Қант неге қат? Избранное

Пятница, 15 Июль 2022 05:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1429 раз

kant

Қазақстан биыл қант тапшылығына және оның бағасының күрт өсуіне тап болды. Тіпті, әлеуметтік желілерде еліміздің түкпір-түкпіріндегі қалаларда ірі сауда орталықтарында адамдардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін қантқа таласып жатқан бейнежазбалары көптеп тарауда. Тосап дайындайтын науқан жақындағанда қарапайым тұрғындар үшін қанттың қымбаттап кеткені оңай тимейтіні анық. Осы ретте, Шымкентте қант тапшылығы бар ма? Баға қандай? Сауалдың жауабын жауапты мекемелерден сұрап-білдік.

Бағаны тұрақтандыру бойынша жауапты мекеме қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы жағдайды бақылауда ұстау үшін тиісті шаралар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Осы орайда басқарма өткен айда өзінің Фейсбуктегі ресми парақшасына «Бүгінде еліміздегі ең өзекті мәселе қант бағасына байланысты болып тұрғаны жасырын емес. Бұл жағдай Шымкент қаласын да айналып өтпесі анық. Өйткені, Шымкент қазір тек өз халқын ғана емес көрші Түркістан облысының біраз бөлігін тәттімен қамтып отырған үлкен нарық. Өйткені көрші өңірдің қалаға жақын аудандары тәттіні Шымкент базарларынан тасымалдайтыны жасырын емес. Осыған орай ішкі нарықта құмшекердің тапшылығын болдырмау және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында, өңірлік тұрақтандыру қоры аясында «Magnum Cash&Carry» сауда желісінде 440 теңгеден және «GraMad» сауда желісінде 480 теңгеден сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, Айна, Алаш, Қапланбек, Көктем, Жібек жолы және Орталық қырғы базарларына қант орталығынан күнделікті 2-3 тоннадан босатылып, құмшекердің шекті сауда үстемесі 15 пайыздан аспайтын деңгейде сатылуда. Алайда, құмшекер тапшылығын болдырмау мақсатында, тұтынушыларға (базарда әр адамға 3 келіден, сауда желісінде 2 келіден артық емес) шектеу қойылған» деген хабарлама қалдырған еді.

Міне, содан бері де айдың жүзі болды. Қат болған қантпен қамтуда не өзгеріс бар? Жағдайды көзбен көрмек ниетпен қаладағы ірі сауда желілерінің бірі Магнумге бас сұқтық. Бірақ сөрелерден құмшекер таппадық. Сол жердегі жауапты қызметкерлер бізге құмшекердің күн сайын сағат түскі екіден кейін сатылатынын жеткізді. Бағасы келісіне 440 теңге. Оның өзі әр адамға 2 келіден артық берілмейді екен.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілі Жандос Ханиевтің айтуынша, бүгінгі таңда Тұрақтандыру қорында 1300 тонна қант бар.

– Дәл қазіргі күні Қант орталығынан базарларға қант 460 теңгеден босатылып жатыр. Базарда ол 15 пайыз үстемеақымен 529 теңгеден сатылуда. Жалпы алғанда Шымкентте қант қоры жеткілікті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар кіретін 19 түрлі тауардың басқалары бойынша да бағасының қымбаттағаны байқалмайды. Жалпы шымкенттіктер жылына 20 мың тонна құмшекер тұтынады. Айға шаққанда 1600 тоннадан түседі. Негізінде саудагерлер 19 түрлі әлеуметтік тауардың үстіне 15 пайыз үстемеақыдан ары асырмау керек. Ал осы күндері дүкендердің бағаны тым шарықтатып жібергенін байқап отырмыз. Осыған байланысты Шымкент қаласы әкімінің арнайы өкімі де шықты. Соның негізінде егер бағаны негізсіз қымбаттатқаны анықталса, бірінші кезде ескерту беріледі. Тағы қайталанса, айыппұл түрінде әкімшілік жазаға тартылады, - деді басқарма өкілі.

Қант жетіспеушілігінің туындау себебін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шымкент қаласы бойынша аймақтық өкілдігі директорының орынбасары Әділжан Датқаев былайша түсіндіріп берді. Оның айтуынша, ең басты себеп –Ресейден келетін құмшекер импортының тоқтауы. Геосаяси ахуалға орай Ресей өз нарығын қорғауда қант экспортына шектеу қойды.

Осы кезге дейін Қазақстан нарығындағы қанттың 48 пайызы Ресейден келсе, қалғанын отандық қант өндіруші компаниялар қамтамасыз еткен. Ресей мен Украина арасындағы жағдай осылайша елде қант тапшылығын туғызды. Қазақстанның ішкі нарығындағы үлкен сұраныстан қант жетпей, салдарынан қант бағасы 800-1000 теңгеге дейін бірден аспанға ұшты.

– Шымкентте тұрғындар үшін құмшекер қоры жетеді. Оны уайымдамауға да болады. Бұл арада өзекті болып тұрғаны ірі кондитерлік фабрикалардың жай-күйі. Олар ірі көлемде шикізатты қайдан алады?! Мәселен сондай кәсіпорындардың ішінде «Рахат-Шымкент», «Нұртау дистрибюшн» секілді үлкен компаниялар бар. Қазақстан Еуразиялық одақтың мүшесі болғандықтан сырттан тауар тасымалдауда белгілі бір дәрежеде шектеу шараларын орындауға міндетті. Осы орайда елімізге басқа елдерден кедендік салықсыз 250 мың тонна ғана қант әкелуге рұқсат, яғни квота берілген. Алайда, оның көлемі бітіп қалды. Енді тиісті министрлік қайтадан келіссөздер жүргізіп, 100 мың тоннаға жаңа квота алды. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігінде 8-14 шілде аралығында өтініштерді қабылдау жүргізілді. Шымкенттік тәтті өндіретін кәсіпорындар арасында қантты Үндістан, Бразилиядан әкелеміз деп отырғандар бар. Дегенмен өзге де кәсіпорындар уақытты тиімді пайдаланып, өтініштерін қалдырып үлгеруі керек, - деді
Ә.Датқаев.

«Лотте Рахат» АҚ басқарма төрағасы Константин Федорец зауытта қант тапшылығына байланысты «ирис», «барбарис» кәмпиттерін өндіруді уақытша тоқтатқанын жеткізді. «Қант екі апта болмай, одан кейін қайта пайда болуы мүмкін. Сондықтан Шымкенттегі фабрика кейбір өнімдердің өндірісін уақытша тоқтатты. Бұл кезді пайдаланып, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Шілденің ортасында қант жеткізіледі. Жұмысты сол кезде жалғастырамыз. Бізде ұн, май, қант, сүт қана өзіміздікі, қалған шикізаттың барлығы шетелден келеді. Какао, жаңғақ, тағы басқа өнімдер Түркия, Өзбекстан, Вьетнам сияқты елдерден жеткізіледі. Бізде шығарылатын шикізаттың сапасын әлі де арттыру қажет» дейді басқарма төрағасы (дереккөз: halyq-uni.kz).

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Әділжан Датқаев өз сөзінде Қазақстанда қант қызылшасы Алматы мен Жамбыл облыстарында өндірілетінін және отандық кәсіпорындар елдегі сұраныстың жартысынан астамын жауып отырғанын, егер тиісті қолдаулар болып жатса, Қазақстан өзін қантпен толық қамтамасыз ете алатынын жеткізді. Ол үшін жоғарыда айтылғандай, ауыл шаруашылығының қант қызылшасы өндірісін дамытуға бағытталған нақты қолдау шаралары қажет.