Пятница, 30 Март 2018 00:00

Дін – ұстай алсаң қасиетің...

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі-облыстың бас мешіті жанындағы Ақылдастар алқасы мен облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісіне қатысушылардың «Ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сабақтастығын бірізділікке бағыттау мәселелері» бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының халқына арнаған

ҮНДЕУІ


Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында халқымызды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, туған жерді көркейтуге, жаңаша ойлап, қоғам игілігі үшін ізгі іс жасауға шақырып, барлық рухани құндылықтарымызды жаңғыртуға үндеді. Рухани жаңғыруды басты мақсат тұтқан мақалада халқымызға парасатты ой, пайымды пікір ұсынылды.

Рухани жаңғыру ұсынысы арқылы мемлекет басшысы еліміздің тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, болашаққа сеніммен қадам басу қажеттігін нақты айқындап берді. 

Біз, Ақылдастар алқасы мен ОҚО ардагерлер кеңесі төралқасының кеңейтілген мәжілісіне қатысушылар, халқымыз үшін ұлттық салт-дәстүрлер мен діни рәсімдердің сан ғасырлар бойы қалыптасқан сабақтастығын, бір-бірімен тығыз байланысын ерекше атап өтеміз және рухани жаңғыруды осы тұрғыда жалғастыру қажет деп есептейміз. Себебі, дін мен дәстүр – халқымыз үшін егіз ұғымдар. 

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамымызда дін мен дәстүр сабақтастығы бұрмаланып, жаңсақ пікірлер мен үрдістер орын алып, бара-бара халықтың күнделікті өміріне, тыныс-тіршілігіне еніп, үйреншікті әдетке айналып бара жатқаны жасырын емес.

Әрине, өмір болған соң жаңсақ басу да, қателесу де болады.

Алайда, ата-бабадан бастап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тура жолдан тайғанға, сүрінгенге демеу болу, жол көрсету – қоғамның, әрбір иманды азаматтың міндеті болып табылады.

Құрметті қауым! Бұл міндет қоғамның зиялылары мен ел ақсақалдарының, имамдардың кеңесімен келісіп жүргізетін іс. Ата салт-дәстүрлеріміз бен дінімізге жат әрі жағымсыз теріс әрекеттерге бүкіл қоғам болып қарсы тұрып, ұрпағымызды адасудан сақтандыруға тиіспіз. 

Кез келген мәселеде ауыр жүк алдыңғы буын ағаларымыздың, олардың өкшесін басып келе жатқан орта буынның иығында. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді». Аузынан аталы сөз ағылып, тентегін тезге салып, сөзге тоқтатар, қоғамды дұрыс жолға бағыттар ақсақалдық дәстүрімізді жаңғыртуымызға көп нәрсе байланысты. Бұл бағытта ел ішінде айтылып та, жазылып та жүр. Алайда, қоғам өмірінде, ұлттық құндылықтарымызға қатысты жат қылықтардан арылып, тазаланып болдық деп айта алмаймыз. Қарызға батып, бейәдеп көріністерге толы той жасау, ысырапшылдық, мақтангершілік, басқа да асыра сілтеушіліктер жас отаудың тұғырын шайқалтпаса, тіктеуіне себеп болып жатқан жоқ. 

Біз, елімізде дәстүрлі де қастерлі Ислам дінін өркендетудегі, дін мен дәстүрдің сабақтастығын қамтамасыз етудегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еселі еңбегін атап өтеміз әрі қолдаймыз, қуаттаймыз. Қазақстан мұсылмандары Имам Ағзам мазһабы бойынша амал-әрекет жасайды. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың сандаған ғасырлардан бері ұстанып келе жатқан сара жолы.

Алайда, бүгінгі жағдайда еліміздің мұсылмандар қауымының сана-сезімінде адамдардың қайтыс болуына байланысты рәсімдер өткізу мәселелеріне қатысты кейбір көзқарастарды, іс-әрекеттерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымдары мен үйлесімділігі негізінде қайта қарау, реттеу және жаңғырту қажет деп есептейміз. 

Себебі, жаназа жиындарымыздың өзі тойдан қалыспайтын дәрежеге жетті десек, артық айтқандық емес. Қазаның артын күтумен байланысты рәсімдерді өткізу бәсекеге айналып, тілекке ұқсас сөз айтылатын жиналысқа, аста-төк дастархан жаю жарысына айналуда.

Кей жерлерде жаназа намазы оқылмай және мәйіттің жамбасы жерге тимей жатып, ас тарату әлі де орын алып жүр. Бұл дінге де, дәстүрге де қайшы әрі қайтыс болған адамның жақын туыстары қайғы құшып жатқанда өте ерсі көрінетіні айқын. Сондықтан, Оңтүстік Қазақстан облысының мұсылман тұрғындарын және ел ағаларын Ислам діні талаптары бойынша қайғылы отбасында қазалы күн ішінде ас беруге тоқтау салуды ұсынамыз. Қазалы үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қою – күнә. Ондай адамдардың қазасына ортақтасып, көңіл айту, қол ұшын беріп, сабырға шақыру, қайғы-қасіреттерін жеңілдетуге тырысу – сүннет. Сондай-ақ, оларға тамақ әзірлеп апарып беру, алыстан келген қонақтарды ас-сумен қамтамасыз етуді туған-туыстары, жора-жолдастары немесе көршілері жасағаны дұрыс. 

Ислам діні мен ұлттық салт-дәстүрлердің тығыз байланысы негізінде қайғы түскен отбасында құдайы ас (жетісі, қырқы, жылдығы) дастарханы барынша қарапайым болғаны абзал. Шариғаттың ысырапшылдыққа, мүмкіндіктен тыс қиындыққа негізделген ас та төк ас, құдайы тамақ беруді міндеттемейтініне баса назар аударамыз және садақа астың ұзаққа созылған жиналысқа ұласуын құптамаймыз. 

Кейбір жағдайларға молдаларымыз асқа жиылғандарға тыңдары жоқ уағыз айтып, өзгеге үлгі болатын сипаттан айрылуда. Есесіне жаһандану үрдісімен келген теріс пиғылды діни идеология жастарымыздың санасын улап, ұлттық құндылықтарымыздан, ата салт-дәстүрлерімізден алшақтатуға, соқыр сенімге баулуға тырысып бағуда.

Сондықтан имамдар тарапынан айтылатын уағыздарды ұзын-сонар әңгімеге айналдырып, көпшілікті мезі қылмай, халықтың назарын өзіне аудара біліп, құлаққа сіңімді де жағымды дауыспен қысқаша жеткізген дұрыс.

Ұлттық құндылықтар адами құндылықтардан құралады. Адами құндылығын жоғалтпаған әрбір адам өз болмысын, өз тілін, өз дінін, өз ортасын, өз отбасын, өз қоғамын, өз ұлтын, өз Отанын сақтап қалатынын ешқашан ұмытпауымыз керек, құрметті қауым! 

Мешіттеріміз бен оларды басқарушы имамдарымыз, көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауымымыз, жалпы қоғам болып, ұлттық құндылықтарымызға теріс пиғылды діни ағымдардың зияндылығын тигізбеуге, дін мен дәстүрді қайшы қоймауға жұмылғанымыз абзал. Елбасымыздың: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді» - деп айтқанын әрдайым жадымызда сақтап, жалпы өміріміздегі, соның ішінде тойдағы немесе кісі қайтыс болғандағы ысырапшылдыққа, жаназадағы жөнсіз әдеттер мен әрекеттерге тосқауыл қойып, ортақ тәртіпке бағындырудың уақыты келді деп есептейміз, ардақты ағайын. 

Ұлтымызда «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген даналы сөз бар.

Өкінішке орай, жергілікті жерлердегі мазараттарды тазалау, жан-жағын қоршау, қолайсыз ауа райына байланысты зиярат етушілерге арналған бастырмалар орнату, абаттандыру мақсатында су жүйесі мен электр желісін орнату, баратын жолды ретке келтіру, мәйіт таситын арнайы автокөлікпен қамтамасыз ету сияқты шаралар әлі де жөнді қолға алынбай келеді. Бұл жұмыстарды облыс, қала, аудан мәслихаттары мен әкімдіктерінің назарына ұсына отырып, мемлекет және қоғам болып қолға алуға үндейміз.

Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген керемет даналық сөзі бар. Әсіресе, бүгінгідей алмағайып заманда тазалық пен адалдыққа, имандылық пен отаншылдыққа үндейтін асыл дініміздің орны ерекше маңызға ие болуы қажет. 

Біз, мәжіліске қатысушылар, жергілікті халықты діни рәсімдерді атқару барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) бекіткен Жаназа пәтуасын басшылыққа алуға және осы рәсімдерді өткізу кезінде ҚМДБ-ға қарасты имам-молдалардың қызметіне ғана жүгінуге, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен діни рәсімдердің бірізділігін сақтау мақсатында осы Үндеуде айтылған мәселелерді жүзеге асыруға шақырамыз. 

Қадірлі қауым! 

Елбасымыздың «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деген өнегелі сөздерін есте сақтай отырып, ең бастысы, санадан сабыр, жүректен иман кетпесін дейміз қадірменді қауым!

Ақылдастар алқасы мен
облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының
кеңейтілген мәжілісіне қатысушылар.

