Версия для печати

«ПАНАҢ ДА – ЕЛ, ДАНАҢ ДА – ЕЛ» Избранное

Среда, 18 Май 2022 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2818 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қонаев – осындай тәмсіл қалдырған отаншыл тұлға

Биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жылдар ел басқарып, зейнетке шыққан шағында қазақтың қадірлі қариясы болған Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келгеніне 110 жыл толып отыр. Осындай мерейлі сәттерде қарапайымдылығымен, даналығымен және елге деген сүйіспеншілігімен танылған тұлғаның өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етудің маңызы зор. Бұл мақалада Димекеңнің қасиетті Түркістанмен байланысын, тарихи қалаға жасаған қамқорлығы жөнінде әңгіме қозғамақпыз.

522

 

Димекең Түркістанды жанындай жақсы көрді. Өйткені ол бала кезінен әкесі Меңліахмет қариядан киелі қаланың қасиеті жайлы көп естіп өсті. Ал қызметте жүргенде Түркістан туралы, ондағы Әзірет Сұлтанның кесенесі жайында айтудан жалықпаған. Ұлы ғұлама софының ізгілік ілімі жайында көп айтып, оның хикметтері жөнінде тебірене әңгімелейтін.
Бала кезінен Түркістан, ондағы әулиелер мен Яссауидің жолын қуушы мүриттері жөнінде біліп өскен Димаштың діни білімі терең еді. Мұны Димекеңнің пойызда кетіп бара жатқанда сол кездегі КСРО бас хатшысы Н.Хрущевқа Қожа Ахметтің қасиеті жөнінде айтатын әңгімесінен білеміз.
Осы орайда Димекең Түркістанға алғаш қашан келді деген сауал тұрады. Бұған ХХ ғасырдың отызыншы жылдары деп жауап беруге болады. Ол кезде студент жігіт Димаш Мәскеуге бара жатқанда және ол жақтан келе жатқанда жол-жөнекей Түркістан қаласын көреді. Күншілік жерден көрінетін Әзірет Сұлтан кесенесі оны ерекше әсерге бөлейді.
Соғыс жылдарында Қазақ КСР министрлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарған кезінде республикадағы жол қатынастарын дамытуға жауапты болды. Сол кезде Димекең Алматы-Түркістан-Қазалы арасында өте көп қатынаған. Жолай Түркістанға аялдап, бірер күн мұнда болып, тиісті адамдармен, мамандармен әңгімелесу оның жұмысы болатын. Оның үстіне Түркістан теміржол вокзалы патша заманында салынған ерекше сәулет құрылысы әрі жол қатынасындағы жол жағдайы жөнінде мәлімет беретін бекет болғандықтан, басшының мұнда жиі болуы заңды нәрсе.
Кеңес үкіметі соғыс жылдарында мешіт, шіркеулерді қайта ашып, дінді жауды жеңу үшін құрал ретінде пайдаланды. Молда, ишан, софылар бұл ғазауат соғысы деп елден жылу жинады. Түркістанда соғыс кезінде діни ғұрыптар қайта жаңғырып, мол садақа ақша жиналып, тылдың күшейіп, майданмен жақсы байланысқаны Димекеңді қуантқан.
Түркістанға бір аялдағанда Димекең кесенені, орта ғасырлық шығыс моншасын көріп, молдекеңдерге сәлем беріп кеткен екен. Кейін Арыстанбаб жатқан Отырар мен Түркістанның ортасында Димекең бір оқыс жағдайға тап болып, Құдай сақтап, аман қалған. Жүріп келе жатқан вагоннан өрт шығып, пойыз тоқтап, Димекең серіктерімен сыртқа шығып үлгерген. Ал жолаушылар вагоны түгі қалмай өртеніп кетеді. Өрт кезінде стоп-кранды басқан Димекеңнің оққағары П.Кравчук мұны маған бір кездескенде өзі айтты. Ажалмен бетпе-бет келген бұл оқиғаны Димекеңнің өзі де естелігінде жазған.
Ақылман Димекең алдымен Арыстанбабқа барудың жолын табады. Алматыдан арнайы Түркістанға іссапармен шығып, жолда Отырар маңындағы Арыстанбабқа іштей тәу етіп, соңында Әзірет Сұлтан кесенесі тұрған қалаға ат басын тірейтін кездері болған. Қазақ теміржолында жолсеріктер басқармасының бастығы болған марқұм Қазыбек Тарпанов
Димекеңнің қасиетті қалаға ұшақпен емес, кейде пойызбен баратынын маған талай айтқан. Мақсат айтпаса да түсінікті.
Бірде Димекең Алматыдан тікелей Түркістанға ұшып келеді. Жиналысты облыс орталығы Шымкентте емес, Түркістанда өткізіп, соңында қызметкерлерімен Әзірет Сұлтан кесенесіне келіп, қанға сіңген әдет-дағдысы бойынша тәу етеді. Бұл шамамен өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болатын. Димекең ел басқарған жылдары тарихи кесене ерекше қамқорлыққа алынып, Үкімет тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілгенін де айта кеткен жөн.
