Среда, 25 Апрель 2018 05:24

Шетелден келген шер

немесе қызанақ күйесі Оңтүстік шаруаларына қауіп төндіруде

Биыл Оңтүстік шаруаларында маза жоқ. Өңірдегі бірқатар егіс алқаптары мен жылыжайларда Америкалық қызанақ күйесі анықталып, жылдағы аста-төк қызанаққа қол жетпеді. Соның салдарынан базардағы баға да көз қуантарлықтай емес. Төмен бағада сатылатын базарлардың өзінде былтырғы жылмен салыстырғанда 50-100 теңгеге қымбат (1 кг 400-500 тг). Оның үстіне тісің тисе порт жарылып, тілі дәм үйіретін сулы қызанақ та жоқтың қасы. Саудагерлердің айтуынша "Шымкенттікі деп" арзан сатылып жатқан қызанақтар Қытайдан алып келінетін көрінеді. Ал Өзбекстаннан әкелінетіндер 750 теңгеге дейін қымбаттаған.


minirujushhie-moli-animalereader

Оңтүстік өңірі диханшылыққа қолайлы аймақ. Шаруаға бейім жұрт жер жыртып, егін еккенді, жеміс-жидек теріп, көкөніс өсіргенді құп көреді. Дегенмен, соңғы жылдары күнгейліктердің негізгі табыс көзі саналатын қызанаққа күйе көбелегі түсіп, шаруаларды әуре сарсаңға салуда. Зиянкес қараусыз қалған бірнеше гектар көкөністі 1-2 апта ішінде жарамсыз етуге қауқарлы. Мамандар күйе көбелегімен химиялық немесе биологиялық тәсілмен ғана емес, кешенді түрде де күресу керектігін айтуда.

shymkala-32-8– Елімізде зиянкестермен күресу үшін жаңа препараттар шығарылып жатыр. Қазіргі таңда тіркеуден өтуде. Соның ішінде кораген, спенозад, дельтаметрина деген дәрілер жиі қолданылады. Алайда бұл дәрілердің бағалары қымбат. Сол үшін фермерлер тексерілмеген препараттарды қолданады. Ал ол препараттар уақытша ғана әсер беруі мүмкін. Оған зиянкестер тез үйреніп алады. Сөйтіп дәрілердің күші білінбей қалады, – дейді Қазақ картоп және көкөніс ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Серік Жантасов. 

Кәсіпкерлер еккен қызанақтар бәсекеге қабілетті және бағасы төмен болуы үшін түрлі дәрі-дәрмектерді пайдаланатыны белгілі. Ал ол көкөніске айтарлықтай зиянын тигізеді. Ғалымдар дәрілерді пайдалану тәртібі мен мөлшері бар екенін айтуда. Мәселен, 30 күнде бір рет шашылатын жерге, аптасына шашатын болса айтарлықтай зиян келтіреді. Дәрі өнімнің ішінде қалып қояды. 

novy-skudce-rajcat-makadlovkatuta-absoluta-7

Ондай жағдайларды болдырмау үшін зиянкестерді агротехникалық жолмен де залалсыздандыру керек. Ол үшін зиян тиген өсімдік қалдықтарын жерге тастамай, топырақты терең қопсытып жырту, алқа тұқымдас арамшөптерді жою, жылыжайда екі есік орнату, жарық ұстағыштарды пайдалану, жерді құнарландырып отыру тиіс. 

Жалпы қызанақ күйесі Оңтүстік Америкада пайда болған. 2006 жылы Испанияда байқалып, Еуропаға тараған. Ал елімізде алғаш рет 2015 жылы ОҚО, Сарыағаш қаласындағы Біртілек ауылында анықталды. Қанаты шашақты, түсі қара-сұр көбелек көкөністің жапырақтары мен сабақтарын жеп, өнімді тесіп тастайды. Қызанақпен қатар тәтті бұрыш, картоп, баялды және декоративті өсімдіктерді де 100 пайызға дейін жарамсыз етеді. Жарық жылыжайда 24-30 күн өмір сүрсе, ашық жерде 30-40 күнге дейін өсіп дамиды. Бір жылда 10 ұрпақ жібереді. Әр көбелек 300 жұмыртқа салады. 

shymkala-32-6– 2008 жылдан бастап жылыжайда қияр мен қызанақ егумен айналысамыз. Аумағы 1 гектар 10 соттық. Ал қызанақ күйесімен күрес 2015 жылы басталды. Жыл аяғына қарай күшейді. 1 жылдан соң онымен қалай күресу керектігін үйрендік. Қазір бізде зиянкестерге арналған қақпандар бар. Соларды қойып ұстаймыз. Терамондар бар. Оларды ұстап мониторинг жасаймыз. Кейін оларды кораген, авант деген дәрілермен өңдейміз. Дәрілерді уақылы қолданса, онымен күресу оңай болады. Ең бастысы егістіктегі зиянкестерді көзден жіберіп алмау керек. Профилактикалық жұмыстар жүргізіп отыру қажет, – дейді кәсіпкер Мұхамедәли Артурходжаев. 

Аталған зиянкес түп-тамырымен жойылмайды. Өйткені, ол Оңтүстік Америкадан келген. Сондықтан бұл жерлерде зиянкестермен табиғи түрде күресетін, оған қарсы шығатын жауы жоқ. Онымен күресу үшін Оңтүстік Америкадағы табиғи жауларын тауып, осы өлкеге алып келу керек. 

Sнntomas del ataque de Tuta absoluta en fruto

Қызанақ күйесі өнімнің көшетінен және қорабынан жұғады. Қазіргі таңда әлемнің барлық жеріне тарап үлгерген. Тек АҚШ пен Қытайда мүлде жоқ. Ал Қазақстанға көрші Өзбекстаннан келіпті. Әзірге еліміздің Оңтүстік өңірінде ғана кездеседі. Шымкентте сәуір айынан бері 13 жылыжай тексеріліп, оның 6-да зиянкес анықталған. Егер залалсыздандыру жұмыстарын тезірек қолға алмаса, оңтүстіктен бүкіл аймаққа тарайды. Мамандар қызанақ күйесінің зардабы айтарлықтай қауіпті болғандықтан, өнімнің бағасына да әсер ететінін алға тартып отыр.

shymkala-32-7– Зиянкестермен күресу үшін авант, матч, кораген, децис деген арнайы дәрілер ұсынылып отыр. Кәсіпкер немесе диханшы әкелінген көшеттерге тексеру жүргізуі керек. Бұл тегін жүргізіледі. Әрбір көшеттің құжаттары бар-жоғын қадағалып, залалсыз екеніне көз жеткізу тиіс. Күмәнданған жағдай болса 55-11-74 нөміріне хабарласып, алдын алу жұмыстары, күресу жолдары жөнінде және тағы басқа кеңестер алуға болады, – дейді Шымкент қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы Күлзира Қожымбетова. 

Осы орайда, белгіленген мерзімде залалсыздандыру жұмысын жүргізбеген шаруалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айта кеткен жөн. Қазіргі таңда аталған зиянкестермен күресу үшін министрлік тарапынан арнайы бағдарлама дайындалып жатыр. Бағдарлама сәтті жүзеге асатын болса, кәсіпкерлер дәрі-дәрмекті жеңілдікпен алу мүмкіндігіне ие болады. Міне сонда Оңтүстікте қызанақ бағасы арзандап, сапалы өнімге қол жеткізіп қалармыз.

Опубликовано в Әлеумет

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында жаhандық талаптарды ескере отырып, ел экономикасын цифрлық технологиялар негізінде дамытып, жаңа индустрияны қалыптастыруды тапсырды.

tilektes estemirov

Осы мақсатта жақында өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттырудың төрт бағыты анықталды. Осы төрт бағытты тиімді іске асырудың басты қадамдарын белгілеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Аграрлық саланың негізгі төрт даму бағыты: 

- нүктелі жер өңдеу немесе дәлме-дәл егіншілік. Ауылшаруашылық алқаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар және датчиктер, ғарыш мониторингі және т.б. деректерді пайдалана отырып, агроқұрылымдарда заманауи нақты технологияларды енгізудің экономикалық моделін әзірлеу; университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды әзірлейтін, цифрландырумен айналысатын әлемдік компаниялармен бірлесе отырып, пилоттық шаруашылық иелерін, яғни фермерлерді оқыту;

- ауылшаруашылық техникасын жедел жаңарту. Тиімсіз субсидияларды төмендету негізінде биылғы жылы оның көлемін 20 млрд. теңгеге дейін арттыру. Егер жыл сайын қолдау шараларының көлемі өсетін болса, үш жыл ішінде жалпы инвестиция көлемі 240 млрд. теңгеге жетіп, жыл сайынғы ауылшаруашылық техникасының жаңару қарқыны 6% жететін болады;

- мал шаруашылығын дамыту, атап айтқанда мал басының 57-60% үй шаруашылықтарында шоғырланғандықтан, мал шаруашылығында өндірілген өнімнің 72%-ы да осы жерде өндіріледі. Сондықтан, ұсақ фермерлердің ірі бордақылау алаңдары бар шаруашылықтармен кооперациясын ынталандыру арқылы мал өнімінің сапасы мен тауарлық көрсеткіштерін жақсартып, ет экспортының көлемін арттыру;

- суғармалы жерлерді үдемелі игеру. Қазіргі таңда суғармалы жерлердің көлемдері 2.5 млн. га-дан 1.1 млн. га-ға қысқарды. Бұл жерлерді шартты түрде алқапқа айналдыратын болсақ, 7-8 млн гектар жер айналымынан шыққанын көрсетеді. Ал егер де ең кем дегенде 1 га суғармалы жерден 15 ц өнім (астық) алатын болсақ, жыл сайын 1 млн. тоннадан астам астық алынбайды деген сөз. Сондықтан, 65 мың гектар жерге су беруді қайта қалпына келтіруге бағытталған шараларды жүзеге асыру жоспарланған. 

Өткен жылдың желтоқсан айында елімізде «Цифрлы Қазахстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оны іске асуруға мемлекет бюджетінен 384,2 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта, ел экономикасының құрамдас бөлігі – аграрлық саланы жандандыру мақсатында, аталған бағдарламаны негізге ала отырып, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында көптеген ауқымды іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. 