Опубликовано в Дін
Среда, 28 Февраль 2018 04:14

Дін мен дәстүр бірізділігі

Дін мен дәстүр сабақтастығын арттырып, қазақы мұсылмандық негізін нығайту. Той-томалақ пен діни рәсімдерді өткізуде ысырапқа жол бермеу. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігінің мұрындық болуымен өткен дөңгелек үстелде осы өзекті мәселе талқыланды.

Облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясының ғимаратында өткен ақылдастар алқасының кеңейтілген отырысына облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібекұлы, діни басқарманың өкілдері мен облыстық және қалалық ішкі саясат басқармаларының басшылары, облыстық ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қоғамдағы қазіргі өзекті мәселелерді талқылауға үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен ауыл-аймақтан имамдар да келді.

Дін Исламның құндылықтарын қалай дәріптегенде көпшілік толыққанды қабылдайды, қандай тәсілмен халықтың діни сауатын арттыруға болады? Бұл басқосуда қозғалған әңгіме төркіні осы төңіректе өрбіді. Ақылдастар алқасы жат ағымдардың алдын алу, ақпараттық насихатты жандандыру мен ұлттық салт-дәстүрлер арқылы діни рәсімдерді насихаттаудың жолдарын талқылады.

DSC 4768

 

Министрліктің бақылауында

Жуырда дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Парламент депуттаттары, атқарушы орган өкілдері, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңес өкілдері, дінтанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Министр Нұрлан Ермекбаев өз баяндамасында Елбасының діни радикализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруды тапсырғанын мәлімдеді. Алқалы мәжілісте белгілі болғаны, сарапшылар діни ұстанымдарды анықтау үшін көпшілікпен диалог алаңында арнайы зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде Ислам дінін түсінудің және талқылаудың қазақстандық мектебін қалыптастыру жөнінде қорытындыға келгені мәлімденді. Министрдің айтуынша, мемлекет діни бірлестіктердің діни мәселелеріне араласпайтынын, дегенмен, заңдардың сақталуын қатаң бақылайтынын айтты. Яғни діни шарттардың орындалуы өзімбілермендікпен емес, белгілі бір қоғамдық шартқа сай жүзеге асырылу қажеттілігі ескертіліп отыр. Министр, бұған қоса, жаңару мен жаңғыру шарттарына мешіттердің ретті- ретсіз салынуы жататынын да атап өтті. Мысалы, елдегі 3601 мешіттің бүгінгі таңда 81-і бос тұр. Ведомства басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы рухани жаңғыру ұғымының осындай жайттарға да қатысы бар екенін айтып, осы орайдағы келеңсіздіктерді сынға алды.

DSC 4780

Діни сауаттылық та рухани жаңғыруға жатады

– Таяуда облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Елбасының төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесіне қатысты. Осы жиында Оңтүстіктегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер мен діни ахуал да қаралып, Елбасы тиісті министрлерге нақты тапсырмалар берді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков. – Облыс әкімі ардагерлер кеңесінде, мұсылмандар діни басқармасының облыстық өкілдігінде өткен басқосуларда осы діни экстремизм, діни жоралғылар тақырыбы жөнінде көптен бері мәселе қозғап жүр. Сенбі күні ұйымдастырылып отырған бейресми кездесу барысында осы тақырыпта еркін әңгіме-дүкен құрылып, нақты ұсыныстар айтылса деймін.

DSC 4796

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланған соң арнайы бағдарлама қабылданып, оны жүзеге асыру бағытында кең көлемді жұмыс басталып кетті. Әрине, бұл – бір айда немесе бір жылда орындап тастайтын науқандық іс-шара емес. Ол үшін рухани жаңғыру ұғымының мазмұнына терең бойлап, мән-мағынасын өз деңгейінде байыптап алуымыз қажет. Соның ішінде басты назарға алатын бір тіркес бар. Ол – ұлттық код ұғымы. Яғни, ұлттық кодтың бірінші сипатын ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтары құраса, екіншісі – мәдениеті, үшіншісі – салт-дәстүрі. Төртіншісі – тарихы, бесіншісі – фольклоры. Алтыншысы – халықтық педагогикасы. Осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына дарытып, санасына сіңіру, сол мақсатқа қол жететіндей білім беру жүйесін қалыптастыру – аға буынның міндеті. Осы тұрғыда имамдардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны, кереғар ағымдардың алдын алуға үлес қосқаны абзал.

– Күнделікті өмірдегі тіршіліктің барлығын бірдей билік тарапынан бақылап отыру мүмкін емес, – деп жалғады сөзін Ұласбек Cәдібекұлы. – Мысалы, той-томалақ пен өлім-жітім рәсімдеріндегі ысырапшылдықты, жаназадағы жөнсіз әрекеттерді де бір ізге салудың уақыты әлдеқашан жетті. Сол сияқты мазараттарды ретке келтіру сол ауылдың бас көтерер азаматтарынан артылар шаруа ма? Бұл іске міндетті түрде ауыл немесе аудан әкімінің араласуы қажет пе?

DSC 4869

Таратылатын киім китке айналмасын...

– Мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң алдымен ел тұрмысын түзеуге елеулі көңіл бөлген болса, ендігі кезекте елдің рухын жаңғыртуға бағыт түзеді. Қалың бұқара қолдаған бұл бастаманы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасынан айқын көруге болады, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов. – Президент ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың жолын көрсетті. Осы ретте аға буын өкілдеріне жүктелер міндет зор. Облыстық ардагерлер кеңесі бұл орайда ел арасында мағыналы кездесулер өткізіп келеді.

Мысалы, 2014 жылы облыстың ардагерлері мен имамдары қоғамның рухани бағытындағы мәселелерді шешуде өзара әріптестікті нығайту, жастарға рухани тәрбие беруде, оларды отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеуде бірлесе жұмыс істеу мақсатында келісімге келді. Ал 2015 жылы «Той өткізудің мәдениетін жетілдірейік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, үндеу жарияланды. Бұл бағыттағы іс-шараның барлығы «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында өткізіліп келді.

DSC 4766

– Әрине, халыққа қазақы рәсімдерді жасама демейміз, бірақ, ысырапқа жол берілмегені жөн. Өлік шыққан үйде үш күнге дейін қазан көтермеу керегін жақсы білсек те бәз-баяғыша дастархан жайып, ас беруді тоқтатпай келеміз, – дейді Ж.Мәуленқұлов. – Бұған қоса ертеректе қаралы үйге көмек көрсетілсе, қазір мазардың басында не байлайсың деп сұрау үрдіске айналып кетті. Немесе өліктің үстіне кілем, бір тоғыз мата, қымбат киім жабу, жыртыс беру секілді ешкімге қажет емес әрекеттер әдетке айналып барады. Ал қайтыс болған кісінің киімі марқұмды еске алып, көзіндей көріп жүрсін деп, жақындарына таратылған. Ал бүгінде жаңа киім сатып алып беріледі. Ал оны марқұмның естелігі деп емес, реті келгенде құдалықтың китіне қосылып жіберетін жағдайлар аз ұшыраспайды. Осы келеңсіздіктің алдын алуда аға буынға артылар міндет жетерлік. Себебі, "Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді" деген сөз бар. Сондықтан, ағайын, өнеге, үлгіні жастар бізден алатынын ұмытпайық.

 

Жаназада орындалар 4 міндет

әуелсіздік алған жылдары елімізде 68 мешіт болса, күні кеше министрдің есебінде айтылғандай, қазіргі таңда мешіт саны үш мыңға жетіп отыр. Егемендіктің алғашқы кезінде елде бірде-бір медресе болмаса, қазір онға жуық медресе жұмыс істейді. Ақылдастар алқасында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының насихат бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы өз баяндамасында осындай мәліметтерді келтірді.

DSC 4917

– Жаназа мәселесін бір ізге түсіру үшін бас мүфтидің тапсырмасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарыққа шығарылды. Ол кітап барша имамдарға таратылып берілді. Семинар кездесулер өтті, – деді Алтынбек Ұтысханұлы. – Дегенмен, насихат жағы жақсы болғанымен, амал жағы кемшін болып тұр. Осы орайда сіздердің, ел ағаларының көмегі қажет-ақ. Себебі, қазақ үлкенді тыңдаған халық, ел ағаларының, ақылдастар алқасының сөзі өтімді, пікірі ұтымды. Сол үшін тек имамдар ғана емес, ел ағаларының да үлес қосқаны жақсы. Шариғат бойынша өмірден өткен адамның соңынан төрт-ақ әрекет жасалады: денені жуу, кебіндеу, жаназа намазын оқу, жерлеу. Өкінішке қарай, марқұмды жерлеп келген соң үйінде ас беру керек пе, жоқ па, өлген кісіні үйден баспен шығару керек пе, аяқпен шығару керек пе деген сияқты мәселенің өзін дауға айналдыратын жағдайлар да кездесіп жатады. Тіпті, «Біздің айтқанымыз жөн, оны мақұл көрмесең, есігіңіз мынау» деп, имамдарды шығарып жіберген келеңсіздікті де көрдік. Бұған қоса имамдардың уағызын да бір ізге келтіруді реттеп жатырмыз. Кез келген жиналыста немесе жаназа басындағы уағызды бес минуттан асырмау керек, жиналып отырған адамдардың деңгейінде сөйлеу тапсырылуда.

