Бекболат ҚҰРМАНҒОЖАЕВ: «Кино – көпшілікке, ал театр – таңдаулыларға»

Пятница, 10 Декабрь 2021 05:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2777 раз

bekbolat-kurmankojaev

...Қарағанды, Семей және Шымкент театрының тарихы Әуезов театрының тарихымен қатарласып келе жатқанын ұмытпауымыз керек. Театрға жаңа ғимарат салып бергені үшін мың алғыс. Бәрі бірден бола бермейді. Ғимараттың сахнасы, акустикасы, залы өте жақсы. Бірақ, сахнаны жабдықтау қиындау. Бүгінде заманауи техниканы қолданып жатыр. Әрине, өз басым техниканы көп қолдануға қарсымын, бірақ көмекші құрал ретінде пайдалану — заман талабы. Алайда, техникалық жабдығымыз сақадай сай тұрса, ол қойылымға өзіндік рең береді. Актерлік құрам, тіл-көзден сақтасын, өте жақсы. Алдағы уақытта штат қаралып жатса, 10-15 жас актер керек. Оның ішінде жан-жақты, музыкалық білімі бар жастар қажет...

Театр сахнасында 50-ден астам рөл сомдап, актерлік пен ұстаздықты, режиссерлікті қатар алып келе жатқан өнер иесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, бүгінде Шымкенттегі қарашаңырақ Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрдың көркемдік жетекшісі Бекболат Құрманғожаевпен дидарласып, театрдың тыныс-тіршілігі жөнінде сұқбаттасқан едік.

 

«Бүкіл эпосты жатқа білетін»

— Бекболат аға, сіз – өнердің өз адамысыз. Актер, режиссер, оқытушы. Республикаға белгілі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық музыкалық драма театрында, астанадағы Жастар театрында еңбек етіп, Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиеледіңіз. Дубляж саласындағы еңбегіңіз – бір төбе. Өмір жолыңызға зер салар болсаңыз, не көресіз?

— Біздің жасымызға келгенде, уақыт барда ақырын ғана өткенге көз тастайсың. Ой жүгіртесің. «Таңдаған жолым ойымнан шықты ма? Мен не істеп жүрмін?» деген ой мазалайды. Мені бала кезімнен өнер тартып тұрды. Жалғыз ұлдың тұңғышы болған соң, кемпір мен шалдың тәрбиесінде өстім. Атам марқұм қазақтың бүкіл эпосын, Біржан мен Сара айтысын жатқа білетін. Атамды ауылдың той-томалағына арнайы алып кететін. Кейде «ұйқым келмейді» деп еркелесем, түнімен батырлар жырын домбырамен айтып беретін. Әбден құлаққа сіңіп қалғаннан болар, бертінге дейін батырлар жырын өзім де жатқа айтатынмын. Ол кезде Алматы облысы, Талғар ауданы Фрунзе совхозында тұрдық. Кейін әкемді Алматының түбіндегі Қызыл Ту совхозына мектеп директоры етіп ауыстырды. Сол ауылда оқып жүргенде мектепке жарасымды киінген, әшекейлері бар әдеміше апай келді. Оқушыларды класс-класпен кіргізіп, «балам» деп әдемі сөйлесіп, аяқ-қолымызды созып көріп жатыр. Ары-бері шпагатқа отырғызды да, «осы баланы аламыз» деді. Қайда алып жатқанынан хабарым жоқ. Әдемі апайымыз Шара Жиенқұлова екен. Апамыз хореография училищесіне шәкірт жинап жүр. Ол кезде арнайы комиссия дарынды балаларды Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап жүріп іздейтін. Ал, атам мені өнерге бермеймін деп шешті. «Өзім өнерге жақынмын. Әкең – биохимик, ол да өлең жазады. Біздің тұқымда бір өнер адамы бар. Сол жетеді» деді атам. Атам Әнуар Молдабеков ағамызды меңзеп тұр екен. Әнуар ағаның әкесімен атам ағайынды кісілер. Нағашыларым да өнерге жақын жандар.

