Іріктеудің екінші кезеңі басталады

Пятница, 27 Август 2021 09:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2604 раз

irikteu

1 қыркүйектен бастап Президенттік кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңі басталады. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік секторлардан 50 адам іріктеліп алынады. Бұл туралы Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев хабарлады.

Баспасөз мәжілісінде агенттік басшысы үміткерлерге қойылатын негізгі талаптармен таныстырды.

– Президенттік кадр резервіне кандидаттарды іріктеудің екінші кезеңіне құжаттар онлайн түрде қабылданады. Ал үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар бұрынғыдай Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет, жасы 35-тен аспаған жоғары білімі бар және өңбек өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс.   Бұл жолы жастар резервтерінен білім мен дағдыдан бөлек, қоғамдағы мәселелерден хабардар болып, оны шешуге қызығушылық танытуы жоғары бағаланады. Мұнан бөлек, арнайы тапсырмалар беріліп, үміткерлердің білімі мен білігіне басымдық беріледі, - деді Әли Амантайұлы.

Сондай-ақ ҚР Парламенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаев резервке алудың кезеңдерін мәлімдеді.

– Резервке алу үшін үміткерлерге бірнеше жүйелі кезеңдерден өту керек. Олар: кандидаттардың құжаттарын қабылдау, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау, сараптамалық комиссияда қатысушылармен әңгімелесу, кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қатысушылардың кандидатураларын қарау. Көптеген кезең онлайн режимінде өтеді, – деді филиал директоры.

Ескертетін жайт, биылғы жастар Президенттік кадр резервіне іріктеудің жаңашылдығының бірі үміткерлерге мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын құжат талап етіледі.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.