ТЕЗ БАЙЫП КЕТЕМІН ДЕП... Избранное

Пятница, 15 Апрель 2022 03:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1524 раз

немесе Шымкентте 11 207 адам қаржы пирамидаларынан зардап шеккен

Ақтөбе қаласында тіркелген «Выгодный займ» атты компания «Автокөлігіңізді нарықтағы құнынан 20 пайыз қымбатына сатып аламыз» деген хабарландыру таратқан. Қолындағы мүлкін нарықтағы бағадан қымбатқа сату мүмкіндігі бар болса, кім одан бас тартсын? Темір тұлпарын жақсылап пұлдағысы келген талай адам әлгі серіктестіктің бөлімшелеріне қарай бет алған. Тиімді келісімнің бір ғана нюансы бар еді: көлікті 20 пайыз қымбатына сатасың, бірақ, ақшасын қолма-қол емес, кейінірек аласың. Пайдаға кенелгісі келген жұрт бұған да келіскен.

21

 

Автокөлікті иеленген «Выгодный займ» серіктестігінің қожайындары ары қарай не істейді дейсіз бе? Осы іс бойынша өткен сот отырысында тергеу мен мемлекеттік айыптаушының айтуына қарағанда, олар қымбатқа алған көлігін керісінше нарықтағы бағасынан арзанға сатқан. Арзан көлік тез-ақ сатылып кетіп отырған. Түскен ақшаны серіктестік жұртқа шағын несие ретінде таратқан. Ол шағын несиенің күн сайынғы үстемақысы 1,35 пайызды (!) құраған. Яғни, айына 40 пайыз деген сөз. Компания қожайындары осылайша автокөлік иелерінің алдындағы қарызынан құтылып, арасынан оңай пайда табуды көздеген. Бірақ, шағын несие алған адамдардың біраз бөлігі ақшаны уақытында қайтара алмаған. Ал, қайтқан қарыздың ақшасы автокөлік иелеріне берілетін төлемге, серіктестік қызметкерлерінің жалақысы мен ғимараттарды жалға алу ақысына кетіп отырған. Компания қожайындары «аса тапқырлықпен» жасап шыққан схемалары нәтиже бермейтінін, бұл әдіспен жарытып пайда таба алмайтынын түсінген. Бірақ, көлігін қымбатқа сатқысы келетіндер тек Ақтөбеде ғана емес, өзге қалалар мен өңірлерде де көп екенін көріп отыр.
Тергеудің нұсқасы бойынша, міне, осы тұста компания қожайындары тура жолдан тайып, қылмыстық әрекетке барыпты. Олар жұрттан қымбат бағаға, бірақ, қарызға автокөлік алуды көбейте түскен. Тек көлік емес, жылжымайтын мүліктерді де осы әдіспен алып отырған. Бірақ, енді түскен ақшаны шағын несие беруге жұмсамаған. Қаржының бір бөлігін бұрын қарыз алғандарына қайтарған да, қалған ақшаны қалтаға басып байып шыға келген...
Қымбат алған көлік пен үйді арзан сата берген соң, әрі ақшаның бір бөлігін жымқырып отырған соң компанияның бұрынғы қарыздарын толық өтей алмайтыны түсінікті. Өтіріктің арты бір тұтам дегендей, «қаржылық пирамиданың» мұндай ерекше түріне алданып, астындағы темір тұлпары мен басындағы баспанасынан айырылған адамдар көп ұзамай-ақ құқық қорғау органдарына бірінен соң бірі шағымдана бастаған. Бүгінде Шымкент қалалық полиция департаменті аталған серіктестіктің қылмыстық әрекетінен зардап шеккен шымкенттіктердің арызы бойынша қозғалған істі сотқа жолдап үлгеріпті.
Иә, бұл жұртты алдап, сазға отырғызған көп алаяқтың біреуі ғана. Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде алаяқтық қылмыстар, соның ішінде интернет алаяқтық күрт көбейіп кетті. Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтың айтуынша, Шымкентте 2021 жылы 3 958 алаяқтық қылмыс тіркелген. Соның ішінде интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыстардың саны 1 174-ті құрап отыр. Мұнан бөлек генералдың сөзіне сүйенсек, өткен жылы қалалық полиция департаментінің тергеушілері ҚР Қылмыстық Кодексінің 217 бабы, яғни, «Қаржы пирамидасын құру» бойынша бірқатар қылмыстық істерді тергеген. Олардың арасында атышулы «Гарант 24 ломбард», «Выгодный займ», «Estate ломбард» және өзге де компаниялар бар. Бұл компаниялардың әрекетінен тек Шымкент қаласының өзінде 11 207 азамат зардап шегіп, жәбірленуші ретінде тіркелген. Оларға келтірілген материалдық залалдың мөлшері 5 миллиард 800 миллион теңгеден асады екен. Бүгінде «Гарант 24 ломбард» серіктестігінің ісі бойынша соталды тергеу процесі жалғасып жатса, басқалары сотқа өткізіліпті.
