Оңтүстік Қазақстан – бизнес үшін қолайлы аймақ. Бүгінде облыста 179,5 мың шағын және орта бизнес
нысаны жұмыс істейді. Сондай-ақ, 655 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмысын бастаған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда да белсенділік танытып келеді. Былтыр кәсіпкерлер тарапынан түскен 257 өтініш оң шешілген. Ендігі кезекте өңір тұрғындарын жаппай кәсіпкерлікке тартып, нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру ләзім. Бұл орайда нені ескерген жөн?

92 млрд теңге және меншік құқығы

ОҚО Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысында бірқатар мәселелер айтылды. Талдау жұмыстары зерделенді. Кеңейтілген отырысқа ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Өңірлік палата басшылығы, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтар, банктер және қаржы институттарының өкілдері, сонымен бірге тауар өндірушілер қатысты. 

Тимур Асқарұлы «Атамекен» ҰКП-ның жұмысының негізгі нәтижелеріне тоқталып, қысқа уақыт ішінде «Атамекен» бизнестің пікірін білдіретін институтқа айналғанын атап өтті. 

– Қазақстан үшін мүлдем жаңа түсінік – бизнес-омбудсмен институты енгізілді. Оның жоғары мәртебесі мен кең өкілеттіктері елдегі бизнестің жүйелік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді, – деді «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 2013-2017 жылдары аралығында бизнесті қорғау бойынша 22 мыңнан астам шағым түскен. Оның ішінде 40 пайызы бизнестің пайдасына шешілді. Нәтижесінде 92 млрд теңгеден аса кәсіпкерлердің меншік құқығы қорғалған. 

«Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев облыс кәсіпкерлерін шекаралас нарықтарда бәсекеге қабілетті болу үшін ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға шақырды. 

– Шекаралас өңір тұрғындары нарыққа бейім, бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Осы орайда біз отандық тауар өндірушілеріге кооперацияларды құру, өнімді өңдеу, сақтау және өткізуде барынша қолдау көрсетуіміз керек. «Атамекен» ҰКП және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бірлесуімен ауыл шаруашылығындағы кооперацияның сәтті үлгілерін құрып, осы тәжірибені басқа өңірлерге таратуымыз жөн, – деді Тимур Асқарұлы. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, өңірде қолайлы бизнес климат қалыптастыруға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасалған. Басты мақсат – экономиканы әртараптандыру. 

– Аймақтық кәсіпкерлікті дамыту – Елбасының әрдайым назарында тұрған мәселе. Әкімшілік кедергілерді жою, бизнесті жүргізу бойынша процедураларды жеңілдету – Елбасының әлеуметтік-экономикалық бастамаларын қолдаудың негізгі қағидаларының бірі. 2017 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 858,4 млрд теңгеге жетіп, өсім 102,1 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінің жылдық өсімі 105 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштерге облысымыз Елбасымыздың тікелей тапсырмасы бойынша жаңа өндірістердің ашылуы мен жұмыс жасап жатқан кәсіпорындарды жаңғырту нәтижесінде қол жеткізілді, – деді Ж.Түймебаев. 

Бүгінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жергілікті әкімдікпен бірігіп, Өңірдің даму картасын әзірлеп жатыр. Картаға жергілікті өнімді өңдеу мен өткізу мәселелері енгізілмек. ОҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкіровтың атап өткеніндей, облыста шоғырланған 179,5 мың шағын және орта бизнес нысаны – еліміздегі үздік көрсеткіш. 2017 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 499 жобаға қолдау көрсетілсе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында 911 кәсіпкерге 4,1 млрд. теңге көлемінде шағын несие берілді. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 500 адам оқудан өткен, оның ішінде 300 адам өз кәсібін бастады. 

Бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін өңірлік палата және қала әкімдігі функционалдық аймақтарды, қызыл сызықтарды және басқа құрылыс нормаларын көрсете отырып Шымкент қаласының интерактивті картасын да әзірледі. Кез келген кәсіпкердің shymkent.genplan.kz сілтемесі бойынша қаланың кез келген жер учаскесі туралы барлық ақпаратты алуына мүмкіндік бар.

Мектеп жасынан – мамандыққа машықтандыру

Жұмыссыздықты азайтып, жастарды жаппай кәсіпкерлікке тарту – көптен бері айтылып жүрген жағдай. Президум төрағасы бұл мәселелерде де өз ойын білдірді. Қазіргі уақытта жастарды кәсіпкерлікке мектеп жасынан бейімдеу қажет.

Азаматтардың кәсіпкерлік негіздеріне оқыта отырып, бизнеспен айналысуға жұмылдыруға басымдық беру керек. Бұл үшін елімізде «Бастау» жобасы сәтті жұмыс істеуде. Жаңа оқу жылынан бастап орта мектептің жоғары сынып оқушыларына кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәні енгізіледі. Білім және ғылым министрлігімен келісім жасалған. Бұл – демографиялық өсімі жоғары Оңтүстік үшін өте тиімді. Әрі жұмыспен қамту мәселесі де оңтайлы шешілер еді. 

Басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев те алда бірқатар ұсыныстар әзірленіп жатқанынан хабардар етті. 

Бүгінде өзін кәсіпкермін деп санайтын, бірақ тіркелмеген азаматтар аз емес. Олар ресми саннан 40 пайызға көп екен. Еш жерде тіркеуде жоқ. Облыстың аудандарында осындай жағдайлар кездеседі. «Атамекен» қолдау орталығы енді осындай азаматтардың барлығын тіркеп, рәсімдеуге қолдау көрсетпек. Яғни, кәсіпкердің саны көп болғанмен, салық төлеп жатқандары аз. Басты мақсат – салық төлейтін адамдардың санын көбейту. Э. Жұмағазиев мұндай азаматтарға көмек беру, оқыту, несие беру сынды жұмыстар қолға алынатынын айтады. 