Алқалы мәжілістің соңында ақылдастар алқасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен рәсімдер ғана орындалып, оны діни басқарма бекіткен тізімдегі имам-молдалар ғана жүзеге асырса деген ұсыныс жасады. Салт-дәстүр мен діни рәсімдер бірізділігін сақтау туралы үндеу қабылданды.

Опубликовано в Дін
Пятница, 05 Январь 2018 05:56

Жастарды жат ағымнан сақтандырды

Бүгінде дінді дұрыс түсінбеудің салдарынан жастар радикалдық ағымның соңынан кетіп жатыр. Бұл орайда Исламтанудың қазақстандық моделін қалыптастыруға көңіл бөлген жөн. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да өткен «Исламның қазақстандық мектебін қалыптастырудың алғышарттары мен өзекті мәселелері» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференцияда осы мәселелер айтылды.

 DSC1602

Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған жиында маңызды мәселелер талқыға түсті. Іс-шараға ҚМДБ-ның насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қазақ ұлттық салт-дәстүр академиясының профессоры Қойшығұл Мұстафаұлы, «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Ноғаев қатысты. Мешіт имамдары, жалпы білім беру мекемесінің дінтану пәні мұғалімдері, студент жастар да тағылымды әңгімелерді тыңдады. 

 DSC1590

– Исламтанудың қазақстандық моделі деген – Ислам дінін дұрыс түсіндірудің жүйесі. Ең алдымен өз жастарымызға түсіндіріп, бабалардың жолын насихаттау ләзім. Осы модельді қалыптастырсақ, рухани иммунитетімізді көтеру мәселесі шешілер еді, – дейді Алтынбек Ұтысханұлы. 

Сондай-ақ, қатысушылар М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да «дінтану» мамандарын дайындайтын бөлім ашылса деген ұсыныс айтты. 

Осы тақырыпты қамтыған ғылыми-практикалық конференция алғаш рет Шымкенттен басталып отыр. Ұйымдастырушылар конференция алдағы уақытта тағы да жалғасатынын мәлімдеді.

Опубликовано в Дін

snapshot201310281849261

Барша мұсылман жұртшылығы күткен Мәуліт айы 20 қарашадан басталып кетті. Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі Мұхаммедтің (с.а.с.) дүниеге келген айының құрметіне берілген.


28-002Асыл дінімізде Мәуліт айының орны бөлек. Өйткені, бұл айда адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келген. Алла елшісін өз ата-анамызды танып, құрметтегендей сүю ләзім. Өйткені, хадис шарифте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар», – деген.

Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері – дініміз үшін ең қасиетті де құрметті, Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдулла, оның әкесі Әбдүлмүтәліп. Анасының есімі – Әмина. 

Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (с.ғ.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, Аллаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Мұхаммед жаратылысы да, мінезі де әдемі, адамдардың ең кәмілі, теңдесіз еді. 

Мұсылман жұртында жыл сайын ай күнтізбесі бойынша 12 рабиул - әууалда Мұхаммед (с.а.с) пайғамбардың туған күні ресми түрде тойланады. Енді бұл дәстүр қайдан шыққан деген мәселеге келейік.

Мысырда пайғамбарымыздың мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған кезді тарихшылар Мысырдағы фатимидтер билеп тұрған тұс дейді. Сол кезеңде мәуліт ресми мейрам етілді, алайда халық арасына бірден кең көлемде тарала қойған жоқ. 

Сол дәуірдегі суфизмнің дамығандығынан және имамдардың, сопы шейхтарының белсенділігінің арқасында бұл мейрамды ижма «бағидат хасана» деп бекітті. Сол дәуірдегі суфизмнің дамығанынан және имамдардың, сопы шейхтарының белсенділігінің бұл мереке кең өріс алды.

Марокко тарихшысы Әл–Ифрани былай деп жазды: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да пайғамбардың ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап, өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады». Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі маулидийа дастандарының шығуына себеп болады. 

Алайда пайғамбарға жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, ақын Кааб бин зухайыр оған «Банад Суад» деген поэмасын арнаған. Осы ақынға еліктеп көптеген шайырлар да пайғамбарға өз жырларын бағыштаған. 

Маулидийаның жыр-дастандарында Мұхаммедтің (с.а.с) туғанынан бастап, бақилыққа көшкенге дейінгі өмір жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетінің дәстүрлі жанрларының бірі – қасидалардан алшақ емес. Мұхаммедтің (с.а.с) ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең тарауына байланысты пайғамбардың туған күні мәулітті жыл сайын тойлау дәстүрі өмірге осылай келген.

 

Мәулітті тойлаудың мән-маңызы ерекше

Бүгінде әлем елдері Мәуліт мерекесін кең ауқымда атап өтуде. Елімізде де мерекені тойлау қарқын алып келеді. Өйткені, адамзаттың асылына деген құрмет пенделер арасында жақсы көркем мінез, сабырлылық, қарапайымдылық сынды қасиеттерді тудырады. 

Имам Науауи: Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.а.с) туған күніне сәйкес келетін осы күндер де істелетін садақалар, адамдар бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы, – деген. 

Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алланың алдында да жақсы. Себебі хадис-шарифте: «Мұсылмандар жақсы көрген іс, Алла тағала алдында да жақсы болады», – делінген имам Ахмад риуаятында. «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.а.с) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім деген Хасан әл-Басридің (р.а.) сөзі де көпке ой саларлық.

Пайғамбармызға (с.а.с.) салауат айтудың артықшылығы жөнінде хадис-шәріпте (с.а.с.): «Қиямет күні маған ең жақын адам – маған ең көп салауат айтқаны», «Қасында Менің атым аталып, Маған салауат айтпаған адам - анық сараң», делінген (Имам Термизи риуаяты). 

Міне, бұл діни рухани мерекенің мән-маңызы осындай. Мәуліт – әлемді рухани қуаныш пен нұрға бөлеген ай! Бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып саналады. Биылғы жылы Мәуліт айы 20 қарашасы мен 19 желтоқсан арасына сәйкес келеді. Ал осы айдың 1 желтоқсан күні Пайғамбарымыздың дүниеге келген күні болып саналады.

Қазіргі таңда, рухани Мәуліт айы облысымыздың барлық аудандарында жалғасуда. Ұлы Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әумин!

 

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамының орынбасары

Опубликовано в Дін
Пятница, 24 Ноябрь 2017 06:05

Төрт отбасыға үй салып берді

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі әрдайым жақсы істің бастамашысына айналған. Таяуда облыстық өкілдік пен «Зекет» қоры бірлесіп, облыс деңгейінде «Асар» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

IMG 3046

Соның нәтижесінде Ордабасы ауданы, Шұбарсу елді мекенінде тұратын жағдайы төмен, көп балалы алтын құрсақты 4 отбасыға тегін зәулім үй салынды.

Жалпы, әрбір отбасыға бөлінген жер телімі – 8 сотық, салынған әр үйдің көлемі – 120 шаршы метр. Салынған әр жеке үйге 7 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

Әйгерім Асанова (5 баласы бар), Забира Оралова (7 баласы бар), Айнұр Төлегенова (5 баласы бар) және Насихат Батыроваға (2 баласы бар) пәтер кілтін ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзі тапсырды. 

IMG 3063

– Діни басқарма жыл сайын дәстүрлі түрде жағдайы төмен, көпбалалы алтын құрсақты, өмір тауқыметін тартқан отбасыларға үй салып беру қайырымдылық жұмысын қолға алуда. Биыл Оңтүстікте 8 үй салынды. Бұл шараларға жергілікті қолы ашық жомарт жандар демеушілік жасады. Мұндай игі істер жыл сайын жалғасады», – деді Бас мүфти БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. 

Сондай-ақ, ҚМДБ төрағасы қайырымдылық іс-шарасы кезінде 4 отбасыға азық-түлік, үй жиһаздары мен өзге де тұрмыстық қажетті заттарын сыйға тартты. 

Бас мүфти асыл дініміздің өркендеуіне жан-жақты үлес қосып, халықтың әлеуетін көтеруге атсалысып келе жатқан жергілікті қайырымды жандарға айрықша алғысын жеткізді.

Опубликовано в Дін

Бүгінде мемлекетіміз дінді қатаңдату емес, ізгілендіру жолына бет бұрып жатыр. Дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға мән берілуде. Ол дегеніміз – адамның бір-біріне деген қарым-қатынасы, өз-өзін жетілдіруі, қазақы қалыбын сақтай білуі. Дін – тарих, дін – мәдениет, дін – дәстүр, дін – жаңғыру. Маусым айында бекітілген Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасынан күтер нәтиже мол.

kanat kalybekov

Елбасы Н. Назарбаев сәуір айында дін өкілдерімен кездесуінде Қазақстан халқының өмірінде діннің ерекше рөл атқаратынын, мемлекет тарапынан діни қарым-қатынастарды реттеу үшін қабылданып жатқан шаралар жайын айтып өткен еді. Деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне назар аударды.

– Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын, ұлтымыз тату болып, еліміз зайырлы мемлекет ретінде одан әрі дамуға тиіс. Біз өзіміздің игі мақсатымызға қарсы шыққандарға көне алмаймыз. Бұл – мемлекеттік аппараттың ғана емес, барша Қазақстан халқының, оның болашағының мүддесі, – деді Елбасы. 

