Среда, 20 Сентябрь 2017 05:35

Жаңа автобустар әкелінді

Шымкентте қоғамдық көлік тасымалдаушылармен келісімшарт 10 жыл мерзімге жасалатын болды. Бұрын аталған мерзім 3 жылды құрайтын. Оның өзіндік қатаң талаптары да бар.

Жолаушы тасымалдаушы компания 140 күн ішінде автопаркін жаңалауы тиіс. Аталған шара банктердің тасымалдаушыларды жаңа автобус алған жағдайда несиелендіруі үшін және лизингке рәсімдеуі үшін де тиімді. Бұл шартты алғашқылардың бірі болып «Бек-Сервис» компаниясы орындап отыр. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов компания басшылығымен кездесу барысында салаға қатысты біраз мәселенің түйінін тарқату жөнінде де айтып өтті. Бүгінде серіктестік аталған келісімшарт аясында автопаркін жаңалау мақсатында 5 «ПАЗ-Вектор» автобусын сатып алды. Су жаңа автобустар енді №34 бағытта қызмет көрсететін болады.

Бір апта бұрын ғана қаламызға жап-жаңа «Газель» шағын автобустары жеткізілген болатын. Олар №102 бағытта қызмет көрсетпек. «Мир и СО» компаниясының басшылығы қала әкімдігімен келісімшарт аясында орындап отыр.

Еске сала кетсек, қала әкімі бұған дейін шаһардағы көне көліктердің орнын жаңа автобустармен алмастыруды ескерткен болатын. Әрі автопаркін жаңалаған компанияларға қолдау болатынын да айтқан еді. Енді алдағы уақытта қала орталығында тек қана жаңа автобустар қызмет көрсететін күн де алыс емес.

Опубликовано в Қала

DSC 5971

Шымкенттегі жолаушылар тасымалы саласының проблемалары жолаушылар көлігі бөлімі мен жолаушы тасымалдаушы компаниялар басшыларының кездесуінде талқыланды.

Автобус жүргізушілері мен кондукторлардың дөрекілігі, жол жүру ережесін сақтамау, шағын автобустардың адамдарға лық толып жүруі, жүргізушілердің темекі шегуі – қала әкімдігінің инстаграмдағы аккаунтына келіп жатқан хаттарда осы және басқа да проблемалар көтерілген. Енді жолаушы тасымалдаушы компаниялардың жетекшілері осындай тәртіп бұзуға жол берген жүргізушілерді қатаң жазалауға уәде берді. Олар өз кезегінде өздерінің проблемаларын да ортаға салды. Мысалы, қазіргі таңда көк түтіндетіп жүретін автобустарға қарсы бірнеше рейд өткізілмек.

Жиында «Акбар» және «Әскери комиссариат» аялдамаларының ауыстырылуы да сөз болды. Қазір олар біріктіріліп, ортақ «Университет» аялдамасы болған. Бұл Төлеби және Анаров көшелерінің қиылысын көліктерден тазарту үшін жасалып отыр. «Әскери комиссариат» аялдамасының кесірінен мұнда көлік кептелісі жиі болады. Бұған дейін кейбір автобустар әлі де «Әскери комиссариат» аялдамасына тоқтап келген болса, енді бұған тыйым салынған. Ереже бұзған жүргізушілерге айыппұл кесілетін болады.

Бұған қоса жолаушыларға дөрекілік көрсеткендер де айыппұл төлемек. Тіпті, жұмысынан да қуылуы мүмкін. Автобустар кір немесе салонда темекі шеккен жүргізушілер де жазаға тартылмақ. Олардан кейін көлік компанияларының иелері де жазаланады.

Опубликовано в Қоғам

Бүгінде облыста 7 автовокзал және 23 автобекет жолаушыларға қызмет көрсетеді. Автовокзалдар мен автобекеттерді Ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру – уақыт талабы. Бұл мақсатта облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен автовокзал басшылары арасында 2016 жылы Меморандум түзілген еді. Оған сәйкес, автотұрақтар заманауи талапқа сай болып, сапалы қызмет ұсынуы тиіс. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы БАҚ өкілдеріне арнайы ұйымдастырған рейд барысында қаладағы бірқатар автотұрақтардың жағдайымен таныстық.

