ОҢТҮСТІК ЖАСТАРЫН САУАТТАНДЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН АЛАШ АРЫСЫ Избранное

Пятница, 22 Апрель 2022 03:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2090 раз

Жүсіпбек Аймауытов тағдыры ауыр, өмірі қысқа тұлға болғанымен, шығармашылық мұрасы аса бай қалам иесі. Оның прозалық, публицистикалық, драмалық шығармаларын тілге тиек етпегеннің өзінде, жас буынның сапалы білім алуы үшін барын салып, оқу-ағарту саласында да игілікті еңбек еткені баршаға мәлім. «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» деп дана халқымыз мақалдағандай, ол бүкіл саналы ғұмырында ұстаздық етуден жалықпаған, бар қарым-қабілетін, тіпті қоғамдық қызметін де негізінен ағартушылыққа арнаған жан.

68

 

Ес білгелі ескіше сауат ашып, сонау 1908-1910 жылдардың өзінде-ақ бай-бағландарға жалданып, бала оқытқан Жүсіпбек кейінірек Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген тұста да ұстаздық жұмысынан қол үзбеген. Осы семинарияда оқыған кезінде ол Қ.Сәтпаевпен және М.Әуезовпен танысып, жақын араласа бастайды. Күнкөріс қамымен қара жұмыс істеуден де қашпай, тас қалаушылық, ұсташылық, етікшілікті де тәп-тәуір меңгеріп, тіпті, домбыра жасауды да үйреніп алады. 1920 жылы Орынборға шақырту алып, Оқу ағарту халық комиссары А.Байтұрсыновтың орынбасары қызметін атқарады. Ал 1922-1923 жылдары Қарқаралы мектептерінде жемісті жұмыс жүргізіп, үлгілі мұғалім ретінде елге танылған соң, 1924 жылы Ташкентке келіп, Қазақ институтында мұғалімдік кәсібін әрі қарай жалғастырады. 1925 жылға қарай Орынбордағы Қазақстан Атқару Комитеті атындағы әскери қызметкерлер даярлайтын мектепте де дәріс оқиды.
Өзінің өнегелі өмірін оқу, ағарту ісіне, ұстаздық қызметке арнап, әсіресе педагогика, психология мәселелеріне көбірек ден қойғаны да көпшілікке мәлім.
Ақиқатында Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысын алсаңыз да ағартушылық қызметтен алшақ кеткен емес. Сол кезеңде оқулық жазғандардың тізіміне қарап отырып-ақ бұл пікіріміздің негізсіз еместігіне әбден-ақ көз жеткізуге болады. Айталық 1920-1921 жылдары А.Байтұрсыновтың «Тіл-құрал», «Оқу құрал», М.Дулатовтың «Бастауыш мектепте бірінші жыл оқылатын есеп құралы», 1922 жылы Х.Досмұхамедұлының «Жануарлар», «Табиғаттану», «Педагогика», Ғ.Тоқтыбаевтың «Бастауыш география», 1923 жылы К.Жаленовтың «Есеп тану», М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілі», Н.Құлжанованың «Мектептен бұрынғы тәрбие» т.б. еңбектері жарық көріп, республикамыздағы сауатсыздықты жоюға біршама септігін тигізді. Ал Жүсіпбектің бұл бағыттағы еңбектеріне келер болсақ, ол 1924 жылы «Тәрбиеге жетекші», 1926 жылы «Жан жүйесі мен өнер таңдау», «Психология», «Сабақ берудің комплексті жүйе әдістері» т.б. оқулықтарын өз оқырмандарымен қауыштырды.
Осы білім саласын биікке көтеруде қалам тербегендердің бел ортасында, тіпті алдыңғы легінде Ж.Аймауытов жүрді десек, сірә, артық айтқандық бола қоймас.
Қандай оқулық жазса да өз ұлтының салт-санасына тереңірек үңіліп, оны ұлттық болмысымызға икемдеуге бар күш-қайратын сарп еткен қаламгер жаңа мен ескі арасындағы идеологиялық тартыста жастарды еңбекші елге адал қызмет етуге шақырды, адамгершілікке үндеді.
Ал оның «Ақбілек» романының 1927-1928 жылдары «Әйел теңдігі» журналының бірнеше санында, ал «Қартқожа» романының 1926 жылы
Қызылордада басылып шыққанын ескерсек, бәзбір зерттеушілердің автор бұл шығармаларын Оңтүстік өңірінде, әсіресе Шымкентте жазған деген байламдарына да байыппен үңілген жөн секілді. Қалай дегенде де «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ыбырай Алтынсариннің қанатты ойына қылаудай дақ түсірмеген, ұлтының қамқоры, бала жүрегінің бағбаны бола білген Жүсіпбектей алаш арысының оқытушылық қызметі әлі де болса тереңірек зерттеуді керек ететіні анық.