Біз зайырлы мемлекетпіз. Мұндай қоғамда агрессиялы діни насихатқа жол берілмейді. Осы салада халыққа дұрыс ақпарат-насихат жұмыстары жүргізілуі тиіс. Қазақстан мұсылмандары дәстүрлі түрде ханафи мазхабын ұстанады. 

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әзірлеген тұжырымдама көптеген сарапшылар мен дінтанушылардың ой-пікірлерін, ұсыныстарын ескеріп, кең талқылаудан өтті. Бұл – дер кезінде қолға алынған маңызы зор құжат. 

Тұжырымдаманы әзірлеу қажеттілігі "100 нақты қадам" Ұлт жоспарында, ҚР Президентінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Қазақстан халқына Жолдауында, Мемлекет басшысының дін саласын реттеу мәселелері жөніндегі тапсырмаларында айқындалған міндеттерін іске асырудан туындап отыр. 

Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру, мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу. Тұжырымдамада дін саласындағы мемлекеттік саясаттың дамуының үш негізгі басымдықтары айқындалған. 

Бірінші басымдық – заңнаманы жетілдіру мен мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды реттеу. 

Екінші – мемлекет дамуындағы зайырлылық қағидаларын нығайту. 

Үшінші басымдық – діни экстремизм мен деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетіне қарсы тұру жүйесін дамыту анықталған. 

Діни экстремизммен күресте жат идеологияға қарсы азаматтардың иммунитетін қалыптастыру маңызды. Бұл мақсатта ақпараттық-түсіндірме жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, мәдениет және спорт қайраткерлерін белсенді атсалысуға тарту көзделген. 

Білім беру, мәдениет, спорт, БАҚ, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары сияқты барлық салаларда кешенді жұмыс жүргізілуі қажет. Көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру 2020 жылға дейін жүргізіледі. 

Осы Тұжырымдамада дін саласындағы негізгі үрдістер мен ерекшеліктерді талдау негізінде, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2020 жылға дейінгі стратегиялық мақсаттары мен негізгі бағыттары айқындалып отыр. Мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеуге мән берілген. 

Еліміздің Конституциясына сәйкес, тілі мен діни көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты. 

Мемлекет дін саласында тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылдауда. 

Қазір қоғамдағы әртүрлі топтардың арасында діни экстремизмнің алдын алуда жүйелі жұмыс жүргізе алатын дінтану, теология және исламтану саласындағы кадрлардың біліктілігіне қойылатын талаптар күшейді. 

Ел азаматтарының Қазақстанда діни білім алуы мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардағы, мекемелер мен ұйымдардағы қызметкерлердің, дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын сарапшылар мен талдаушылардың біліктілігін одан әрі арттыруымыз керек.

Сондай-ақ, деструктивті діни идеологияға азаматтардың иммунитетін қалыптастыру бойынша мемлекет іске асырып жатқан шараларды түсіндіруге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуге назар аударуымыз қажет. 

Тұжырымдаманы іске асыруда күтілетін нәтижелер қандай? Тұжырымдаманың іске асырылуы жүйелілік, дәйектілік және ведомствоаралық өзара іс-қимыл қағидаттарына негізделген. Тұжырымдама дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының құзыреті мен жауапкершілік аясын нақтылайды. Осы кезең ішінде: 

– дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда мемлекеттік органдардың, ғылыми-сарапшылар қоғамдастығының, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық және діни бірлестіктердің ынтымақтастық тетігі жетілдіріледі; 

– елдің зайырлы даму қағидаттарын, Қазақстан халқының ұлттық, рухани дәстүрлерін насихаттауға шоғырланған медиа жұмыстарды жаңғырту қамтамасыз етіледі;

– дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған шаралар кешені әзірленеді;

– зайырлы өмір салтының құндылықтары, Қазақстан халқының ұлттық рухани дәстүрлері мен конфессиялары, сондай-ақ діни экстремизмнің қаупі туралы тақырыптық деректі фильмдер, телехабарлар мен әлеуметтік роликтердің сериялары әзірленеді;

– дінтану және діни білім беру жүйесін жетілдіру бойынша шаралар әзірленеді.

Қорыта айтқанда, бұл бағытта қоғамда ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихатталып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілмек. 

Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын түсіндіру шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Республикалық ақпараттық-насихаттық жұмыс тобы өңірімізде кездесулер, семинарлар өткізіп жатыр. Діни мәселелерді талқылау жиындарында айтылған тақырыптардың ауқымы кең. Шымкент қаласында бұл бағытта бірқатар іс-шаралар өтіп жатыр. Республикалық, облыстық, қалалық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мешіт имамдары, дін мәселелерін зерттеу орталықтары мамандары, жастар саясаты бөлімінің басшылары, білім және медицина саласының қызметкерлері қала тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасуда. 

ҚР Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин, ҚР Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы бастаған топ мүшелері де қаламызда өтіп жатқан жиындарда мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіріп берді. 

Сондай-ақ, оқу орындарындағы орамал тарту мәселесі, діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру шаралары және рухани құндылықтарды насихаттау БАҚ беттерінде дүркін-дүркін жазылып келеді. Әрі қарай да бұл салада халыққа дұрыс ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу жұмыстары жанданады. Осы тұрғыда қаламызда іс-шаралар ауқымы кеңейе бермек. Бұл ретте әрбір қала тұрғыны тұжырымдаманы іске асыруға бірге атсалысуы қажет.

 

Қанат ҚАЛЫБЕКОВ,
Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Опубликовано в Дін
Среда, 31 Май 2017 08:13

Діни ахуалды талқылады

ҚР Үкіметі 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірледі. Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын түсіндіру шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Республикалық ақпараттық-насихаттық жұмыс тобы өңірімізде кездесулер, семинарлар өткізіп жатыр. Діни мәселелерді талқылау апталығында айтылған тақырыптардың ауқымы кең.

IMG 20170530 103952

Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мешіт имамдары, дін мәселелерін зерттеу орталықтары мамандарымен, жастар саясаты бөлімінің басшылары, білім және медицина саласы қызметкерлері және қала тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасты. 

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің мәжіліс залында білім және медицина саласы қызметкерлеріне арналған жиын өтті. ҚР Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин, ҚР Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы бастаған топ мүшелері мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіріп берді. 

Оқу орындарындағы орамал тарту мәселесі, діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру шаралары және рухани құндылықтарды насихаттау БАҚ беттерінде дүркін-дүркін айтылып жүр. Мемлекет діни бірлестіктердің мазмұндық және қоғамдық қызметін реттеп және бақылап отырады, заңдар мен мемлекеттің мүдделерін сақтауын талап етеді. 

IMG 20170530 103959

– Дін саласын реттеу бойынша 2017-2020 жылдарға жаңа тұжырымдама дайындадық. Біз зайырлы мемлекетпіз. Қазіргі дамудың басты талабы осы. Яғни, мұндай қоғамда агрессиялы діни насихатқа жол берілмейді. Мемлекет дін саласындағы реттеу мәселесін қолға алып жатыр. Ол мемлекеттің өте маңызды функциясы. Осы салада халыққа дұрыс ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу жұмыстары жанданады, – деді Ғ. Шойкин. 

Имамдарға да жауапкершілік жүгі артылып отыр. Шет тілін қанша білсек те, өз дәстүрімізді, құндылықтарымызды сақтай білейік. Айнұр Әбдірәсілқызы көпшілікті алаңдатқан оқу орындарындағы орамал тарту мәселесіне кеңірек тоқталып өтті. Оның айтуынша, мемлекет дінді қатаңдату емес, жетілдіру, ізгілендіру жолына бет бұрып жатыр. 

– Адамның иманы сыртқы көрінісімен өлшенбейді. Біз 2013 жылдан бастап дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға басымдық бердік. Дәстүрлі құндылықтар дегеніміз – адамның бір-біріне деген қарым-қатынасы, өз-өзін жетілдіруі, қазақы қалыбын сақтай білуі. Дін – тарих, дін – мәдениет, дін – дәстүр, дін – жаңғыру. Қазір осыған мән беретін кез. Қоғамдағы рухани жаңғыру бойынша да жұмыстар атқарылды. Ал Елбасы мақаласы бізге шабыт берді, әрі қарай нақты жұмыс істеуге жол ашты, – деді ол. 

Семинар соңында білім саласы қызметкерлері тарапынан сауалдар қойылды. Бәріне де тиянақты жауап берілді.

Опубликовано в Дін

18342337 1397671363656050 3443702869511064791 n

Шымкент шаһарындағы «Ордабасы» алаңында орналасқан «Абдул Хамид Қаттани» мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, ғимараттың сыртқы келбеті, есік-терезе, еден, жарық, жылу жүйесі мен кілемдер жаңартылды.

Жөндеу жұмыстары алты ай бұрын басталыпты. Аталған мешіттің наиб имамы Анарғали Керімбетовтың айтуынша, Рамазан айына дейін ішкі құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған.
Сәулеті артқан мешіттің қазір сыртқы келбеті жөнделіп жатыр. Айта кетерлігі, мешіттің құрылыс жұмыстары жеке демеушілердің көмегімен жүзеге асуда.