DSC 4709

Автовокзалдар төрт санатқа бөлінген

Меморандумға сәйкес, 2019 жылы автотұрақтар 100 пайыз талапқа сай болуы керек. Осы бағытта мекеме басшылары заманауи талапқа сай болуға әрекет етіп жатыр. 

Бекеттер – қаламыздың көркі. Жолаушылар, туристердің ең бірінші бас сұғатыны осы орындар. Сол себепті мекемелер жауапкершілікті сезінуі керек. Бүгінде бұл маңдағы ретсіз сауда нүктелері жойылуда. 

Қазір өңірде 63 тасымалдау мекемесі бар болса, 2700-ден астам автобус түрлі бағытқа қатынайды. Сапалы қызмет көрсету және қауіпсіздікті сақтауға көңіл бөлінуде. 

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаевтың айтуынша, қазір автовокзалдар төрт санатқа бөлініпті. 

– Облыста бірінші санатқа лайық 6 автовокзал бар. Олар 80 пайыз талапқа сай. Екінші санаттағылар 65-80, үшінші санаттағылар 50-65 пайыз аралығында талапқа сай. Ең төменгі – төртінші санаттағылардың жағдайы 50 пайызға дейін. Біз оларды тізімнен шығарып тастау мәселесі бойынша облыстық әкімдіктің комиссиясына ұсынамыз, – дейді Мақсат Сайлаубайұлы. 

DSC 4761

Заңсыз тасымалдаумен күресу – тікелей облыс әкімінің назарында тұрған мәселе. Аудандарда мобильдік топ құрылған. Жеті айдың ішінде 24 рейд өткізіліп, 145 хаттама толтырылыпты. Заңсыз тасымалдаушылар да толық анықталған: 145 үлкен сиымдылықты, 756 шағын автобус осындай тізімде тұр.

 

Заманауи талаптарға сай

2006 жылы ашылған Шымкенттегі халықаралық «Самал» автовокзалында оң өзгерістер баршылық. Аумағы 1 гектарды қамтитын нысанда 8 тамыз күні заманауи талаптарға сай екінші күту залы жолаушылардың игілігіне берілді. Мекеменің атқарушы директоры Асқар Шалабаев бірқатар жаңалықтардан хабардар етті. 

– Бізден 2 халықаралық, 7 облысаралық, 23 аудандағы елдімекендерге көліктер қатынайды. Келісімшарт бойынша 22 көлік компаниясымен бірлесе жұмыс істейміз. Бұған дейін келісімшартты бұзу мәселесі болған емес. Таяуда ауданаралық бағыттарға арналған күту залы ашылды. Қыста жылы, жазда салқын. Одан бөлек, облыста алғашқы болып электронды билет сату жүйесін іске қостық. Халықтың әлеуметтік жағдайына қарай баға көтерілген емес, – дейді ол. 

DSC 4730

Мұнда жолаушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Автотұрақ маңында 28 бейнебақылау орнатылған. Мобильдік топ күндіз-түні күзетеді. 

Жүргізушілерге де барлық жағдай қарастырылған. Яғни, олардың жолға шығу алдында дәрігерлік тексеруден өтуіне мүмкіндігі бар. 

Жаңадан ашылған күту залында кітап оқып отырған Азиза Исаевамен сөйлестік. Зейнет жастағы апай мұндағы жағдайға дән риза. Түркістанға жол жүріп бара жатыр. Қарт жолаушы көліктердің қолжетімділігіне, тазалық пен тәртіпке өз ризалығын айтты. 

«Бекжан» автовокзалында да барлық жағдай қарастырылған. Сауда қатарлары стандартқа сай. Мекеменің директоры Ғалымжан Әбуовтің айтуынша, мұнда күнделікті 300 автобус жолға шығады. Облысаралық 6, ауданаралық 27 бағыт бар. 19 компанияның жұмысы ретке келтірілген. 

Көлік компанияларына жүктелген міндеттің бірі – жолаушылардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу. Мәселен, бүгінде көліктерге өз мекемелерінің атаулары жапсырылып жатыр. Бұл жолаушыларға өте тиімді. Қай бағытқа жүретіні, қай фирмаға тиесілі екені айқын жазылып тұр. Жол патрульдік полициясы да көліктердің бағытын анықтап отырады. 

