Ұлт сапасы - мықтылығымыздың сипаты

Четверг, 02 Декабрь 2021 03:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1389 раз

Заманауи Қазақстанның негізін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлы «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің отырысында еліміздегі ең беделді әрі ірі саяси күшке ие партияның төрағалығын Президентке тапсыру туралы шешім қабылдағанын жариялады.

 

Бұл өзгерісті Елбасының саяси тұрғыда жасаған батыл әрі осыған дейін қабылдаған шешімдерінің заңды жалғасы деп түйдім. Өзінің саналы ғұмырын Тәуелсіз қазақ елінің тұғырын тік ұстауға арнаған тұлғаға жарасатын парасатты шешім, өрелі қадам десе болатындай. Мұнымен қоса саяси кеңес отырысында сөйлеген сөзінде Тұңғыш Президентіміз ел жастарына арнап «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жария етті.
Аталған жиынтық жаңа дәуірге аяқ басқан өскелең ұрпаққа соны серпін, баяны бөлек бағдар болатынын болжау қиын емес. Сөзсіз, жас ұрпаққа жасампаздық кезеңінде жалын беріп, жүректеріне сенім ұялатар қағидаттардың мазмұны да, мәні де ерек. Жаңа үдерістер салтанат құрғалы тұрған алдағы кезең өскелең ұрпаққа кертартпалықты емес кеңдікті, рухани танымның тереңдігін, жылдамдық пен ой ұшқырлығын талап етеді. Өркениет көші алға жылжыған сайын қалтқысыз даму жолына түскен мемлекеттерге артылар жүк салмағы да ұлғайған үстіне ұлғаяды. Елбасының бұл қағидаттарды жариялауында осындай астар жатқанын ұғу көкірек көзі ояу азаматқа күрделі дүние емес деп ойлаймын.
Жыл сайын мыңдаған шәкірттің сапалы білім алуына сеп болып, елдегі білім беру саласының түлеуіне үлес қосып отырған ұстаздар қауымына аталған үндеуде сөз болған алтыншы құндылықтың орны ерекше. Ол – білім мен еңбек. Әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген даналығы бүгінде әрбір ұстаздың желкеніне айналған. Ұрпақтың сапалы білім алуы әр педагогтың уақыт ағымына ілесе білуі, мемлекет алдында жауапкершілік сезінуімен ағымдас. Педагог мемлекеттің қамқорлығын сезінсе, шәкірт тиісінше сапалы білім алады. Педагог антына адал, қызметіне риясыз берілген болса шәкірт мейірімге бөленеді.
Өз басым, ұстаздық қызмет жолымда әр студенттің бойындағы қарым- қабілетке, мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді мүлт жібермеуіне, Отанға деген адал махаббатына, өз мамандығына деген көзқарасына, келешегіне деген сеніміне жіті мән беремін. Бағыттаймын, қол ұшын созамын. Елбасы үндеуіндегі осы бір маңызды тармақ ұстаздар қауымына одан әрі үлкен міндет жүктейді.
Зайырлы қоғамда қай салада болмасын білікті мамандардың ғана көш басында болатыны белгілі. Біз көштен қалыс қалмауымыз керек. Тәуелсіз мемлекеттің сапасы, келесі буынның білімді ұрпақ болып қалыптасуы, дербестік кілті, бәсекеге қабілетті мамандардың еңбек нарығындағы батыл қадамдары тікелей ұстаз еңбегінің заңды көрінісі болмақ. Біз балаға қандай тәрбие берсек, келешек соның нәтижесін көреміз. Еккен дәніміздің жемісі тұтас ұлттың құрамдас бөлігі болмақ. Ал ұлт сапасы – әлемдік аренадағы мықтылығымыздың сипаты. Ұстаздар қауымы бұл бағытта бірлесе жұмыс жасап, дамудан, алға талпынудан шаршамақ емес. Бізде бұл үшін қажетті ресурстың барлығы бар. Сайып келгенде бүгінгі Елбасы үндеуіндегі аталған тармақ тамырымызды басып, нық қадам жасауға серпін болып отыр.
Білім беру ісінде жеткен жетістігіміз шаш етектен. Бірақ бұл босаңсуға себеп емес. Біз ертеңгі ұрпақтың жолбасшысымыз. Олар бізге, ұстаздарға арқа сүйейді. Нұрсұлтан Әбішұлы аталған қағидаттар жиынтығын жас ұрпаққа арнап отырса, олардың желкені боп біз тұруға тиістіміз. Ұстаздың ғұмырлық миссиясы да осы емес пе?!

Ақкенже ҮСЕНОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ Заманауи педагогика және
психология кафедрасының доценті, PhD доктор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.