«Атамекеннің» тағы бір ұсынысын да айта кетсек. Алда кәсіпорындарда оқу орталықтарын ашу жоспарлануда. Онда бір айдан алты айға дейін мамандар даярланады. Осы аралықта маман иесі атанып, әрбір азамат отбасын асырауға мүмкіндік алмақ. Нәтижесінде 75 мың адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік бар. Әкімдік қолдайтын болса, бұл жоба да іске аспақ. 

Жалпы, облыста кәсіпкерлікті дамытуда көптеген жұмыс қолға алынған. Президиум төрағасы жиынды қорытындылаған сөзінде де мұны баса айтып өтті. Бұған қоса ОҚО кәсіпкерлік палатасының Аймақтық кеңесіне алғысын білдірді.

Опубликовано в Қоғам

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстікке сапары аясында Шымкент қаласындағы бірнеше нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Бұл іс-сапарға Премьер-Министрмен бірге еліміздің ұлттық экономика, еңбек және әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар министрлері де келді. Үкімет басшысы өңірде Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын қолдау көрсету мақсатында келіп отыр.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының бірі - тұрғындарды арзан әрі қолжетімді баспанамен қамамасыз ету. Осыған орай Бақытжан Сағынтаев бастаған топ алдымен Шымқалада салынып жатқан «Shymkent Сity» қалашығына ат басын бұрды. Қалашықтың  құрылысын жүргізіп жатқан компания өкілдері Үкімет басшысына жаңа нысандардың жобаларымен таныстырды. 

 Жоспар бойынша қалашықта көпқабатты 324 тұрғын үй, 7 мектеп, 23 балабақша орналасады. Сондай-ақ мұнда саябақтар, спорт кешендері мен мәдениет ғимараттары бой көтеретін болады. Бүгінде аталған аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның, 31 тұрғын үйдің және 1 200 орынды мектептің құрылысы басталған.

Бұдан кейін Үкімет басшысы «Shymkent Тemir» ЖШС-ға аялдады. Құрылысы 2017 жылы басталған болат өнім шығаратын кәсіпорын биылғы сәуір айында іске қосылады. Жобаға тартылған инвестиция көлемі -  4,85 млрд теңге. Жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын алғашқы кезде 600 адамды жұмыспен қамтымақ. Зауыттың директоры Бауыржан Алтеевтің айтуынша, дайын өнім Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады.

   

Үкімет басшысы өңірге іс-сапары барысында денсаулық сақтау саласының цифрландыру жүйесімен танысып, ақ халаттылармен кездесті. Бас дәрігерлермен болған жиын барысында денсаулық сақтау жүйесін жаңарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен жеке қызмет секторын дамыту мәселелері қаралды. Cондай-ақ емханаларды басқару бағдарламаларын цифрландыру, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, кадрларды даярлау, инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жетілдіру жайы сөз болды. Жиын соңында Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстіктегі емдеу мекемелерін цифрландыруды Шымкенттен бастау керек» деді.

   

Сапар соңында Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде жастармен кездесіп, жатақхана, жастардың ғылымға бетбұрысы, техникалық білім алу тұрғысында ой пікірлерін тыңдап, емін-еркін әңгіме жүргізді.

Опубликовано в Экономика

Өткен аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барып, Ақ үй басшысы Дональд Трамппен, ресми және іскер топ өкілдерімен кездесті. Жалпы құны 7 милллард долларға жететін 20 келісім бекіді. Экономикалық серіктестікке бастайтын бірқатар келісімдер жасады. Бұл жайында газетіміздің өткен санында кеңінен баяндаған болатынбыз.

Қазақстан Президентінің іссапары аясында өткен тағы бір ауқымды шара – Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырысы. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен алқалы жиын әлем жұртшылығының назарын аударып, Қазақ елінің көтерген тақырыбына құлақ түрді. 

Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын. Биыл Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 28 жыл. Талай адамдардың өмірін жалмаған бұл қару тажал болып көрінеді бізге. Сол себепті де Тәуелсіздік алған бойда сынақ полигонын жауып, өз еркімізбен ядролық қарудан бас тарттық. Дегенмен, 40 жыл бойы сынақ жүргізілген қырғын қарудың зардабын Семей, Қарағанды, Павлодар жұртшылығы күні бүгінге дейін көріп келеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінде Солтүстік Кореяны біздің жолмен жүруге шақырып, өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болатынын айтып өтті. Естеріңізде болса, Иранды да осылай ядролық қарудан бас тартуға шақырған болатын. Сонымен қатар, Қазақ елі мен дүниежүзілік қоғамдастықтың арқасында Жаңа жер, Невада, Лобнор сияқты сынақ полигондарының жабылғанын атап өту керек. Салдарынан түрлі сынақтар жүргізуге шектеу қоятын, ал, жүргізілген жағдайда мораторий қолданылатын келісім қабылданды. Олардың қатарында «Ядролық клуб» державалары да бар. 

Қазақстан бүгінгі таңда бейбітшілік пен ынтымақтастықты қолдайтын және ол бағыттағы бірден-бір бастамашы ел болып отыр. Геосаяси мәселелерде әрқашан үн қосып, мемлекеттер арасындағы шиеленісті бір үстел басында шешуге шақыруда. 