Опубликовано в Дін

Қоғамда саясиланған түрлі діни ағымдар көпшілікті алаңдатып отыр. Кешегі Ақтөбе оқиғасынан сабақ алуымыз керек. Дəстүрлі емес діни ағымның радикалды ұстанушылары біздің елден де бой көрсетіп жүргендігі жасырын емес. Қоғам қайда құбылып барады? Қасиет деп қараған құндылықтарымыз неге жоғалды? Осындай өзекті мәселелерді қоғамдық талқыға салу мақсатында «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің редакциясында «Дін және қоғам» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Түрлі пікірлер тоғысқан басқосуға ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары Амантай Сәдиев, «Нұр Мұра» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Абдулла Бахадыр, Әл-Фараби ауданы прокурорының көмекшісі Закир Юсупов, философия ғылымының кандидаты, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Саясаттану және халықаралық қатынастар» кафедрасының меңгерушісі Сәкен Мәжінбеков және ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» бөлім басшысы, дінтанушы Ұлықбек Әлиакбарұлы қатысып, тақырып төңірегінде кеңінен ой бөлісті.
«Теріс ағымға кетіп жатқандар кімдер?», «Болашағымызды түрлі ағымдардан қалай қорғаймыз?», «Әлеуметтік желілерден келер қауіп қандай?». Мамандар осы және өзгеде сауалдар төңірегінде ойларын айтты. Дөңгелек үстелді «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің Директор-Бас редакторы Айгүл Қапбарова жүргізіп отырды.

 zhinalys din 1  zhinalys din 4 zhinalys din 6 

А. ҚАПБАРОВА,

«Шымкент келбеті» және
«Панорама Шымкента» газеттерінің
Директор-Бас редакторы

 

 А. БАХАДЫР,

«Нұр Мұра» қоғамдық 

бiрлестiгiнiң жетекшiсi

 А. СӘДИЕВ,

ҚМДБ-ның ОҚО бойынша 

өкiл имамының орынбасары

 zhinalys din 5  zhinalys din 3  zhinalys din 2

 Ұ. ӘЛИАКБАРҰЛЫ,

дінтанушы

 З. ЮСУПОВ, 

Әл-Фараби ауданы 

прокурорының көмекшісі

 С. МӘЖіНБЕКОВ,

философия ғылымының кандидаты

СҰРАҚ: – Өздеріңіз білесіздер, қазір мемлекетіміз жат діни ағыммен ғана емес, жаһандық күштермен бетпе-бет келіп отыр. Дін адамды Алламен үндестіретін, адамның рухани ізденістеріне жауап беретін жол. Қазіргі үндестік өкінішке қарай, құбылмалы жіктелуге, ерекшеленуге кетіп барады. Осындай хаостың пайда болуы туралы не айтасыздар?

А. БАХАДЫР: – Рамазан айында осындай мәселелерді қозғау – сауап іс. Себебі, білім деген садақаның ең абзалы ғой. Газеттеріңіз арқылы халыққа білім беру, халықтың көзін ашу, діни санасын көтеру дұрыс бастама. Мен туралықты айтқанды жақсы көремін. Қазір рухани құлдырау үстіндеміз. Жалпы, қоғам құлдырап бара жатыр. Бұрын коммунистік партия кезінде де адамдарда құдайшылық болатын. Бір-біріне деген мейірім, құрмет, сыйластық, әдеп деген болды. Бүгінде имандылыққа жол ашылды, дінге еркіндік берілді. Дегенмен, қазіргі уақытта мешітте дұға бірдей болып жатқан жоқ. Жалған, дінді бетперде қылған бұзақылар бірге алақан жайып, бір мақсат аясында жұмылуды көздеп жүрген жоқ. Имамды тыңдамайды, Құранға қосылмайды. Бұл дегеніміз, дәстүріміздің түбіне балта шабу емес пе?!

Дұға бірге болмағаннан кейін, бірге алақан жаймағаннан кейін осындай құлдырауларды бастан кешіп отырмыз. Бір айта кетерлігі, еліміздің тыныш болуы ізгілердің дұғасының арқасында. Сол дұғаны бұзып жатқандар салафи атанғандар. Оларды елдің жауы, ұлттың жауы, діннің жауы деп айтсақ әбден болады.

А. СӘДИЕВ: – Бисмилләһир – рахманир-рахим! Әуелі қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Жалпы, осы мәжілісіміз елімізге, жұртымызға пайдасы тиетін қайырлы отырыстан болуды Алла нәсіп етсін! Жалпы, уахабистік идеологияны 7-8 ғасырда Ибн Таймия деген ғалым сөз етеді. Ибн Таймия бастапқыда шариғаттың кейбір мәселелерінде күмәнді сұрақтар тудыруға тырысады. Одан бөлек, 18 ғасырда Мұхаммад ибн Абдул Уахаб деген кісі вахабизм идеологиясын құрады. Ибн Таймия, шейх Фаузан, Абдул Уахаб, Әлбани болсын, бұның барлығы да осы идеологияның негізін құраушылар. Қазіргі уақытта «салаф», «такфир», «мадхалид» деп оларды түрлі атаумен атаймыз. Атаулары жыл сайын өзгеріп, түрленіп шығып жатады. Яғни, тереңіне үңілсек, «Әһли Сунна» немесе салаф-салихтардың арттарынан ерушілерміз дегенді айтады. Яғни, қой терісін жамылған қасқырдың әрекеті іспетті. Қазіргі кезде кейбір кісілер оларды «мейірімді уахаббистер», «қатігез уахабистер» деп екіге бөледі. Ал бір елге жау шапса, қаскөйлерді «мейірімді», «қатігез» деп бөлмейді ғой. Өйткені, дұшпанның аты дұшпан. Міне, вахабизм идеологиясының түпкі мақсаты осындай.

DSC 0250

Қазір кейбіреулер Ақтөбедегі жағдайға қатысы барларды «такфирлер» дейді. Ол ұйымда қарапайым қоғамды кәпірге шығарғаннан кейін, «бір кәпірді өлтірсең, жәннатқа барасың» деген көзқарас қалыптасқан. Немесе «погон таққан адамдарды өлтірсең, тікелей жұмаққа барасың» деген де көзқарасы бар. Басқа уахабистер, мәдхалидтер болса «Олар такфирлер. Біз оларға қосылмаймыз, жолдарымыз бөлек» дегенді алға тартады. Бірақ олардың ойлау қабілеті мен намаз оқу тәртібі, қоғаммен санасу екеуінің ешқандай айырмашылығы жоқ. Мәселен, Ауғанстанда жиһад жасап, қашып келген «Тәкфир» бағытындағы адаммен диспут құрдық. Сұхбат барысында «ол әрекетіңнен не ұттың?» деп сұрағанымызда олардан ешқандай мақсат жоқ екені аңғардық. Жалпы, отаншыл адамда елге бір тамшыдай болса да үлес қоссам деген мүдде болады ғой. Бұларда ондай ой жоқ. Түптеп келгенде айтарымыз, қабырғасы қайысып, көзінен жасы төгілген адам өзін жылататын емес, жұбататын жер іздейді. Бір адам қиналып қалса, қолды бір сілтеп, басқа жаққа кетіп қалғысы келеді. Бірақ ол жаққа кетіп қалғаныңмен басыңдағы қайғы мен мұңың осында қалып қоймайды. Ол да бірге еріп барады. Демек, қай жерің ауырса, сол жерді емдеу қажет. Біз мынаған мән берсек, вахабизм идеологиясына бет бұрып жатқан адамды бірден байқауға болады. Сіздің өз балаңыз немесе туған-туыстарыңыздың арасындағы бір бала бес алты түйір сақал қойып, балағын қысқартып жатса, сізге дабыл берді деген сөз. Ол қоғамнан бөлек кетіп бара жатыр. Оған дөңайбат көрсетіп, қоғамнан бөлмей, керісінше қоғамға кіргізуді ойласақ екен. Ол қоғамнан бөлініп кетті ме, бітті зомбиға айналуы әп-сәтте. «Бұлардың бәрі шіріктер, бұлар тозаққа барады. Мен ғана жұмаққа барамын» деген позиция ұстанады. Сондықтан, менің айтарым, мұндай жағдайдың алдын алудың екі жолы ғана бар. Біріншісі – қатаң заң керек. Екіншісі – ахуалмен жалғыз имамдар, теологтар емес қоғам болып күресуіміз керек. Сонда ғана өмір сүріп жатқан ортамыз дұрыс бағытқа қарай өзгермек.

З. ЮСУПОВ: – Жалпы, бұл жағдай 1990 жылдары елдегі қиын қыстау кезден басталды. Дағдарыс жайлап, әркімнің өз әлеуметтік мәселесін шешуі қиындаған кезден бері күрделене түсті. Деструктивтік діни ағымдар осы кезде елге қарай ентеледі. Сол кезде ғой, «Құдайға шүкір, балам намаз оқи бастады, мешітке бара бастады» дедік. Ал мешітте оған намазды кім үйретіп жатқанына бас қатырмадық.