Біз ауылшаруашылық саласын «Ақылды технологиялар» арқылы дамытпай, үлкен көрсеткіштерге жете алмаймыз. Бүгінгі заманның фермерлері өздері өндірген өнімнің нарықта бәсекеге қабілетті болуы, оның қаншалықты сұранысқа ие болатыны туралы дұрыс болжам жасай білуі – ақылды технологияларды игеру арқылы іске асырылады. Мысалы, дамыған елдерде цифрлық жүйелерді кеңінен қолдану арқылы өздерінің экономикалық өсімін 80-85% дейін арттырып отыр. IТ-технологияны өндіріске енгізу – шығындарды 20% азайтады екен. Қазіргі кезде қазақстандық фермерлер GPS-жүйелері, мобильді қосымшалар, жоғары технологиялық датчиктер, алгоритмдер, спутниктік бақылау сияқты цифрлық технологияларды кеңінен қолданысқа енгізуі қажет. Заманауи сандық технологиялар фермерлерге әр елдегі озық жұмыс әдістерін үйренуге, өндірістің бірыңғай стандарттарын қадағалауға қолайлы жағдай туғызады. Ол үшін заманауи талап пен мақсаттарға сай келетіндей үздіксіз білім беру жүйесі болуы керек. Осы мақсатта біздің университет жанында жаңа білімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін ашық курстар, мектептер, тұрақты семинарлар өтетін Агробизнестің жоғары мектебі және Фермерлердің жоғары мектебі жұмыс істейді. 

Бүгінде университет базасында агроөнеркәсіптік кешенінде цифрлық технологияны дамыту мақсатында үлкен «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрлендіру орталығы» іске қосылған. Орталықтың мақсатты – әкімшіліктерге, ауылдық кәсіпкерлерге онлайн режимде консалтингтік қызмет көрсету, облыстық, аудандық білім басқарма қызметкерлеріне, мектеп директорларына, ата-аналарға, оқу бітіруші-түлектерге білім беру бағдарламалары туралы ақпарат ұсыну негізінде кәсіби бағдарлануға көмектесу; студент, магистрант, докторант және ғалымдарға ауыл шаруашылығы саласының жағдайы туралы қажетті талдау материалдарын орналастыру; цифрлық технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды тартуға, идеялар мен жаңа технологияларды енгізуге, озық инновациялық тәжірибелермен алмасуға бағытталған көпфункционалды платформаға айналу. 

87 жылдық терең тарихы бар оқу орнымыз 2001 жылдан бері ұлттық статусқа ие. 2010 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында алғашқылардың бірі болып ұлттық зерттеу университетіне транформациялану үстінде. 2015 жылы университет базасында Халықаралық Агротехнологиялық хаб құрылған болатын. Оның құрамына университет жанындағы Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Су, Тағам қауіпсіздігі, Қазақстан-Белорус агроинженерлік инновациялық орталықтары кіреді. Агротехнологиялық Хабтың қызметі агроөндіріс кешеніне инновациялық технологияларды, стартап-жобалдарды, идеяларды тартуға, оларды өндіріске енгізуге, сондай-ақ мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тетіктерін іске асырып, университеттің өзін-өзі қаржыландыруын және дербестігін қамтамасыз етуге арналған. Сол арқылы жалпы республиканың ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын болады. 

Қазіргі уақытта біз студенттеріміздің, магистрантранттар мен PhD докторантарымыздың өндіріс орындарында тәжірибеден өту мәселесіне баса назар аударып, бүгінгі күні оқу жоспары мен академиялық күнтізбені қайта қарап, білім алушының өндірістік тәжірибеден өту мерзімін 7 айға дейін ұзарттық. Бұл жерде айтатын бір мәселе, университетте білім алушылар 2-курстан бастап агробизнесті ұйымдастыру пәні бойынша өздері шыққан өңірлердегі шаруашылықтарда тәжірибеден өтіп, бизнес-жоспарларын жасау үшін, нақты мәліметтер жинап, дайын жобаларын комиссия алдында қорғайды. 

Университетіміздің діңгегі саналатын Агротехнологиялық хаб қызметі аясында бүгінде Корнель университетімен «Жергілікті алманың перспективті сорттарының гендік қорын зерттеу», Колумбияның NASA университетімен, АҚШ-тың Мичиган штаты университетімен «Климаттық модельдеу арқылы дәнді дақылдардың өнімділігін жоспарлау», Малайзияның Путра университеті мамандарымен «Халал өнімдер өндірісі технологиясы», Финдляндия ғалымдарымен «Тағам қауіпсіздігі және ветеринария» мәселелері бойынша бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, Америка, Қытай, Ресей ғалымдарымен бірге «Зиянкестер мен сортаңдарды алдын ала анықтау» бойынша, «Геоскан» мен NASA ғалымдарымен «Агроөнеркәсіп кешеніндегі тәуекелдердің ортақ жүйесін құру» жобалары жүзеге асуда.

Соңғы есеп бойынша ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы негізінен ғалым-агрономдар, ветеринар дәрігерлер, зооинженерлер, ауылшаруашылық өндірістің инженер-механиктері, ауылшаруашылық өнімін қайта өңдеуші инженер-технологтар, экономистер, бухгалтерлер мамандықтары бойынша сезілуде. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша АӨК субъектілерінің шамамен 80%-ы мамандарға деген қажеттілікті бастан кешіп отыр. 13 мыңнан астам заңды тұлғалар – ауылшаруашылық тауарөндірушілермен, басшылық құрамында қызмет атқаратын мамандардың 12%-ның ғана аграрлық бейінді жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар.

Бүгінгі күнде республика көлемінде іске асырылып жатқан «Дипломмен - ауылға» мемлекеттік бағдарламасына аграрлық саладан тек бір ғана – «Ветеринариялық медицина» мамандығы қосылып келген. Университет басшылығының және еліміздің Ауылшаруашылығы министрлігінің ұсынысымен аталған бағдарламаға аграрлық сала бойынша тағы да қосымша үш мамандықты қосуға биыл ғана қол жеткізілді.

Университет мал және өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу, сақтау сияқты әртүрлі салалар бойынша маманданған алдыңғы қатарлы ірі кәсіпорындармен барлық білім алушы жастардың өндірісте тәжірибе алуына үшжақты келісім-шарттарға отырған. Университеттің бастамасымен Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік дамып келеді. Мысалы, Алматы, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында пилоттық аудандар анықталған. Әрбір аудандағы ірі агроқұрылымдарда, қайта өңдеу кәсіпорындарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында экономикасының аграрлық секторы үшін мамандар дайындаудың барлық бағыттары бойынша пилот алдына дейінгі, пилоталды, пилоттық 3-5 оқу-ғылыми-өндірістік орталықтар ашылды. Барлығы 500 пилоттық шаруашылық бар. Бұл орталықтарда білім алушылар 7 айға дейін мерзімде практиканың барлық түрін өте алады.

Ауылдық жерлерде, әсіресе аграрлық секторда қызмет ететін білікті жас мамандарды тарту мақсатында бірінші кезекте ұсақ шаруашылықтардың кооперацияға бірігуі мен ғылым, білім, өндіріс интеграциясын қарқынды түрде жүргізу қажет. Бұл мәселе жөнінде де Елбасы облыс, аудан көлемінде ғана емес шағын ауылдық жерлерде де «бәсекеге қабілетті, мықты кооперативтер» құру қажеттігін атап өткен болатын.

Ауылға жас мамандардың тартылмауының тағы бір себебі – кейінгі жылдары аграрлық мамандықтарда оқитын қыз балалардың көптігі. Мысалы, біздің университетімізде бакалавриатта білім алатындардың жалпы санына шаққанда 60% – қыздар. Жекелеген мамандықтар бойынша оқитын қыз балалардың үлес салмағы: «Жеміс-көкөніс шаруашылығы» бойынша –88%, «Топырақтану және агрохимия» – 86%, «Өсімдік қорғау және карантин» – 83%, «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» – 77%, «Ветеринариялық санитария» – 70% және «Ветеринариялық медицина» – 61%.

Ер балалардың басым бөлігі 9 сыныптан кейін колледжге түсіп, біраз бөлігі әскер қатарына шақырылып, жоғары білімді кейін игерулеріне тура келеді. Алайда, әскерден келіп, оқуға тапсыратындар басқалармен қатар ҰБТ тапсырып, көп жағдайда төмен баллдық көрсеткішпен оқуға қабылданбай қалып жатады. Сондықтан, әскер қатарынан оралып, аграрлық сала бойынша оқуға тапсыратын талапкерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылуы тиіс деп есептеймін. Мысалы, осы санаттағы талапкерлер қажетті өту балын алған жағдайда оқуға конкурссыз қабылдануы тиіс. Ал, колледж бітірген балалар ақылы оқуға түсем деген жағдайда оларды әңгімелесу арқылы қабылдаған дұрыс. Осы мәселелерді шеше отырып, біз ауылдан келген ер балалардың аграрлық саладағы үлес салмағын арттыруға мүмкіндіктер туғызар едік.

Бүгінде Ұлттық зерттеу университетіне трансформацияланып жатқан оқу орнымыздың 28 кафедрасында 800-дей жоғары білікті оқытушы жұмыс істейді. Соңғы жылдары 200-ге жуық жас ғалым әлемнің озық оқу орындарында тәжірибе жинақтап, оқытушы-профессорлар құрамын толықтырды. Университеттің 6 факультетінде 27 ұлттың 10 мыңға жуық өкілі білім алуда. Жыл сайын магистранттар мен докторанттар QS рейтингіне кіретін шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бойынша тағылымдамадан өтеді.

Біздің университетімізде 90 пайыздан астам ауыл балалары оқиды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей ауылды көркейту бір ғана ынтамен шешілмейді. Осы салада жұмыс істейтін әрбір адамнан ғылым жетістіктерін, оны өндірісте пайдалану тәжірибесін игеруді талап етеді.

Ауылға өзгеріс пен жаңалықты әкелетін – озық білім мен инновациялық ғылым. Біздің мақсатымыз – ауыл-ауылдардан келген жастарымызға тиісті білім беріп қана қоймай, олардың ел мен жердің қасиетін бағалайтын, ауылын қастерлейтін кәсіби білікті, руханияты кемел тұлға ретінде қалыптастыру.

Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық
университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА академигі

Опубликовано в Қоғам

shymkala-15-1

Қазір еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға мән беріліп отыр. Бұл ретте, агросектор саласына тамшылатып суару әдісін енгізудің тиімділігі орасан. Яғни өндірілген өнімнің экологиялық таза болуы, шығынның азаюы, қаржыны үнемдеу, тағы басқа факторлар оңтайлы шешім табады. Өткен жылы Шымкентте тамшылатып суару технологиясы қарқынды енгізілген. Мәселен, 200 гектар жерге бұл технологияны ендіруге тапсырма беріліпті. Бұл міндет 104,4 пайыз артығымен орындалып, 208,7 гектар жер осы әдіспен суландырылуда.Шаруалар бүгінде жаңа технологияны үйреніп, мемлекеттік жәрдемге қол жеткізіп отыр.

 

Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. 

– Егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады. 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын, – деді Елбасы өз Жолдауында. 

Өнімділікті арттыруға мүмкіндік мол. Шаруалар тамшылатып суару технологиясын енгізіп, еңбек өнімділігін арттыра бастаған. Сәйкесінше, экспорттың көлемі де ұлғайып келеді. 

Жалпы, қалада 149 гектар аумақта жылыжай жұмыс істесе, бәрінде тамшылатып суару технологиясы қолданылуда.

 

 

Өнімділікті арттырады

Тамшылатып суару – өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын агрохимиялық заттарды дәл әрі біркелкі жеткізу үшін қолданылатын өндірістік әдіс. Құбырлар топырақ үстімен немесе астымен орналастырылуы мүмкін. Суарудың мұндай түрі тыңайтқышты да, суды да қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл дегеніңіз – суды үнемдеу. Мұнда жылытудан бастап тамшылатып суаруға дейінгі барлық процесс компьютермен бақыланады. 

Жылдан жылға ағынсудың өзін тиімді пайдалануға көңіл бөліне бастағаны мәлім. Сол себепті, бұл әдістің игілігі көп-ақ.

Тамшылатып суарудың бір қасиеті – әрбір егілген дақылдың үстіне тамшылатып қоюында. Суды уақтылы, әрі суды керек кезінде ғана береді.

Өлшеуіш құрал арқылы шарулар кеткен шығынын нақты есептеп отырады. Яғни, қаржыны үнемдейді. Қазіргі күні шаруалар ағынсуға екі есе арзан төлейтіні мәлім болып отыр. 

– Шаруалар жаңа технологияның игіліктеріне көз жеткізгендіктен болар, оған деген қызығушылық артып келеді. Жылыжайдан бөлек, далада егілген дақылдарды да тамшылатып суарады. Бұған дейін даладағы егістікті тамшылатып суаруға мемлекеттен субсидия төленіп келген. Биыл бірқатар өзгерістер болмақ. Наурыз айының ортасында Үкімет қаулысы шығуы тиіс. Сол құжатқа сәйкес, біз елдімекендегі шаруаларға семинар өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз.

Әркім өзінің көрпесіне қарай көсіледі ғой. Қазір қаладағы жылыжайдың көбі Израиль, Нидерланды, Түркия және Испанияның озық технологияларымен жұмыс істейді. Әрқайсысының технологиясын сақтап, дұрыс қолдана білсе, бәрі де тиімді. Дегенмен, бағалары әр түрлі. Жолына, сапалылығына қарайды. Ал даладағы тамшылатып суаруға қымбат технологияның керегі жоқ, – дейді қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай. 

Қалада бұл технологияны енгізу 2013 жылы басталған. Сол кезде әдісті 1 гектарға ғана ендіру жоспарланған. Бірақ шаруалар 14 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолданады. 2014 жылы – 16 гектар, 2015 жылы – 10 гектар, 2016 жылы – 10 гектар, ал 2017 жылы 15 гектарға енгізуге тапсырма берілген. Бұрын жылыжайларды да ағынсумен суаратын. Жаңа технология келісімен диқандар бірден осы жүйеге көшкен. 

Соңғы жылдары өндіріске енгізіліп жүрген шетелдік технологиялардың бәрі автоматтандырылды. Қысы-жазы бір температураны ұстап тұрады. Жаңа технологияны мамандар қаншалықты меңгеруде? Маман-кадрлар жеткілікті ме? Мұны қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Ж. Тоғайдан сұрап білдік. 

– Мамандар жеткілікті. Қазір шетелдік технолгияны жүз пайыз игеріп алды. Оқимын, үйренемін дегендерге Тассайдағы ғылыми-зерттеу институтында курстар ашылған. Мерзімдік семинарлар бар. Тамшылатып суару технологиясын сатушылардың өздері де семинарлар өткізіп жүр. Қазір жергілікті мамандар да үйреніп алды. Дегенмен, үлкен жылыжай, бауларда әліге дейін шетелдік мамандардың қызметіне жүгінетіндер бар, – дейді бөлім басшысының орынбасары.

 

 

IT орталығын ашу ұсынылды

Оңтүстік – аграрлық аймақ. Мұнда әлеует жоғары, мүмкіндік мол. Мәселен, облыста былтыр тамшылатып суару әдісі қосымша 8 100 га ендіріліп, жалпы көлемі 59 100 га жеткен. Бұдан бөлек, жылыжайлар қосымша 202 га салынып, жалпы 1 325 га ұлғайған. Бұл – республикалық үлестің 80 пайызы.

Облыс әкімі Ж. Түймебаев халыққа есеп беру кездесуінде осындай деректерді атап өткен-ді. 2018 жылғы облыстың ауыл шаруашылығы еңбек өнімділігін арттыру мен экспортты ұлғайту бағытындағы жоспарлармен таныстырған. Биыл жылыжайлар 200 гектарға ұлғайтылып, тамшылатып суғару әдісі 7 200 гектарға енгізілмек. 

Жуырда М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да «ОҚО агроөнеркәсіптік кешенінің экспорттық әлеуетті дамыту» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Оған инвесторлар, ауылшаруашылық кооперативтері, кәсіпкерлер және ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер қатысты. Экспорттық әлеуетті дамыту жөнінде пікірлер ортаға салынды. 

Оқу орнының ректоры Жұмахан Мірхалықов өз баяндамасында бірқатар жобаларды іске асырмақ ниетте екені аңғартты. Оның сөзінше, ОҚМУ өңірімізде «Агротехнология» мамандарын дайындайтын жалғыз оқу орны. 

– Біріншіден, мен IТ технология орталығын құруды ұсынамын. Облыс әкімі бұл бағытта тапсырма берген. Университеттің төңірегінен осындай орталық керек. Ол студенттер, магистарнттар, ғалымдар көп жүретін жерде орналасады. Ол жерде тек біздің студенттер ғана емес, қаланың, облыстың кәсіпкерлері, осы салада жұмыс істеп жатқан адамдар өздерінің білім-біліктілігін жетілдірер еді, – дейді ОҚМУ-дың ректоры.

 

Мүмкіндікті пайдалану керек

Шымкенттің ауылшаруашылық жерлері қолайлы жерде орналасқан. Ауа райының ылғалдылығы, суармалы жерлері, бәрі де қолайлы. 

Агро азық-түлік белдеуі үлкен мегаполис қалалардың өзінде болуы керек. Әрі тез дамуы қажет. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұхановтың айтуынша, агро азық -түлік белдеуін дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Арнайы бағдарлама жасалды. Бүгінге дейін қалада 30 кооператив жұмысын бастаған. 

– Агро азық-түлік белдеуін дамыту жұмыстарын әлі де зерттеп, талдауымыз қажет. Концепция жасадық. Ондағы басым бағыт – қайта өңдеу. Енді инвестиция тартуға көңіл бөлсек. Егер бұрын бір ғана «Оңтүстік» АИО болса, қазір ЕҚДБ (Еуропалық Қайта Даму Банкі) келіп отыр. Олардың ұсынған ауылшаруашылық гранттарына қол жеткізсек дейміз. Мемлекет отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге барлық жағдайды жасап отыр. Жергілікті шаруалар осы мүмкіндікті пайдалануы керек, – дейді қала әкімінің орынбасары ОҚМУ-да өткен жиында сөйлеген сөзінде. 

Жолдауда айтылғандай, агросектор саласында еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға баса көңіл бөлген жөн. Бұл салада да жаңа технологияларды мейлінше енгізіп, кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағыттап, маман-кадрларды бәсекеге қабілетті етіп даярлау қажеттігін туындап отыр. 

Қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай атап өткеніндей, бізде ғылыми-зерттеу орталықтарын ашу қажет. Сонда ғана еңбек өнімділігі артып, шығын көлемі азаяр еді.
Қалада ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету жұмыстары жалғаса бермек.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 27 Октябрь 2017 09:39

Аграрлық аймақтың әлеуеті жоғары

ОҚО-да алғаш рет «AGROFEST» ауыл шаруашылығы фестивалі өтті

agrofest-1

Оңтүстік – аграрлық өңір. Ырысын жерден іздейтін Оңтүстік халқына күз қоңыр-күрең түсімен ғана емес, алтын астығымен де қымбат. Жерді еміп өскен өңірдің еңбекқор халқы артық өнген әрбір дән үшін қуанады. Өйткені, ол – адал еңбектің, маңдай тердің жемісі.


Жыл басынан бері елімізде ауыл шарушылығы саласын дамыту, несиелендіру, шаруақожалықтарын біріктіріп, субсидия алу және кәсіпкерлікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын көбейту мақсатында іргелі жобалар жүзеге асты. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде өңірімізде егіс науқаны жылды жемісті қорытындылады. Бидай мен арпаның әр гектары 18,3 центнерден өнім беріп, қамбаға 400 мың тоннаға жуық астық жиналды.

Оңтүстіктің қазынасы тағы 1,3 млн тонна бақша дақылдарымен толықты. Бұдан өзге, 919 мың тонна көкөніс пен 295 мың тонна картоп, 116 мың тонна жеміс-жидек астық қорын байытты. 

agrofest-2

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің бастамасымен өңірде тұңғыш рет «AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі ұйымдастырылды. Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңында өткен мерекелік шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары бастаған жалпы 8 мыңға жуық адам қатысты. 

Фестиваль қонақтары алдымен ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін айшықтайтын көрмені тамашалады. Мұнда озық техника үлгілері мен асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлерін халық назарына ұсынылды.

 

Оңтүстікте 640 кооператив бар

Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Әр ауданның табиғи таза өнімдері нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан бағада сатылып, әр ауданнан әкелінген шаруалардың өнімі жалпы 182 тоннаға жетті. 