DSC 4660

Заңсыз жолаушылар тасымалына жол жоқ

Облыста шамамен 145 сыйымдылығы үлкен автобус пен 756 шағын автобустың заңсыз тасымалдаумен айналысатыны анықталған. Олардың енді тәртіпке мойынсынуына тура келеді. 

Басқарма басшыларының мәліметінше, бүгінге дейін ауданарлық тұрақты бағыттарға қызмет көрсететін 354 (75 пайыз) шағын автобусқа өз белгілері орнатылыпты. Яғни, бұдан былай, көлікте мұндай мәліметтері болмаса, ол заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысатын автокөлік тізіміне кірмек. 

Сондай-ақ, тасымалдаушы компаниялар өз көліктерін жыл сайын жаңарту керек. Былтыр екі тасымалдаушымен келісімшарт бұзылған. Биыл 111 автобусты жаңарту жоспарда тұр.

БАҚ өкілдері де заңсыз жолаушылар тасымалдайтындардың әрекетіне рейд барысында куә болды. Шымкент-Ташкент бағытында қатынайтын бірқатар көліктердің заңсыздықтары анықталды. Мәселен, кейбір жүргізушілердің жолаушылар тасымалдау куәлігінің уақыты өтіп кеткен. Оларға жол-патрульдік полиция қызметкерлері тарапынан 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал енді бірінің сақтандыру полисінің мерзімі жарамсыз болып шықты.

Опубликовано в Қала

Жуырда Шымкент қаласының шалғай шағынаудандарында және жолаушылар ағыны төмен көшелерде тұратын тұрғындар қоғамдық көліктермен қамтамасыз етілмек.

Бұл туралы ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаевтың айтуынша, 2017 жылдың 6 айында төрт – 3 ауданаралық, 1 облысаралық тұрақты бағыт ашылды. Олар – «Шымкент-Боралдай», «Қошқар Ата-Алмалы-Шымкент», «Түркістан-Жібек Жолы» және облысаралық «Шымкент-Ақтөбе» бағыттары.

Жиында бұдан бөлек, автобустарды жаңалау, оларды GPS құралдарымен жабдықтау, заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қою сынды мәселелер талқыға салынды.

Опубликовано в Қала

Қаланың орталық көшелерінде заманауи үлгідегі аялдамаларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін орталық көшелер бойына жолаушы үшін ыңғайлы, шағын 95 дана аялдама қойылмақ.

DSC 3887

– Онда жарнамаға арналған стенд, аялдама аты жазылатын тақтайша орнатылып, қоғамдық көлік бағыттарының жүру сызбалары көрсетіледі. Қоқыс контейнерлері мен орындықтардың болуы да қарастырылған, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Сұлтанхан Түзелов. 

Маманның айтуынша, жаңа аялдамаларды орнатудың да өз реті, тәртібі бар. Аралық өлшемдерін мөлшерлегенде ең алдымен, жолаушылардың ағымы ескеріледі. Тозығы жеткендерін жаңарту, орналасу орнын зерделеу бағытында нақты жоспарлы жұмыстар бар. Айта кетсек, қазіргі таңда Шымкентте 1200-ге таяу аялдама бар. Бұл қатарда 180 аялдамаға сырлау жұмыстары жүргізіліп, алаңшасы қайта құрылуда. Жаңа аялдамалардың орнатылуына байланысты, Қонаев, Темірлан тас жолы және Тәуке хан даңғылындағы бұрынғы аялдамалар өзге шағынаудандарға көшірілуде.

Опубликовано в Қала

20150205180616

Биыл «Shymkent BUS» компаниясы 100 жаңа автобуспен толығады деп жоспарлануда. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қала тұрғындары үшін маршруттар қолайлы болу үшін бірқатар шараларды атқаруда.

Миллионға таяу халқы бар Шымкентте көліктер қатары артқан сайын, жол тақырыбы  өзекті мәселенің бірі. Бөлім басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаевтың айтуынша, автобус тапшылығын болдырмау үшін жаңа автобустар қоғамдық көліктер қатарына қосылады. Яғни 10 әлеуметтік маңызы бар  маршруттар енгізіліп, бекітілді. Жаңа қоғамдық көліктер бағыты қала іші мен шалғай шағынаудандарды қамтиды.