Әріге барудың қажеті жоқ. Биыл қаңтар айында БАҚ-қа, әлеуметтік желілерге талдау жасау барысында біраз деректердің беті ашылды. Әлеуметтік желіде Шымкент қаласының тұрғыны ретінде тіркелген қолданушы өзінің парақшасына террорлық әрекеттегі бейнеролик жүктепті. Кәдімгі ашық насихаттау. Сөйтсек, жұртқа таратып отырғаны «ИГИЛ» ұйымының насихаты. Біз мәселеге үңіліп көрсек, бейнероликтің авторы кәмелетке толмаған бала екен. Ол өз іс-әрекетінің ҚР Қылмыстық Кодекстің 256-бапқа сәйкес, терроризм идеясын насихаттап отырғанын, ол үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын білмейді. Автомат асынған жас балалардың «кәпірлерді жоямыз» деп ұрандағанын қызық көріп отыр. Бұл жағдай бойынша, оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған кім кінәлі? Біріншіден ата-ананың, қоғамның кінәсі. Жас балалармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді. Кәмелетке толмаған балалар бақылаусыз қалған. Ата-аналар әрқайсысына телефон әпереді, алайда ол телефон арқылы немен айналысып отырғанын бақыламайды. Әлеуметтік желіні ашып, оның достары кімдер екенін іздеп, байқап жатқан ата-аналардың қатары аз.

DSC 0262

СҰРАҚ: – Қазақстан қоғамы мұндай ағымдарға неге дайын болмады? Қазақы менталитетіміз неге қауіптің алдын алмады?
С. Мәжінбеков: – Біз қазір тек болып жатқан жағдайды айтып жатырмыз. «Қазақ неге дайын болмады» дегенге келейікші. Бір нәрсені мойындайық, біз отар ел болдық. Ұлтшылдық деген сөзден әлі күнге дейін қорқып қалғанбыз, әлі айтуға қорқамыз. Керісінше, өсіріп отырған ұрпағымызды ұлтшыл етіп тәрбиелеу керекпіз ғой. Шота Руставелидің бір жақсы сөзі бар. «Ұлтшыл болу – екінші ұлттың бетіне түкіру емес» деген. Біз осы терминнен қорқып қалдық. Өйткені, 1937 жылы өзгеше ойлай алатын, қазақты алға сүйрей алатын ұлтшыл, елшіл арыстарымызды атып тастады. Ал Тәуелсіздік алғаннан осы күнге дейін жасайтын іс-әрекетіміз мемлекетшіл, ұлтшыл топты қалыптастыру еді. Біз мұны жасамадық.

Жалпы діни көзқарастың өзі саяси мәселемен айналыса бастағанда қауіпті. Әлі күнге дейін Исламның саясилануына бәріміз үрке қараймыз. «Ислам террористері» деген ұғымды батыстың журналисі қолданады. Батыс христиан дінінде, оны түсінуге болар. Ал қазақ журналисі не үшін қолданады? Ислам мен терроризм ұғымы еш сәйкеспейтінін бәріміз білеміз. Бұл мәселеде имамдарды ғана кінәлау орынсыз. Біз қазақы санадан айырылып қалмауды ойласақ екен. Қазақы санада баламыздың жақсы болуы да, жаман болуы да ата-анаға байланысты. «Әке мен шешенің берген тәрбиесі жүз мұғалім алмастыра алмайды» деп қазақ айтады. Сондықтан, біз отбасы институтын күшейтуіміз керек. Кешегі тоқсаныншы жылдары баланың тәрбиесі далада қалды. Сондықтан, осы мәселелерді қарауымыз керек сияқты. Жаһандану бізді күтіп отырмайды. Жалпы, ұлтшылдықтан қорықпай, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелесек, сонда ғана теріс күштерге қарсы тұра аламыз. Қазақы тәрбиеде өскен бала үшін бір-ақ Отан бар.

СҰРАҚ: – Адамзат баласына қауіп-қатер туындатқан діни ағымдардың негізгі сипаты қандай? Мұндай жағдайға кімдер мүдделілік танытуда?

З. ЮСУПОВ: – Соңғы 5-10 жыл уақыт төңірегінде әлемді әбігерге салған «Әл-Каида», «ДАИШ» сынды террорлық ұйымдары қазіргі таңда жаңа сипат алып отыр. Бұл ұйымдардың пайда болуы, қаржылай қолдау табуы, қанатын кеңге жаюы сыртқы күштердің ықпалымен болып отырғаны анық. Дегенмен, лаңкестік топқа көмек қолын созғандардың кімдер екенін дөп басып айту қиын. Бұл сауал аясында ақпарат кеңістігінде таласты пікірлер көп.
Жалпы, мұндай террорлық күштерді Ислам дінімен байланыстырып, «исламдық терроризм» деген ұғымды батыс ғалымдары жиі тілге тиек етіп жүр. Олай айту бізге тән емес. Себебі, дінде терроризм жоқ. Батыс елдері тарапынан қалыптасқан бұл ұғымды біздер неге қайталауға, санамызға сіңіруге тиіспіз?

С. МӘЖІНБЕКОВ: – Еліміз егемендігін алған тұста көптеген қазақ жастары бірқатар араб елдерінде діни ілім алу үшін көптеп тәуекелге барып жатты. Олардың біразынан «шынайы дін бар ма екен онда?» деп сұрағанымда, діни ілімді емес, діни саясатты үйреніп келгенін ашық айтып жатты. Түпкі түйінін айтқанда, дінге саясат етене араласып кеткен.
Тарихи тұрғыдан зерделейтін болсақ, адамзат баласы қақтығыстарды қарусыз, саяси жолмен шешуде біраз тәжірибе жинақтағаны байқалады. Мәселен, әлі күнге дейін Үндістан мен Пәкістан арасында бітіспес діни тұрғыдан шайқас жүруде. Яғни, ағылшындардың саясаты нәтижесінде рухани тұрғыдан әлсіреген екі ел арасы діни алауыздықтарға баруда.

СҰРАҚ: – Ел тұрғындарына дұрыс ақпарат беруде олқы түсіп тұрған жағдайымыз бар ма?

С. МӘЖІНБЕКОВ: – «Шай үстінде» деген сөз бар қой қазақта. Кейде шай ішіп отырып, саясат тақырыбын қозғаған кейбір қандастарымыз естіп-білген жаңалықтарымен бөліскенде, кейде зәреңді алады.Қарап отырсаңыз, олардың «біліп айтқан» жаңалықтары көбіне ресейлік телеарналардан берілген мәліметтер екені аңғарылып тұрады. Соған сәйкес, қандай да бір шиеленісті оқиғаларды әңгімелегенде орыстардың тарапын қолдап сөйлеп жатады.Тіпті, бір Ресей мен Украина азаматы ерегісіп қалды десе, орыстыкі жөн ғой деп бас шұлғиды. Яғни, тұрақты түрде Ресейдің телеарнасын көргендіктен, миына саясат әбден сіңіп кеткен.
Яғни, былайғы өмірде адамдар нені естіп, нені көрсе, сол ақпаратты миына сіңіріп алады. Осыған орай, өзінің ой-пікірі, бағыт-бағдары айқындалады. Қазақтың мақалы бар ғой «ұлды ұл етіп тәрбиелесең ұл болады, құл етіп тәрбиелесең құл болады» деген. Сол себептен де, рухани әлсіздігінен өзге ағымның жетегінде кеткендерді мен құл деп санаймын.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген жақсы тәмсіл бар ғой қазақта. Жалпы көпшіліктің сана-түйсігін қалыптастыруда теледидардың өзіндік әсері жоғары екенін байқауымызға болады. Тәуелсіздік жылдарында Өзбекстанның киномотографиясы жақсы кинолар түсіре бастаған еді. Баршамыз тамсанып, өзбек фильмдерін беріліп отырып көрдік. Ол кезеңдерде қазақтың өз ұлттық болмысын бейнелейтін көркем туындылар аз болды. Бала кезімізде біз де «Үш ноян» фильмін көріп алып, бәріміз де Дартаньяндай болуға талпынушы едік. Ескі шапан мен басымызға киер телпекті тауып алып, күн ұзағына шайқас жүргізетінбіз. Біздің ойымызда батыл да ержүрек болып өссек деген арман-мұрат қалыптасты. Ал қазіргі кезде ше? Балаларымыз нені көріп, тамашалап жүр? Заман талабына сай лайықты туындыларды көрсете алып жүрміз бе? Кейбір отандық телеарналардан байқап қарап отырсаңыз, шетелдерден алынған фильмдерінде католик дінін насихаттайтын элементтер толып жүр. Оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Тікелей аудармасын жасап, балалардың назарына ұсынып-ақ жатырмыз. Елеусіз ғана көрінетін осындай дүниелерден соң, балалар қандай ой түйіп, қай бағытта қалыптасады? Сол себептен де, меніңше, осынау жауапты БАҚ, идеология саласында өз ісінің мамандары жұмыс жүргізгені жөн секілді.

СҰРАҚ: – Бүгінгі өркениетті қоғамда кейінгі буын өкілдері әсіресе, қалаған қажеттілігі мен ақпараттарды әлеуметтік желілерден алатыны даусыз. Осы ретте, әлеуметтік желілерде жарияланған ақпараттар қаншалықты бақылауға алынып отыр?