Мектеп бітірген соң, Алматыдағы политехникалық институттың энергетика факультетіне оқуға түстім. Электр энергетигі мамандығының алғашқы курсы едік. Институтта бір жыл оқысам да, әлгі бойымдағы өнерге деген жақындық маза бермеді. Әкеме айтпай, екінші курста жарты жыл оқудан қалдым. Араға бір жыл салып, күзде ауылға эстрада студиясының студенттерін алма жинауға келді. Солармен танысып, сөйлестім. Олардың бірі – Шығыс билерін тамаша қоятын хореограф Байдәулет Сазабеков. Оқуымды тастап, эстрада студиясының хореография курсына түстім. Студиядағы ұстазым Габель Милентина Петровна ер азаматтың биге келгеніне ерекше қуанған. Студияның директоры, негізін қалаушы Қазақ-станның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиева болатын. Кейінірек әскерге шақыртылып, Чехословакияға кеттім. Әскерде Мәскеудің, Киевтің, Новосибирскінің училищесін бітірген бүкіл Кеңес Одағының 100-ден аса бишісі мен әншісінен құралған, арасында еңбек сіңірген халық әртістері бар үлкен ансамблінің құрамында болдым. Міне, өнердегі жолым осылай басталды.

Әскерден кейін елге оралып, студиядағы оқуымды жалғастырып жүргенде «Алматының жас балеті» конкурс ұйымдастырды. Бағым жанып, атақты балетмейстер Болат Аюхановтың қолына түстім. Десек те, сахнаға шықсам да, онда сөйлегім келіп, ішімдегі образдың ойын сөзбен жеткізгім келіп тұратын. Бір күні жатақханада біздің үйдегі апайыңмен, Әуезов театрының жас актрисасы Нұрзада Ташимовамен таныстым.

Құдайберген Сұлтанбаев «Сен актер болуың керек» деп жиі айтатын. Бірде Қазақстанның халық әртісі Бәйтен Омаров ағамыз Мұхтар Әуезов театрында көркемдік жетекші кезінде кездесіп қалып, студиясына шақырды. Әуезов театрының студиясына түсіп, 1980-1992 жылдар аралығынада театрда актер болдым. Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шарипова, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева сынды аға-әпкелерімізбен бірге жүріп, 40-тан аса рөлді сомдадым.

1994 жылы студиялық білім жоғары білім ретінде қаралмай, айлық-жалақыға әсер ететін болды. Комитетте Есмұхан аға еді. Біз қатарлы студияда оқыған, елге танылған өнерпаздардың барлығын жинап, 3 жыл
Жүргеновте оқытты. Балет мектебі, Әуезов театрындағы шеберлігімді теорияда Маман Байсеркеновтің қолында жетілдірдім. Театрда жүргенде Мәмбетовтың спектаклінде көп ойнадым. Режиссураға қызыққан соң, Әзірбайжан ағаның қолтаңбасын ақырын зерделеп жүрдім. Оқуда жүргенімде Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына сол кездегі кафедра меңгерушісі Татьяна Наурызбаева жұмысқа шақырды. Кейін Әуезов театрына қайта оралмадым. Академияда «Актерлік шеберліктен» сағат жетпей, эстрада курсына «Сахна тілінен» дәріс оқыдым. Тасболат Омаров екеуміз Ұлту Қабаева, одан кейін Сәкен Майғазиев, Гауһар Қаспақовалардың курсына сабақ бердік. 2004 жылы, Қазақ ұлттық музыка академиясында Ә.Мәмбетовтың атымен кафедра құрылған екен. Айман Мұсақожаева сол кафедраға жұмысқа шақырды. Қызым Гүлфайруз – «Астана-опера» театрының солисі. Бір күнде жиналдым да, Қазақ ұлттық музыка академиясына жұмысқа бардым. 2010 жылы академия Қазақ ұлттық өнер университеті статусын алды. Өнердің барлық саласына факультеттер құрылды. 2013 жылы декандықтан босаған соң, Жастар театрына өзімнің балаларымның қасына режиссер болып ауыстым.

 

«Академиялық театрда актер жетіспейді»

— Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театрының ұжымы пандемия кезінде бір жылдан аса уақыт көркемдік жетекшісіз жұмыс істеді. Өңірдегі өнердің қарашаңырағы атанған ұжымға көркемдік жетекші болу туралы ұсынысты қалай қабылдадыңыз?