Опубликовано в Қала
Среда, 15 Февраль 2017 06:10

Жаңа автобус бағыттары ашылады

Алдағы уақытта Шымкент қаласында әлеуметтік жаңа автобус бағыттары ашылмақ. Бұл жөнінде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев мәлім етті.

AA533801.MXF snapshot 00.00 2016.02.26 13.01.06-e1458212207710

– Шымкент қаласының Бас Жоспарына сәйкес, облыс орталығы аумағына жаңа 40 елдімекен қосылып, нәтижесінде, қала аумағы үш есеге дерлік ұлғайды. Сол себептен де, қаланың шалғай мекендерін қоғамдық көлік қызметімен қамту жұмыстары өзекті болып тұр, – дейді сала маманы.

Бүгінде қала әкімдігі тарапынан бұл мәселенің жедел шешімі ретінде он әлеуметтік жаңа бағытты ашу ұсынылуда. Аталмыш жоба облыс мәслихатының кезекті сессиясының күн тәртібінде қаралатын болады.

Опубликовано в Қала
Пятница, 03 Февраль 2017 03:54

Автобустарды жаңарту міндеттелді

Қала әкімдігінің кіші мәжіліс залында қоғамдық көлік қызметі сапасын талқылауға арналған жиын өтті. Шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов тиісті бөлімдердің,  қоғамдық көлік автопарктерінің басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

DSC 4618

Алдымен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев қоғамдық көлік қызметіне қатысты баяндама жасады. Бүгінде қалада 75 бағыт бойынша 28 автопарк жұмыс істейді. Күнделікті жолаушылар ағыны – 480 мың адам.

Қазіргі таңда автопарктердің жұмысында алға ілгерілеушілік бар. Мәселен, 2012-2016 жылдар аралығында автобустар 6 есеге жаңарды. Қала әкімі көліктерді жаңарту бойынша мына бір жағдайға назар аударды. Яғни, қоғамдық көлік басшылары келісімшартты 10 жылға дейін ұзартқысы келсе, онда 4 айда көліктерін жаңарту міндеттеліп отыр.

DSC 4649

Сондай-ақ, қала әкімі қоғамдық көлік басшыларына аялдамалардағы тәртіпсіздікті мүлде тоқтатуға қатаң тапсырма берді. Енді әр маусым сайын атқарылған жұмыстарды таразылау бойынша жиын өткізілмек.

Опубликовано в Қала

«Электрон», «Рахат», «Гүлжан», «Орталық саябақ», «Кең баба», шағынаудандарға барамыз... Таң сәресінен-ақ, әрбір аялдамада қоғамдық көлік бақылаушыларының жарыса шығатын дауысын есту – қала тұрғындарының қай-қайсына болсын, таңсық дүние емес. Дүйім көпшіліктің күнделікті тіршілік барысында жасаған алғашқы қадамы да нақ осы тасымалдау қызметімен тікелей байланысты. Нақты айтқанда, күн сайын орта есеппен алғанда осы қызмет түрі арқылы 400 мыңнан астам жолаушы тасымалданатын көрінеді. Тамыз айының алғашқы жексенбісі – елімізде көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде кеңінен атап өтіледі. Өзіндік жауапкершілігі мен қиындығы мол қоғамдық жолаушы тасымалдау қызметінде сала мамандарының еселі еңбегі шынайы бағаланып жатады. Осы орайда, біздер қоғамдық көлік саласының күнделікті қызметін саралап өтуді ұйғардық.

САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ – ҚАУIПСIЗДIК КЕПIЛI!

660A9942

«Оңға бұрыл!», «Тоқта!», «Артқа қозғал!» – деген сынды өндірістік бөлім мамандарының берген нұсқауын қапысыз орындайтын автобус жүргізушілері ең әуелі, көлігінің техникалық қауіпсіздігіне көз жеткізуі тиіс. Яғни, жолаушыларға барлығы 86 бағыт, 1244 кесте бойынша қызмет ететін қаладағы 33 көлік компаниясының күнделікті жұмыс жүйесі нақ осылай басталады.
Бұл қатарда, соңғы жылдары жолаушы тасымалдау бағытына жаңа леп ала келген «Green Bus» көлік компаниясының үлгілі көрсеткіштері мамандар тарапынан жоғары бағаға ие. Біз келген тұста мұнда автобустарды техникалық бақылаудан өткізу жұмыстары жүріп жатты. Мекеме басшысы Бақыт Бертаевтың (суретте) айтуынша, өндірістік бөлім мамандары тәулік бойы үзіліссіз, 3 ауысымда қызмет етуде.