Мерекелік жиынды облыс әкімі Ж. Түймебаев ашып, сала мамандарын кәсіби меркелерімен құттықтады.

agrogest-4

– Облысымыздағы ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 211,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті. Импорт көлемі 320 млн АҚШ долларына жетіп, 4 пайызға кеміді. Осылайша республикада облыстың үлесі 13%-ға жетіп отыр. Ағымдағы жылы мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері де толағай табыстарға қол жеткізгенін байқауға болады, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыста ірі қара мал саны биыл 5,8%-ға, ал қой мен ешкі 1%-ға, жылқы 19,5%-ға артқан. «Сыбаға» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 13 087 бас мал сатып алынса, «Алтын асық» бағдарламасымен 23 352 бас қой, «Құлан» бағдарламасы арқылы 2 366 бас жылқы сатып алынған. Мал басын сатып алуда Оңтүстік өңірі республикада 1 орыннан көрінді. Сондай-ақ биыл облысымызда жаңадан 2 419 шағын бордақылау алаңдары мен 656 жанұялық сүт және 22 отбасылық құс фермалары, 10 балық шаруашылығы іске қосылды.

agrogest-3

– Биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы саласында кооперативтерді құру жұмысына ерекше назар аудардық. Нәтижесінде халықтың кооператив құруға деген белсенділігі артып, өңірде министрліктің талабына толық жауап беретін 158 кооператив құрылды. Бүгінгі таңда 640 коопертиві бар Оңтүстік Қазақстан облысы республика бойынша І орынға шықты, – деді аймақ басшысы.

 

Озаттар марапатталды

«AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі барысында облыс әкімі Ж. Түймебаев ауыл шаруашылығы саласының озаттарын марапаттады. Өңір шаруалары «Озат қаракөл қой шаруашылығын дамытушы», «Озат оператор сауыншы», «Озат инвестициялық жобаны іске асырушы» және «Озат механизатор» сынды тағы 27 номинация бойынша марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Озат астық өндіруші» Нұрлан Құралов (Қазығұрт), «Озат жүзім өндіруші» Қаршыға Ақтөреева (Мақтаарал ауданы), «Ортақ картоп өндіруші» Бақытжан Төлепов (Шымкент қаласы), «Озат жылыжай өнімін өндіруші» Ергеш Турабеков (Сарыағаш ауданы), «Озық технологияны ендірген шаруашылық» Юрий Ан (Шардара аудана) өз саласында үздік көрсеткішке ие болып, озаттар қатарынан көрінді. Ал аудан-қалалар арасында сүт, ет өндіру, тамшылатып суғару, жеміс-жидек өсіру, көкөніс, мақта, астық жинау сынды 15 бағыт бойынша І, ІІ, ІІІ орын үздіктері анықталып, сый-сияпат табысталды.

agrogest-5

Фестиваль аясында облыс орталығында аудан күндерін өткізу шарасы да қорытындыланып, Сарыағаш ауданы І орынды иемденді.

Мерекелік шара барысында мықтылар орталық атшабарда қыз қуу, теңге ілу, аударыспақтан және қазақ күресі, қошқар көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты. Әр ауданнан жиналған білектілердің бәсекесі тартысты өтіп, үздіктерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. 

agrogest6

«Наурыз» алаңының төріне жағалай тігілген 16 киіз үй бас сұққан қонағын қошеметтеп қарсы алып, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм ұсынды. Фестиваль соңы облыстық өнер жұлдыздарының гала концертіне ұласты.

Опубликовано в Қоғам

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы», дейді Елбасы рухани жаңғыруға үндеген мақаласында.
Рас, қазір нарықтың заңдылықтарын, қыр-сырын меңгеретін кезең. Әрі бұл орайда жастарды отансүйгіштікке баулу, төл тарихымызды танытуға да назар аударсақ. Қазір сананы оятып, салт-дәстүрімізді бойға сіңіріп, рухани кеңістігімізді ұлттық құндылықтармен толықтырар уақыт. Бұл орайда ойланатын жағдайлар жоқ емес.

IMG 20170929 131437

Жастар салт-дәстүрімізді дәріптеуде белсенділік танытты

Жас кезінде ауылдың жұмысын істемеген бала жоқ шығар. Үйдің шаруасында ата-анасына қолғабыс еткен бала ширақ болып өсері белгілі. Қазіргі жастарымыздың мұндай іс-әрекеттерге икемі қаншалықты? Интернет, телефон шырмаған қоғамда бұл өте күрделі мәселе. 

Таяуда жастардың осындай салт-дәстүрімізді қаншалықты білетіндігіне куә болудың сәті түсті. Отырар ауданының Қарақоңыр ауыл округі Бестораңғыл елдімекенінде орналасқан «Алаш» этноауылында «Ауылдағы бір күнім» жобасы қызықты жағдайлармен есте қалды. Аудан әкімдігі мен ОҚО жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы бірлесе өткізген сайысқа негізінен өңірдегі белсенді жастар қатысты. 

Сайыста ер жігіттер мал сойып, атты ерттеп, отын жарып, самаурын қойып, жүн қырықса, бойжеткендер таба нан пісіру, түйе сауу, күбі пісу, құрт жасау, бауырсақ пісіру секілді сындардан өтті. Ондағы басты мақсат– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыру, жастардың бойында ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту. 

IMG 20170929 120826

Несін айтайық, әрбірінің құлшынысы ерекше. Жігіттер де, қыздар да белсенділік танытты-ақ. Дегенмен, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін жарыста сүйінген де, күйінген де жағдайлар болды. Бес топ та самаурын қоюдың технологиясын тәуір біледі екен. Дегенмен, сайыстың қазылар алқасының төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков жастардың ағаш жаруда, техникалық қауіпсіздікті сақтауда кешіліктер барын айтты. «Бұл сайыста негізгі мақсат жеңу емес, қазақы қалыпты қаншалықты сақтап, ұлттық дәстүрлерімізді қаншалықты білетіндеріңді байқау», дейді ақсақал жастардың өнерлеріне баға беріп жатып. 

Әсіресе, қатысушылардың нағыз сыналар сәті – қойдың жүнін қырқу мен қой союға келгенде қарым-қабілеттері айқын аңғарылды. Алдымен жігіттерге қойдың жүнін қырқудың технологиясы көрсетілді-ақ. Сөйте тұра, жігіттер қойдың жүнін қырқуда епсіздіктерін байқатып алды. 

Бір күнге жоспарланған сайыстан осындай әсер алдық. Ауылда өскен баланың қой сойып, самаурын қайнатуды ұмытпаса екен дейміз. Ауыл – ұлт руханиятының қайнар көзі.
Елбасының мақаласында айтылғандай, біз салт-дәстүрлерімізді ұмытпай, руханиятымызды жаңғыра білсек сананың сергек болуы деген осы ғой.

IMG 20170929 121732

«Алаш» этноауылына бардыңыз ба?

Рухани жаңғыру саясатын насихаттап, нақты іске көшкен азаматтардың іс-әрекетіне қалайша риза болмассыз?! Отырар ауданының Бестораңғыл елдімекенінде ашылған «Алаш» этноауылы бірегей жоба. Атауы айқындап тұрғандай, алаш жастарының арман-аңсарын, салт-санасын сергек етер таптырмас орын. Жалпы аумағы – 4 гектар. 8 киіз үй, қолөнер шеберлері, кілем тоқушылар, теріні өңдейтіндердің бөлмесі жағалай орналасыпты. Мұнда жалпы 32 адам жұмыс істейді. 

21 мамыр күні Бакуден басталған Түріксой мемлекеттерінің делегацияларының туристік сапары барысында 11 мемлекеттен 50 шақты адам осында аялдағанын көпшілік білер. АҚШ, Сингапур, Қытай, Польша, Франция, Германия сияқты әлемнің жетекші елдерінің өкілдері таң-тамаша болған. Ұлы Жібек жолының бойындағы мемлекеттерді, қалаларды аралап, көруді мақсат еткен олар осы орынға да соға кетуді жөн санапты. 

Этноауылды қолға алған жас кәсіпкер – Алмас Сыздықбеков. Туған жерін түлетуді перзенттік парызы санаған. Өзі Қытай, Ұлыбританияда білім алып, тағы басқа елдерді аралап жүріп, әр елдің салт-дәстүрімен танысып, талай дүниелерге қаныққан. Бізде әсіресе осындай этнографиялық туризм ақсап жатқаны ойландырған. Сол ойдың жетегінде жүріп, ақыры осындай жобаны іске асырды. 

Өзінің айтуынша, негізінен, этноауыл ресми түрде 10 маусым күні жұмысын бастаған. Сол күні де АҚШ, Түркия, Польшадан, өз елімізден 9 турист келіп, тамашалапты. Содан бері, 1 қазанға дейін созылған алғашқы маусымда 500-ден астам турист қонақ болыпты. 

Қазақ ауылын ашудағы негізгі мақсат – шетел азаматтарына қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, таныстыру, екіншіден, болашақ ұрпақты, жастарды патриоттыққа тәрбиелеу. Үшіншіден, ұмытылып кеткен қолөнершілер, зергершілер, ұлттық құндылықтан ажырамаған ата-апаларымыздың тәжірибесін келешек ұрпақтың бойына сіңдіру. Бүгінде ондай бұйымдарға деген насихат аз болып тұр, қызығушылық төмен. Жас кәсіпкер сол кәсіпті қайта жаңғыртуға құмбыл.

 

Барымызды бағалай білейік

Жуырда БАҚ өкілдерімен бірге облыста жаңадан ашылған ауылшаруашылық кооперативінде болдық. Ондағы малды күтіп-баптау жұмыстарын атқарып жүрген қазақ жастарын кездестіре алмай әрі-сәрі күй кешкеніміз бар. Малды сойып, жайғастыратын қасапшылардың бәрі де өзге ұлт өкілдері.

«Қырсыздың сылтауы қырық, епсіздің сылтауы елу» дейді қазекем. Біліп айтқан. Қолы епсекті, төрт түлік малды баптаудың қыр-сырын меңгеріп өскен бала бүгінгідей нарықтық экономиканы да меңгеріп өспей ме? Сонда жұмыссыздық мәселесі де азаяр еді. 

Бүгінде елімізде салтымызды жаңғыртып, жастарды бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеудің түрлі механизмдері қолға алынуда. Облыста салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығы жұмысын бастады. Қалада атамұрамызды насихаттайтын сауда дүкендері жұмыс істейді.

