Версия для печати

«Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубына – 18 жыл!

Вторник, 07 Декабрь 2021 05:51 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2234 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бастамасымен құрылған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы биыл 18 жылдығын атап өтті.

2003 жылы Шымкент қаласына қарасты 6506 әскери бөлімінің командирі, полковник Жақсылықов Руслан Фатихұлының (қазіргі таңда генерал-лейтенант, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы) бастамасымен бөлімнің әскери-патриоттық клубы құрылды. Содан бері жыл сайын 6 желтоқсанда «Жас бүркіт» клубының туған күні аталып өтеді.

6672

 

Құрылған сәтінен бастап әскери-патриоттық клуб өзінің жанкүйерлерін тапты. Көп ұзамай, клубпен Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы №2 балалар үйінің ұжымы, Шымкент қаласының №45 гимназия-мектебі меморандум жасасып, бірлесе жұмыс істеп келеді.

Клуб жетекшісі болып сол кездегі 6506 әскери бөліміндегі жасақ командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, күрең берет иегері, подполковник Ахашов Арман Сапаралыұлы тағайындалды.

– Әрбір бастама нәтиже беру үшін тер төгуді қажет етеді. Бұл – үлкен істің басы ғана еді. Тәрбиенің отбасынан басталатыны даусыз. Оның қаншалықты маңызды екені де белгілі. Міне, біз балаларды жастайынан әскери-патриоттық тәрбиеге баулуды көздедік. Әскери отбасы дегенді қалыптастыруға тырыстық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақал бар. Яғни болашақ Отан қорғаушыларды жас жеткіншек кезінен соған тәрбиелеу мақсатын ұстандық. Біздің мүдде – балаларды өз елінің патриоты етіп, еліне қызмет ететін азаматтар етіп дайындау. Бастама қолдау тауып, әскери-патриоттық клубымыздың жұмысы алға басты, – деді «Жас бүркіт» клубының жетекшісі Арман Сапаралыұлы.

Бүгінде аталмыш әскери-патриоттық клубтың жұмысы жанданып келеді. 2004 жылы республика деңейінде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан Ішкі әскердің (Ұлттық ұлан) 17 жауынгерінің құрметіне өткізілген бүкіләскерлік жекпе-жек ұрысында «Ұрыс өнерінің көрсетілімі», 2006 жылы Шымкент қаласында әскерилерді Ауғанстан шекарасынын шығару күнінің құрметіне «Әкери ұрыс тәсілдерін көрсетілімі» қойылып, ұйымдастырылу жағынан үлкен бағаға ие болды.

2007 жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында «Жас сұнқар» әскери-патриоттық ойыны өткізілген болатын. Онда бірнеше командалар белдесіп, әскери-патриоттық клуб жүлделі бірінші орынға ие болды. Дәл осы жылы қазан айында жас аралығына қарамастан «Жас бүркітшілер» Ұлттық ұлан әскери құрылымының жасақтарымен бірлесіп, Шымкент қаласында өткізілген мемлекеттік оқу-әдістемелік жиынға қатысты.

2008 жылы сәуір айында әскери-патриоттық клуб мемлекет деңгейінде өткізілген «Жекпе-жек ұрысы» жарысында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-лейтенант Маткаримов Альберт Полатұлының қолынан «Жауынгерлік Туға» ие болуы клубтың атқарып жатқан еңбегінің жемісі деуге болады.

2008, 2009, 2010 жылдары әскери-патриоттық клуб мемлекеттік іс-шаралардың ашылу салтанаттарына, Қорғаныс істері жөніндегі департамент, облыстық және қалалық деңгейдегі қоғамдық іс-шараларға қатысып жүр.

2010 жылы «Мир» телеарнасының тапсырысымен «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы жайлы деректі фильм жарық көрді. 2010 жылы тамыз айында Шымкент қаласындағы №43 мектептің әскери-патриоттық клубының тәлімгерлері республикалық деңгейде өткізілген «Операция «Ұлан» атты әскери-патриоттық ойынына қатысып, жүлделі 2-орынға ие болды. Айтарлықтай дәрежеге ие болған әскери-патриоттық клуб жұмысын басқа мектептерге таратпақ оймен №38, 39, 44, 8, 30 мектептерде клуб топтарын аша бастайды.

2010 жылғы 23 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов әскери-патриоттық клубқа арнайы Жарғы бекітті.  

         Әскери-патриоттық клуб тәлімгерлерінің құрамын көбіне әскери қызметшілердің, бірлесіп жұмыс атақаратын мектеп, гимназиялардың балалары құрайды. Клубтың жұмысын бекіту, алға жоспарлар құру толықтай клуб жетекшісінің міндетіне кіреді. Клуб құрамы балалардың жас шамасына байланысты бірнеше топқа бөлінуі мүмкін.

         Қазіргі таңда «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының өз жауынгерлік Туы, эмблемасы, киім үлгісі, тіпті «Әскери патриоттық клубы тәрбиеленушісінің абырой кодексі» бар. Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінде орналасқан әрбір клуб үшін бұл ең басты шарттары болып саналады.

Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне қарасты «Жас бүркіт» құрамы 2018 жылы өзінің мерейтойын өткізген болатын. Аталмыш іс-шара барысында көптеген зиялы қауымның, мекеме бастықтарының алғысына ие болған «Жас бүркітшілер» өз жұмыстарын қазіргі таңда да абыроймен атқарып келеді.

Бүгінде «Жас бүркіт» клубының жұмысына сапта қызмет етіп жатқан әскери қызметшілер де белсенді қатысуда. 2021 жылдың                                                ІІ жартыжылдығынан бастап бөлімнің батальондары Шымкент қаласында орналасқан меморандумға енген мектептермен өзара қызмет атқарып, әр сенбі күні ашық есік күндерін өткізеді. Іс-шара барысында мектеп оқушыларына арнап жаппай спорттық іс-шаралар, әскери техника, қару-жарақ көрмелері ұйымдастырылады.

         Әскери-патриоттық клубтың осындай дәрежеде іс-шара өткізуі – айтарлықтай жетістікке жеткенінің көрінісі. «Жас бүркіт» клубы Отан қорғаушыларды мектеп табалдырығынан тәрбиелеуде, оларға отансүйгіштік, патриоттық сезімді ұялатып келеді.

         Әскери-патриоттық клубтың болашақтағы мақсаттарының бірі – көршілес елдердің арасында әскери-патриоттық ойындар ұйымдастырып, мемлекетаралық болашақ әскери қызметшілерді тәрбиелеу.

Алияр ДҮЙСЕНБАЙ,        

6506 әскери бөлімінің   аға лейтенанты.

Шымкент қаласы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.