– Сенім шаралары бүгінде қантөгіс болып жатқан Таяу Шығыс үшін де өте өзекті болып отыр. Сириядағы шиеленіс алыс жатқан өңірлерге де зиянын тигізуде.

Өзара сенім Астана алаңындағы диалогқа негіз болғанын ерекше атап өткен жөн. Астана процесі Женева келіссөздерін толықтырып, Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге қолдан келгенше үлес қосып келеді. Астанада осындай 7 келіссөз өтті, – деді Қазақстан Президенті. 

Сонымен қатар, Елбасы Корей түбегіндегі болып жатқан оқиғалар үлкен қарама-қайшылықтың бар екенін және оған мүдделі тараптарды Солтүстік Корея мәселесін жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақыратынын айтты. Бұдан бөлек, сенімділік талабы ретінде «ядролық бестіктің» Корей Халық Демократиялық Республикасының қауіпсіздігіне кепілдік беруін және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуын жақтайтынын сондай-ақ, бұл бағытта Қазақстан мүдделі тараптар үшін келіссөз алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Тиімді құрал – ядролық қарудан азат аймақтар құру

Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде жаппай қырып-жоятын қарудың таралуымен күрес жүргізудің тиімді жолын айтты. Бұл – ядролық қарудан азат аймақтар құру. Осы арқылы ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болу. Мұндай сенім шаралары жаһандық қауіпсіздікті қолдаудың, бүкіл планета көлемінде бейбітшілікті нығайтудың аса маңызды элементі ретінде күн тәртібінен түспеуге тиіс екенін жеткізді. 

– Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру жұмыстарын күшейте түсуді маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды осыған шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Жаппай қырып-жоятын қаруларға химиялық, биологиялық және радиологиялық қарулар да жатады. Және олардың деструктивті күштердің қолына түсуі қауіп тудырады. Дамыған елдер ғылыми жетістіктерін бұл бағытта пайдаланбауы керек. Мұндай бастаманы алдымен үлкен державалар қолдауы тиіс. Елбасы өз сөзінде аталған қауіптердің орын алмауы үшін 4 басымдықты атады. Бірінші, ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет. Екінші, Жаппай қырып-жоятын қаруды иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Үшінші, еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді қою керек. Төртінші, халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керек.

 

Ортақ келісім бұзылмауы тиіс

Қазақ елі басшысының төрағалығымен өткен жиын соңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды. Мұнда әлемдік қатынастар жөніндегі өзекті мәселелер және оның шешімдері ұсынылған. Маңызды мәлімдеме БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тарихында саяси міндеттемелер жүктейтін халықаралық акт ретінде тұңғыш рет қабылданғанын атап өту керек.

Сонымен қатар, Елбасы антиядролық келісімді бұзған елдерге санкция қолдануды ұсынды. Қауіпсіздік Кеңесі оны арнайы резолюциямен бекітуі тиіс екенін жеткізді.

Жиын барысында сөз алған Польша Президенті Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевқа БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шақырғаны үшін алғысын білдіріп, күн тәртібіндегі мәселелердің бәрі өте маңызды екенін айтты. 

– Нұрсұлтан Назарбаев бірінші болып ядролық қарудан бас тартқанда, оның мұндай қадамды мемлекет үшін жасағанын мәлімдегені жадымда. Сол кезден бастап Қазақстан ұстанымына беріктігін дәлелдеуде. Қазақстанның бұл бастамалары бейбітсүйгіш мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты жақындататын, ядролық қауіпсіздікті қолдайтын маңызды қадам, – деді Анджей Дуда.

 

Кеңестен кейін...

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз мәслихатын өткізді. АҚШ-қа жасаған сапарын қорытындылап, Қауіпсіздік кеңесінде көтерілген мәселенің маңыздылығына тоқталды. 

– Біз АҚШ, Ресей және Қытайдан кейінгі, ал әлем бойынша 4-ші ядролық қару-жарағымыздан саналы түрде бас тарттық. Ол кезде елімізде 1100 оқ тұмсық, АҚШ-тың шекарасына дейін жететін 110 дана СС-18 зымыраны болған. Оларды қалдырып ядролық қаруға айналдырып, барлығын қорқытып үркіту идеясы болды. Дегенмен, халық менің шешім қабылдауыма көмек көрсетті. Және біз дұрыс жасадық, – деді Н.Назарбаев қазақстандық және шетелдік БАҚ-қа берген сұхбатында. 

Әділетті және қауіпсіз әлем құруда бұл кеңестің рөлі үлкен. Сонымен қатар, халықаралық қатынастағы сенімге селкеу түсіп, саяси дүрбелең белең алған уақытта жер жаһанға төрелік айтқан Қазақстан Президентінің мемлекетаралық ықпалдастықты арттырудағы еңбегі зор. Шетелдік сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары Қазақ елінің әлем бейбітшілігін сақтауға қосып жатқан үлесін жоғары бағалауда. Осы тұста, мұндай мәртебелі қызметте Орталық Азия елдерінің ішіндегі алғашқы мемлекет болғанымызды атап өту керек. Елбасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету арқылы өзіміздің көңіліміздегіні айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келе жатқанымызды жеткізді. 