– Әр ауысымда тиісінше, көліктердің техникалық дайындығына жауапты 8 слесарь маман бекітілген. Бұдан бөлек, ауысым жетекшісі, кезекші механик, дәнекерлеуші сынды мамандар да өз қызметінде салғырттық көрсеткен емес, – дейді мекеменің ішкі тәртібімен таныстырған Бақыт Төребекұлы.

ONK 5748

Мекеме қызметкерлері арасында өз ісіндегі жауапкершілікпен қатар, өзара сыйластық үлгісі де жақсы дәстүр ретінде қалыптасқан. Бұл сәтте жұмысшылар дәнекерлеуші маман Мәлік Орынбасаровты төл мерекемен тұспа-тұс келген туған күнімен құттықтап, өзіндік сый-сияпаттарын ұсынып жатты. Мұнан әрі мекеменің мониторинг бөлмесінің қызмет барысымен таныстық.
– Біздегі қоғамдық көлік қызметі толығымен автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Яғни, олардың қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын арнайы GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады, – дейді колонна жетекшісі Әбдібек Укибаев. – Көрсетілген кестеден тыс, жүргізушілер уақытынан жылдам не болмаса кейін қалып қоя алмайды. Сондай-ақ, кешкі уақытта жұмысын ерте аяқтаған болса, бақылау жүйесінде дыбыс қондырғысы бірден іске қосылады. Көрсетілген кестеден ауытқыған көлік жүргізушілеріне қатаң шара көріледі.
Көлік жүргізушілері 4 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады. Осының есебінен, автопаркте күнделікті 28-30 автобус тұраққа қойылады. Және тек тұрмай, қосалқы бөлшектерінде майлау, қатайту қызметі жүзеге асырылады.

ЖҮРГIЗУШIНIҢ БIЛIКТIЛIГI СЫНАЛАДЫ

660A0180

Жолаушы тасымалдау қызметінде бар болғаны 1,5 жыл уақыт ішінде ауқымды міндеттерді атқара білген мекемеде мамандардың біліктілігіне айрықша мән беріледі. Мұнда алғаш келген жұмысшы ең әуелі, көп жылғы тәжірибесін есепке алмастан, 3 күн бойы міндетті сынақ мерзімінен өтеді. Яғни, бірден көліктің руліне емес, слесарь мамандардың қасына жайғасады. Ондағы қарапайым қосалқы бөлшектерді ауыстыру, майлау жұмыстарын өздігімен орындауға үйренеді. Күні бүгінге дейін жолаушы тасымалдау саласында қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан Алтынбек Ілиясов, Әбдісадық Қасымов сынды тәжірибелі жүргізушілер де кейінгі жас толқынға білгенін үйретіп келеді.
Үлгілі көрсеткіш бағытымен қозғалатын №74 автобусына жайғастық. Көлік жүргізушісі Әлішер Төреқұлов 9 жылдан бері осы салада қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. Кейінгі технологиямен жабдықталған, сыйымдылығы мол әрі ыңғайлы қытайлық «GoldenDragon» маркалы автобусы жолаушылардың да көңілінен шығуда.
– Таңертеңгілік қызметіміз – 6:28-де басталады. Белгіленген кесте бойынша кешкі 21:00-ге дейін жолаушылар тасымалданады. Көлігіміз аса шаршата қоймайды. Әрі метан газымен қозғалатындықтан, экологиялық тұрғыдан да тиімді. Күн сайын 120 куб метан газы пайдаланылады. 250-260 шақырым көлемінде жол жүреміз, – дейді қоғамдық көлік жүргізушісі.
Байқағанымыз, көлік ішінде арнайы тақтайша орнатылыпты. Онда жауапты және кезекші жүргізушінің аты-жөні, диспетчерлік кеңсенің нөмірі жазылған. Яғни, ақпараттық парақша арқылы жүргізушінің қандай да бір әрекетіне шағым білдірген жандар көрсетілген нөмірге хабарласу мүмкіндігі бар.
Мамандардың айтуынша, қала аялдамаларының көпшілігінде ақпараттық тақтайшалар орнатылуда. Онда қоғамдық қызмет көліктерінің қай уақыт аралығында жүретіні арнайы кесте бойынша көрсетілген.

