Версия для печати

Тоңдырды мені, желтоқсан желі – ызғарлы...

Пятница, 24 Сентябрь 2021 05:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2744 раз
Оцените материал
(0 голосов)

zheltoksan 2

«Шомаева Галимат Абеновна, 1964 г.р., необоснованно осужденная 27 марта 1987 года Алма-Атинским городским судом по ст.ст 60, 65 УК Каз ССР к 2 годам лишения свободы, постановлением Пленума Верховного суда Казахской ССР от 20 марта 1990 года уголовное дело в отношении нее прекращено производством за отсутствием в ее деяниях состава преступления, заключением прокуратуры г.Алматы от 28 марта 2002 года признана жертвой массовых политических репрессий и РЕАБИЛИТИРОВАННОЙ».

Бұл — Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қорындағы құнды құжаттың біріндегі жазба. Құндылығы сол – ұлты үшін, елі үшін тағдыры тәлкекке түскен қаршадай қазақ қызының ақталғаны туралы жалғыз құжат. Алайда, Ғалимат Шомаеваға бұл құжатқа қол жеткізу үшін өмірінің тағы 16 жылын сарп етуге тура келген.

 

Әлі де ашылмаған құпиялар

Желтоқсан оқиғасының ашылмаған құпиясы көп. Қай музей, қай мұрағатқа барсаңыз да, там-тұмдаған аз ғана мәлімет. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің де қорында бас-аяғы 18 іс-папкасы бар.

maria-a– Қорда сақталған құжаттардың 11-і – жеке азаматтардың қағазы. Олардың біршамасын ІІД мен ҰҚК архивінен сұрау салып алдырсақ, біршамасын желтоқсаншылардың өздері жинақтаған. Қалған 7 іс-папкасында Желтоқсан оқиғасы кезіндегі фотосуреттер, түрлі құжаттар және ақпараттық ілмек табуға болатын газеттегі жарияланымдар – бас-аяғы 500-ге жуық құжат бар. Дегенмен, біз мұнымен шектеліп қалмаймыз. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толуына орай бірқатар жұмыс жоспарланған. «Желтоқсан — Тәуелсіздік бастауы» атты апталық өтеді. 6 желтоқсанда апталықтың ашылуы өтсе, 7 желтоқсан күні «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» тақырыбында Шымкенттегі желтоқсаншы қыздармен кездесу жоспарланған. Ал келесі күні «Желтоқсан қозғалысы» қоғамдық ұйымының мүшелерімен кездесу, 9 желтоқсанда көтеріліс құрбаны Кенжеқыз Молданазарованы еске алу жиыны өтеді. 10 желтоқсанда апталықты қорытындылаймыз, – дейді музей директорының міндетін атқарушы
Мәрия Асқарова.

Музейдің экспозиция залында «Желтоқсан — қазақтың рухы», «Желтоқсан көтерілісі» тақырыбы аясында фотосуреттер мен құжаттардың көшірмесі қойылған. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күніндегі қанды қақтығыс туралы аз-кем ақпаратты QR қосымшасы арқылы 3 тілде электронды түрде алуға мүмкіндік жасалған. Қорға құжат қосудың да өз тәртібі бар.

birzhan-a– Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей болғандықтан, қорды құнды құжаттармен барынша толықтырып отыруға тырысамыз. Қордағы желтоқсаншылар туралы мәліметтер түрлі жолмен жинақталған. Мәселен, музей 2001 жылы ашылғанын ескерсек, ол жылға дейінгі алынған қордағы бірқатар құжаттарды желтоқсаншылардың өздері тапсырған. Мұндай жағдайда екі тараптық алу-беру акті жасалып, жеке іс-папкасы ашылады. Ал қосымша толықтыратын болсақ, құқық қорғау саласының архивтеріне арнайы сұраныс хат жолдап, сұрау салудың нәтижесінде қол жеткізе аламыз. Бүгінде өңірдегі желтоқсаншылардың саны да нақтыланбаған. Сондықтан қор әлі талай тың деректермен, құжаттармен толығады деген ойдамын, – дейді музейдің қор сақтаушысы Біржан Әбдіқали.

 

Олар Жазықсыз жазаланған

Қордағы құжаттарды парақтап отырып, түрлі деректермен таныстық. Қор құжаттарын сөйлетсек, ұлты үшін жанын қиюға дайын болған қазақтың қаршадай ұл-қыздары қылмыстық, әкімшілік жазаның түр-түрімен жазаланған. Мәселен, қылмыстық жазаға тартылған желтоқсаншыларға 2-10 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы таңылып, түрмеге жабылса, «ең жеңіл» әкімшілік жаза алғандардың өзі оқудан, жұмыстан шығарылып, қудаланған. Қудалаудың салдары шалғайдағы ата-анасына да тиіп, тағдыры «тар жол, тайғақ кешуге» айналғаны қанша?!

