Версия для печати

#12 Түрленген туризм шаһар тынысын ашады

Пятница, 20 Август 2021 05:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2820 раз
Оцените материал
(0 голосов)

shymkent-turizm-2

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде үшінші мегаполистегі  туризм мүмкіндігін сараламау әсте қате болар еді. Көз тартатын әлем қалаларын еске алсақ, келешекте Шымкент те сондай әлемнің түкпір түкпіріндегі туристерді өзіне тарта алатын ғажайып мекенге айналмауы мүмкін емес. Өйткені ондай мүмкіндік бізде көп.
«Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Ал оны Шымкентте сүру керек». Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  әзіл-шыны аралас бұл сөзін миллиондаған тұрғынның бірауыздан қолдайтыны шындық. Тасын түртсең, тарихы көрінетін көне шаһарда туризмді дамытпау мүмкін емес. Себебі шежірелі өлке туристер көп ат бұрасын бұратын аймаққа сұранып тұр. Рас, туризм – қомақты табыс көзі. Оған шөлейт аймақтар мен тастың үстінде отырған көптеген мемлекеттің өз қазынасын туризмнен түскен пайдамен толтырып отырғаны дәлел. Бұл ретте жасыл желекті Шымкенттің жөні бөлек.

 

Шымкенттің жаңа тынысы

Тәуелсіздік алып, мемлекет аяққа тұрған соң Шымкентке келуші туристердің қарқыны өсті. Мысалы, 2003 жылы бұл көрсеткіш 37 708 болса, 2020 жылы 213 394-ке жетті. Осы уақыт аралығында жеке инвестиция және бюджет есебінен 100-ден астам саябақ, мұражай, демалыс орны іске қосылды. Қазір қалада 110 қонақ үй, 25 әлеуметтік нысан, 5 театр, 7 мұражай, 10 саябақ, 18 аквапарк және 4 табиғи су қоймасы орналасқан.
Шырайлы мекеннің 2200 жылдығы мен ТМД елдерінің мәдени астанасы болуы оның туристік аймаққа айналуына ықпалын тигізді. Қала қонақтары мен саяхатшыларға қызмет көрсететін туристік фирмалар көбейді. Түрлі маршрут ұсынатын нұсқалар саны артты. Атап айтқанда «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы биыл қала әкімінің тапсырмасымен құрылды. Қаңтар айынан бастап қызметін бастаған орталықтың қала қонақтары мен туристерге ақпарат беретін (әуежай, теміржол вокзалы, Арбат, «Абай», «Орталық», «Тәуелсіздік» және «Жайлаукөл» саябақтары) 7 туристік дүңгіршектер іске қосылды.
 Елімізде қалаға келетін туристер саны бойынша Шымкент қаласы 5 орында. Оның ішінде резиденттер (ҚР азаматтары) бойынша да 5 орын болса, шет ел азаматтары тұрғысынан 5 орынға жайғасты.

Бес айда қалаға келуші туристердің саны – 71 156 адамға жетіп, оны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (47 741 адам) 149,1%-ға ұлғайған. Ішкі туризм бойынша келушілер саны – 69 733 адам, кіру туризмі бойынша – 1 423 адам.

Статистикалық деректер бойынша 3 айда орналастыру орындарында тәулігіне 99 756 төсек-орын ұсынылып, (бір жолғы сыйымдылық) саны - 4 889 бірлікті құрап, 111,5%-ға артып отыр. Көлікке қолжетімділікті қамтамасыз етуде 2020 жылы Шымкент бағытында «FlyArystan" әуекомпаниясы тарапынан 7 рейс ашылса (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар), биыл Ақтөбе, Орал және Семей қалаларына тікелей рейстер іске қосылған.

– 365 күннің 300 күнінде жаймашуақ болатын ауа райы тек Шымкентте. Қаламызға келген адамға жанына керектінің бәрі табылады. Шаһардың брендін тек қызғалдақ, дәмді палау, кәуап, самса ғана емес, интелектуалды қала ретінде қалыптастырмақпыз. Туристерге Шымкентті жаңа қырынан танытқымыз келеді. Өйткені әрбір қаланың өзіндік ұраны болуы тиіс. Шаһарға жасыл қала, қызғалдақтар қаласы, арзан қала деп әртүрлі теңеу береді. Біз Шымкенттің брендіне өтімді тауар ретінде қарағанымыз жөн. Сонда мегаполиске туристердің қызығушылығы молаяды, – дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарали Раманов.

