Жылудың бағасы өспейді

Пятница, 24 Сентябрь 2021 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 822 раз

zhylu-bagasy

Шымкентте жылудың тарифі қымбаттамайды. Бұл туралы осы аптада Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаменті мен «3-Энергоорталық» АҚ өкілдері ұйымдастырған пресс-турда мәлім болды. Онда БАҚ өкілдеріне жылу құрылғылары мен жаңғырту инвестициялық бағдарламасының жүзеге асырылуы таныстырылды.

Жауапты мамандардың айтуынша, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру «3-Энергоорталық» АҚ-на жылу жеткізу қызметінің сапасын жақсартуға сеп болады. Нәтижесінде жылыту маусымындағы апатты жағдайлар азайып, судың шығыны мен негізгі қондырғылардың тозуы 3 пайызға кеміген. Ал жылу өндіру көлемі артып отыр.

– Тұтынушыларға жылу тарифіне енгізілген соманың қайда жұмсалғанын және нәтижесі қандай болғанын көрсеткіміз келеді. Себебі, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде тұтынушылар сапалы жылу алып отыр. Апатты жағдайлар мүлде азайды. 3-ЖЭО қысқа толық дайын. Жылу тарифі 2018 жылдан бері көтерілмеді, керісінше, төмендеді. Алдағы уақытта да қымбаттамайды, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев.

«3-Энергоорталық» АҚ 2021 жылы 1,7 млрд теңге инвестиция жұмылдыруды жоспарлаған. Оның ішінде 876 млн теңге қондырғыларды толық жөндеуге, 280 млн теңгесі – ағымдағы жөндеуге жұмсалса, 500 млн теңгеге жаңа жабдықтар сатып алынбақ. Қазіргі таңда станцияның қуаттылығы жазда 80 Мвт, ал қыста 150 Мвт құрайды. Жылу-энерго орталығы табиғи газбен жұмыс істейді және жылу энергиясын «Қуатжылуорталық-3» мекемесіне, ал электр энергиясы «Энергопоток» ЖШС-не жеткізеді.

– Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде қондырғылар жұмысының тиімділігі артып, көрсетілетін қызметтің сапасы жақсарды. Биылғы жөндеу жұмыстарына 680 млн теңге қаралып, соның 620 млн теңгесі игерілді. Жылыту маусымына дайындық 95 пайызға аяқталды. Барлығы жоспар бойынша жүруде, – деді «3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Қайрош Оңғарбаев.

Мамандардың айтуынша, 2021 жылы электр энергиясын өндіру былтырмен салыстырғанда 4 пайызға артады деп күтілуде.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.