Жұдырықтай жұмылдық...

Пятница, 10 Декабрь 2021 06:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4047 раз

tolemetovЖелтоқсан жаңғырығы – жадымызда. Жыл сайын сол бір қаралы оқиға қатысушыларының естеліктері жиі айтылып, ұрпаққа өнеге ретінде таныстырылады. Сондай кейіпкерлердің бірі – Бейбіт Төлеметов.

Желтоқсан оқиғасына қатысқан барлық азаматтар секілді Бейбіт Әбілдабекұлы да ол кезде Алматыда оқып жүрген.

– 1982 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына студент болып қабылдандым. Арасында 1983-1985 жылдары Германияда әскери борышымды өтеп келдім. Келген соң институтта мал дәрігері мамандығын 2-курстан қайта жалғастырдым. Желтоқсан оқиғасы болғанда 3-курста оқып жүрген едім. Сол күні сабаққа келсем, аудиторияда студент аз. Бір кезде лектор келіп, ел басқарып жүрген Қонаевтың орнына орталықтан Колбин жіберілгенін айтты. «Студенттердің барлығы алаңға кетті, лекцияны оқы десеңдер, оқи беремін. Ал алаңға шығамыз десеңдер, бара беріңдер, бірақ мені жіберді деп айтпаңдар», – деді. Содан бәріміз жиналып, алаңға бардық. Барсақ, жиналған жастар көп, бейбіт шеру өтіп жатыр екен. Барлығымыз қосыла «Менің Қазақстаным» әнін айттық. «Әр елдің басшысы өзінің ұлтынан болуы керек!» деген ұрандар айтылды, – дейді Бейбіт Төлеметов.

Алаңдағы жастар қойған талап-тілектің арасында «Қонаев ағамызды шақырыңдар, өзін тыңдайық!» дегендері де болған. Дегенмен, бұл тілек орындалуы былай тұрсын, жастар тарамаған соң, күштік құрылым алаңға әскерилер мен өрт сөндірушілерді көмекке шақыра бастайды.

– Бейбіт шеру кешке дейін жалғасты. Алаңда кешкі 6-ға дейін жүріп, сосын тамақтанып, қайта алаңға келсек, қақтығыстар басталып кеткен екен. Өрт сөндіру көліктерінен бізге су шашып, жер-дала мұз болып қатуда. Милиция қыз-жігіттерді автобустарға салып, шетінен әкетуде. Оны көріп, ашу-ызаға булыққан жігіттер бос автобустың жанынан итеріп, аударып жіберді. Содан түннің бір уағына дейін жүріп, тарадық, – дейді жерлесіміз.

zheltoksan

Айтуынша, алаңдағы қозғалыс ертеңіне де жалғасқан. Бірін-бірі жақсы танымайтын қыздар мен жігіттер біріне-бірі қолдау көрсетеді.

– Ертеңіне алаңға тағы келдік. Төбелес, айқас жалғасуда. Милиция Свердловск, Фрунзе, Ташкент секілді қалалардан көмек шақырыпты. Олардың шамасы келмеген соң Ресейден әскер әкелді деп естідік. Олар дубинкамен төмпештесе, біз де қарап тұрмадық – жалаң қолмен қарсы тұрып, тас лақтырдық. Біресе олар шегінеді, біресе біз шегінеміз. Әлі есімде, сол күндері қыздар жігіттермен қатар тұрып, қайсарлық танытты. Намысымызды жанып, қолдау көрсетті. Сондай сәттің бірінде бір қыз қатты соққыдан құлап, оны милициялар қоршап алды. Мұны көрген жігіттер төбелесіп жүріп, қызды алып шықтық. Қарындас аяғын баса алмады, 4 жігіт бір-біріміздің қолымыздан ұстап көтеріп, алаңның ортасынан алып шықтық. Жігіттер өтіп бара жатқан жеңіл көлікті тоқтатып, ауруханаға апарайық десек, әлгі қыз «Ауруханаға апармаңдар, жатақханаға апарыңдар» деп өтініш айтты. Содан бір жігітпен бірге пединституттың жатақханасына жібердік. Сол қырғынның арасында қаншама қыз-жігіттер соққы алып, қаншамасы сотталды, қудалауға ұшырады. Қаншасы жарымжан болып қалғаны бір Құдайға аян. Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмайды ғой?! – деп кейіпкеріміз терең күрсінді.

Бейбіт Әбілдабекұлы қазіргі кезде әр жерде айтылып қалатын «біз тәуелсіздікті одақтас елдердің арасында соңғы болып жарияладық» деген оймен мүлде келіспейтінін білдірді. Айтуынша, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бүкіл одақ бойынша сеңнің қозғалуына түрткі болған. Қазақстандық жастардың, қаракөз қыз-жігіттердің отаншылдығы, намысшылдығы мен елдің тағдырына бей-жай қарамай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған бірлігінің нәтижесінде тәуелсіздік таңы жақындай түскенін айтады.

Бейбіт ағамыз 1987 жылы жазғы сессияға жеткізбей институттан шығарылған. Ол аздай, сол күндері алған соққының салдарынан ІІ топ мүгедегі атанған. Дегенмен, өмірдің қиындығына мойымаған азамат жұмысшы, мақта қабылдау пунктінде слесарь, жүргізуші болып еңбек етеді, кейінгі жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ал 2016 жылдан бері «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан облыстық, кейін Шымкент қалалық филиалында қоғамдық жұмыспен айналысады. Ал қазіргі таңда қоғамдық бірлестік филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.