— 2017 жылы осында «Қарагөзді» сахналаған кезде Жұмабек Есімов уақытша көркемдік жетекші қызметін атқарып жүр еді. Оған дейін режиссураның бірегей өкілі Қуандық Қасымов келіп, біраз жұмыс істеген екен. Ол кезде 1-курсқа қабылданған 21 студентім бар еді. Сол шәкірттерім қанаттанбай, келе алмайтынымды айттым. Кейін «Гамлетті» сахналаған кезде Сапарбай аға Өтемісұлы бастаған үлкендер қолқа салды. Ол кезде де шешім қабылдауды кейінге қалдырдым. Бірақ, екі қойылым кезінде ұжымға бауыр басып қалдым. Студенттерім оқуын аяқтаған соң, уәдемде тұрып, Шымкенттің бас театрына келдім.

kino-teatr

 

— Театр ұжымы (шаниндіктер) сізге бөтен емес. Бұған дейін Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасы мен Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын осы театр ұжымымен сахналаған едіңіз. Театрдың қазіргі актерлік құрамы жайлы ойыңыз қандай? Актердің бойынан қандай қасиеттерді іздейсіз?

—Театрдың бүгінгі құрамы өте жақсы. Мұнда бес буынның актері бар. Өкініштісі, пандемия кезінде талантты актер, керемет азамат Мәжіт Ілиясқар ағамыздан айырылып қалдық. Астанада жүріп естігенде, қатты қайғырдым. «Гамлетте» қабіршінің образын ерекше сомдаған еді. Одан кейінгі буын Сапарбай Өтемісұлы, Құпия Рахымбердиева, Айжан Жұмабекова болса, екінші буын Раушан Салова, Гүлшат Еспайдан кейін Әнипа Қарабекованың қатары, Қапиза Баимбетова, Сәуле Жарасбаева, Алтын Айнабалаева – келесі буын. Еркінбек Шымырқұловтың соңынан Ұлықбек Артықбаев, қазіргі театрдың репертуарларын көтеріп жүрген Руслан Нұрманов, Бауыржан Сегізбаев, Ерлан Дүйсебаевтың қатарлары. Сондықтан театрдың қазіргі құрамы – ерекше дарынды жандар. Одан кейін біршама уақыт үзіліс болған. Сахнада әрбір актердің өз жасына келетін образды сомдағаны дұрыс. Себебі, 30-дан асқан азаматқа жас жігіттің рөлін берсеңіз, образ толық ашылмауы мүмкін. Бірақ бұл театрдың «академиялық» деген аты бар. Актерлік құрам 45-ақ адам. Ал, академиялық театрда кем дегенде 65 актер болуы керек. Кем дегенде. Масштабы кең спектакль қоятын болсақ, қысылып қаламыз. Актер жетіспейді. Мұның барлығы бюджетке, қаржыға келіп тіреледі. Дейтұрғанмен, қала басшылығындағы, өнер саласының тізгінін ұстаған азаматтар осы мәселеге назар салса дейміз. 90 жылдық тарихы бар, Шаниннің өзі, үрім-бұтағы қызмет еткен, Хадиша Бөкеева, Айша Абдуллина апаларымыздың қолтаңбасы қалған қарашаңырақ қой. Қарағанды, Семей және Шымкент театрының тарихы Әуезов театрының тарихымен қатарласып келе жатқанын ұмытпауымыз керек.

 

«Жас мамандарға баспана керек»

Театрға жаңа ғимарат салып бергені үшін мың алғыс. Бәрі бірден бола бермейді. Ғимараттың сахнасы, акустикасы, залы өте жақсы. Бірақ, сахнаны жабдықтау қиындау. Бүгінде заманауи техниканы қолданып жатыр. Әрине, өз басым техниканы көп қолдануға қарсымын, бірақ көмекші құрал ретінде пайдалану — заман талабы. Алайда, техникалық жабдығымыз сақадай сай тұрса, ол қойылымға өзіндік рең береді. Актерлік құрам, тіл-көзден сақтасын, өте жақсы.

Алдағы уақытта штат қаралып жатса, 10-15 жас актер керек. Оның ішінде жан-жақты, музыкалық білімі бар жастар қажет. Себебі, театр — синтездік өнер. Тек қана драма, трагедиямен шектелмей, музыкалық спектакльдерді де сахналаймыз. Бүгінгі жастардың аудиториясын да қамту қажет. Мәселен, Жастар театрында хор да айтады, би де билейді, акробатика да бар. Бұйыртса, біздің театр да соған жетеді. Себебі, біздің қыз-жігіттердің де керемет дауысы, мүмкіндігі бар. Бірақ, арнайы репетиция залы жоқ. Кез келген дайындық сахнада өтеді. Саханада спектакль қоясыз ба, әлде репетиция жасайсыз ба? Кейде амалсыздан пластика, хореографияның дайындығын театр фойесінде өткізуге тура келеді.

