Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұр?

Среда, 18 Август 2021 08:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 940 раз

tajieva1

Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Бүгінде ата-аналар оқу жылына дайындық жасап, балаларының керек-жарақтарын түгендеуде. Биыл оқу жылын дәстүрлі форматта бастау жоспарлануда. 2021-2022 оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? Шымкенттік оқушыларды қандай өзгерістер күтіп тұр? Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат ТӘЖИЕВА айтып берді.

Биыл 1 қыркүйекте 233 мыңнан аса бала мектепке барады. Оның ішінде 25 мың оқушы бірінші рет мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Қазіргі таңда 785 білім беру ұйымы толық «Ashyq» жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, мектептер сақтық шарасына байланысты дезинфекциялық заттармен қамтылады. Жанат Арысбекқызы шаһардағы педагогтер  мен мектеп қызметкерлері толыққанды коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын айтты.

– Өткен жылы оқыту форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Кейбір оқушылар қашықтан білім алды, бір бөлігі аралас форматта оқыды. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта бастау жоспарлануда. Бастысы – балалардың денсаулығы. Бір сынып - бір кабинет талабы сақталады. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде тағады. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдар болуы міндетті. Алғашқы қоңырау шарасы тек бірінші сыныптарға болады. Онда оқушыларға «Әліппе» оқулығы табысталады. 2-11 сыныптар үшін бекітілген кабинеттерде сынып сағаттары өтеді, - деді Ж.Тәжиева.

Жанат Арысбекқызы оқушылар дәстүрлі форматта білім алғанымен талаптың күшейгенін атап өтті. Қаланың бас ұстазы білім қоры арқылы қаладағы 57 466 балаға 30 000 теңге көлемінде бір реттік қаржылай көмек беріліп жатқанын айтты. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасы балалары мен басқа да санаттағы аз қамтылған әлеуметтік осал топтағы жандар бар.

– Егер 1 оқушыдан коронавирус шықса, бүкіл сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Бірінші сыныпта әлде бір топта вируспен ауырған бала шықса, онда дәл сол топ немесе сынып қашықтан оқыту форматына жіберіледі. Денсаулық сақтау министрлігімен келісілген қағидада дәл осындай мәселе қарастырылған. Оқушының, студенттің ата-анасы немесе білім алушының өзі ауырып қалса, онда одан аурудың клиникалық белгілері мен симптомдары байқалмаса да білім ордасына кіргізілмейді. Мектеп формасына келер болсақ, оқушылар бекітілген формамен қатар, классикалық үлгідегі киіммен келуге де рұқсат етіледі, - дейді ол.

Үшінші мегаполисте мектептердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл шаһарда 23 мектептің құрылысы бітеді деп жоспарлануда. Оның ішінде 19 білім ұясы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі. Ал қалған 4 жекеменшік мектеп жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек.

– Мемлекет басшысы әуелі апатты мектептерді қалпына келтіруді және үш ауысымда оқытуды жоюды тапсырғаны белгілі. Әрі бұл жағдай бүгінде ата-аналардың да алаңдаушылығын тудырып отыр. Сондықтан да өңірлерде апатты мектептерден арылудың жолы жан-жақты қарастырылуда. Қаладағы білім беру мекемелеріндегі инфрақұрылымды дамыту жоспарына сәйкес, биыл 12 714 орынға 23 мектептің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 4 мектеп мемлекет есебінен, 19 мектеп жекеменшік есебінен салынуда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер 14-тен 9-ға, мектебі жоқ тұрғын алаптар саны 13-тен 11-ге, ал ыңғайластырылған ғимараттағы мектептер 5-тен 4-ке қысқарды. Апатты деп танылған №79 жалпы білім беретін орта мектебінің мәселесі толық шешіледі. Қыркүйек айына 15 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Қалған 4-уі жыл соңына дейін тапсырылады, - дейді басқарма басшысы.

Жанат Арысбекқызының айтуынша, қазіргі уақытта қаладағы білім беру мекемелерінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Атап айтсақ, №14 мектеп пен №39, №105 балабақшаларына және Саз колледжі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Ал 175 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 136 мектеп, 29 балабақша, 10 колледж бар. 36 мектеп заманауи дизайнмен жаңартылады.

– Бүгінгі таңда қалалық білім басқармасына қарасты 258 нысанда қысымдау жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте қатты және сұйық отын тасымалдануда. Мектепті спорт алаңшаларымен қамтуға 1 015, 5 млн. теңге қаралып, 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынуда. 36 мектептің әжетханасы ішке ауыстырылды, - деді Ж.Арысбекқызы.

mektep

Ал оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер 20 тамызға дейін мектептерге жеткізілетін болады. Оларды сатып алуға 1,160 млрд. теңге бөлініп, оның 67 738 мың теңгесі көркем әдебиетке жұмсалмақ. Бұдан бөлек, мектептерді жаңғырту және пән кабинеттерін ашу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатқаны айтылды.

– Жаңа оқу жылының жаңашылдығы пәндік кабинеттер жаңаруда. Бүгінге дейін қаладағы білім беру мекемелерінде пәндік кабинеттер көрсеткіші 32,2 пайыз болса, жаңа оқу жылында 263 кабинет сатып алу арқылы 62,5% жетіп отыр. Компьютерлік техникамен қамту мәселесіне тоқталсақ, 4 оқушыға 1 компьютерлік құрылғыдан тиюде. Өткен оқу жылында 27 оқушыға 1 компьютерден келетін. Бұл өз кезегінде оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруына септігін тигізеді. Қауіпсіздік те басты назарда. Мектептерде бейнебақылау және турникеттер орнатылуда. Үнемделген қаржы есебінен 80 мектепке, ал жалға алу арқылы 66 мектеп, 79 балабақша, 10 колледжге дабыл түймесі қондырылады, - дейді Ж. Тәжиева.