Кітап оқып, жеңілдік алыңыз

Среда, 25 Август 2021 06:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1504 раз

kitap-okyШымкенттегі кітапханалар жүйесінде оқырмандарды жұмылдырудың жаңа әдісі қолға алынуда. Нақты айтқанда, Абай атындағы қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде жаңа карталы жүйе іске қосылды.

Оған сәйкес, белгілі бір деңгейдегі картаға ие болған оқырман неғұрлым кітапханаға жиі барып, оқыған туындылары жайлы әлеуметтік желіде көп бөліскен сайын картаның келесі түріне ие болады. Ал карта өзгерген сайын мегаполистегі кофеханалар мен дәмханалардан алатын жеңілдіктер көбейіп, театрға билет те алуға болады. Мысалы, White card (ақ карта) үлестірілді. Бұл картада кофеханаға 5 пайыз жеңілдік бар. Ал келесі деңгейдегі картаға ие болу үшін арнайы шарттарды орындау қажет.

– Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап оқуға шақыруға ынталандыру. Осыған орай акция өткізіп, арнайы карталарды таратып бердік. Ол карталар түрлі жеңілдіктер арқылы оқырмандарды кітапханаға жиі баруға ынталандырады. Жалпы, елімізде кітапхана ісін автоматтандыру бағытында бірнеше бағдарлама қолданылады. Біздің кітапханалар жүйесінде қазіргі таңда Rabis бағдарламасы қосылып, жұмыс істеуді бастадық. Бұл бағдарламада келген оқырмандардың саны, кітаптардың берілуі, жалпы, кітапхана қорына қатысты барлық мәлімет сақталады. Ал кітапханалардың карталарын кез келген жастағы оқырман ала алады, – дейді Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұманова.

Акция барысында Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері мен кітапхана өкілдері қаланың орталық көшелері мен автобустарында, ірі сауда-сауық орталықтарында болып, қала тұрғындарына карталарды таратты. Осылайша кітапхана мамандары сатылап жоғарылау жүйесі арқылы оқырман қызығушылығын арттыруды жоспарлап отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.