Ұ. ӘЛИАКБАРҰЛЫ: – ОҚО «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі тарапынан жүйелі түрде тиісті жұмыстар атқарылуда. Негізгі мақсат – ғаламторда жарияланған мәліметтерге жүйелі түрде мониторинг жасау. Әр күн сайын мамандарымыз 16 сағат бойы телеарналар мен БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттарды ұдайы бақылауында ұстап отырады.
Бұл жерде айта кететін жайт, Ақтөбе оқиғасы ел аумағында бірінші рет орын алып отырған жоқ. Дінді бетперде етіп алғандар бұған дейін де бой көрсетіп келді. Жалпы, діни ағым мүшелерінің өз ортасынан көргісі келетін 4 адамы бар. Ең алдымен, қалталы азаматтар. Дегенмен, бұл шылауға иленген бірінші топ адамдары некен-саяқ қана. Екіншісі – әскерилер болса, үшіншісі – жақсы сөйлей білетін, көпшілікті аузына қарата білетін адамдарды жағалайды. Ал төртінші топқа жұмсауға қажетті адамдарды жатқызады. Бұл бағытта ұдайы көздеген адамдарын алдап-арбауға тырысады.
Ұлттық салт-дәстүрді ұстанып, шелпегін пісіріп, ұл-қызына діни сауат беріп отырса, қай қазақтың жанұясы жапа шеккендей еді. Қазіргі таңда, орта ғасырлар заманындай бір ел бір елді күшпен жаулап ала алмайды. Дегенмен, өзге елге үстемдігін жүргізу үшін бірқатар елдер түрлі айла-шарғыға баруда. Мәселен, елді рухани азғындатудың негізгі тетігінің бірі – алкоголь, наркотик, зорлық-зомбылықты насихаттау. Осы бағыттағы ел аумағында 19 діни ағымға қызметін жалғастыруға ресми тыйым салынған. Енді салафизм ағымын құрықтау мәселесі де күн тәртібінде тұр. Меніңше, рухани азғындаудың алдын алуда бір ғана жол бар, ол – ең алдымен, ұлттық идеологиямен сусындау, ұлтжандылықты қалыптастыру.

С. МӘЖІНБЕКОВ: – Кеңес одағы кезінде мынадай эксперимент жасалды. Жазасын өтеушілер арасында өзгеге әмірін жүргізуді қалайтын кіл мықтыларды сұрыптап, бір түзеу мекемесіне жинақтады. Заңды қатайтып, орта санаттағы қылмыстардың барлығын жоғары санатқа жатқызды. Дегенмен, бұл тәжірибе нәтижесін бермеген соң, 8 айдан соң тоқтатылды. Себебі, мықтылардың ішінен әлсіздер әлсіз топтан мықтылар көбейіп шықты. Бұған дейін орта қылмыс санатында болған әйел зорлаған адамдар үшін тағайындалған жаза қатайған соң, енді оны өлтіріп кете салатындардың қатары артты. Салдарынан, қылмыс көлемі 20 пайызға артып кетті. Сол секілді, Өзбекстан елі салафизмге тыйым салып еді, «Мұсылман бауырлар» ұйымы дегені шықты. Ұйым мүшелерінің ұғымында бірнеше әйел алып, көп балалы болу сүннет саналады. Жауапқа тартылған әрбір ұйым мүшесінің артында боздаған бірнеше әйелі мен 20 баласы тентіреп қалады. Осыдан келіп, әлеуметтік шиеленіс тіпті үдеп кетті.
Алғашында «дайштер» дедік, «әл-каида» дедік, мұнан кейін «ислам содырлары» бой көрсетті. Олардың бірінің қызметіне тыйым салғанымен, ертеңгі күні түрін өзгертеді де өзге бірі шығады. Біздің қолымыздан келері, гректің ойшылдары айтқандай, сөзімізден кемі 3 адам дұрыс ой түйіп жатса, миссиямыздың орындалғаны сол болмақ.

СҰРАҚ: – Шымкент қаласы тұрғындарының қауіпсіздігі қаншалықты деңгейде?

С. МӘЖІНБЕКОВ: – Шымкентті айтсақ сын айтуға құмармыз ғой. Дегенмен, Шымкентте ұлттық сана, салт-дәстүрді ұстану жоғары деңгейде қалыптасқан. Алғашқы кезде мұнда қызметін бастаған діни ағым өкілдері ісі нәтиже бермеген соң елдің батысына ойысып кетті. Оңтүстік – нағыз қазақы тәрбиенің ордасы. Біз өзіміз ұлттық санамен тәрбиеленгенбіз. Соңында айтарым, бірлесе жұмылғанда ғана сыртқы күштерге тойтарыс бере аламыз. Ата-аналар өз перзенттеріне дұрыс тәрбие берсе, қауіпсіздікті сақтауда жүйелі жұмыс атқарылса, Ұлыстың ұйытқысы атанған өңірдегі қоғамдық ахуал тұрақты болып қала бермек.

З. ЮСУПОВ: – Біздің ауылға бірде Александр Александрович деген азамат көшіп келген еді. Алғашқыда томаға-тұйықтық танытып, өзгелерден бойын аулақ ұстап жүрді. Қазақтың жиыны таусылған ба? Бірте-бірте ауызашар жиындарына, өзге де басқосуларға қатысып жүріп, көпшілікпен етене араласып кетті. Сол әлі күнге дейін айтып жүр: «Оңтүстікте өмір сүру әлдеқайда ыңғайлы» деп. Тіпті, жергілікті адамдармен араласа жүріп, мінезіндегі жұмсақтықты, бауырмашылықты, көпшілдікті қалыптастырғанын жасырмайды. Елбасымыз «Терроризмге, экстремизмге қарсы әрбір адам күресуі тиіс» деп мәлімдегені белгілі. Сол себепті, сыртқы күштермен қоғам болып күресу міндеті тұр. Осы мақсат аясында топтасып, ұйымдаса жұмыс істейтін сәт туды. Елімізде барлық мәселе заң аясында шешіледі. Егер қандай да бір адам күдік тудырса, құқық қорғау органы өкілдеріне хабарласыңыздар. Әрбір адам өзінің қауіпсіздігін сақтауға, тыныш өмір сүруге құқы бар.

– Бүгінгі жиынымызда келелі әңгімелер қозғалып, қоғамдағы түйткілдердің шығу себебі мен алдын алу бағытында лайықты пікірлер мен сын-ұсыныстар толық айтылды. Оқырман қауым үшін мұндай ойталқы сұхбаттарымыз алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Әңгімелеріңізге рахмет!

Жазып алғандар:
Тағабай ҚАСЫМ,
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Опубликовано в Қоғам

Ақтөбеде болған террорлық әрекет кім-кімді де ойландыруы тиіс. Елбасының өзі содырларды қатаң жазалау қажет екендігін мәлімдеді. Бұл ретте теолог мамандарға жүктелер міндет ауырлай түсті. Жұмысты одан әрі жандандыру керектігін ұғынып отырмыз. ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Нұржан Тұрсынбай әлі де болса ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту керек дейді. 
Рас, содырлар Құдай алдында да, заң алдында да үлкен күнәлі іс жасады. Діннің көздейтіні бүлік емес – бейбітшілік. Ендігі ретте бірлесе жұмылған іс қана нәтиже бермек. Біздің өңірде теріс ағымдармен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Ақтөбедегі жағдайдан қандай қорытынды шығару керек? Осы және өзге де сұрақтарды теолог маман Нұржан Арыстанбекұлына қойған едік.

IMG 0581– Нұржан Арыстанбекұлы, еліміздің батыс өңірінде болған ахуал қоғамды дүр сілкіндірді. Біз қай тұстан қателік жіберіп алдық? Енді қолға алар істің басы қандай болуы тиіс?

– Теолог маман ретінде содырлардың ісін қатты айыптаймын. Рас, бұл жағдай қоғамға үлкен ауыртпалық әкелді. Мұны адамның жаратылысына қарсы келер қатігездік дер едім. Мұндай жамандық жасауға ешкімнің де дәті бара қоймас. Ислам діні адамзат баласы ғана емес, жәндіктерге, жануарларға жамандық жасамауға үндейді. Адамның қанын төгу деген өте үлкен айып. Қандай жағдай болса да, мен оларды дінге қатысы бар немесе діннің атын жамылған деп айта алмаймын. Бұларды нағыз қатігез, адамзат баласы ішіндегі ең залым, заңның алдында да, Алланың алдында да өте үлкен күнәлі азаматтар деп есептейміз. Бәрі де қатаң жазалануы тиіс.
Бұл – үлкен мәселе. Бір адамның өмірін сақтау дінімізде бүкіл адамзатты сақтап қалғанмен бірдей. Олар неге мұндай қатігездікке барды? Бәлкім, бұлардың санасын біреулер улап отырған болар? Демек бізге алдағы жұмыстарымызды жүйелі түрде іске асыру міндеті тұр. Сол бауырларға дұрыс ақпарат жеткенде мұндай жағдай болмас еді. Біз де мойындауымыз керек, сол бауырларға тиісті деңгейде ақпарат жеткізе алмадық. Олар ғаламторға шығып, неше түрлі діннің атын жамылған ағымдарға сеніп, күнәлі іске барды.
Бұл мәселеде күнделікті ақпараттың, жарнаманың алар үлесі зор. Мәселен, үйде күнделікті жарнаманы көрсете берсең, оны екі-үш жасар баланың өзі жаттап алады. Мәселен, біз ауыл-ауылдарға жылына бір немесе екі рет барамыз. Жылына екі рет барып уағыз айтқан мен күн сайын, минут сайын ақпарат беріп тұрғанның айырмасы қаншалықты екенін ойлай беріңіз. Демек, әр уақытта дұрыс ақпаратты беріп отыруымыз керек. Жалықтырып алмау жағын да назарға алған жөн.