– Осындай кезеңдерде менің есімде халқым тұрады. Қазақ деген халық болмаса біз қалқиып осы жерде отырмас едік. Әрине, толқисың. Қай кезде қазақтың баласы осы жерде отырып ақыл айтып еді? Дүниежүзінде 200 мемлекет бар. Олардың ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін басқарғандар көп емес. Өңірімізден біз осындай дәрежеге жеттік. Өзіміздің көңілімізді айтып қана қоймай, сөзімізді өткізіп келе жатырмыз, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Опубликовано в Саясат

Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары Астана мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Құрама штаттардың біздің елімізбен көп қырлы ықпалдастықты арттыра беруге қызығушылық танытып отырғаны аңғарылды. Мұның себебі, Қазақстан бүгінде әлемдік қоғамдастықта өзіндік орны бар, ТМД мен Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттің туын ұстап отыр.

Екі ел арасында шартты-құқықтық, экономикалық қатынастардың берік негізі қалыптасқан. АҚШ Қазақ елінің тәуелсіздік алған жылдарда-ақ ядролық қарудан бас тартуын жоғары бағалады. Сондай-ақ, Елбасының АҚШ-қа әр жылы жасаған сапарлары әрқашан жемісті болғанын атап өткен жөн. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 17 қаңтар күні Ақ үйде Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті. Кездесу барысында екіжақты келіссөздер жүргізіп, халықарлық өзекті мәселелерді талқылады.

– Сіздің келгеніңізге қуаныштымын. Көпшілік сізге құрметпен қарайды. АҚШ пен Қазақстан арасындағы қатынас жақсы жолға қойылған. Бізге Сізді қабылдау үлкен абырой. Еліңізге жасаған еңбегіңіз өте үлкен, – деді Дональд Трамп.

Қазақстан Президенті де Дональд Трампқа АҚШ-қа шақырғаны үшін алғыс білдіріп, басшылық қызметке келгеніне 1 жыл толуымен құттықтады.

– Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. 26 жылдан бері Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Осы сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Экономикалық серіктес

Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары аясында жалпы құны 7 миллиард долларды құрайтын 20 келісім бекіді. Енді екі ел аграрлық сектор, фармацевтика және авиация секілді салаларда бірлесе жұмыс жасайтын болады. Келісім негізінде Қазақстан АҚШ-тан Boeing ұшақтарын алады. Сондай-ақ, елімізде 900 электровоз құрастырылады. 

Елбасы сонымен қатар іскер топ өкілдерімен кездесті. Онда транзит, бизнес, инвестиция секілді салаларда бірақатар мәселелерді талқылады. 

– Былтыр Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Ел экономикасына салынған инвестициялардың көлемі бойынша АҚШ екінші орында тұр. Жалпы Қазақстанда түрлі салаларда Америка капиталының қатысуымен 500-ге жуық компания жұмыс істейді, – деді Н.Назарбаев. 

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы мұнай-газ, энергетика және тағы да басқа салалар бойынша түрлі кездесулер өткізді. 

– Америка Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысын жақындатып, инвестиция көлемін арттыруы керек. Қазақстан бірнеше жыл бұрын Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді. Сондықтан, екі ел арасында кәсіпкерлердің өзара қарым-қатынасы тиімді жолға қойылуы керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл іссапары осы әріптестікті нығайтуға арналған қадам деп есептеймін, – деді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының жобалар жөніндегі директоры Дэниел Рунде.

 

Тарихи оқиға

Бірқатар сарапшылар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына жасаған сапарын тарихи маңызға ие деп есептейді. Өйткені, АҚШ Азия мемлекеттері ішінде Қазақстанды сенімді серіктес санайды. Соның арқасында екі елге де тиімді бірқатар келісімдер қабылданды. Сондай-ақ, сыртқы саясатта да халықаралық достастықты нығайтуда мұндай сапарлардың маңызы ерекше. 

– Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жасаған іссапары үлкен стратегиялық маңызға ие. Өйткені, екі мемлекет басшылары құны 2 миллиард доллардан асатын келісімге қол қойды. Сонымен қатар, АҚШ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше құрмет көрсетті. Дональд Трамп Қазақстан Президентін әріптес ретінде ғана емес, дос ретінде де қабылдайтынын бүкіл әлемге мәлімдеді, – дейді Мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Дипломатия институтының директоры Ануар Аязбеков. 

Жалпы екі ел Президентінің кездесуі халықарлық басылым беттерінде қызу талқыға түсті. «The Daily Signal», «The New York Times» және тағы басқа да бұқаралық ақпарат құралдары әлемдік саяси жаңалыққа кеңінен орын беріпті. Естеріңізде болса, Елбасының сапары басталмай тұрып-ақ шетелдік БАҚ беттерінде Қазақстан туралы түрлі материалдар жарияланған болатын. Сонымен қатар, Дональд Трамптың «1991 жылы Рождество мерекесінің алдында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауымызды мақтанышпен айтамыз» деген сөзі түрлі пікір туғызуда.

 

Сапар жалғаcуда

Нью-Йорктегі Линкольн орталығында «Астана Балет» театры америка жұршылығына концерт қойды. Оны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы барып тамашалады. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасында «Арулар», «Ақ қыз», «Әсемқоңыр», «Щелкунчик» және басқа да қойылымдар енген.

Сондай-ақ, іссапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі брифингінде сөз сөйлейді деп күтілуде.

Опубликовано в Саясат
Пятница, 03 Ноябрь 2017 06:43

Кәсіпкерлік қанат жайған өңір

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Шымкентке іссапармен келді

Ең алдымен Асқар Мамин Шымкенттегі халықаралық әуежайының жұмысын аралап көріп, әуежайды қайта құру бойынша жиынға қатысты. Мәжіліске жұмысшы топтан бөлек, облыс әкімі Ж.Түймебаев қатысып, Шымкент әуежайы елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан әуежайлардың бірі екенін айтты. Сонымен бірге әкім осы жылдың 9 айында мұндағы жолаушылар ағымы 600 мыңнан астам адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артқанын атап өтті.