 

IMG 20171010 103243Ғани АХМЕТБАЕВ,
қалалық мәслихаттың депутаты:

– Өткенді білмей, алға жылжу жоқ. Елбасының рухани жаңғыру мақаласы – еліміздің көркеюіне, болашағына үлкен серпіліс беретін стратегиялық бағдарлама. Осы бағдаралама ясында талай құндылықтарымызды жарыққа шығаруға зор мүмкіндігіміз бар.

Рас, қазір әлемнің дамыған елдері туризмнен, оның ішінде этнотуризмнен мол пайда тауып отыр. Халық елдің өткен ғасырдағы тарихы, этнографиялық өмірін насихаттайтын орындарға жиі барады. Мәселен, Астанада ашылған этноауылда болдым. ЭКСПО көрмесіне келген шетелдік туристер этноауылға барып, сол жердің тамағын жеуге, қызықтауға асығатынын байқадым. 

Шымкентке де мұндай этноорталықтар ашылса құба-құп. Қаланың сыртынан осындай орталықтар ұйымдастыруға әбден болады. Ең алдымен біз инфрақұрылымына, туристерге жағдай жасау жағын ойластырсақ. 

 

Бізде кәсіпкерлер негізінен қаржының тез қайтатынын есептейді ғой. Салған ақшасын тез шығарып алғысы келеді. Этноауыл салып, жұмысын жүргізуге көп уақыт, біршама шығын керек. Бірақ ол ертең он есе, жиырма есе қайтатынына мән бермей жатады. Әр нәрсенің бастамасы қиындықпен басталатынын ұмытпайық. Түптің түбінде кәсіпкерлер осындай рухани жаңғыруға бет бұрады деп сенемін.

Ендігі кезекте этнографиялық туризмді дамытуға көңіл бөлсек. Қазіргі кезде ойынхана мен сырахана көбейгенше, осындай рухани жаңғыруға мән берілсе, керемет емес пе?!

Шымкентте суретші, қолөнерші Болат Бейісбековтің де ұсынып жүрген бірқатар жобалары барын білеміз. Ол отбасымен дәстүрімізді насихаттап жүр. Олар қаладан қазақ ұлттық қолөнер орталығын ашуды жоспарлап жүргеніне біраз уақыт болды. 

IMG 20170929 120424

– Мен басынан аяғына дейін ойластырдым. Ол шеберханасы және қонақүйі, көрме залдары және галереясы бар толық кешен болады. Ғимараттың ортасын киіз үй секілді етіп жасадық. Мұнда қолөнер бұйымдары, мейманхана, киностудия, ұлттық асхана және жаттығу залы да ойластырылған. Қонақтар ашық аспан астында көрме және шеберлік сабақтарын тамашаласа. Одан кейін тәжірибелі қолөнершілер өздерінің кәсіби жұмыстарының қыр-сырын үйретсе, – дейді шебер. 

Яғни, елімізде этнографиялық туризмді дамытуға, салт-дәстүрімізді насихаттауға деген талпыныс бар. Тек қолдау болса.

Шымкентке жыл сайын мыңдаған шетелден турист келеді. Оларға ендігі ретте өз руханиятымызды таныстырып, барымызды көрсете алсақ, олардың қызығушылығы тіпті арта түсер еді. 

Көпшіліктің пікірінше, қала маңынан да осындай этноауылдар ашып, туризмді дамытса деген ұсыныстар да жоқ емес. 

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Мұндайда халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. 

Сол себепті, әрбір азамат туған жеріне, оның руханиятына, бей-жай қарамауы тиіс. Бұл орайда жергілікті кәсіпкерлер барынша туған өлкесін түлетуге атсалысса дейміз.

Опубликовано в Қала

Қалада шаруа қожалықтарына коопертив құруда барлық жағдай жасалып жатыр. Тіпті, фермерлер үшін басқа кооперативтің құрамына ауысуға да мүмкіндігі бар. Бұл – жұмыстағы мәселелердің оңай шешілуі үшін қажет.

Бірақ қалада кооперативтің пайдасын білмей жатқан азаматтар әлі де көп. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов «Қазақстан фермерлер Одағы» РҚБ-нің ұйымдастыруымен өткен семинарда осылай деді. 

Жуырда ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жол Карталары таныстырылған еді. Оның негізгі мақсаты – шаруалардың кірісін 20%-ға көтеру, еңбек өнімділігін 1,5 есеге, өнім өндірісін 2 есеге арттыру және ауыл шаруашылығы машиналары паркін жаңарту. Шымкенттік фермелер бас қосқан семинарда да осы тақырып кеңінен талқыланды.

– Шымкенттің ауылшаруашылық жерлері қолайлы жерде орналасқан. Ауа райының ылғалдылығы, суармалы жерлеріміз бар. Қалада ауылшаруашылық кооперативтерін құрып, дамытуға барлық жағдай жасалған. Шымкент қаласында әлі де болса дұрыс пайдаланылмай жатқан жерлер бар. Соны дұрыс мақсатта игерейік, – деді қала әкімінің орынбасары. 

Қалалық мәслихат депутаты Еркін Сатқанбаев қалада субсидияны алудағы қиындықтар, құжаттарды реттеу мәселесі өзекті екенін айтты. Шаруалар болса, қайта өңдеу цехтарын ашу қажет екенін, осы бағытта қолдау көрсетуді сұрады.

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қаласында тұтынушылардың толық қажеттілігін қамтыған ауылшаруашылығы өнімдерінің 50 пайызын жергілікті шаруа қожалықтары өндіруде. Дегенмен, бұл саладағы қожалық иелерінің 40 пайызында ауылшаруашылығы жерлері 10 гектардан аспайды. Бұл көрсеткіш азық-түлік қорын қалыптастыруда мүмкіндіктердің әлі де толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.

DSC 4189

Осы өзекті мәселені зерделеген ел Үкіметі алдына жаңа бағдарды белгілеп отыр. Бұл бағытта ҚР Президенті Н. Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында алдағы бес жылда 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту қажеттігін ұсынған болатын. Нәтижесінде, ауылшаруашылығын әртараптандыру арқылы 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Бүгінгі ахуалды бағамдайтын болсақ, жерден несібесін терген шаруа қауымының мақсат-мұраты асқақ болғанымен де, меншігіндегі жерінің көлемі де, қаржылық қоры да жеткіліксіз. Әрі жаңа техникалар алуға қауқарсыз. Нәтижесінде, мұндай ұсақ шаруашылықтар мемлекет тарапынан бөлінетін әртүрлі жеңілдіктер мен субсидияларға да ие бола алмай келді. Олардың қатарын ірілендіріп, кооперацияға біріктіру өз кезегінде, еңбек өнімділігін арттырумен қатар, жақсы табыс табуға да мүмкіндік бермек. Сондықтан да, шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіруге тың талпыныс жасалуда.

 

Кооператив қызметіне қызығушылық жоғары

Қолайлы климаттық белдеуде орналасқан әрі жерінің құнарлылығы жоғары Шымкент қаласы шын мәнінде, ел аумағында жылыжайлардың отанына баланады. Ел нарығын қамтуға қабілетті ауылшаруашылығы кешендері әр жыл сайын өнім көлемін ұлғайта түсуге мүдделілік танытуда. Дегенмен, межелі міндеттерге қол жеткізу үшін шаруаға ендігі жерде мемлекет тарапынан айқын бағдар көрсетілмек.

– Бұл бастама сапалы отандық өнімдерді өндіруге, экспорт көлемін арттыруға және өзара бәсекеге қабілеттілікті жетілдіруге зор мүмкіндік бермек. Қазіргі кез жұмыла еңбек ететіндердің заманына айналуда. Кәсіпкерлер үшін көкейтесті мәселемен жалғыз айналысқаннан гөрі, бірлесе шешкен тиімді. Сондықтан шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуі маңызды, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай. 

DSC 4245

Бүгінде облыс орталығында жалпы саны 4152 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші тіркелген. Ауылшаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы аясында 30 кооператив құрылып, ұсақ шаруа қожалықтары біріктірілуде. Жаңа құрылған кооперативтердің мүддесін қорғау әрі қызметін жандандыру мақсатында қала кооперативтерінің қауымдастығы құрылды. 

Кооперативтердің жұмысын жандандыру мақсатында шаруа қауымға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, мал бордақылау мен егін шаруашылығымен айналысатын кооперативтерге субсидиялар төленеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қолдануға, жеңілдікті несиелер мен ұзақмерзімді несиелерді пайдалануға, мемлекеттік көмек қаржыларды алуға, шығындарды өтеуге, лизингке техника алуға, мүлікті кепілге салу үдерісін қарапайымдатуға, т.б. процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі. Осылайша, ұсақ шаруашылықтар бірігіп, мемлекеттен қолдау алуға зор мүмкіндік беріліп отыр.

– Кооперативтердің қажеттілігі үшін мемлекет тарапынан 6 пайыздық үстеме ақымен 7 жылға дейін несие беру мүмкіндіктері қарастырылған. Өзіндік мүмкіндіктерін екшей отырып, Оңтүстік өңіріне биыл 500 миллион теңге қаржы бағытталып отыр. Келер жылы бұл қаражаттың көлемі 700 миллион теңгеге дейін артпақ. Салыстыра қарайтын болсақ, өзге облыстардың үлесіне тиген қаражаттың көлемі 70-200 миллион теңге аралығында ғана. Яғни, біздегі шаруа қауым үшін табыс қорын ұлғайтуға қолайлы мүмкіндік бар, – дейді қала әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру шағын фермерлік шаруашылықтарды жандандырмақ. Қазіргі таңда Шымкент қаласында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Шаруашылықтың осы түрін алдағы уақытта да дамыта түсу үшін селекциялық жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, мамандар қымбат асыл текті бұқаларды өсірудің тиімділігі жоғары екенін айтады. Алайда, жеке шаруалар үшін мұндай кәсіптің өзіндік қиындықтары да жетерлік. Яғни, жұқпалы аурулар тарауы мүмкін. Егер алдын ала емдеу шараларын жүргізбесе, ірі қара мал зиян шегеді. Карантин шараларын жасау шағын мал шаруашығы қожалықтарының қалтасына ауыр түседі. Ал ауылшаруашылығы кооперациясы осындай мәселелерді оңды шешуге септігін тигізбек.

Шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру ең алдымен, ортақ табысты еселеу болса, сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі де шешімін таппақ. Әрі азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

DSC 4211

17 миллиард теңгенің өнімі жиналған

Сала мамандарының айтуынша, қазіргі кезде әлем елдерінде экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл бағытта, мемлекеттік ауқымда қолдау көрсетіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында елдегі агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілер саны 4,5 есеге көбейту көзделген. Бұл құжаттың басқа бағдарламаларға қарағанда ерекшелігі өте зор. Бастысы, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы қарастырылуда.

Шымкент қаласының ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 219 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қала аумағының 54 пайызын иеленеді. Биыл қаладағы жылыжайлардың жалпы көлемі 123 гектарға ұлғайды. Жинап алынған өнімдерді сақтау және жыл бойы тұтынушыларға қажетінше жеткізу мақсатында сыйымдылығы 45 мың тонна болатын қоймалар дайындалған. Мәселен, «Асар» шағынауданындағы «Асар KZ» ЖШС-нің иелігінде сыйымдылығы 5 тоннаға лайықталған қойма қажетті іске жарап тұр. Себебі, аталмыш шағынаудандағы жалпы көлемі 45 гектарды құрайтын жылыжай кешендері өнімдерін ұзақ мерзімде сақтауға бейімделген.

Жалпы, қала дихандары үшін күзгі ораққа 1315 тонна жанар-жағармай жеткізіліп, толық игерілген. Күздік бидай үшін «Қаз Азот» АҚ арқылы 300 тонна аммиак селитрасы жеткізіліп, 2300 гектар жер көлемі қоректендірілді. Сондай-ақ, көкөніс, бақша, картоп, тағы басқа да дақылдар үшін жалпы көлемі 500 тонна аммиак селитрасы жеткізілген. 

Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда жинап алынған өнімнің көлемі 17 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Осы орайда, айта кетерлігі, облыс орталығындағы егістік жер көлемі санатына енетін 39 700 гектар аумақтың 27 195 гектары игерілуде. Өзге 8800 гектар жер парға айдалған.

DSC 4250

Өзге өңірлердің де сұранысын қамтиды

Бүгінде Шымкент қаласында ауылшаруашылығы жануарларының жалпы саны 65 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары шеңберінде биыл шымкенттік фермерлер 150 ірі қара мал, 15 асыл тұқымды бұқа, 400 уақ мал, 70 жылқы сатып алыпты. Мал бордақылау алаңдарының саны 41-ге артса, 30 жанұялық сүт фермасы қызмет атқаруда. Тиісінше, «Прод&Груп» және «Марк» ЖШС-лері ет өнімдерін өңдеу көлемін жылына 1500 тоннаға дейін арттырып отыр.

Қала аумағында жалпы, 188 мың ірі және ұсақ мал, 770 мыңдай құс бар. Жыл сайын орта есеппен 8900 тонна ет, 154 миллион дана жұмыртқа өндіріледі. Талдау барысы көрсеткендей, мұндағы ет өнімдері қала тұрғындарының 25-30, сүт өнімдері 40-45 пайызын қамтамасыз етуде. Ал жұмыртқа өнімдері тұтынушыларды толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бұл жерде айта кетсек, шағын құс фермаларының құрал-жабдықтарын сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануда. Сондай-ақ, сатып алынған асыл тұқымды етті шөжелердің әр басына 400 теңгеден демеу қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекет қолдауын сезініп отырған жарты ғасырлық тарихы бар «Шымкент құс» ЖШС-нде 600 мыңнан астам құс өсіріледі. Тауық фермасы жылына 14 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Өнімдер Оңтүстік өңірімен қатар, көршілес облыстарды да қамтуда.

Опубликовано в Экономика

мол өнім аламын деу бос әурешілік


«Баптай білсең жер жомарт» деген. Бүгінде облыс диқандары шаруашылықтарының ауқымын кеңейтіп, жылыжай өндірісін дамытуға бет бұрған. Облыста 1000 гектардан астам жылыжай бар. Ендігі кезекте өнімділікті арттыру – маңызды мәселе. Өнеркәсіптік жылыжай басшыларын алаңдататын да осы жағдай: бірде жақсы өнім алса, кейде түсім төмендеп кетеді. Енді ғылыми-зерттеу институттарын көбейтіп, білікті агрономдарды тарту керек. Облыс диқандары бір-бірімен тәжірибе алмасуға кіріскені белгілі. Енді одан әрі де ойланатын мәселелер бар.

agro

Тәжірибе алмасу жетістікке бастайды

Кәсіпкерлер өндірісті бірлесе дамытпақ. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасы бойынша қазір әр ауданда агроөнеркәсіпті дамыту мақсатында семинарлар ұйымдастырылуда. Тәжірибе алмасудың берері мол екеніне көз жете түскендей. Таяуда Шымкент қаласының 30-ға жуық шаруа қожалықтың төрағалары, агрономдары мен мамандары Сарыағаш ауданындағы жылыжай өнеркәсібімен танысқан-ды. Диқандардың басым бөлігі қалада жылыжай, бау, егін шаруашылығымен айналысады. 

Сарыағаш ауданының абыройын асырып тұрған мекеменің бірі – «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-і. Мекеме 2002 жылдан бері тұқымбақ шаруашылығын дамытып келеді. 95 гектар жердің бәрі тұқымбаққа арналған. Жылына бір миллионға жуық көшет шығарылса, оның 600 мың данасы – жүзім, 250 мыңы жеміс ағаштары. Төраға Танабай Шынтасовтың айтуынша, қазір элиталық жеміс-жидек және жүзім көшеттері, субтропикалық және декоративтік ағаш көшеттерін дайындауға мән берілуде. 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

IMG 20170310 112941

Жұмыс қауырт. Мұнда Франциядан әкелінген эндемиктен бастап, барлық көшет түрі дайындалады. Біз барғанда жұмысшылар алманы улап жатыр екен. 

– Жалпы, біздің шаруалар көшетті сатып әкеледі де, жерге тыға салады. Ол көшет өспей қалса, еңбек зая кетеді. Көшетті алып келгеннен кейін оны дайындау қажет. Біздің ғалымдар қазір көп бағытта ізденіп жатыр. Мәселен, лимонның көшетін дәннен шығарсаңыз, 6-7 жылда жеміс аласыздар. Ал көшеттен отырғызсаңыз, 2-3 жылда жеміс береді,– дейді агроном. 

Тың жаңалықтың бірі – шаруашылықтың ғалымдары жүзімді қыста сақтаудың технологиясын ойлап тауыпты. Яғни, жүзімді жерге көмбей-ақ, фальгамен орау да жеміс ағашын суықтан қорғайды. Өндірістік мекеме аграрлық университет ғалымдарымен бірлесе осы әдісті тәжірибеге енгізген. Қысқы маусымда жүзімді сақтап қалу – ОҚО, Алматы және Жамбыл облысындағы бірден-бір мәселе. 

Бұдан бөлек, сарыағаштық шаруалар кәдімгі тропикалық табиғатта өсетін бананды ауданға жерсіндіріп жатыр.

 

IMG 20170310 111111

Шынтасов айтқан сыр

Біздің диқандар бірінші жұмысты бастап, топырақты дайындауға мән бермей жатады. Көпшілігі тәуекелмен іс қылады. Задында, топырақтың барлық химиялық құрамын білмей, жұмысты бастауға болмайды. Танабай Шынтасов осы тұрғыда өз ойларын айтты. Ғалымдар бұл мәселеде Алматыдағы топырақтану институтының қызметіне жүгінеді екен. Мысалы, жеміс ағашы үшін топырақтың құрамында кем дегенде 30 түрлі химиялық элемент керек. Бір элемент кем болса, өнім алу қиын. 

– Біз Кореяда болдық. Онда топырақтың құнын анықтамайынша, жер берілмейді. Әр ауданда сондай орталық бар. Сіз егетін нәрсені тесеріп, ғылыми тұрғыда зерттеп береді. Өнім алып болғаннан кейін де топырағында қанша азот қалды, қанша калий қалғанын анықтайды. Бізге де осыған мән беру қажет, – дейді өзі. 

Тұқымбақтарды мемлекеттің субсидиясынсыз дамыту мүмкін емес. Әр сатылған көшетке мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бір жеміс көшетіне 140 теңге, жүзімге 90 теңге қаржы төленеді. Қазір субсидия беру ережелері де өзгеріп жатыр.

IMG 20170310 112431

 

Ғылыми-зерттеу институты ашылуы керек

Шымкентте 141 гектар жылыжай бар. Оның 30 гектары өнеркәсіптік бағытта. Бәрінде де негізгі мәселе – осы топырақты зерттеуге байланысты. Әзірге, шаруалар топырақтың құрамын тексеруге Украинаның ғылыми орталықтарына барып жүргендер жетерлік. Өйткені...шаруалардың көбісі ұсақталып кетті. Шаруа қожалықтарда агрономдар жоқ. Өзі директор, өзі бухгалтер. 

Шымкент қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай семинар барысында осындай мәселелер көтерді. Жеке серіктес есебінен болса да, қалада осындай лаборатория ашу қажет. 

– Жаңадан диқаншылыққа өткендер 1-2 жыл егіп көреді де, одан ешқандай пайда таппаса, қолды бір сілтейді. Сол үшін жағдайды толыққанды білу керек. Кішкене қалтасынан ақша шықса да, агроном жалдаса, ұтары көп. Мәселен, ғылыми-зерттеу институтаттарымен келісімшарт жасасаңыздар, егудің алдында олардың маманы келіп, түсіндіріп берсе, жұмысты жүйелі түрде істейсіз. Осындайды ұйымдастырайық, – дейді бөлім басшысы. 

Ғ.Құрманбай осындай тәжірибе алмасу жиындарының пайдасы көп екеніне назар аударды. Қаладағы ірі жылыжайларда 40-50 адамның басын қосып, семинар өткізілсе. Оның нәтижесінде 2-3 адам әрі қарай әрекет етсе, соның өзі үлкен жетістік болмақ. Бір айта кетерлігі, семинарды түрлі секция бойынша өткізудің пайдасы ұшан-теңіз: жылыжай, мал бордақылау, сүтті және етті бағытта өнім өндірушілер және бау-бақша егушілерге жеке-жеке семинар өткізу, олардың қызығушылығын арттыра түсер еді.