– Статистика көрсеткендей, біздің өңірде 1300-ге жуық азамат теріс бағыттың жетегінде жүр екен. Былтыр 205 азамат дәстүрлі дінге қайтқаны да мәлім. Биылғы жұмыстың барысымен таныстырып өтсеңіз...

– Әрине, бізде ешқандай мәселе жоқ деуден аулақпыз. Жүйелі жолға қойылған жұмыстарымыз баршылық. Мәселен, біз теріс көзқараста жүрген адамдардың тізімін жасадық. Аты-жөні қолымызда. Олардың мекен-жайларын, қайда жұмыс істейтінін де білеміз. Мәселен, біз былтыр олардың әрбірінің де үйлеріне барып, жеке-жеке кездесіп қайттық. Барынша мемлекеттің саясаты дұрыс екенін жеткізіп келеміз. Ғаламтордың қаншалықты қауіпті екенін, жиһад деген ұғымның мән-маңызын түсіндірдік.
Біз мамандармен талдай келе ондай ағымда жүрген азаматтарды мынадай үш санатқа бөлдік. Біріншісі – радикалды көзқарастағылар. Шетелдерде, бейресми оқу орындарында оқып, санасы әбден уланған, өзінше радикалды көзқарас қалыптастырып, еліміздегі бағыттарды дұрыс емес деп кесіп айтатындар. Олармен жұмыс істеу өте қиын. Бірақ біз насихатымызды үзбейміз. Үш-төрт рет кездесіп ғана қоймай, соңына дейін жеткізуге тырысамыз. Егер еш нәтиже шықпаса, олардың тізімін арнайы құқық қорғау органы өкілдеріне жібереміз. Әрі қарай жағдайды солар бақылайды.
Екінші санаттағылар – біріншілердің қатарында жүріп, кітаптарын ақтарып, қызығып жүргендер. Бұлармен жұмыс жасау сәл оңайлау. Неге? Өйткені, оларды райынан қайтаруға мүмкіндік бар. Өздері ыңғай танытып, кейде өзімізден дұрыс мәлімет сұрап жатады. Демек, оларға керегі – қолжетімді ақпарат.
Соңғы үшінші санаттағылар – екінші санаттағыларды тыңдап, солардың қасында жүргендер. Бұлардың өзі екінші санатқа жақын. Оларды дұрыс бағытқа бұру үшін олармен түсіндіру жұмыстарын үзбеу қажет.
Егер біз бұларды санатқа бөлмесек, ұдайы насихат жүргізбесек, екінші санатта жүрген адам біршама уақыттан кейін біріншісіне өтеді. Білімі күшейе түседі. Одан кейін он рет кездессең де оларды радикалды көзқарасынан қайтару қиындамақ.
Бізге енді болған жағдайдан қорытынды шығару ғана қалып тұр. Жалпы, кез келген адамның дінге деген қызығушылығы болады. Мәселен, мектепті бітірген жасөскінді шақырып алып, қандай бағытта уағыз айтсаңыз, ол қызығып тыңдай береді. Жас бала да энергия бар. Алға қарай ұмтылып тұр. Зерттеулер бойынша, теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар – негізінен жастар. Екіншісі, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар, үшіншісі – қалталылар.
Ақтөбеде лаң салғандардың дінге қатысы бар деп айтылып жатыр ғой. Бірақ мен оларды саясиланған бағытқа кеткендер деп есептеймін. Дұрыс дін болса, мұндай іске барар ма еді? Оның үстіне Қасиетті Рамазан айында бұзақы істерін іске асыруы да күмәнді жағдай. Адамдардың бәрі жақсылыққа дайындалып жатқан кезде олар бейбіт тұрғындарды опат қылды. Міне, мұның өзі дінге қатысы жоқ адамдар екенін көрсетпей ме?!

– Кейбір азаматтар әлеуметтік желілерден келер қауіп мол екендігін айтып жатыр. Ғаламтор әлемін, әлеуметтік желілерді жауып тастаумен мәселені шешуге бола ма?

– Бізде талдау және мониторинг деген бөлім бар. Онда арнайы мамандар бүкіл сайттарға шолу жасайды. Біз мысалы алты айдың өзінде 371 сайтқа мониторинг жасадық. Қайсысы дұрыс емес, қайсысы дұрыс деген мәліметтерді тізіп, оның ішінде қауіпті дегендерін тиісті органдарға жібердік. Біздің оларды жауып тастайтын құзіретіміз жоқ. Өйткені, ғаламтор ашық дүние. Күмәнді азаматтардың аккаунтын өшіріп тастағанмен, оны қайтадан атын өзгертіп, ашып алуға мүмкіндігі бар. Қазір олар небір қулыққа көшкен. Біз оларды жауып тастасақ, басқа атпен кіріп алады. Дегенмен, әлеуметтік желілерді жабу еш қимылсыз отырғаннан жақсы. Басқа сайт ашса, оның да лезде жауып тастай берсек, түбінде бір нәтиже шығады.
Рас, ақпараттық жұмыстарды күшейтуде теологтарға, имамдардың жауапкершілігі артқалы тұр. Қазір ақпараттық технологияның ғасыры. Дамыған кезеңде ғаламторды меңгерген азаматтар қызметке тартылуы тиіс. Имамдардың өздері кез келген адаммен сөйлесе алатындай, жауап бере алатындай білімді болуы керек. Оларға ой салатын, жастарға үлгі болатындай имам дайындау – уақыт талабы.

– Ендігі атқарылатын жұмыстың бағытымен таныстырып өтсеңіз.

– Біздің бөлімнің мамандары имамдармен бірлесе өткен жылы жеті мың кездесу ұйымдастырды. Қызметкеріміздің жалпы саны бар-жоғы 17 ғана десек, бұл аз жетістік емес. Мен өзім де демалыс күндері «Қырғы базар», «Тұлпар» базарына барып, азаматтармен кездесіп қайтамын. Әдейі жұмыс орындарына барып, әрқайсысымен бір сағат, екі сағат әңгімелесемін.
Бір айта кетерлігі, бізде психологиялық қысымға ұшыраған, отбасылық мәселелері бар азаматтар үшін оңалту орталығы жұмыс істейді. Оларға арнайы кабинет, жатын орын да қарастырылған. Теологтар, психологтарымыз қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Одан кейін ата-анасын шақырып, өмірге деген көзқарасын бейімдейміз.
Бір ай бұрын мекемеміздің атауы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» деп өзгергенін айта кетейін. Дін істері басқармасы өз алдына бөлек қайта құрылғанын білесіздер. Енді бізге тек дін мәселелерін зерттеумен шұғылданамыз. Алдағы уақытта жұмыс та көбеймек. Басты мәселе – ақпараттық насихатты күшейту.
Ақпараттық-насихаттық жұмыстардың бірқатарын айта кетсем, бүгінге дейін 28 мың дана ақпараттық кітапша, бес мың плакат әзірледік. Статистикамен қарайтын болсақ, бұл біздің өңір үшін тым аз. Облыста 570 мың отбасы бар екен. Отыз мың кітабымыз оның он пайызына да жетпейді. Әр ауданға он мыңнан таратсақ, жүз елу мың кітап керек екен. Ақпарат халыққа қолжетімді болып ғана қоймай, оны оқытып, тоқыту да өзекті мәселе.

– 17 маман дейсіз, ол әлі де аздық ететін шығар...

– Әрине, үш жарым миллион халық үшін ол аздық етеді. Сөйте тұра біз нәтижелі жұмыс атқарып келеміз. Жылдан-жылға теріс көзқараста жүргендердің азайғанын мен мынадан да байқап жүрмін. Мәселен, былтырғы Рамазанда тарауих намазында сегіз ракаттан кейін адамдар кетіп қалатын. Биыл өзгеріс бар. Көпшілігі соңына дейін оқитыны қуантып отыр. Міне, нәтиже бар деген сөз.

– Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Қол жеткізген басты жетістіктеріміз қандай?

– Ең әуелі айтарым, ел жастары бейбіт күннің қадірін білуі керек. Мемлекет оларға барлық жағдайды жасап отыр. Оқимын десе де, қызмет етуге немесе кәсіппен шұғылданамын десе де өз еркі. Неге осындай мүмкіндікті пайдаланбасқа?!
Отан – бізге аманат. Туған жерді ешқандай соғыссыз келешек ұрпаққа қалдыру үшін оған махаббатпен, құрметпен қарау керексің. Ағашын отырғызып, көркеюіне үлес қос! Отбасыңдағы балаларға жақсы жолды үйретсең, аманатыңа адал болғаның. Сонда ғана дінімізге, ділімізге адал болар едік. Отаныңа деген адалдық арқылы иманың да күшейер еді.
Бас мүфти 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» деп бекерден бекер жариялаған жоқ. Елбасы «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деді. Қазақ мәдениетті, парасатты, еңбексүйгіш халық. Осындай мәдениетті тарих бетінде қалдырды. ҚМДБ-ның көтеріп отырғаны да осы. Тарихымыздың барлық кезеңі сол дінмен байланысты ғой. Ендеше, тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтаймын десек, аманатқа қиянат жасамайық.
Ол Батыс, мен Оңтүстік деп қарап отыратын кез емес қазір. Сондықтан, көпшілікке айтар ұсынысым: бірлесе жұмыс атқарайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Опубликовано в Сұхбат
Страница 1 из 2