Жиында жолаушылар хабының халықаралық жолаушылар мен облыс тұрғындарына әлемдік деңгейде қызмет көрсететін бірқатар жобалар отырысқа қатысушылардың назарына ұсынылды. Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары 

Д.Сатыбалды 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы ретінде Шымкент қаласының жариялануына байланысты аумақтардың даму бағдарламасына сәйкес Шымкент әлемдік деңгейдегі қала ретінде дамуы жоспарланғанын айтты.

Мәжілісте сонымен бірге, Қазақстан темір Жолы» ҰК» АҚ Президенті Қанат Алпысбаев «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасында басымдықты миллион тұрғыны бар Алматы мен Шымкент қалалары дамыту хабы ретінде қарастырылғанын мәлімдеді. Осы қалалардың дамуы Алматы мен Шымкент агломерациясын дамытудың ұзақ мерзімді жоспарлары аясында жүзеге асырылатынын да атап өтті.

– Бағдарламада сонымен бірге Шымкенттегі әуежай хабының құрылысы қарастырылған. Қазіргі уақытта Шымкент әуежайы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан әуе айлақтарының бірі. 2014 жыл мен 2016 жылды салыстырғанда жолаушылар тасымалының өсуі 40% -дан асады. Lufthansa Consulting Gmbh компаниясы әзірлеген әуежайдың даму стратегиясына сәйкес 2030 жылға қарай трафик көлемі жылына 3 млн адамға жетеді. Шетелдік авиакомпаниялар осы облыстан Үрімші, Киев, Дели, Дубай Тегеран, Пекин, Прага бағыттары бойынша рейстер ашуға қызығушылық танытуда. Оңтүстік Қазақстан облысы - тарихи тұрғыдан маңызды аймақ, ол шетелдік туристердің қызығушылығын тудырады. Аймақтың туристік кластерін дамыту аймақтың тиімді экономикалық дамуына ықпал етеді және әуежайдың өндірістік қуаттылығының өсуіне ықпал етеді, – деді Қанат Алпысбаев.

Баяндамашыларды тыңдап өз ойын білдірген Асқар Мамин Шымкент - республиканың негізгі индустриялық, туристік және мәдени орталықтарының бірі екенін айтып, миллионға жуық халқы бар бұл қаланың дамуына Мемлекет басшысы да ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

Сапар барысында делегация мүшелері «Оңтүстік» көліктік-логистикалық орталығының жұмысымен танысты. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылған «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталықтың аумағы – 92 гектар. 

Қазіргі таңда аталған аймақта жекеменшік 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Kazakhstan Logistics group» ЖШС мен «Зерде» НПО ЖШС компаниялары өз жобаларының бірінші кезеңін іске қосты. Бүгінгі таңда іске қосылған қоймалардың жалпы аумағы – 18 326 шаршы метр. Ал осы жылдың соңына дейін «Continental Logistics Shymkent» ЖШС-нің 20 736 шаршы метр қоймасы мен «Зерде» ЖШС-нің 5 760 шаршы метр қоймасы бар инвестициялық жобасының екінші кезеңі іске қосылмақ. Қалған инвестициялық жобалардың құрылыс-монтаждау жұмыстарының 30 пайызы аяқталып отыр.

Бұдан соң, Асқар Мамин Ордабасы ауданы аумағындағы Индустрияландыру картасына енген «Агро V» кірпіш зауытын аралап көрді. Жоба құны 527 миллион теңгені құрайтын зауыт жылына 25 миллион кірпіш өнімін шығарады. Жергілікті 60 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылған. Зауыт қысы-жазы жұмыс істейді. Мұндағы технологиялық құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Қытай Халық Республикасынан алынған. Жабдықтар көп компонентті қоспалардан жоғары сапалы өнім шығаруға және толығымен автоматтандырылғанның есебінен кірпіштердің геометриялық пішіндерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кірпіштерді күйдіруге арналған пештің елімізде баламасы жоқ.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мамин өндіріс жұмысының барысымен танысып, өнімдердің сапасына баға берді.

Опубликовано в Саясат

Авиаотынды 1,5 есеге, бензинді 3есе ұлғайтады

Премьер-министр Оңтүстіктегі жұмыс сапары кезінде Шымкенттегі ең үлкен кәсіпорын – «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де болып, зауыттың бүгінгі жай-күйімен танысты.


perental center

Қазіргі таңда Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңғырту және қайта құрастыру жобасы іске асуда. Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі биылғы жылдың маусымынан бастап іске қосылып, нәтижесінде зауытта Кеден одағының талаптарына сәйкес К-4, К-5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензин өндіріле бастады. 

Аға-менеджер Болат Абдуәлиев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында зауыттағы жаңғыру жұмыстарының 2-ші кезеңін 2018 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланғанын алға тартты.

– Екінші кезең іске қосылған соң жоғары октанды бензин өндіру көлемі жылына 652 тоннадан 2 270 мың тоннаға, дизель отыны - 1 192-ден 1 916 мың тоннаға артады. Ал авиаотын – 254-тен 400 мың тоннаға дейін өседі деген мақсат бар. Зауытта жоғары октанды автобензиндерді өндіру үлесі 100%-ды құрайтын болады, – дейді.

s4ad54sa89d7

Нысандарды аралау кезінде Үкімет басшысы пайдалануға берілген қондырғының жұмысын көріп, зауыттағы қайта құрылымдау жобасын уақтылы аяқтауға және Қазақстан нарығын жоғары сападағы моторлық отындармен қамтамасыз ету барысында бірқатар тапсырмалар берді.

Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңарған 1 кезеңі бүгінде 107 адамды жұмыспен қамтыған. Ал 2 кезеңнің құрылыс жұмыстарына қазіргі таңда 4 800 адам тартылған болса, пайдалануға берілгеннен кейін 338 маманды жаңа қызметпен қамтамасыз ететін болады.

 

Тағы 68 медициналық ұйым кешенді жүйеге көшеді

bcb25295-d6df-47eb-b41c-8815e37b30fb

Жыл соңына дейін 20 модульдік медициналық пунктер ел игіліне берілмек. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев Үкімет басшысының Оңтүстікке жасаған сапары барысында мәлімдеді. 

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастаған жұмысшы топ қаладағы №4 облыстық перинаталды орталығына ат басын бұрды. М. Егізбаевтың айтуынша бір медициналық пункттің құны жергілікті бюджет үшін құрылыс салуға қарағанда екі есе арзанға түседі.

– Мәселен, құрылыс жүргізуге 2 жылдай уақыт кететін болса, модульдік медициналық бектерді 2 ай ішінде құрастырып, тұрғызуға мүмкіндік бар. 2018 жылы облысымызда дәл осындай құрамалы медициналық пункттердің саны 67-ге жеткізілмек, – дейді басқарма басшысы. 

0594b466-4cea-4c05-924e-4f7c56115cef

Сондай-ақ, М. Егізбаев Үкімет басшысына ОҚО-дағы денсаулық сақтау ұйымдары 100% кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілетінін айтты. Жыл басынан бері бұл жұмыстар 35 амбулаториялық-емханалық ұйымында орнатылды. 2 – кезеңде, яғни жыл соңына дейін тағы 68 медициналық ұйым кешенді жүйеге көшеді. Бұл жүйені іске асыру үшін 8 582 компьютерлік техника сатып алынған.

– Оңтүстіктегі медициналық мекемелерді толығымен кешенді жүйеге көшіруді жыл соңына дейін аяқтауға үлгеріп жатсаңыздар, бұл үлкен жетістік, – деген Үкімет басшысы жобаны аяқтауға сәттілік тіледі. 

Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» аттанған медицина саласының мамандары жайлы мәліметті сұрап, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға және жергілікті әкімдік қызметкерлерінің де белсене атсалысуына нақты тапсырма берді.

Бұдан кейін «Зерде-Керамика» кәсіпорнында болған ҚР Премьер-министрі ел аумағында баламасы жоқ керамогранит өндіретін зауыттың өнім түрлерін аралап көрді. Аталмыш кәсіпорын жыл соңында екінші желісін іске қосып, өнім көлемін 2 миллионнан 4,5 миллион шаршы метрге жеткізуді жоспарлауда. Экспорттың үлесі 30 пайызды құрайды. Адамның қолы мен күш-қуатын кәсіпорында автоматтандырылған жүйе алмастырған. Италиялық қондырғы бар шаруаны – шикізаттарды араластырып, дайын өнімді қаптауға дейін өзі атқарады. Техниканың қызметін кәсіпорынның 140 жұмысшысы қадағалап отырады. Қажетті шикізаттың 60 пайызы отандық өндірушілерден жеткізіледі.

Айта кетейік, бүгінде «Оңтүстік» индустралды аймақта жалпы сомасы 55,8 миллиард теңге болатын 85 жоба жүзеге асуда.

12

 

«Үкімет шаруаларға қажетті қолдау көрсетеді»

«Көрме» орталығында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев туризм және кәсіпкерлік салаларының дамуы, жұмыспен қамту, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мәселелері бойынша жиын өткізді. Кеңеске еліміздің бірқатар министрлері мен Астана және Алматы қалаларының, облыс әкімдерінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

– Оңтүстік өңірінің халқы іскер, оларды үйретудің қажеті жоқ. Тек қана жұмыстың жобасын көрсетсең, өздері іліп әкетеді. Облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоғары, – деді Бақытжан Сағынтаев. – Мемлекет тарапынан жеткілікті көмек болса, шаруалар өз кәсібін өздері дөңгелетіп алып кетеді. Еліміз үшін бау-бақша шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Бұл ретте, әлемнің бірқатар елдерін бау-бақша өнімдерімен қамтып отырған Польша елінің бүгінгі әрекетін үлгі ретінде алуымыз керек. Ондағы кәсіпкерлер мемлекет жәрдемінің нәтижесінде еңсе тіктеп, жақсы сұрыпты өнімдерін дүние жүзіне әйгілеп келеді. Ал мемлекеттік көмек Үкіметке олар төлеген салықтар есебінен мол көлемде қайтып жатыр. Біздің шаруалар да осындай мүмкіндікке ие болуы үшін Үкімет оларға қажетті қолдауды көрсетеді.

512bfb94-93f2-4443-b7d4-76c7e927d3d4

Премьер-Министр оңтүстіктен солтүстік аймаққа көшу мәселесіне де тоқталды. Әсіресе, бағдарлама аясында іскерлік қабілеті жоғары шаруалар мен кәсіпкерлерді жіберуге назар аудару қажеттігін айтты.

