Версия для печати

Абайтану ғылымының биігінде тұрған тұлға Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1186 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ұлы ақын, кемеңгер тұлға, хакім Абай шығармашылығы – адамзат мәдениетінің рухани асыл қазынасына қосылған асыл мұра болып табылады. Дана Абайдың философиялық тереңдігімен, көркемдік, эстетикалық қуатымен, мағыналық салмағымен, ғибраттық, тағылымдық мәнімен ерекшеленетін ойлы сөздері халық жүрегіне жол тапқаны мәлім.

210

 

Абайтану – қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен бір саласы және бір ғасырдан астам тарихы бар кемел ғылым. Қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі атанған ұлы Абайдың шығармашылығын арнайы тереңдетіп оқыту болашақ мамандардың ғылым мен теориялық дайындығын нығайтып, кәсіби шеберлігін Абайтану ілімі рухани негізінде дамыта оқытудың мәні мен маңызы өте зор деп санаймыз.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай мұрасы ғылыми рухани әлем қоймасының кілті. Абай әлемі телегей теңіз, сарқылмас қазына. Абай мұрасын жан-жақты игеру - толассыз мәдени процесс.
Абайтану ғылымына академик Зәки Ахметов былай деп баға береді: «Абайтану кемеңгер ақынның өмірі мен шығармашылық өнері, философиялық, қоғамдық, эстетикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерді қамтиды».
Абайдың өмірі мен шығармашылық өнерін зерттеудің алғашқы өнімді кезеңі деп А.Байтұрсынов, К.Ысқақұлы, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, Қ.Жұбанов, Ы.Мұстамбайұлы, Ғ.Тоғжанов секілді әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің зерттеу еңбектерін, мақалаларын атауға болады.
Абайтану ғылымының тарихына қатысты қазіргі таңда сөз айтқанда ең алдымен ойымызға М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің бас мақаласы ретінде басылған «Абай» деген мақаласындағы «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз», - деген аталы сөзі есімізге оралады. Шындығында да уақыт көші қанша алыстағанымен де, Ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындай береріміз анық. Уақыт кеңістігіндегі ғасырлар деңгейі мөлшерімен қарасақ Абай жинағының жарық көргеніне бір ғасырдан астам уақыт болды. Ендеше тұңғыш жинақ оқырман қауым назарына ұсынылғаннан бері ұлы ақын мұрасын, оның дара болмысын, азаматтық келбетін, мол әдеби мұрасын тану, таныту дәрежеміз қандайлық деңгейде, не істелінді, алдағы уақыттардағы міндетіміз қандай деген сұрақтарға жауап іздеуіміз бүгінгі күн талабы деп есептейміз.
Біздің негізінен алғанда арнайы тоқталып, зерттеу нысанына айналдырған абайтану ғылымының бастау бұлағында, алғы сапында тұрған тұлғалардың бірі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың абайтану тарихындағы өзіндік қолтаңбасы жайында қысқаша болса да сөз етуді дұрыс деп таптық.
Ұлт ұстазы, атақты «Әдебиет танытқыш» атты монументальдық зерттеу кітабының авторы А.Байтұрсынов былай деп ой сабақтайды: «Қазақтың бас ақыны - Абай. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облысында Абайды білмейтін адам жоқ, - дей келе Ахмет Байтұрсынов, - Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысына естілмеуші еді»,- дейді. Ал, Міржақып Дулатов болса: «Не шара! Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде алтын әріппен жазыларлық Абай Шыңғыс тауында туып, Шыңғыс тауында 60 жылдық өмірін өткізіп, сол Шыңғыс тауында өлді. Туғанын, жасағанын, өлгенін өз елі Тобықтыдан басқа қазақтың көп жері білмей де қалды. Осы заманда үш ауыз сөздің басын құрай білетіндердің жазулары тасқа басылып, халыққа тарап, сынға түсіп тұрғанда, Абай сөзі өзі өлгеннен бес жыл өткенде басылды»,- деген еді.
Зер сала қарасақ Алаш арыстарының айтқан сөздерінде үлкен мән жатыр. Абай есімінің кең қазақ сахарасына таралуына, ұлы ақын сөздерінің «көкірегі сезімді, тілі орамды» «үлгілі жас» пен сөз танырлық адамына жетуіне басты себеп болған - тұңғыш жинақ екендігі тағы да айқын. Әйтпесе: «Мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім»,- деп сөз басындағы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай көзі ашық Алаш азаматтары ақынды толық тани алмай қалар ма еді, дәл заманында Абай жинағы жарық көрмесе, ақын өлеңдері өз қолдарына тимесе ақын туралы пікір айту, баға беру де мүмкін болмас еді деп ойлаймыз. «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең»,- дейді Абай өлеңдерімен алғаш танысқан кездері туралы А.Байтұрсынұлы.
«Қазақ» газеті Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай қазақ елінің ұлы ақыны Абайдың өмірі мен ақындық өнерін таныту мақсатында ертерек қамданып, арнайы мақалалар циклін жариялауды қолға алды. Газеттің редакторы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласының жариялануы абайтану тарихына елеулі рухани құбылыс ретінде қабылданды.
А.Байтұрсынов Абай мұрасын исі қазақтың танып білу керектігін уақыт талабы ретінде бағалады. «Қазақ» газетінде жарияланған М.Дулатовтың, Н.Төреқұловтың мақалалары да Абайды қазақ халқының рухани данасы, жаңа бағыттағы әдебиеттің көшбасшысы, шебер аудармашы ретінде танытып бағалауынан авторлардың білім деңгейі биік жатуын көреміз. Семей қаласында 1918 жылы жарық көре бастаған «Абай» журналында ақын шығармаларын танып білу, халықтық таным тұрғысынан бағалау мақсатында зерттеу мақалалар мен Абай шығармаларынан үзінділер жариялап жатты.