Қорытындылай келе айтсақ, топырақтың құнарын зерттеу – өзекті мәселе. Түбі осыған бет бұрмай, өнімділікті арттыру қиын іс. Мамандардың айтуынша, бүгінде шетелде топырақты бір рет тексертудің бағасы 100 АҚШ доллары. Соны өзімізде қолға алар болсақ, қаншама игілікке кенелер едік. Өнім көлемі де артар еді. Мәселен, 100 гектар жерден 10 центнер өнім аларсыз делік. Ал егер сіз топырақтың химиялық құнарын зерттесеңіз, қандай тыңайтқыш керектігін анықтасаңыз, өнім екі-үш есе артады. Сол арқылы шығынды да қайтарып аласыз. Қазіргі шаруаларға басты керегі де осы емес пе?!

Опубликовано в Қала

(Жалғасы. Басы газеттің
№26, 28, 29, 30-шы нөмірлерінде)

57430fd963854Нақты мысал

Мәселені керекті және пайдалы іске айналдыруға орай мысал ретінде, жеке қасапханалардағы жағдайларды келтіруге болады. 

2016 жылы сот шешімімен Шымкент қаласындағы Дулати көшесінің бойындағы жеке үйлерде орналасқан қасапханалар жабылды. Өйткені, осы кәсіппен айналысатын адамдардың жануарларды ұстау туралы ережеге сәйкес қасапхана ашуға рұқсаты болмағандықтан, біз оларды жаптық. Меншік иелері мал союмен айналысуды жасырын түрде жалғастырып келгендіктен, жеке қасапханаларды жабу мәселесін түбегейлі шешу керек болды. Әкімдікке «Біз малды таза және ұқыпты соя аламыз, мал сою технолгиясының барлық қыр-сырын білеміз. Бірақ сіздер біздің жұмысымыздан айырдыңыздар», – деп ондаған отбасы өкілдері өз уәждерін айтқан.

Сонда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов оларға: «Келіңіздер, әкімдік тарапынан сіздерге жер береміз. Сіздер өздеріңіздің кооперативтеріңізді немесе ЖШС ұйымдастырыңыздар, инвестжобаларыңызды құрыңыздар, сонда деңгейі басқаша болады» деген ұсыныс жасады.

Нәтижесінде, бүгінгі күні "Бозарық" елдімекенінде қасапхана, дәлірек айтсақ, уақытша малды күтіп-бағу, бордақылау және союға арналған мамандандырылған кәсіпорын салынды. Небәрі жарты жыл ішінде бір гектар жердің аумағына барлық қажетті өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық үй-жайлар салынды. Кооператорлар жұмысты құны 220 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба аясында өз қаражатына орындады. Қазір оларға құны шамамен 16 миллион теңге заман талабына сай келетін заманауи құрал-жабдықтар сатып алу қажет. Құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат кооперацияның пилоттық жобасы бойынша да қаралуда. Жаңа кешенінің ашылуы жаз айларына жоспарлануда. Бұл – біз жоғарыда айтып кеткен ірі кооператив құру туралы көрнекі мысал болмақ. Енді бұрынғы ұсақ фермерлер барлық санитарлық-техникалық, тіпті өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату жағдайы жасалған ірі мал сою кәсіпорындарының иелері болды.

Айтпақшы, кооператорлар қазірдің өзінде жаңа кәсіпорынның қуаттылығын толығымен пайдаланатын мал ұстайтын жеке қосалқы шаруашылықтарды тартумен өз қызметтерін кеңейтуде. Болашақта бұл – жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру және ірі кооперативтер құру жоспарында, Шымкент үшін өте жақсы мысал. 

Келешекте жалпы алаңы 57 га болатын типтік жобадағы үйлерден басқа, жылыжайлар салу құрылысымен агроқалашық құру жобасы зор үміт күттіруде. Инвестицияның жалпы көлемі 15,6 млрд теңгені құрайды, ал егер, қосымша жерді қосқан жағдайда 45 млрд теңгеге дейін өседі, осы жобаға мемлекеттің қатысу мөлшері МЖӘ жағдайында және 1 млрд теңгеден аспайды. Жобаны орындаушылар, бұл жылыжайлар жабдықтары мен панельді үйлер өндіретін өнеркәсіп бойынша зауыттардың иелері, «Асар» құрылыс қонысын салуда тәжірибесі бар ірі жергілікті инвесторлар жобаның нәтижелігіне күмән туғызбайды.

Өйткені, құрылғалы отырған агроқалашықтың базасында агротехнологияның және халықты әлеуметтік қорғау талаптарына сай келетін жаңа типті кооперативтік агроқалашық көз алдымызда құрылуда. Біз осы жобаға барлық қолдау шараларын көрсетуіміз қажет, себебі, мұндай үлгідегі шаруашылық мекенін сатып алатын отбасы мүшелері тек үй-жаймен ғана қамтамасыз етіліп қоймайды, сондай-ақ несиелерін жылдам қайтаруға мүмкіндік беретін жұмыспен де қамтылатын болады.

Сонымен қатар, қаланың жүзеге асырғалы отырған Сайрам ауылында аумағы 10 га жерге мал сою цехы бар «Жібек жолы» сауда-саттық кооперативтік кешенін салу, сондай-ақ «Сандыбаев» мал базарын шекаралық аймаққа көшіру және дайындап-өткізу кооперативін құру жобалары қызығушылық танытып отыр. Қаланың аграрлық секторында тек осы жобалардың ғана жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. 

2016 жылы қаладағы «Сайрам сыйлары» кәсіпорнында жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу бойынша жаңа желі іске қосылған. Кәсіпорынның қуаты артып, шикізат өңдеу көлемі 9,7 мың тоннаға жетті, жобаның құны – 227 млн теңге. Осы бизнестің иесі қаланың тек фермерлік қожалықтарын ғана емес және жеке қосалқы шаруашылықтарын тарта отырып, агроөнеркәсіптік кооператив құру бойынша ұсыныс жасап келді.

Сонымен қатар, қала шекарасын кеңейту мерзімі кезінде 89 бордақылау алаңдары, 72 отбасылық сүт фермасы, үш сүт қабылдау пункті бар шағын жобалар іске қосылды. Нәтижесінде 882 жұмыс орындары құрылды. "Сыбаға", "Алтын асық", "Құлан" бағдарламаларының жүзеге асуы 2-5 есе орындалды. Осы шағын бизнес түрлерінің иелері көптеген біздің қала азаматтары сияқты (ЖҚШ, ЖК, ЖШС және кооперативтер иелері) жаңа агроөнеркәсіп кооперативтерін ұйымдастырушылар және оның негізін қалаушылар болып табылады.

Ендеше, құрметті оқырман, сіздің көз алдыңызда жаңа тарих құрылғалы отыр және сіз оның белсенді қатысушысы бола аласыз. Іске сәт!

 

Тимур БАЙМҰХАНОВ, 
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, экономика ғылымдарының докторы

Опубликовано в Қоғам

(Жалғасы. Басы газеттің №26, 28, 29-шы нөмірлерінде)

57430fd963854ШЕТЕЛ ТӘЖІРИБЕСІ

Әділдік үшін айта кету керек, ағымдағы жылдың наурыз айында Шымкент қаласында жаңа мағынадағы кооперативтер ұйымдастыруды насихаттау, «Қазагроном» жылыжай шаруашылығында кооперацияны дамыту, кооперативтер қауымдастығын құру мәселелері бойынша өткен алғашқы семинарда облыс басшылығының ұсынысы тарихи тұрғыдан ақталған және уақытылы болды. 

Кооперативтер Лигасын құру туралы бастаманы алғаш рет 1886 жылы Италия үкіметі қолдаған. Лига мемлекет қолдауы арқасында, тіпті «Италия кооперативтері» журналын шығарып, шаруа-кооператорларға оны тегін таратып отырған.

1892 жылы Лига 4173 ауылшаруашылығы кооперативтерінің басын біріктіріп Федерация болып қайта құрылды, оның құрамына 600 мың шаруа отбасы кірді.

Ауылшаруашылық кооперативтері бірнеше ғасыр бойы аграрлық азық-түлік өнімін өндіру, қайта өңдеу және сатуды басқару бойынша бай тәжірибе жинақтаған.

Мәселен, Канадада аграрлық сектордың негізгі басқару органдары өндірушілер Қауымдастығы және кооперативтік Одақтар болып табылады, олармен федералдық және провинциалдық әкімшіліктер серіктестік қарым-қатынаса жұмыс істейді.

Қауымдастықтар арқылы кооперативтер ауылшаруашылығы несие корпорациясы немесе коммерциялық банктер арқылы субсидиялар мен дотациялар, министрліктің несиелер бойынша кепілдігін алады. Бұл мамандандырылған өндірушілер қауымдастығы бүгінгі таңда толығымен Канаданың ауылшаруашылығы Министрлігінің мамандандырылған әкімшілік басқармалары мен бөлімдерін ауыстырған. Мамандандырылған қауымдастықтар құрамына бидай, сұлы, майлы рапс, картоп, сүт, етті мал тұқымы және басқа да өндірушілер жеке біріктірілген.

Қауымдастық шаруашылық құқығындағы құрылымдар болып табылады және ол нарық бағытында өндіруші саясатын айқындайды, өндірушілердің мүдделерін парламентте және үкіметте қорғайды, олардың көзқарасын қолдайды. Бұл елде 277 мың фермерлік шаруашылықтар (орташа алаңда бір шаруашылыққа - 244 га) және 506 ауылшаруашылығы кооперативтері бар. Сондай-ақ, Канадада 1980-ші жылдардың соңына дейін ауылшаруашылығы бағдарламасы аясында субсидиялар, бағаға қосылатын қосымша ақылар басымдылығы үлгі боларлықтай (май және ірімшік өндіру, астық және жем-шөп тасымалдау субсидиясы, техниканы, тыңайтқыштар, отын, құрылыс материалдары және т. б. сатып алуға өтемақы). 1990-шы жылдары халықаралық міндеттемелерді орындау және елдегі жаңа экономикалық жағдайға байланысты тікелей қосымша ақыларды (субсидиялар) төлеу тоқтатылып, оның орнына өндірушілерге қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін сақтандыру бағдарламаларына көшті.

Нақ осындай саясатты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетіп, онда субсидиялар бөлу принциптерін қайта қарау және өнімді сақтандыруға бірте-бірте көшу қажеттілігін белгілеп берді.