КЕЛЕШЕККЕ КЕМЕЛ ҚАДАММЕН...

IMG 5601-3

Қала әкімдігімен бірлесе қолға алған мекеме меншігіндегі муниципальді автопарк қызметі де бүгінде көпшіліктің қызығушылығын арттыра түсуде. Қазір автопарктің орны анықталып, тегістеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Енді аз күнде нысанның құрылысы да қарқын алмақ. Жобаның алғашқы кезеңі аясында жыл соңына дейін 10 бағыт бойынша 150 автобус пайдалануға берілетін болады. Нәтижесінде, Бас жоспарға сәйкес, қалаға жаңа қосылған елдімекен тұрғындары қоғамдық жолаушылар көлігімен жүйелі түрде қатынау мүмкіндігін иеленетін болады. Жобаның алғашқы кезеңінде мұндай мүмкіндікке ие болатын елдімекендер қатарында «Жаңаталап», «Текесу», «Қайнарбұлақ», тағы басқалар бар.

Опубликовано в Қала
Среда, 03 Август 2016 04:19

Ажары кiрген аялдамалар

Қазір қалада аялдамалар ретке келтіріліп жатыр. Осыдан екі күн бұрын күнделікті мінетін аялдаманың орнынан алынып тасталғанына куә болдық. Қазір тозығы жеткендерін жаңарту, орналасу орнын зерделеу сынды жұмыстар қолға ала бастаған. Тиісті сала мамандары жыл соңына дейін қалада 40 жаңа аялдама орнатуды жоспарлап отыр. Аялдамалар ретке келтірілуде. Көліктер де жаңартылып, қалаға сән беріп тұр. Ал енді қызмет көрсету сапасы қандай?

БИЫЛ 40 ЖАҢА АЯЛДАМА ОРНАТЫЛАДЫ

DSC 3891

Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Бауыржан Шырынбаев бұл бағытта атқарар жұмыс барысын баяндап берді. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сұрықсыз тұрғандар мен қала көркіне сай келмейтіндердің орнына жаңасы қойылады.
– Тозығы жеткен аялдамаларды жаңартудан бөлек, бір-біріне жақын орналасқандарын қайта зерделеуге мәжбүрміз. «Дархан» базарының маңындағы аялдаманың орнын ауыстырудағы мақсатымыз сол. Арасы тым жақын болғандықтан жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті. Оған көлік кептелісін қосыңыз. Биыл аялдамаларды жаңартуға, қажет жерлерге қою мақсатында бюджеттен 35 млн теңге бөлінді. Қаланың орталық бөліміне, шалғайдағы шағынаудандарға да қойылуы қажет. Осы қаржыға 40 аялдама орнату керектігін анықтадық. Жыл соңына дейін бәрін орнатып бітеміз, – дейді Б. Шырынбаев.