Мамандардың айтуынша, қылмыскерлер әлеуметтік желідегі инженерингті тиімді пайдаланып, қолданушыларға ақша аудартады немесе олар туралы жеке ақпараттарды алып, сол арқылы жеке шоттардағы ақшаны аударып алады. Олар уақыт өткен сайын әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табудың жолдарын жетілдіріп отырады. Тәжірибе көрсеткендей, бір қылмыскер өзін заңды тұлға етіп көрсетеді, өз атына бірнеше пластик карта, банк шоттары және бірнеше абоненттік нөмір тіркейді.
Алаяқтарға жем болмау үшін олардың жұртты алдап, сазға отырғызатын схемаларын біле жүргеніңіз жөн.
Біріншіден, интернет алаяқтықтың кең тараған түрі желідегі сауда алаңдарындағы түрлі хабарландырулар. Ол қандай да бір тауар немесе қызмет түрлері болуы мүмкін. Алаяқтар жәбірленушілерді арзан бағамен немесе тауардың тез жеткізілуімен қызықтырады. Сатып алушыға алдын ала толық немесе жартылай төлем жасауды өтініп, үшінші адамдардың шотына ақша аудартады. Содан кейін не тауар жоқ, не оны ұсынған адамды таба алмайсыз.
Екінші әдіс, алаяқтар түрлі жолдармен Сіздің құжаттарыңызды немесе жеке мәліметтеріңізді қолға түсіруге тырысады. Кейбір алаяқтар азаматтарға «банк операторы» болып телефон соғып, картадағы сезікті операциялар туралы хабарлап, жеке ақпараттарды біліп алады. Барлық деректерді алып алған соң Сіздің атыңыздан бір емес, бірнеше онлайн-несие рәсімдейді.
Үшіншіден, алаяқтар Сізді қандай да бір компанияға, биржаға немесе букмекерге ақша салып, біраз уақыттан кейін ақшаны еселеп қайтарып алуға үгіттейді.
Дәл қазір де әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде «Adidas» 3 мың аяқ киімді тегін таратып жатыр», «ЭйрАстана» сыйлықтар таратып жатыр» немесе «Halyk Bank сауалнамадан өткендерге 400 мың теңге төлейді» деген сияқты жалған хабарлар өріп жүр. Абай болыңыз, мұның бәрі алаяқтар таратқан хабарлар. Олар түрлі-түрлі тәсілдермен адамды арбап, торға түсірудің әрекетін жасайды. Алда-жалда сол хабарламаларға сеніп, сілтеме бойынша өтсеңіз, сауалнама толтыруды сұрайды. Сауалнаманы толтырып болған соң банк картаңыздың нөмірін, жарамдылық мерзімін және СVC нөмірін сұрауы мүмкін. Осы және өзге де жеке мәліметтеріңізді біліп алған соң хакерлер есепшотыңыздағы ақшаңызды сыпырып алады.
«Аңқау елге арамза молда» дегендей, бір жағынан интернет алаяқтардың көбеюіне көптеген азаматтардың құқықтық, қаржылық және компьютерлік сауаттылығы себеп болып отыр. Бірақ, психолог мамандардың айтуынша, көрнеу жалған ақпаратты ажырата алмай, алданып қалуына адамның білімсіздігі ғана емес, түпсанасы да әсер етеді екен.
–Қазір телеарналар да, әлеуметтік желілерде де табысты адамдардың өмірі көрсетіліп, олардың молшылық пен рахатқа бөленіп, алқып-шалқып жатқан сәттері жарнамаланады. Тұлғалық қасиеттері толық жетілмеген адамдар оны көріп «мен неге солай өмір сүрмеймін» деп іштей өзін-өзі жейді. Күні-түні осы ой маза бермеген соң ол адам мол табысқа кенеліп, тез байып кетудің жолын іздей бастайды. Сол кезде іздегенге сұраған дегендей алдынан алаяқтар мен олардың құйтырқы хабарламалары шыға келеді. Бәлкім, потенциалды жәбірленуші осы істе бір шикілік барын іштей сезуі, күдіктенуі де мүмкін. Бірақ, оңай олжаға деген құмарлық оның ақылын көлеңкелеп кетеді, – дейді практик-психолог Аида Тұрғазы.
Иә, жастайынан адалдық, әділдік пен қанағатшылдық деген секілді адами құндылықтар бойына сіңірілмеген, барлық игіліктің тек қажырлы еңбек арқылы ғана келетініне, берекенің бастауы бейнет болатынына иландырылмаған бала өскен кезінде оңай олжаны көргенде өзін-өзі ұстай алмайды. Демек, елімізде алаяқтық қылмыстардың көбеюі мен азаматтардың «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген қағидаға сүйенбей, бірінен соң бірі, топ-тобымен сол алаяқтардың құрығына түсе беруі, біздің қоғамның ұрпақ тәрбиесі мен идеология саласында жіберген кемшіліктерінің салдары деуге толық негіз бар. Егер адал еңбекті негізгі құндылығымызға айналдыра білсек, алаяқтар да, оңай олжаға қызығып, оларға алданып қалатындар да мұншама көп болмас еді.

P.S.

«Пәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген сөз есіңізде ме?! Олай болса, мынаны санаңызға сіңіріп, әбден ұғынып алыңыз: Ешкім ештеңені тегін бермейді, алда-жалда бере қалған күннің өзінде еңбексіз келген игіліктің берекесі мен қайыры болмайды.