Жаңа мүлік иелері бірлестігінің артықшылығы неде? Избранное

Среда, 18 Август 2021 08:10 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1081 раз

Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың жаңа үлгісі қолға алынуда. Осы орайда барлық көпқабатты үйлердің пәтер иелері мемлекет қолдауымен кондоминиум нысанын тиімді басқарудың жаңаша тәсіліне көшуде. Өйткені бұл уақыт талабы. Бұрынғы пәтер иелері кооперативінің орнына мүлік иелерінің бірлестігі құрылып жатыр.

turgyn-ui

Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мегаполисте көпқабатты тұрғын үйлерді МИБ-ке немесе жеке серіктестікке көшіру, оларды тіркеу және тұрғындар арасында насихаттау жағынан жұмыстары жалғасады. Бұл ретте Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Балықбаев пәтер иелерін жаңа бірлестікке біріктірудің мақсат-мүддесі туралы айтып берді.

— Алдымен мүлік иелерінің бірлестігі деген атауға түсініктеме бере кетейік. Ол көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған кондоминиум нысанын басқаруды білдіреді. Және МИБ аясында үйлерді күтіп-ұстауға кететін қаржы мен оның тиімді жақтары «Бір үй - бір МИБ - бір есепшот» қағидатына негізделеді. МИБ заңды тұлға ретінде тіркелген коммерциялық емес ұйым, - деді А.Балықбаев.

Бірлестіктің  маңыздылығына тоқталған Абылайхан Әлібекұлы МИБ-тің негізгі шарттары, міндеттері және артықшылықтары жайлы баяндап берді. Мәселен, тұрғындар үйді басқару, күтіп-ұстау және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізе алады. Тексеру, қадағалау күшейетіндіктен коммуналдық қызметтердің де сапасы арта түседі.

Көпқабатты тұрғын үйлерде ағымдағы және күрделі жөндеу мерзімдерін айқындау мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге қатысты мониторинг қатаңдатылады әрі ашық болады. 

— Бірлестік қызметінің басты мақсаты – кондоминиум объектісіне кіретін ортақ мүлікті яғни көпқабатты үйлерді күтіп ұстау мен ұзақ уақытқа сақталуын қамтамасыз ету. МИБ-ті құру барысында заңнамада белгіленген тәртіппен банкте есепшот ашылады. Ұйымның толық атауы бар мөрі, мөртабандары және бланкілері, сондай-ақ  эмблемасы (нышаны) болуы шарт. Мүлік иелері бірлестігінің үлгілік жарғысы ҚР Азаматтық кодексіне, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңдарына сәйкес әзірленген. Және пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері жиналысының хаттамасымен  бекітілген. Сонымен қатар ҚР Индустрия және Инфрақұрылымдық даму министрінің  2020 жылғы 15 сәуірдегі  № 205  бұйрығымен бекітілген мүліктің меншік иелері бірлестігінің үлгілік жарғысына сәйкес әзірленіп, тіркеледі, - деді Абылайхан Әлібекұлы.

Осы ретте басқарма өкілі жай серіктестік туралы да түсіндіре кетті. Оның айтуынша бұл басқару үлгісінің басты ерекшелігі мұнда ЖС заңды тұлға құрмай-ақ, «бір үй – бір ЖС – бір есепшот» принципі бойынша жұмыс істейді. А.Балықбаев жалпы бір іргетаста орналасқан не үйге ортақ бірыңғай инженерлік жүйелері бар көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің үштен екісінің келісімі бойынша бір МИБ немесе ЖС құруға болатынын айтады.

Бұдан бөлек, бірлестікті басқарушылар қатарына мыналар жатады. Бірінші,  жоғарғы органы – Бірлестік қатысушыларының жиналысы, екінші, атқарушы орган – Бірлестіктің төрағасы, үшінші, басқару органы – үй кеңесі, төртінші, бақылау органы – ревизиялық комиссия (ревизор). Бірлестікті басқару органдарының қызметі ҚР тұрғын үй заңнамасымен айқындалған.