Аялдамаларды орнатудың да өз реті, тәртібі бар. Қаланың кей көшелеріне жаңадан қойылғандары тым шағын деген сын-ескертпелердің айтылғаны рас. Мысалы, Тұрар Рысқұлов көшесінен Д. Қонаев даңғылына кіре берістегі жаңа аялдама көзге шағындау көрініп тұр. Сөйтсек, ол қазіргі стандартқа сәйкес іске асқан жоба екен. Әлбетте, қаланың орталық, халық көп шоғырланатын жерлеріне үлкен аялдамалар қажет. Ал адам аз орындарға шағын әрі жинақы тұрақтар қойылуы тиіс. Талап-ереже осындай.
Бүгінде қаланың қай жерлеріне аялдама қою қажеттігі туындап тұр? Маманның айтуынша, Тәшенов және Иляев көшесі қиылысына,
Қазыбек би көшесіне қажет. Оған қоса, Ленгір тас жолы бойындағы автожолдың аялдамалары да әбден тозығы жеткен. Кеңес одағы кезінен қалғандар әліге дейін қолданылып келді. Бұдан бөлек, Таскен елдімекенінің Орталық көшесіне төрт аялдама қою да жоспарда.
Күн сайын автобуспен жүріп байқағанымыз көп аялдамалардың атаулары жазылмаған. Бұл мәселені де маманның өзіне қойдық. «Аттары жазылмағандары – ертерек орнатылғандары. Қазір соңғы қойылып жатқандарға бірден аттары жазылуда. Бәрінің де маңдайшасы бар, алдағы уақытта бәрінің де атауы жазылады. Мұны Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімімен бірлесе іске асырамыз. Солар бізге ұсыныс беруі керек», – дейді Бауыржан Шырынбаев.
Қынжылтатыны, кімнің де болса аялдамалардағы жабайы жарнамаға бірден көзі түседі. Нағыз афиша орнына айналғандай. Қай аялдамаға қарасақ та, бәрінде осы жағдай. Негізінен, мұның бәрі заңсыз ілінген жарнамалар. Пысықайлар түнде келіп іліп кететін көрінеді. Артынша тазалыққа жауапты мамандар ретке келтіруге әрекеттенеді. Бір апта өтпей, тағы сол жағдайға түскеніне куә боласыз. Қазіргі жағдайда мұның бәрін бақылау мүмкін болмай тұр. Негізі – бұл іспен тәртіп сақшылары тікелей айналысады.
Келешекте жаңадан орнатылған аялдамаларға монитор қою да жоспарланып отырғанынан құлағдар болдық. Онда әр автобустың бағыттары көрсетіліп тұрады. Автобустардың келу уақыттары да назарда тұрмақ.

«БIР-БIРIМЕН ЖАРЫСЫП, ҚҰТЫҢДЫ ҚАШЫРАДЫ»

IMG 3447

Бүгін де сол көрініс, сол олқылыққа куә болдық. «135» бағыттағы автобусқа мінген едік. Кондуктор жігіт «Гүлжан, Технологический, Байтұрсынова, Гарант, Қонаева...» деп сайрай жөнелді. Қысылып-қымтырылу деген жоқ. Оған ескертіп жатқан ешкімді байқамадық. Үлкендер жағы да тым-тырыс. Мемлекеттік тілге деген құрметсіздігінен бөлек, қазақтың белгілі ағартушы ғалымының әруағын қорлағанын біле ме екен деген ой келді. Мұны әр аялдама сайын қайталайтынын байқап жүрміз.
Күнде кешке 8-ден аса қоғамдық көлікпен үйіне қайтатын қала тұрғыны Үсен Байтұрсынов жүргізушілерге, кондукторларға деген ренішін жайып салды. 53 жастағы қала тұрғынының пікірін мұқият тыңдадық. Өзі 14-ші бағытты күтіп отыр. Таскен елдімекенінде тұрады екен.
«Мәдениет жағы ақсап тұрғаны рас. Бізде жүргізушілердің бәрі «ұшқыш» қой. Ішінде адам бар демейді. Бір-бірімен жарысып, құтыңды қашырады. Адамға деген құрмет қайда?! Түзелетін сыңай байқатқандай болады. Бірақ, әлі де кемшін жағы көп. Тәртіп болса дейсің. Алаңғасарланып айдауларынан адамдарды қағып өтіп жатыр. Одан кейін, кондукторлар дәл түбіңнен айқайлай жөнеледі. Тәртіп пен мәдениетке бет бұратын кез келді емес пе?!» 18 шағынауданда шаштаразшы болып жұмыс істейтін жігіт ағасы осындай базынасын айтты.

«ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУIМIЗ КЕРЕК»

DSC 04401

Рас, жолаушыларды тасымалдау қызметі сапасын жақсарту – өзекті мәселе. Жуырда өткен қалалық қоғамдық кеңесте де бұл мәселе жөнінде сөз болды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық кеңестің мүшесі Исамуддин Рысбай қоғамдық тасымалдау қызметіне арнайы бағдарлама қажет дегенді айтқан. Бұл мәселе бойынша да қоғам болып, жұдырықтай жұмыла кіріскен жөн секілді. Мәселені шешуде жұмыстар атқарылып жатыр. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мәселені кезең-кезеңімен шешпек.
– Көлік компаниясының басшыларын шақырып, осы мәселені атап көрсеттік. Қазақ тілінде атау, ономастикалық заңдылықпен бекітілген атауымен айту жөнінде талап қойдық. Оның алдында да айтып жатырмыз. Көп жағдайда орындалмай қалатыны рас. Әйтпесе, кондукторлардың бәрі де осы жердің азаматы, жер-су атауларының бәрін біледі. Бірақ селқостық танытады. Дегенмен, олардың көбісі тұрақты жұмыс істемейді. Енді үйрене бастағанда ауысып кетеді. Бұл жағдаймен қоғам болып күресуіміз керек сияқты. Мысалы, ақсақалдарымыз бөлімге келіп, жүргізушілеріңді жөнге салыңдар дейді. Ал өзіңіз ескерттіңіз бе десек, үндемейді, – дейді көлік және коммуникация секторының меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев.
Әрине, ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Қазір көліктер жаңарған. Кондукторлар бірыңғай формаға ауысты. Тек, осы мәселелерді түзеу қалып тұр. Дұрыс атау талап етіліп жатыр. Негізінен, келешекте аялдамалардың аты автоматтандырылған, дауыс зорайтқышпен хабарлау жүйесіне көшірілмек. Қазірдің өзінде бір-екі бағытта бұл жүйе тәжірибе жүзінде енгізілді де. Әзірге, біздің жолдар ол жүйеге сай емес.

КӨЛIКТЕРIН 20 ПАЙЫЗҒА ЖАҢАРТАДЫ

DSC 0745

Талдау жұмыстары көрсеткендей, қалада жолаушылар ағыны сағат 8.30-дан кейін азаяды. Жетіде жұмыстан шыққан адам сегіз жарымға дейін үйіне жетеді. Ал көліктер тоғыз, тоғыз жарымда жұмысты аяқтайды. Заңға сәйкес, кез келген қоғамдық көлік бір айлық жоспарды 70 пайызға орындаса, ол жақсы деп есептелінеді. Өйткені, техниканың аты техника: сынады, бұзылады.
Бүгінде бөлім мамандары кешкі рейдтерді ұдайы өткізеді. Қазір 84, 74 бағыттағы автобустар түнгі онға дейін жүреді. Өйткені, жолаушылар ағыны сол кезде бәсеңдейді. Бұрынғымен салыстырғанда көліктер жақсы жүріп жатқанын айта кеткен жөн.
Межелі жерге жеткізбей, орта жолда тастап кететіндер немесе «алдыңғыға ауысыңыздаршы» деп қиыла өтінетіндер әліге дейін кездесетіні де рас. Олар – белгіленген графиктен өз уақытынан озып немесе қалып қоятындар. Дегенмен, олардың әрекеті заңға қайшы. Адамдарға қолайсыздық әкеліп, ашу-ызасын тудырады.
Наурыз Сүгірәлиев бұл мәселе бойынша арнайы уатсап желісі көп олқылықтың бетін ашқанынан құлағдар етті. Қалалық әкімдіктің жанынан ашылғалы бері бейпіл сөйлейтін жүргізушілердің де қатары азайған. Темекі шегу оқиғалары да төмендепті. Мұндай оқиғаларға жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі нақты шара қолданып, полицияға да шағым түсірген. Бұл жағынан халық белсенділік танытып та жүр. Сіз де осындай жағдайға куә болсаңыз, әлгі уатсап нөміріне жазып жіберсеңіз, оларға шара қолданылады.
Жолақысы көтерілді, енді соған сай қызмет сапасы да жоғарыласа деген талап-тілек көпшілікте. Тарифті көтерудің басты себебінің бірі – көлік компанияларына көліктерін жаңартуға мүмкіндік беру. Мәселен, 2012 жылы шілде айында жол ақысы көтеріліп еді, 2014 жылы 150-160-қа жуық автобус келді. Одан кейін «Грин бас» компаниясы 200 көлік әкелді.
Жылдың аяғына дейін, тасымалдаушылар көліктерінің 20 пайызын жаңарту керек. Талап та зор. Көлік компанияларының мұны іске асыруға мүмкіндіктері де бар.

Опубликовано в Қала
Страница 2 из 3