– Тұрғындарының саны көп Оңтүстік өңірінің жер көлемі аз. Ал Солтүстік облыстарда жер қоры болғанымен, еңбек ресурсы жеткіліксіз. Сондықтан, жағдайы келіскен шаруаға жайлы жерлерге көшуді одан әрі қолға алу керек. Ауылшаруашылық кешені өркендеген Оңтүстік шын мәнінде, өзге өңірлерге үлгі. Мұндағы шаруа қауымның бейілі мен қабілетін тиімді пайдалана білуіміз керек. Елдің қай түкпіріне барсаңыздар да, ол қазақтың жері, өз жерлеріңіз. Бұл мәселеге дұрыс түсінікпен қараңыздар, – деген Премьер-министр кәсіпкерлерді ортақ істе қолдау көрсетуге шақырды. 

Жиында Оңтүстік Қазақ-стан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев туризм және кәсіпкерлік салаларында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде, өңір халқының тұрмыс-тіршілігін жақсарту бағытында алға қойған міндеттердің орындалып жатқанын мәлімдеді.

– Облыс аумағында индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы сәтті жүргізілуде. Бағдарлама аясында жалпы 208 миллиард теңгеге 162 жоба іске асырылып, 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде биыл 5 жоба іске қосылып, 2,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда іске қосылған жобалардың 94 пайызы жоспарлық қуаттылықты игеріп, 71 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Елбасының ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындау нәтижесінде өнім көлемі айтарлықтай артты. Облыста қолайлы бизнес климатты қалыптастыру және кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін барынша жағдай жасалуда, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жиын соңында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев тауар өндірушілердің көрмесін тамашалады. Онда 69 кәсіпкер текстиль, тағам өнеркәсібі, құрылыс және машина жасау саласындағы өз өнімдерін ұсынды.

Көрмеде Үкімет басшысы модульді сүт қабылдау бекеттері мен әлеуметтік дүкен үлгісімен танысты. Премьер-Министр бұл жобаларды жоғары бағалап, игілікті істі әрі қарай дамытуды тапсырды.

 

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Опубликовано в Саясат
Среда, 14 Июнь 2017 06:41

Әлем назары түскен күн

2017 жылдың 9-шы маусымы Қазақ елі үшін ерекше есте қалатын күн. Өйткені, осы күні Астанада әлем жұртшылығын өзіне қаратқан ЭКСПО – 2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мұндағы маңызды кездесулер, көз тартарлық шоулар мен мерекелік концерттер дүйім жұртшылықтың жанарын жаулады. Айтулы шараға, төрткүл дүниеден миллиондаған туристерден бөлек, бірқатар елдің Президенттері де келген болатын. Оларды Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қарсы алды.

64cbc7b348218e2508f31cd45a028c92

Көрменің басты нысаны – «Нұр Әлем» павильонына бірінші болып Чехия Президенті Милош Земан жұбайы Ивана Земановамен бірге келді. Одан кейін, Люксембург, Қырғызстан, Армения, Өзбекстан, Ресей, Қытай және тағы басқа бас-аяғы 19 мемлекеттің басшылары құрметті қонақ болды.

d076aa09a1f67d90f1aba28a7976e97d crop l 0 t 183 w 4168 h 2345 resize w 1200 h 678

Қонақтар жайғасып болған соң ЭКСПО-ның сахнасындағы үлкен экраннан көрменің ресми ролигі көрсетілді. Онда айтулы шараның дөңгелек пішінді басты ғимараты «Сфера» бүкіл жер шарын айналып, жер анадан нәр алып Қазақстанның Астанасына орналасады. Осыдан кейін «Сферадан» қуат алғандай сахна төрі түрлі түске боялып, шоу басталады. Табиғат пен адамзаттың бірігуі бейнеленген қойылымнан соң, дархан дала төсінде домбырамен қазақтың ұлттық күйі орындалып, әлемді мойындатқан қазақстандық әнші Мария Мудряк «Япырау» әнін орындады.

2b4d45b5c1f3e5a6129320ccc1d472ea

Бұдан кейін, көрмеге қатысатын 115 мемлекеттің сондай-ақ 22 халықаралық ұйымның байрақтары сахна төріне қойылды. Артынша Халықаралық көрмелер бюросының президенті Стин Кристенсон ЭКСПО – 2017 көрмесінің ашылуымен құттықтап, Халықаралық көрмелер бюросына мүше 170 елдің атынан Қазақстан Президентіне алғысын білдірді. Сонымен қатар, жасыл энергетика тек дамыған елдердің ғана емес, дамушы мемлекеттердің де қызығушылығын тудырып жатқанын, баламалы қуат көздерінің қолжетімді, экологиялық таза әрі үнемділігі дамудың басты факторына айналатынын айтып өтті. 

MUHA2355

– Құрметті қазақстандықтар, қонақтар қонақжай, әсем Астанаға қош келдіңіздер. Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихындағы айтулы күн. Қазір көптен күткен Халық-аралық ЭКСПО-2017 көрмесінің шымылдығы ашылды. Осы салтанатты мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Біз «ЭКСПО» көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізіп отырмыз. Сөйтіп қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қана қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады. Тәуелсіз Қазақстанның символы Астана нағыз ХХІ ғасырдың қаласы ретінде жаңа қырынан танылатын болады, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. 

Президенттің сөзінен соң ЭКСПО Халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылу салтанатының реми бөлімі аяқталып, мерекелік концертке ұласты. Концертте ұлттық күй, би, ән орындылып, театрландырылған қойылым қойылды. Сонымен қатар, көрермендер «Сфера шоу» мен отшашуды тамашалады.