Осы тұста тарихқа кішкене шегініс жасайтын болсақ, балаң Жүсіпбек сонау төңкерістің алғашқы жылдарында-ақ мерзімді басылым беттерінде қазақ жастарын жаңашылдыққа шақырған мақалаларымен ел назарына ерте ілікті. Мәселен, «Сарыарқа» газетінде жарыққа шыққан «Тұр, Бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл жастар!» деген мақаласында ол: «Біздің қара халық бұ теңдік, бұ бостандық кімге келген теңдік, бостандық неменеге болған бостандық екенін әлі білген жоқ сияқты. Әуелі сөзге бостандық берілді. Не сөйлесек ауызға қағатын кісі жоқ. Бостандық бас қосып, науқан қылып, ұйым жасап, бірлесіп іс қылуға берілген бостандық... Жиырмасыншы ғасырдың жастары, жаңа заманның адамдары барсыңдар ма? Қайдасыңдар? Мұндай заманда атқа мініп іс қылмағанда қайда істейсіңдер? ... Ал, жастар! Жігерленбей, сілкінбей, қара бұқарамыздың есі кірмей, ақыл да, білім де күштіде, жуанда деп бағына берсек іс бітіре алмаймыз. Іс бітіре алмасақ табанды, іргелі халық болмауымыз кәдік. Ұйым ашқандар областной комитетке білдірсін. Сұрайтын сөзі болса «Сарыарқа» газетінің басқармасына жазып тұрсын» - деп жастарды бостандық, теңдік алу жолында бірлесіп ұйым құруға, ортақ іске жабыла қызмет етуге, ілім-білім игеруге шақырады.
Демек, Алаш арысы жалындаған жас кезінің өзінде-ақ ұлт мұраты жолында еңбек майданына ерте араласып, ұрпақ тәрбиесіне, қазақ педагогикасына айтарлықтай еңбек сіңірген деп біз бүгінде нық сеніммен айта аламыз. Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың тәлімін алып, сын сағатта ел мүддесін қарақан басынан артық көрген қайраткер қазақ оқығандарының қарасын көбейтуге де жан сала кірісті, дәрежелі қызметте жүрсе де, қатардағы мұғалім атанса да, өз саласымен ғана болып қоймай, ұлттың болашағына әсер ететін кез келген түйткілді мәселеде елжандылықтың ерен үлгісін танытты, жалтақтамай жұрт сөзін сөйлейтіндердің алдыңғы қатарынан ұдайы табылып отырды.
Жүсіпбек ұстаздық еткен Ташкенттегі Қазақ ағарту институты алғашында Түркістан АССР-і Халық Ағарту Комиссариатының шешімімен Орыс педагогикалық учлищесі жанындағы қазақ бөлімі ретінде ашылған болатын. Ал осы бөлім 1919 жылдың 1 шілдесінен бастап жеке училище атауына ие болса, сол жылдың 1 қазанынан Қазақ халық ағарту институты болып қайта құрылады. Осы қазақ жоғары білімінің алғашқыларының бірі саналатын киелі қарашаңырақта М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, И.Тоқтыбаев, К.Жаленов, Е.Табынбаев, В.Кучербаев секілді Алаштың айтулы азаматтары дәріс оқыған. Біздің қолымыздағы Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағатынан алынған құнды деректерде (372-қор) олармен бірге Жүсіпбек Аймауытовтың да ұстаздық етіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бергені айтылған. Сондай-ақ осы қорда сақталған Казинпрос оқытушысының жеке анкетасында 33 жастағы Жүсіпбектің партияға кірмегендігі, аталмыш оқу орнына Семей губерниясынан 25 жастағы жұбайы Бағара мен 8 және 4 жасар Бектұр мен Жанақ атты перзенттері және 3 жасар жиені Маруамен бірге келгендігі жазылыпты. Оған қоса қаламгердің «қырғыз» ұлтынан шыққандықтан, әскери қызметін өтеуге міндеттелмейтіні де келтіріліп, мөр басылған.
Бір айта кетерлігі, ұстаздық міндетін мінсіз атқарған Жүсіпбек осы қызметімен қатар «Ақ жол» басылымының редколлегия мүшелігіне де еніп, қаламгерлігін де қатар ала жүріп, көптеген ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасап отырған. Мәселен, мұрағат деректерінде сақталған «Ақ жол» газеті редакциясының мына бір өтініш хатында 1925 жылдың 11 мен 16 сәуірі аралығында газеттің жұмысшы корреспонденттерінің конференциясына Киринпрос оқытушылары – Ж.Аймауытов, Ф.Ғалымжанов пен А.Байтасовтарды қатыстыруға рұқсат беруді сұранады. Мұнан шығатын қорытынды: Жүсіпбек шәкірт санасына сәуле құятын мәртебелі мұғалімнің бірі ғана емес, ол сол тұстағы белгілі қазақ зиялыларының Ташкенттегі ірі шоғырының санатына кірген.