Канадада тікелей қаржылық қолдау формасы ретінде мақсатты несиелер және оларға кепілдіктер ұсынылады, жекелеген жобалар бойынша дотация бөлінеді, 50-ден 66%-ға дейін сақтандыру жарналары енгізіледі. Олар федералдық және провинциалық бюджеттерден тең үлеспен бөлінеді.

Осындай табысты жұмыстар арқасында Канада кооперативтерінің табысы жыл сайын тұрақты түрде өсіп отырады және олар өзін-өзі қаржыландыруға ауысып, ал ауылшаруашылығы Министрлігінің федералдық бюджеті жыл сайын қысқартылып келеді.

Агрокооперация саласындағы АҚШ-тың тәжірибесі де өте өнегелі. Бүгінгі таңда бұл елде өндірістік функцияларды бірте-бірте өздеріне ала бастаған жабдықтау-тұрмыстық және сервистік кооперативтер қызметі дәстүрлі түрде ұсынылуда.

Мәселен, өткізушілер, фермерлік өнімдерді, оның ішінде: дайындау, оларды өңдеу және өткізу кәсіпорындарына тасымалдауды қамтитын жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар, олар ауылшаруашылығы шикізатын өңдеумен, фермерлер атынан сауда мәмілелерін жүргізумен, көтерме саудамен, ал едәуір ірі өткізушілер агро азық-түлік бөлшек саудасымен айналысады. Ең көп дамыған сүт-өткізу кооперативтері - 78%-ға дейін, дәнді дақылдар - 59%. Тұрақты өткізумен айналысатын кооперативтердің шекарасын кеңейту, олардың заңды түрде өндірістік секторға кіруіне жол берді.

Бүгінде бұл кәсіпорындардың қызметі өркендеп тұр. Мәселен, АҚШ-тың 100 тамақ өнеркәсібін өндіруші жетекші компанияларының тізіміне 21 кооперативтік бірлестігі азық-түлік шикізаттарын өңдеу бойынша кірді және олардың зауыттары 87%-ға дейін елде сатылатын құрғақ сүт, 64% – сары май, 59% – қойылтылған сарысулар, 47% – қатты ірімшік шығарады. Сондай-ақ, фермерлік шаруашылықтарды өндірістік құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ететін жабдықтау кооперативтері тиімді жұмыс істейді. Ірі жабдықтау кооперативтерінің қызметіне: көтерме бағамен тұқым, химикаттар, жанғыш және ветеринариялық препараттарды сатып алу, комбикорм дайындау, жем құрамының сапасын бақылау, фермаға жем-шөп жеткізу, техникалар мен жабдықтарды жөндеу, қосалқы бөлшектерді жеткізу кіреді.

Ірі өңірлік жабдықтау кооперативтерінің бірнеше қоймаларымен комбикорм зауыттары бар. Олардың тауар тасмалдау үшін трейлерлер, тракторлар мен жүк көліктері парктері бар. Ең ірі бірлестіктер соңғы кездері тыңайтқыштар мен жекелеген ауылшаруашылығы жабдықтарын шығарумен айналысады.

Шымкент қаласында кооперативтер құру – бұл агротехникалық, зоотехникалық және ветеринарлық іс-шаралар өткізу үшін қажетті әжептәуір мал басымен немесе ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің үлкен алаңдарымен мақсатты түрде жұмыс істейтін сервистік компаниялардың пайда болуына мүмкіндік туындайды. Өндірістің өркендеуіне байланысты жеке сервистік компаниялар мен шаруалар өзара тиімді ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі болады. 

Мысалы, Чехияда тиімді жұмыс істейтін сервистік құрылымды көрдім. Бұл, өз уақытында сәтті жекешелендіріліп алынған, бұрынғы кеңестік кезеңіндегі ҒЗИ. Оның базасында ірі агро азық-түлік кооперативтеріне барлық қажетті консультациялық қызметтерді ұсынатын жеке кеңес беру компаниясы құрылды. Атап айтқанда, азықтандыру, ұстап-бағу, күтім жасау, асыл тұқымды малды, табын айналымын дамыту және тағы басқалар.

Бүгінде Шымкентте ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін кепілді түрде арттыратын қызықты ғылыми әзірлемелер бар. Атап айтқанда, бұрын айтып келтірілген, Абдумәлік Ашировтың өсімдік тұқымын геологиялық ынталандыру үрдісін пайдаланумен тапқан ғылыми жұмысы. Бұл әдіс өнімнің 2-5% емес, кемінде 30%-ға және одан да артық өсуіне кепілдік береді. Бірақ, бүгінгі таңда оны ұсақ тауар өндірісінің күнделікті тәжірибесіне енгізу өте қиын. Бұл үрдіс шағын шаруашылықтарды қызықтырмайды. Ал ірі көлемде тауар өндіретін кооперативтерде бұл әбден мүмкін. Болашақта осындай шаруашылықтармен шарттар жасасу өте тиімді. Сондықтан, біздер көшпелі семинарлар өткізу кезінде қызықты ғылыми жұмыстары бар ғалымдарды үнемі шақырып отырамыз. Олардың тиімді идеяларынан кейін, ірі аграрлық шаруашылық кооперативтері бар кейбір фермерлер сол жерде олармен шарт жасасады.

Консультативтік жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін қаланың аграрлық секторы үшін ғылыми ұсыныстарға қажетті капиталдары бар бірқатар жетекші ҒЗИ тығыз байланыста болу қажет.

 

ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ

«Ауылшаруашылығы кооперативтері» заңына сәйкес, шаруашылық жүргізудің ауылшаруашылық кооперативтері сияқты жаңа түрлері үшін жекелеген салық түрлеріне 70%-ға дейін азайтылуға жататын арнайы салық режимі (АСР) енгізілген. Сонымен қатар, оны қолдануға шектеулер алынып, ауылшаруашылығы кооперативтері қызметінің салалары, ауылшаруашылығы кооперативі мүшелерінің құрамы кеңейтілді. Кооперативтың ішкі аудитінің құнынан 50%-ға дейін субсидиялау қаралған.

Кооперация арқасында кооператив мүшелері үшін ішкі тарифтерді қолдану есебінен қожалықтардың тасымалдау, шикізатты өңдеуге немесе дайын өнімді нарыққа жеткізу шығындары қысқарады. Бұл бөгде (делдалдық) ұйымдардың құнынан төмен. Сондай-ақ, кооператив мамандарынан ақпараттық-консультациялық көмекті өтеусіз алу мүмкіндігі пайда болды. 

Бүгінде мемлекет аграрлық және агроөнеркәсіп кооперацияларының тиімді дамуы үшін қажетті әлеуметтік, материалдық-техникалық және қаржылық жағдарларды жасауда. Жеті жылға 6% жылдық ставкамен және оларды төлеуге жарты жылдық демалыс беретін "Береке", "Бірлік", "Игілік" және "Ынтымақ", арнайы бағдарламалар ұсынылған.

Мәселен, кооператив мүшелерінің "Береке" бағдарламасы бойынша бройлерлік құс өсіруге 5 млн теңгеге дейін, өндіріс мақсаттарына сәйкес жеке кооперативтерді дамытуға "Игілік" бағдарламасы бойынша 3 млн теңгеден 5 млн теңге дейін кредит алуға мүмкіндіктері бар. "Бірлік" бағдарламасы бойынша кооператив қажеттіліктері үшін сүт қабылдау пунктінің құруға 18 млн теңгеге дейін (уақытша сақтау үшін жабдықтар және өнімдерді тасымалдауға көлік құралдарын сатып алуға); кооператив қажеттіліктері үшін өнеркәсіп ұйымдастыруға "Ынтымақ" бағдарламасы бойынша - 50 млн теңгеге дейін кредит беріледі. 

Мемлекет бұл бағдарламаларға сатып алынған жабдықтардың құнының 50%-ға дейінгі мөлшерін қайтаратын инвестициялық субсидиялау қарастырған. Сонымен қатар, кепілді 75%-ға дейін қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік қолдау көрсету, елдің аграрлық секторын және оның өнімін субсидиялау жүйесі айтарлықтай сынақтан өткізу көзделген. Бұл туралы ақпарат қала әкімдігінің сайтында жеткілікті және қолжетімді болып ұсынылған.

Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей, арнайы құрылған қаржы институттары кооперацияны дамыту үшін несие бөлу кезінде, тәуекел мәселелеріне қатысты бюрократиялық іркілістерді болдырмау үшін іс жүзінде ештеңе ұсына алмайды, олардың жұмысы екінші деңгейдегі банктердің схемасымен бірдей. Дәлірек айтқанда, жаңа шаруашылық жүйелері мен өндірісті ұйымдастыру түрлері, және фермерлердің білімінің әлеуетін қалыптастыру бойынша өтпелі процесінің маңыздылығын түсіндіру. Мысал ретінде барлық кооператив мүшелерінің алған кредиттері туралы анықтаманы ұсыну талабын келтіруге болады. Егерде кооперативтің бір мүшесінің әлі жабылмаған қарызы болса, онда олар бүкіл кооператив мүшелеріне несие бермейді. «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң бойынша шаруалар бірден бірнеше кооперативтердің мүшесі бола алады. Біздің ойымызша, бұл жағдайда қаржы институттарының неғұрлым икемді бағыттары болуы тиіс, қарыздың қай салада берілгенін шешіп алу керек. Мысалы, етпен айналысатын кооператор - көкөніс өндіруші кооператордың алған несиесі үшін зардап шекпеуі керек. Мұндай несие беруден бас тарту тәжірибесін қайта қарау қажет. Осындай екінші деңгейдегі банктерге арналған тәжірибе, елімізде кең ауқымды кооперацияны дамыту үшін аграрлық секторға қаржылық көмек көрсететін мамандандырылған қорлар үшін кері әсерін тигізеді. Үстіміздегі жылы Шымкент қаласында осы мәселе бойынша Қазақстанның қаржы институттарының, соның ішінде Қазагро" АҚ, Қаржылық көмек қоры, түрлі қаржы институттары және қызығушылық танытқан тұлғалардың қатысуымен ауылшаруашылық кәсіпкерлері мен кооперативтердің форумы өтеді. Онда біз, осы мәселені күн тәртібіне талқылауға ұсынатын боламыз.

(Жалғасы бар)

 

Тимур БАЙМҰХАНОВ,
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, экономика
ғылымдарының докторы

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 2