Ә.Бөкейхановтың 1905 жылы «Семипалатинский листокта» жарық көрген қазанамасынан бастау алып, кейіннен Қ.Ысқақұлының, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың парасатты пайымдауларынан кейін Абай қазақ әдебиетіндегі өзіне лайықты орнын ала бастаған болатын. Ақындар Абайды жырға қосты. 1918 жылы ақпан айынан бастап Семей қаласында Ж.Аймауытовтың редакторлығымен «Абай» журналы шыға бастады. Журнал ақын Абайдың атымен аталады. «Абайдың» алғашқы саны «Журнал туралы» деген «Екеудің» беташар мақаласымен ашылды. Онда: «Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп, азды, тозды. Сол кезде қалпың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды дана, рахымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жөн берген: сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, харакет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен Абай еді. Халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын, өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда, Абай қазақтан шыққан философ» (данышпан) екендігін айта келіп, «...кемеңгердің атына арнап, журналымыздың атын «Абай» қойдық» - деп жазады. Ол: «Басқа жұрттың атақты білімдісінен Абай кем емес, білімдіні құрмет ете алмасақ – тоғышарлығымыз»- деп, Абайды аса жоғары бағалайды.
Ұлы ақынның классикалық мұрасы жайында өз пікірі мен бағасын айтуға талпынған А.Байтұрсыновтың 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Қазақтың бас ақыны» атты осы мақаласының ғылыми маңызы ерекше. Автордың айтуына қарағанда Абай өлеңдерімен 1903 жылы Мүрсейіт қолжазбасы арқылы танысқан. Абайдың ұлылығы мен кемеңгерлігі жайында: «тарихи миссиясы, рухани болмысымыздағы орны, көркемдік-эстетикалық сипаттары дұрыс көрсетіліп, терең талданып, алғаш рет қазақ оқырмандарының алдына тартылды», - дейді. Мақала Абай поэзиясы табиғатының қыр-сырын түгел ашып бермегенімен, бүгінгі таңда Абайтану аталатын ғылымында сала-сала болып зерттелген басты ерекшеліктерін тап басып танып, нақты пікір білдірген. Біріншіден, Абай өлеңдерінің жаңаша леппен, өзгеше өрнекпен құрылғанына назар аударып, реалистік және жаңашылдық сипатының ерекшелігін айырықша атайды. «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен оқшау, олардың сөзінен үздік, артық. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қарамай жазады» деген баға алғаш айтылуымен ғана емес, ғылыми-зерттеушілік тұрғыдан нақты айтылуымен де құнды. А.Байтұрсынов «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» ұғу үшін «Сөз түзелді, халқым-ау, сенде түзел» деп Абайдың өзі айтқандай түзеліп, түсініп, үлгі ала отырып оқу қажеттігіне ерекше тоқталады. Алғаш оқыған адамға Абай өлеңдерінің ауырлау соғатын себебі ақынның кінәсі емес, «оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік» деп көрсетеді. Ұлы ақынның дүниетанымдық және эстетикалық көзқарасының қалыптасуында орыс әдебиетінен алған танымы мен тәлімін сөз етеді. Мақаланың ғылыми-зерттеу еңбек ретіндеі мәнін танытатын құнды жері - Абай поэтикасын тереңдеп қарастырған тұсы.
Тіл білімі ғылымында алғашқы қазақ тілі оқулықтарың жазған, кейін әдебиет теориясының мәселелерінен «Әдебиет танытқыш» атты еңбек жариялаған А.Байтұрсыновтың білімді әдебиетші ретінде қазақ өлеңінің құрылысы мен жүйесіне жетік екені байқалады. «Ғылымды жұртта өлең жазу, сөз жазу нағыз қадірлі істің бірі екенін» орыс әдебиетінің әсері арқылы ұққан Абайдың өнерпаздық тұлғасының қалыптасуы өлеңді өнер деп бет бұрған кезеңінен басталғанын дәлелді түсіндіреді.
«Орыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін, Абай өлеңге басқа көзбеп қарап, басқа құрмет, ықыласпен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген» Абай өлеңдерін «қандай үлгілі, қандай мағыналы, қандай асыл, қандай терең сөздер» деп бағалайды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталатын өлеңін түгелдей тұтас келтіріп, ақынның поэзияға, сөз өнеріне деген көзқарасын, талғамын, өлеңге өнер туындысы ретінде қоятын талабын танытады. Абай поэтикасындағы ой шеберлігі, жаңа үлгі, өзгеше өрнек (яғни мазмұн, түр, ырғақ.) пен бунағы туралы ой-тұжырымдары назар аударарлық. Себебі, бұл пікірлерінде Абай өлеңдеріне теориялық тұрғыдан ғылыми талдау жасау ниетімен қоса, ақынның новаторлық тұлғасын таныту мақсаты да жатыр. Мақаланың «Абайды қазақ баласы түгел танып, тегіс білуі керек! Абайды қолымыздан келгенше қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі, өрнекті сөздерін газетаға басып, көпке көрсетпекшіміз» деп аяқталуы да сондықтан.
Қорыта айтқанда, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы – абайтану ғылымының биігінде тұрған тұлға. Сондықтан А.Байтұрсынов өзінің төңкеріске дейінгі азды-көпті ізденістері арқылы әдебиет теориясының келелі мәселелерін меңгеру жолында біршама қадамдар жасады дер едік. Сондай ізденістердің алғы сапында абайтану ілімі тұрғаны да қандай ғанибет.

Нариман Нұрпейісов,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.