Версия для печати

«I-KOLIK»: сапалы қызметке бетбұрыс Избранное

Среда, 25 Август 2021 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2353 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымшаһарда жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Қалада қоғамдық көлік жұмысын оңтайландыру, сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді жүйелендіру мақсатында жолаушылар көлігін дамытудың кешенді сызбасы әзірленген болатын. Соның нәтижесінде мегаполиске су жаңа автобустар сатып алына бастады. Бірқатар бағыттар жаңарып, электронды «TOLEM» жүйесі енгізілгені белгілі. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы осы саланы цифрландыруда көш ілгері келеді десек, артық айтқандық емес. Сөзімізге дәлел ретінде биыл «I-kolik» қосымшасы мен avtopark-shymkent.kz сайты іске қосылды. Жаңа жобалардың жаңашылдығы неде? Осы сауалға жауап іздеп көрген болатынбыз.

i-kolik

Мемлекет басшысының халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасы аясында қалада жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан Қалалық оқыту және сертификациялау орталығының директоры Жандос Сардаров қоғамдық көлік мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстары қарқын алғанын жеткізді. Енді қоғамдық көлік жүргізушілері бес күндік оқу курсына қатысып, мамандардан «Жолаушыларды тасымалдау ережесі» және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бойынша білім алады.

– Жаңа жобаға қатысқан жүргізуші қызметтік тәртіпті сақтау, жолаушыларға сыпайылық таныту мен психологиялық дайындық, келеңсіз жағдайлардың алдын алуды үйренеді. Оқудан өткендерге міндетті түрде сертификат беріледі. Айта кетейік, сертификаты жоқ жүргізушілер қоғамдық көлікті басқаруға орналаса алмайды. Сонымен қатар, сертификат табысталғаннан кейін жүргізуші еңбек тәртібін бұзса, қайта аттестациалаудан өту міндеттеледі. Ал этикалық нормалар мен еңбек тәртібін бірнеше рет бұзғандар қызметтен босатылып, алдағы уақытта қоғамдық көлікті айдау жұмысына орналасуы екіталай болмақ. Жолаушылардың талап-мүддесін орындап, қызмет сапасын жақсарту бағытында бізге жүктелген жауапкершілік, міндет ауқымы артып отыр. Бұл – қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір парасы,– дейді Ж.Сардаров.

Қазіргі таңда іске қосылғанына бес ай болған «I-kolik» қосымшасын қолданушылардың қатары күн санап артып жатқанын да айтады.

– «KazITService» компаниясы жасаған «I-kolik» қосымшасын «PlayMarket» және «App store» арқылы жүктеген қолданушылар 100 мыңға жуықтады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Қосымшаны пайдаланушылардың басым көпшілігі жобаға оң бағасын берген. Бүгінде мегаполистегі қоғамдық көлік қызметі 100 пайыз автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Яғни, көліктің қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады. Қала тұрғындары мен қонақтары қосымшаны жүктей отырып, автобустардың жаңарған бағыттары мен қозғалысын бақылай алады. Жобаны бақылаушы ретінде бізге де тиімді. Көлік жүргізушілерінің қанша уақыт жұмыс істейтінін көріп отырамыз. Бұрындары жұмыс графигі аяқталмай қайтып кететіндері болатын, – дейді маман.

Ж.Сардаров сұхбат барысында avtopark-shymkent.kz жобасының тиімділігін тарқатып айтып өтті.

– Бұл жоба 27 шілде күні қолданысқа енгізілді. Бүгінгі таңда сайт пен оның телеграмм ботына күнделікті 3-5 хат келіп түседі. Қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторларына қатысты сын-ескертпелерді, алғысты осы сайт арқылы жолдауға болады. Сайттың бір артықшылығы – жұмысқа орналасу бөлімі қарастырылған. Бізге жұмысқа орналасқысы келетін жүргізуші сайт арқылы анкета толтырып, өтінім жібере алады. Келіп түскен хаттардың барлығы зерделеніп, жауапты мамандарға орындау үшін беріледі. Алғашқы айда 50-ден астам хат келіп түсті. Солардың 30-на жауап берсек, қалғаны жақын күндері жөнелтіледі, – дейді орталық директоры.

Жандос Сардаров жолаушылар шағымдарының ішінде өзектілерін де атап өтті. Жаз айларында салқындатқыш, автобустардың уақтылы жүруі, төлем жүйесіне қатысты мәселелер туындаған. Ал жалпы өткен жылмен салыстырғанда биыл қоғамдық көлік қызметінің жұмысына шағымданушылар қатары екі есеге дейін азайыпты. Салаға жауапты маман мұны нәтижелі жұмыстың әрі жаңа жобалардың жемісі деп есептейді.

– Жолаушылар көлігі саласына қатысты мәселелер әлеуметтік желілерде де жиі жазылады. Алайда онда кері байланыс орнату кей жағдайда мүмкін бола бермейді. Тұрғындар шағымдарын нақты көрсетпей жасады. Ал біздің сайтта телеграм-бот қарастырылған. Онда бірнеше жолақтарды толтыру міндеттеледі. Яғни, шағымдардың шынайылығына көз жеткізу үшін қоғамдық көлік жүргізушісі туралы деректерді де енгізу керек екенін еске саламыз. Егер қоғамдық көліктердің кешігуі, жүргізушілердің дөрекі сөйлеуі және басқа да сауалдар туындаса, avtopark-shymkent.kz сайтына жазуыңызға болады, – дейді Жандос Сақтапбергенұлы.

Жауапты маманның айтуынша, алдағы уақытта автобустарға да сайтқа арыз-шағым қалдыру туралы арнайы нұсқамалар ілінеді. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктердің қызметін жақсартуға септігін тигізбек.

– Жоғарыда аталған екі жоба – «Ақылды қала» аясындағы маңызды жобалардың бірі. Екеуін де жетілдіре түсу үшін толықтырылып және жаңартылып жүргізіліп отырады. Жобаның басты мақсаты – шаһар аумағындағы көлік қозғалысын ретке келтіру. Қоғамдық көліктің бәсекелестігін арттырып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау, – деді қалалық оқыту және сертификациялау орталығының директоры.

Жолаушылар көлігі қызметін жандандыру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар бүгінде өз нәтижесін беріп жатқаны көңіл қуантады. Ең алдымен қаладағы қоғамдық көлік бағыттарының кешкі уақыттағы жұмысы реттелді. Мысалы, аудан әкімдерінің өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиналыстарында айтылған қала тұрғындарының қоғамдық көліктердің кешкі уақыттағы жұмысына байланысты шағымдары едәуір азайған. Сала мамандары мұны жүргізушілер мен бақылаушылардың қызмет көрсету мәдениетін көтеру мақсатында көлік компаниялары басшылығымен бірлесіп атқарып жүрген тұрақты жұмыстың нәтижесі екенін айтады.