Яғни жүзеге асатын жаңа жобалар саяхатшылардың қызығушылығын оятары анық. Шымкентті шахмат қаласы ретінде қалыптастыру идеясының өзі не тұрады?! Қаланың бір көшесін тұтас жасылға айналдыру да бизнесті барынша дамытатыны сөзсіз. Жаңа жобалардың қай-қайсысы да экономиканың табыс әкелетін бөлшегі. Бір сөзбен айтқанда әрбір турист микроинвестор.

Мұнан бөлек, үшінші мегаполистің ең маңызды туристік нысаны – «Ескі қалашық» тарихи-мәдени кешені. Ол еліміздегі туристендіру картасының ТОП-50 тізіміне енді. Бүгінде аталған аумақта «Шымқала» кешені іске қосылды. Жобаны сапалы жүзеге асыру үшін көрсетілген аумақтың шебер-жоспары әзірленді. Жоба аяқталған соң жақын аумақта орналасқан Қошқар ата өзені, Тәуелсіздік саябағы, Ордабасы алаңы мен Шығыс базарын біріктіретін туристік орталыққа айналды. Бұдан бөлек, Сайрам тұрғын алабындағы тарихи орындарды туризмге дайындау жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда «Қызыр» мұнарасы меценаттардың қолдауымен абаттандырылды.

Қалада орналасқан 30 туристік нысанға 3 тілді аудиогиді бар QR-төлқұжаттар жасалды. Оларға бағыттайтын 30 навигациялық стелла орналастырылды. Қаланың туристік инфрақұрылымын дамыту аясында туристік автобустарға арналған тұрақтар жасалуда. Бүгінгі күні алғашқы нүкте Әл-Фараби алаңында жүзеге асты. Алдағы уақытта аталған тұрақтар Бәйдібек би ескерткіші, Шымкент-цирк, Наурыз алаңы, Дендросаябақ және Ордабасы алаңында да пайдалануға беріледі.

 

Шаршасаңыз Шымшаһарға келіңіз!

Қалаға келген туристер мен қонақтар мегаполистің көз тартарлық көрінісін гидтің көмегімен екіқабатты экскурсиялық автобуспен аралап, тамашалауға болады. Сапар барысында мамандар қала тарихымен, тарихи ескерткіштермен таныстырады. Бір кеште танысып шығуға, міне, осындай мүмкіндік жасалған. Шырайлы Шымкенттің басқа қалалардан тағы бір артықшылығы бар. Мұнда ежелгі шығыстың ас дайындау өнерін паш ететін дәмханалар мен тамақтандыру орындары жеткілікті.

shymkent-turizm 1

Қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орны – Асанбай Асқаров атындағы дендропарк. Самал жел, таза ауа серуендеушілерге керемет көңіл-күй сыйлайды. Ал өлкетану мұражайы өңірдің мәдени-тарихи өмірінен дерек береді.

Тәуелсіздік саябағын тамашалау тіптен бөлек. «Әнші» субұрқақтар классикалық және қазіргі заманғы музыканың ырғағымен жан-жағына түрлі-түсті жарық шашып, мерекелік күйге бөлейді. Көрікті тарихи жерлерді аралап шығуға уақыт табылып жатса, тіптен ғанибет. Қонақтар мен туристер демалысын ұмтылмастай етіп өткізе алатына күмән жоқ.

 

Қасиет қонған Қошқар ата

Қаланың дәл ортасынан ағатын Қошқар ата өзенінің орны бір төбе. Жазда өзен жағасы қала тұрғындары мен қонақтарына лық толады. Ине шаншар орын табылмайды. Аптап ыстықтан сая іздеген үлкен-кіші осы жерге үйір. Табиғат-Ананың керемет тартуы іспетті бұлақтың суы шырайлы қаланы кесіп өтеді. Ал әлемде ортасынан қаланы қақ жарып ағатын өзендері бар қалалар сирек кездеседі. Жазда өзі жанға сая, суы дертке шипа өзенді қаланың бойтұмары десек, қателеспейміз.

 

«Шымқала» тарихи-мәдени кешені

Былтыр ғана бой көтерген ескі қалашықтағы аспан асты музейі бүгінде көрнекті орынға айналып үлгерді. 4,5 гектар аумақты алып жатқан Цитадельдің ең биік нүктесінен мегаполис алақандағыдай көрінеді. Мұндағы мәдени қабаттардың тереңдігі 14 метрге дейін жетеді. Археологтар ең төменгі қабатынан «б.з.д. ІІ ғасырдың басы мен ІІІ ғасырдың аяғы» деп көрсетілген керамика бұйымдарының бөліктерін тапқан.
Археологтар бұл жердің 8 мың шаршы метр аумағын аршуы тиіс болатын. Сол аралықта ХІХ ғасырдағы қалалық цитадельдің тарихи тұрпатын қалпына келтіру үшін реставраторлар қосылды. Құжат қабырғалар мен мұнараны, қырғын кезіндегі және бақылау алаңшаларын, кіру есіктерін қайта қалпына келтіруге жол ашты. Бұл оның ертеректе пайда болғанына, археологиялық ескерткіштер қатарында екеніне дәлел. Ал XIX ғасырда қоқандықтар бекіністі алғаннан кейін төбе аумағы цитадельге айналған. 1864 жылы патша генералы Черняевтің әскері цитадельді басып алған соң қыраттың айналасына қорған тұрғызылыпты.

