауда орталықтарында да жүріп жатыр. Қайда барып сауда жасаймын десең Шымкенттің төрт бұрышынан небір заманға сай салынған сауда орталықтарын кездестіресің.

 

Бағдарлама арқылы дамыту

1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Шағын кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдау және жандандыру жөніндегі шаралар туралы» кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың алғашқы бағдарламасы қабылданды. Егер статистикаға жүгінсек, Шымкентте 1991 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 2,3 млрд. теңгені құраған екен. Ал, 1995 жылы көтерме сауда айналымы 266,6 млрд. теңге болған. Әрине, саладан түсетін түсімнің ел қазынасына құйылатынын ескерсек, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың стратегиялық бағдарламалары бірінен соң бірі қабылданды.

Кез келген елдің ішкі нарығы сыртқа тәуелді болмаған кезде, оның дамуы мен экономикалық тұрақтылығы көтеріле бастайды. Мәселен, дамыған елдерде ішкі өндіріс, шағын және орта кәсіптің үлесі 80 пайыздан асып жығылады екен. Осы себептен де, елімізде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын ұсынып, жаппай ел ішінде бизнесті дамыту қолға алынды.

2010 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғаннан бері жалпы Шымкентте бұл салаға 25,5 млрд. теңге қаржы бөлініп, 2 269 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліпті. Алғашқы жылдары бағдарлама шеңберінде 875,3 млн. теңге бөлінген болса 2021 жылы бағдарлама бойынша 5,9 млрд. теңге бөлінген. Бұл 6 есе көп екенін білдіреді. Аталған бағдарлама шеңберінде 9,6 млрд. теңгеге инфрақұрылымы жүргізілген алғашқы маңызды индустриалды аймақтар құрылды. Қолдау тапқан жобалармен 25 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылып, 40 мыңға жуық жұмыс орындары сақталған. Сондай-ақ, 80,0 млрд. теңге көлемінде салық түсімдері құрап отыр.

kasipkerlik 4

Бұдан бөлек, 2013 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның іске асырылуынан бері жалпы қалаға 3,3 млрд. теңге қаржы бөлініп, 348 жобаға мемлекеттік қолдау жасалған.

Елімізде бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін қолайлы жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында жыл сайын жаңа реформалар қабылданады. Осы шараларды тиімді жүргізудің нәтижесінде халықаралық «Doing Business» жүргізілген рейтингісінде 183 елдердің арасында Қазақстан 35 орынға жетті.

Р. ҚОНАРБЕКҚЫЗЫ


 

P.S. Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі шағын кәсіпкерлік саласында 4 миллионнан астам адам қызмет етеді екен. Бұл дегеніміз үлкен экономикалық күш. Демек, ел бюджетіне қомақты түсім осы саладан түсіп тұр. Дегенмен 30 жылда жеткен жетістіктерге дандайсымай, саланы ары қарай да дамыту болашақтың еншісінде тұрған маңызды іс.

Последнее изменение Среда, 18 Август 2021 12:19
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.