Біздіңше, кейіннен қызмет бабымен Шымкент қаласына ауыстырылғанда да ең алдымен Аймауытовтың кәсібилілігі мен тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті мен аса зор қаламгерлік қуаты қатты ескерілгенге ұқсайды. Әйткенмен ол, біздің пайымдауымызша, С.Қирабаев өз еңбегінде атап көрсеткендей, 1926 жылы Шымкент педтехникумын басқармаған. Бұлай деуімізге Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатынан табылған тың дерек-дәйектер негіз болып отыр. Өйткені осы педтехникумдағы Жүсіпбектің қызметкер ретіндегі жеке іс парағында оның мұғалім болғандығы анық көрсетілсе, осы педтехникум директоры С.Садықбековтың қолы қойылған ұжымның жалпы тізімінде 14 педагогтың ішінде педагогика пәнінің мұғалімі ретінде Жүсіпбектің де аты аталады. Олай болса әдепкіде Аймауытов пән мұғалімі болып қызмет істеп, іскерлігінің арқасында бір-екі жылдың бедерінде басшылық қызметке қол жеткізген деген пікірдің жаны бар сияқты. Өйткені осы мұрағаттан алынған 1926 жылдың шілдесінде көрсетілген тағы бір құжатта педтехникум директоры ретінде Сейілбек Үсеновтің қолы тұр.
Осы жылы С.Үсенов Шымкент қаласындағы Ахмет атындағы жеті жылдық мектептің (қазіргі Қ.Спатаев атындағы мектеп) директоры болып ауысып кеткеннен кейін педтехникумды Сұлтанбек Садықбеков басқарған көрінеді. 1926 жылдың 26 қазанында толтырылған мұрағаттық деректе Ж.Аймауытов тағы да мұғалім ретінде көрсетілген. Алайда Сырдария губерниясының халыққа білім беру бөлімі 1927 жылдың қыркүйегінде С.Садықбековты ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды өз бақылауында ұстай алмағандығы және бюджет қаржысын тиімді жұмсауда елеулі кемшіліктерге жол беріп алғаны үшін қызметіне лайықсыз деп табады. Оның орынбасары Шеменевтің де қызметтік лауазымы қатардағы мұғалімдік деңгейіне төмендетіледі.
Алайда бұл құжатта
Ж.Аймауытов жайында тек дұрыс пікірлер айтылып, оның ұстаздық қызметіне оң бағалар беріліпті.
Мұнан бөлек Шымкент педтехникумының директоры Нұрбековтың басшылығымен 1927 жылдың желтоқсанында өткен педагогикалық кеңестің шешімі жайындағы №6 хаттамада да Жүсіпбектің мұғалім болғандығы атап көрсетіледі. Осы дерекке қарап отырып Ж.Аймауытовты мүмкін 1928 жылға қарай ғана педтехникум басшылығына келген деген болжам жасауға болатын сияқты.
Жалпы Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин көшесінің №10 үйінде орын тепкен педтехникум ресми түрде 1920 жылдың 20 қыркүйегінде ашылып, сол жылдың 5 мамыры мен 2 қыркүйегі аралығында Шымкент қаласында қазақ педагогикалық курстары өз жұмысын бастағанымен, кейбір мұғалімдерінің бұл міндетке толыққанды сай еместігі тексеру комиссиясының қорытындысында анықталып, губерниялық білім басшылығы олармен бірлесе жұмыс жүргізуден үзілді-кесілді бас тартады. Сондай-ақ бастапқыда материалдық-техникалық базаның жұтаңдығы, оқу ғимараттарының сай келмеуі, сапалы педагогикалық ұжымның болмауы секілді т.б. сапалы білім беруде үлкен рөл атқаратын маңызды факторлар тәжірибелі мамандарды басқа өңірлерден шақыруға мәжбүрлейді.
Тек 1925-1926 оқу жылына қарай педтехникумда білім алушылардың негізгі 4 тобы жасақталып, соның нәтижесінде 1 қазаннан заңды түрде оқу басталып кетсе, оның дайындық бөлімінде алғашқыда 38 адам білім алыпты. Араға аз уақыт салып 5-топ та құрылып, дайындық тобына – 33, негізгі топқа – 24, 2- топқа – 39, 3-топқа – 53, 4-топқа – 19 үміткер қабылданады.
Жалпы Казпедтехникумның іргесі қаланғалы бері бұл білім ордасын 1926 жылы 9 адам бітіріп шықса, 1927 жылы 18 адам тәмамдаған. Ал осы үздік түлектер тиісінше губернияның білім саласы қызметкерлерін мейлінше толықтырып, кадр тапшылығын жоюға біршама септігін тигізеді. Олардың бірқатары қалалық мектептерге қызметке қабылданса, біразы губерниялық тірек мектептердің маманы атанады. Осындай ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерден соң, 1928-1929 жылдары педтехникум аясында жергілікті қазақтар үшін 9 айлық және бір жылдық педагогикалық курстар ашу мәселесі күн тәртібіне қойылады.
Осылайша Сырдария губерниялық халық ағарту бөлімі 1926-1927 жылдары педтехникумды өңірдегі білім берудің педагогикалық орталығына айналдыру үшін қолдан келер бар мүмкіндікті қарастырып бағады. Осынау игі іске, оңтүстік жастарын сауаттандыруға Ж.Аймауытовтың да қосқан үлесі аз емес.

Сейдехан ӘЛІБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры, тарих
ғылымдарының докторы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.