Димекең Түркістанға келгенде қаланың өндіріс орындары жөнінде біліп, аудан экономикасы мен ауыл
шаруашылығы жайында мәлімет алып, күрделі мәселелерді шешудің жолдарын көрсетіп кететін. Қалада бірнеше завод, құрылыс трестері болды. Түркістан индустриалды техникумы, медициналық, педагогикалық оқу орындары жұмыс істеп тұрды. Қала экономикалық жағынан да, рухани-мәдени өмірінде де даму үстінде болды. Димекең Түркістанның қарапайым еңбек адамдарымен де жақсы қарым-қатынаста болып, оларға көп көмектесті. Мәселен, атақты механизатор мақташы, Еңбек ері Майшай Әбеновамен кездесіп, ашық-жарқын әңгімелесетін болған.
Қоғам қайраткері
Түркістанның тайқазанын елге қайтаруға талпынып, талай әрекет жасады. КСРО-дағы ең жоғарғы билік лауазымның бірі – КПОК Саяси бюросының мүшесі болып тұрған шағында Ленинградтағы тайқазанды Қазақстанға қайтару жөнінде мәселе қозғаған. Брежнев «Дүние салсам, орныма Ленинград обкомының бірінші хатшысы Г.Романов болады» деп сенім білдірген. Димекең сол адамға тарихи жәдігерді қайтару жөнінде ұсыныс айтқан. Обалы нешік, ол қарсы болмайды. Өйткені, Димекеңнің Брежневпен жақсы қарым-қатынаста болғанын білетін еді. Өкініштісі, Горбачевтың тобы Романовты биліктен шеттетеді де тайқазанды елге қайтару мәселесі шешілмей қалды. Соңында тайқазанды елге әкелу мәселесін батыл қозғаған Өзбекәлі Жәнібековтің арқасында киелі зат елге оралды. Димекең бір кезде ойлаған бастамасының ақыры орындалғанына қатты қуанды. Тайқазан елге оралғанда Димекең үй қамақта отырды. Кейіннен Түркістанға келген сапарында тайқазанды көріп, шаттанып қайтты.
Тарихшылар айта бермейтін бір шындық бар. Желтоқсан оқиғасы болған күндері «Америка дауысы», «Азат Еуропа», «Би-Би-Си» сынды әлемдік ақпарат құралдары алаңға шыққан жастардың ерлігімен қатар Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен әділетсіздікпен кетуін де жарыса айтып жатты. Қонаевтың атын атап, оған жасалған қиянатты жаһанға жариялауды тоқтатпады.
Димекеңнің өзінен тікелей сұхбат алмақ болған «Америка дауысы» тілшісін Мәскеу Алматыға жібермеді. Мұның өзі Қонаевтың адамзат тарихындағы ең қуатты империяның құлауына, қаншама халықтың тоталитарлық езгіден азат етілуіне себепкер болған тұлғалардың бірі болғанын көрсетпей ме?!
Құранды қазақшаға аударған ғалым Халифа Алтай шетелде жүрген кезінде Димекең туралы ақпарат құралдарынан көп естиді. Елге оралған соң үйіне арнайы келіп, сәлем беріп, діннің қайта оралуына байланысты әңгімелесуді жөн көреді. Жарты күнге созылған әңгіме барысында ғалым Дінмұхамед Қонаевтың тек білікті басшы ғана емес, дін тарихын, пайғамбарлардың өнеге-өсиеті мен шариғатты жақсы білетін нағыз кемел кісі екеніне көз жеткізіпті. Мұны 1997 жылы сұхбат алған кезімде маған Халифа Алтайдың өзі айтып берді.
Димекең соңында «Панаң да – ел, данаң да – ел» деп тәмсіл қағида қалдырды. Мамандығым журналист болғандықтан, ел ішінде көп жүремін, көп адаммен кездесіп, әңгімелесемін. Неге екенін қайдам, Құдай мені Қонаевпен кездесіп, жүздесіп, сыр бөліскен жандарға жолықтырады. Олардың ішінде ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, тіпті әскери адамдар да бар. Бірде генерал Абай Тасболатовпен ойламаған жерден Димекең жайында ой бөліскенім бар. Ол қазақтың ежелден келе жатқан ата-салттарын Димекеңнің қатты сақтағанына қайран қала айтты. Сол кездегі Орталық комитеттің хатшысы Саттар Имашев дүние салғанда үйіне «бауырым-ай» деп дауыс айтып келіп, соңында қаралы шаңырақта қайғыға ортақтасып, көңіл айтқанын көргенде Абай қайран қалған екен. Осының бәрі Дінмұхамед
Ахметұлының жан-дүниесі туған халқымен біте қайнасып кеткен нағыз отаншыл азамат болғанын көрсетеді.

Ораз ҚАУҒАБАЙ,
қонаевтанушы,
журналист

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.