Жалпы, осындай аз-кем мәселелер бар. Ал, ең бастысы, біздің актерлік құрамды жастармен толықтыру қажет. Қазір жастарды жұмысқа шақырсаң, бірінші баспана мәселесіне келіп тіреледі. Осы тұрғыда жас актерлерді жатақханамен қамти алсақ деймін.   Мықты, жас мамандар баспана мәселесі шешілмеген соң келе бермейді. Тіптен, театрдың өз жатақханасы болса немесе баспана беру жолдары қарастырылса, нұр үстіне нұр. Сондай-ақ, академиялық театр статусын одан әрі көтерсек деген мақсатымыз бар. Өткенде Қарағандыға барып, жүлделі орын алып келді. Қойылым көрермен арасында резонанс тудырды. Режиссердің айтар ойы, ішкі толғанысына ешкім араласа алмайды. Ал, көрермен керегін қабылдайды. Өнерде әуелі эмоция, сосын ақыл жүреді. Ақыл алдына шықса, онда өнер дамымайды. Яғни, бірінші, жүрек соғады, екінші ақыл қосылады. Ал, актердің бойынан бар күтетінім — «өнерге неге, не үшін келдім?» деген сұрақтың жауабы. Сосын өнерді жан-тәнімен сүймесе, өнер шықпайды. Алғашқы келген оншақты жылда сахнада тер төксең, сол тер сені ертең биікке көтереді. Мәселен, Жастар театрының, ондағы төгілген тердің арқасында Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин елге танылды. Фильмге де театрдағы өнер арқылы келді. Режиссерлар сол спектакльдер арқылы таныды.

Бұл театрда Руслан Нұрманов мен Жәудір Сарыпбекованың театрдағы еңбегін көріп, киноға шақырды. Актер танымал болған сайын, көрермен өзінің сүйікті актерінің ойынын іздеп, театрға келе бастайды. Әуезов театрында Жантөрин, Әшімов, Оразбаев, Шарипова, Майқанованың өнерін тамашалауға келетін. Кассаға хабарласқанда рөлдерді кімдердің сомдайтынын сұрайтын. Біз сол замандағыдай театрсүйер қауымды қалыптастыруымыз керек. Кейде актерлеріміздің танымалдылығын арттыру үшін де балаларымызды киноға жіберіп жатамыз. Бірақ, театр бірінші орында тұруы тиіс. Мен әр актерға «Театрға келдің бе, осы өнердің құлы бол. Басыбайлы емес, ақылмен кел» деп айтамын. Яғни, театрдағы аз ғана айлықты қанағат тұтып жүрген актердің жан түкпірінде өнерге деген құдірет, күш бар. Сол күш еңбекпен жанып, түбінде биікке көтереді. Өнер деген тұңғиық. Жасың келген сайын іздене бергің келеді, іздене бергің келеді.

 

«Көрермен аялдамаға дейін спектакль туралы ойланса...»

— Елімізде көптеген театрлар өз бағытын қалыптастырып, жаңалыққа, тың дүниеге ұмтылып жүр. Мәселен, өзіңіз еңбек еткен Жастар театры көптеген қойылымдарын мюзикл жанрында сахналайды. Театрлардың таңдаған бағыты жөнінде не айтар едіңіз?

— Арнайы білімі бар, дайындықтан өткен актерлармен жұмыс істеу —жеңілдеу. Себебі, ол театр тарихын, бейнелеу өнерін, сахна тілінде жақ пен демнің қызметінен бастап, тіл тазалығын қалыптастыруды оқып келді. Қазіргі актерларға талап күшейген. Сондықтан, акробатика, музыка, хореография бәрі оқытылады. Десек те, классикалық актерлік шеберлік мектебі бірінші орында. Себебі, ол мектептен өткен актер пластилин сияқты қалай икемдесең де келе береді. Сондықтан театрлар бір бағытта шектеліп қалмауы керек. Себебі, бүгінде көрермен өзгеріп келеді. Театр көрерменнің ығына кетпейді, бірақ әр буынның талғамын саралап отыруы тиіс. Соған қарай, театр өзінің негізгі мақсатын, мектебін бұзбай, қойылым формасын өзгертуге қорықпау қажет. Ол тұрғыда кереғар пікір де, тартыс та болары сөзсіз. Сол үшін актер бесаспап болуы шарт. Кейбір театрлар көрерменнің ығына жығылып, мелодрамалар мен комедияларды ғана сахналап жүр. Театрдың негізгі мақсаты — көрерменге ой салу. Қойылымнан шыққан көрермен, ең болмағанда, аялдамаға дейін сол спектакль туралы ойланса, театр діттеген мақсатына жетті деген сөз.