shymkent-turizm 3

«Шымқала» тарихи-мәдени кешені эмпирикалық және материалдық болмысымен ерекшеленеді. Мұнда жолы түскен қонақтар мен туристер тек тарихты ғана түгендемейді. Сәулет және құрылыстың түр-түрімен танысады. Бұл оның тарих, мәдениет пен археология нысаны ретінде бүгіні мен болашағына кепіл бола алады. Зор әлеуеті мен дәстүрлер жиынтығының арқасында аталған нысан этнографиялық-туристік бағытта пайдаға жарап тұр. 

– Ендігі жерде тарихи-мәдени кластер мен музей орталығы ретінде қарастыру қажеттілігі туындауда. Бұл музей ісінде қордаланған мәселелер мен сұрақтардың шешімін табуға, еліміз бен Орталық Азия көлеміндегі сала жұмысын жандандыруға ықпал етпек. Бүгінде мұндай шаралар жоқтың қасы. Осы орайда кешенді кезең-кезеңімен дамыту керек, – дейді кешен директорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Саттар Мәжитов.

Ұлы Жібек жолы, көне қала аумағында керуен сарайларының болуы, цитадель атанған «Шымқала» кешенінің өзі, сонымен қатар Сайрам немесе ежелгі Испиджабтағы музейдің жаңа кейіпке енуі тарихи нысанның екінші тынысын аша түсетіні сөзсіз. Бәрінен бұрын бұлар – туристер мен меймандарды тартудың бірден-бір жолы. «Ескі қалашық» қазір жаңаша түрленді. Қаланың тарихи кіндігіне айналған көне қамал орны ашық аспан астындағы музейге айналып отыр. 

– Алда оның айналасына музей, кітапхана және тағы басқа нысандарды топтастырып, бәрін бір орталыққа шоғырландыру міндеті тұр. Сол кезде жаңа идеялар мен интеллектуалды-рухани жобалардың бастау бұлағына айналары анық, – дейді тарихшы.

Еске салсақ, 2020 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев археологиялық жұмыс нәтижесімен және мәдени кешенді одан әрі дамыту жоспарымен танысып, оған оң бағасын берген болатын. Ал 2019 жылы Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы мерейтойлар күнтізбесінен орын тапқаны белгілі.

Цитадельден табылған зеңбіректер мен пулемет оқтары да келушілер назарынан тыс қалмайды. Мәдени қабат құрылысы да әр алуан. Бірін-бірі қайталамайды. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Айдарали Рамановтың сөзінше, Шымкентке келуші туристер саны жыл санап артып келеді.

Шымкент – бүгінде ірі мегаполис. Жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен төзімділігі көпке үлгі. Қандай жаңашылдықтың болмасын, осы қаладан бастау алып жататыны баршаға аян. Міне, осыдан болар, біздің қоғамда «не шықса да, Шымкенттен шығады» деген сөз қалыптасты.

Қазақстандағы ішкі туризмнің бағыты сан алуан. Өзге аймақтардан ерек түстік өңірде тарихи-мәдени орындар, көне қалашықтар мен киелі жерлер көп. Енді, міне, Елбасы айтқандай, етек-жеңімізді жинап, экономикамызды аяқтан тұрғызып, қаражат жинағаннан кейін туризмді дамыту мәселесіне де келдік. Ал бұл бюджет тайқазанын толтырып, елдің тұрмысын түзетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда туризмнің басым түрлері ретінде тарихи-мәдени (сакралды) туризм, экстремалды туризм, гастрономиялық және медициналық туризм түрлері айқындалып отыр. Туризмді дамыту – қай жағынан алып қарасаңыз да сұранып тұрған сала. Таңғажайып сырға толы табиғатымен қатар көнеден шежіре тартатын тарихы, мәдени-рухани өзгешеліктері шетелдіктер үшін ғана емес, Қазақстанның басқа өңіріндегі тұрғындар үшін де нағыз тартымды бола алады.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.