Опубликовано в Саясат

Әлемдік актер, каскадёр, кинорежиссёр, кино-продюсер, сценарист, әнші, миллиондаған көрерменнің сүйіктісіне айналған аңыз адам – Джеки Чан алғаш рет Астанаға аяқ басты.

8585-2

«ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін қытай кино апталығының ашылу салтанатына келген әлемдік кино өнерінің теңдессіз жұлдызын Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев әуежайдан өзі күтіп алды. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстандағы Қытай киносы фестивалінің күндері ҚР Ақпарат және коммуникация министрлігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 7-18 маусым аралығында өтеді. 

Журналистермен баспасөз мәслихатында Джеки Чан өзінің Қазақстан жайлы арманымен бөлісті. Актердің баспасөз мәслихатына өз елінің ұлттық киімімен келіп, тек қана қытайша сөйлеуі жұртшылықты тәнті етті.– Шынын айтқанда, осыған дейін Қазақстанға келіп, кинематографиямен айналысуды армандаған едім. Алайда уақыттың тапшылығынан, бүгінге дейін бұл арманымды жүзеге асыра алмадым. Болашақта Қазақстанға міндетті түрде келіп, осы саладағы еңбегімді іске асырмақ ойдамын. Одан кейін Қазақстанда да кунг-фу мектебі ашылып қалар деп ойлаймын, - деді Джеки Чан.

dzheki-1

Сонымен қатар, ол журналистер сауалына жауап беру кезінде 63 жастағы атақты актер жетістікке біртіндеп, сатылап жеткенін айтты.

Салтанатты шарада қонақкәде ретінде қытай тілінде «Отан» әнін шырқады. Актер бұл ән отаншылдыққа баулитынын, сондай-ақ, барлық адам өз отанын сүю керек екендігін жеткізді.

Айта кетейік, Джеки Чанның ән шашуынан кейін қазақстандық әнші Димаш Құдайберген сахнаға шығып, «Singer» байқауында шырқаған қытайша «Күзгі мұң» әнін айтып берді.

Опубликовано в Мәдениет

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласында «АҚШ – Ислам әлемі» саммитіне қатысты. Елбасы саммит аясында бірқатар мемлекеттердің басшыларымен және делегация жетекшілерімен келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.


Атап айтқанда, Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамппен әңгімелесті. Әңгіме барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішінде сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету перспективасы талқыланды. Екі ел президенттері күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

  862c860aaa64646d421a2eaf624c4ae7

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мемлекетаралық ынтымақтастықтың түрлі мәселелері жөнінде Кувейт мемлекетінің Әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахпен, Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифамен, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен, Йеменнің Президентімен, Мавритания Президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзизбен, Пәкістанның Премьер-Министрі Н.Шарифпен пікірлесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмед әл-Усайминмен болған жүздесуде өзара іс-қимылдың кейбір аспектілері бойынша әңгіме өрбітті. 

Сондай-ақ Елбасы саммит барысында Америка Құрама Штаттарының Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен де кездесті. Кездесуде Қазақстан Президенті мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оның кейбір аспектілерін дамыту перспективаларын талқылап, мейлінше өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимыл көптеген бағыттар бойынша дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтерілетініне сенім білдірді.

Опубликовано в Саясат

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік жұмыс сапарымен Қытай Халық Республикасында болды. Елбасы Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысып, бірқатар мемлекет басшыларымен кездесті. Жалпы, форум жұмысына 100-ден астам елдің өкілдері қатысты.

Қазақстан Президенті форум аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, тараптар өңірлік қауіпсіздік пен киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті халықаралық мәселелерді талқылады. Тауар айналымын ұлғайту және өнеркәсіп, инновация, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастық тақырыптарына ерекше назар аударылды. 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

– Форум бүкіл дүниежүзі бойынша жылдың ең басты оқиғасының біріне айналды деп ойлаймын. «Бір белдеу, бір жол» – жаңа парадигма, жаңа деңгейдегі ынтымақтастық жүйесі. Бұл белдеу жер шары тұрғындарының 45%-ын құрайтын 60-тан астам елді қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастық үлгі аларлықтай болды.

Өз кезегінде Қытай көшбасшысы өзінің Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуына қатысуға дайын екенін айтты. 

Қазақстан Президенті дөңгелек үстел жиынына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде бастаманы іске асыру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарын білдірді. Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды. 

«Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте­-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыруы керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция», – деді ҚР Президенті. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы əлемде белең алып келе жатқан саяси, экономикалық жəне гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін айтты. 

80c009d3255977ddf82b3d31b80971f4

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев форум барысында бірқатар мемлекеттердің көшбасшыларымен кездесу өткізді. Ресей Президенті В.Путинмен, Түрік Республикасының Президенті Р.Ердоғанмен, Беларусь Президенті А.Лукашенкомен, Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевпен, Пәкістанның және Малайзияның Премьер-Министрлері Н.Шарифпен және Н.Разакпен жүздесті. 

Алдағы үш жылда Қытай «Белдеу және жол» бастамасына қатысатын халықаралық ұйымдарға және дамушы елдерге 60 млрд юань (8,8 млрд доллар) көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын айта кеткен жөн. Жібек жолы бойындағы елдерге 2 млрд юань (шамамен 294 млн доллар) азық-түлік көмегін, «Оңтүстік-Оңтүстік» желісі бойынша ынтымақтастық үшін көмек қорына 1 млрд доллар қосымша қаржы бөлмек.

Опубликовано в Саясат
Страница 1 из 5