 

— Көптеген талантты әртістеріміз театр сахнасында шыңдалып, бірер киноға түскен соң, түбегейлі сол салаға ауысып жатады. Себебі, неде деп ойлайсыз? Театрдың актер үшін берер мүмкіндігі қандай?

— Кино – танымалдылық, кино – қаражат. Ал, театр – тұрақты айлық, қара жұмыс. Мәселен, Әділ Ахметов «Анаға апарар жол» фильмінің түсірілімі Қырымда жүріп жатқанда, театрда «Меккеге барар ұзақ жол» спектаклі қатар тұрды. Әділ сонда өз қаржысымен самолетпен келіп, театрдағы рөлін сомдап жүрді. Ол оның театрға деген махаббатын, рөліне деген құрметін көрсетеді. Актер театрда бір жылда алатын айлығын, кинода бір айда алуы мүмкін. Бірақ, кино — көпшілікке, ал театр — таңдаулыларға. Әр актердің жүрек түбінде көпшілікке танылсам, бірақ таңдаулыларға сахнада ойнасам деген тілек тұрары сөзсіз. Кеңес кезінде де киномен танылған актерлардың ешбірі театрдан алыстамаған, сахнадан кетпеген. 1980 жылдары Нұрмұқан ағаға осы тақырыпта сұрақ қоятынмын. Сонда ол: «Орыс ұлыларының айтқан сөзі ғой. «Кино — однажды и на всю жизнь, а театр — однажды и каждый день» деп жауап берген еді. Сондықтан екеуі де керек. Театрда ойнаған актер фильмдегі образын оңай сомдайды. Алайда, фильм режиссерлері жиі жаңа келбет іздейді. Оны да ұмытпау керек.

 

— Сіздің режиссерлігіңізбен жуырда Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасының премьерасы өтпек. Бұл шығарманы таңдауға не себеп болды?

— Бұл шығарма 12 жыл бұрын осы театрда сахналанған екен. Мен театрға келгенде Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына қойылым таңдау керек болды. Сол кезде «Жоғалған Жұрнақты» қайта ұсынуды тапсырды. Осы драманы сіз қойсаңыз деп ұсынған соң, біршама уақыт іздендім, толғандым. Драма бір адамның тағдыры арқылы Желтоқсанның бізде қалдырған ізін көрсетеді. Егемендік бізге оңайлықпен келген жоқ. Кеңес Өкіметінің ыдырауына себепкер болған да, осы Алматыдағы қазақ жастарының қозғалысы. Осы оқиғадан кейін барып, Баку, Тбилиси, Прибалтика жерлерінде көтеріліс бой көрсетті. Бірақ, біз бірінші бастадық. Түптеп келгенде Еуразия құрлығындағы Орта Азия елдерінің мемлекет қалыптастырудағы еңбегі зор. Бірақ Кеңес Өкіметі кезінде тарих қайта жазылған. Бұрмаланған. Бізге Абылайды айтқызбады. Біз сахнада оның барлығын жіктеп жатуға мүмкіндік жоқ. Дегенмен, спектакльде оқиға Мәскеуде оқып, ондағы қазақты «бұратана халық» деген көзқарасты көріп жүрген жігіттің 1986 жылы Алматыға сүйген қызының туған күніне келуімен басталады. Алматыға келгенде Желтоқсан оқиғасына тап болады. Сол Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар біздің арамызда да жүр. Біздің оларға деген көзқарасымыз қандай? Көрген зорлық-зомбылықтарынан олардың қоғамға деген көзқарасы өзгерді. «Біз сол жұрнақтарымыз аңсаған өмірге жеттік, алайда біз олардың арманына адалмыз ба?» деген сұрақ арқылы көрерменге ой салсақ дейміз.

— Әңгімеңізге рақмет.