Желтоқсаншы Сәбит Исабеков 1987 жылы қылмыстық жазаға тартылып, 4 жылды арқалап кете барған. Осындай айыппен тігінші Ғалимат Шомаева 2 жылға, шахтер Мұратбек Шекербеков 2 жылға, Түгелбай Тәшенов 10 жылға бас бостандығынан айрылыпты. Олардың тар қапастағы денсаулығына, психологиясына келген залалдың орнын ешбір ақтау қағазы толтырмақ емес. Ал оқудан шығарылып, кейін де қудалаудың қыспағын көрген жандардың қатарында Манзура Битаева, Майра Елеуова, Шарипа Шалаева, Раушан Ермекова, Зейнеш Жадыраева, Гүлмира Тәжиметова бар. Бұл азаматтардың бірқатары Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» 1993 жылғы заңы күшіне енген соң, құжаттарын жинақтап, ақталған.

Алайда, «Әр елге – өз көсемі» деген жанайқайын матаға жазып, көшеге шыққан шымкенттік жеті қыз әлі де ақтала алмай жүр. Алма Арқабаева, Гүлшат Тастемірова, Гүлмира Керімбекова, Гүлмира Ахметжанова, Эльмира Бипатшаева, Зейнеш Үсенова оқудан, жұмыстан шығарылып, қыспаққа алынған. Қудалаудың салдарынан ата-аналары қызметінен босатылып, отбасы мүшелері қиын жағдайға тап болған. Қазақтың қайсар қыздары әлі де болса үміт үзбеген. Құпия құжаттарды топтастырып, айнымас айғақтармен дәлелдеп, ақталатындарына сенімді.

 

«Қазір мақтаныш болғанмен, бұрын қорқыныш еді»

gulmira-a– Біздің музей желтоқсаншылармен тығыз байланыста. Олармен кездесіп, түрлі іс-шаралар өткіземіз. Дегенмен, жиындарымызды бір желтоқсан айына топтастырмай, әр тоқсан сайын кездесіп, олардың мәселесімен таныса алатындай етіп жоспарлағанбыз. Желтоқсаншылардың бүгінгі түйткілді мәселесінің бірі саяси ақталу болса, екіншісі – өзінің желтоқсаншы екенін дәлелдей алмай жүрген жандардың проблемасы, – дейді музей директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева.

Бүгінде желтоқсаншылардың бірі өзінің желтоқсаншы екенін растайтын құжатқа қол жеткізе алмай жүрсе, енді бірі құзырлы органдарға жүгініп, атын ақтай алмай әлек. Десек те, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында құрылған мемлекеттік комиссияның жұмысы бұл проблемалардың шешілу процесін жеделдетері сөзсіз.

Гүлмира Алдоңғарқызының айтуынша, Шымкент қаласындағы мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы қала әкімінің орынбасары Ш.Мұқанның төрағалығымен жұмыс істеуде. 1916-1986 жылдар аралығында түрлі саяси оқиғалардың құрбанына айналып, жазықсыз жапа шеккендер туралы жұмыс тобында 30-дан астам маман тынымсыз еңбек етіп, мәлімет жинастыруда. Олардың қатарында музей қызметкерлері, ғылыми қызметкерлер, тарихшылар, ЖОО оқытушылары да бар. «5 жылдық зерттеу-зерделеу жұмыстарының нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан өңірінен саяси қуғынға ұшыраған 7277 кісі анықталып отыр. Оның 4696-сы қылмыстық жазаға тартылса, 2050 кісі ату жазасына кесілген. Бүгінгі таңда 531 азаматтың құжаттары іздестірілуде», – дейді Г.Серікбаева.

Мемлекеттік комиссия жұмысы желтоқсаншылар тізімін де жаңартып, сіз бен біз білмейтін жаңа есімдерді анықтауы мүмкін. 35 жылдың ішінде нақтыланбаған желтоқсаншылардың саны да белгілі болуы ғажап емес.

zheltoksan 1

— «Желтоқсаншы» деген сөз қазір мақтаныш болғанымен, бұрын қорқыныш еді. Соның да салдары болар, әлі күнге желтоқсаншылардың нақты саны жоқ. Біз әр жиында осы өңірдегі оқиғаға қатысқан азаматтар туралы мәліметтерді топтастырып келеміз. Жыл соңына дейін, кем дегенде, Шымкент қаласы бойынша Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың санын нақтыласақ деген жоспар бар. Желтоқсаншылардың басым көпшілігі өзінің сол оқиғаға қатысқанын, одан зардап шеккенін, түрмеде көрген қиянатын ашып айта бермейді. Біз олармен кездесу барысында әңгімелесе отырып, әр детальді сұрап аламыз.

Оқиғаға қатысушылар «Мен желтоқсаншымын» деп айтпағанымен, алаңға шығып, соққыға жығылған қай азаматтың болса да аты-жөні, қайда тергелгені туралы құжаттар құқық қорғау органдарының архивінде кездесіп жатады. Бірақ, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына ерекше назар аударылып, республика деңгейінде қолға алына бастаған тұста көтеріліске қатыспай, сырттай куә болғандардың арасынан өзін «Желтоқсан оқиғасының қатысушысы» деп таныстыратындардың көбейгені қынжылтады. Желтоқсан оқиғасының қатысушылары туралы қандай да бір ілмек құжат табылады. Ал бұл азаматтар туралы ешбір жерде мәлімет жоқ, – дейді Гүлмира Алдоңғарқызы.

Последнее изменение Пятница, 24 Сентябрь 2021 06:16