Шымкенттегі ірі сауда орталықтарының
өрт қауіпсіздігі қай деңгейде?


Ресей еліндегі қайғылы оқиға іргелес отырған Қазақстан халқын да бейжай қалдырмағаны белгілі. Біздегі сауда-ойын-сауық орталықтарының жағдайы қандай? Қауіптің алдын алуға дайын ба? Осы сұрақтардың жауабын анықтау мақсатында «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілері және қалалық мәслихат депутаты  Е. Нұрмаханов «Мега Планет», «Шымкент Плаза» сауда-ойын-сауық орталықтарына барып, қауіпсіздік шараларымен танысып қайтты.

shemkala-25-1

Ресми дереккөздердің соңғы мәліметі бойынша, 64 адамның өмірін жалмаған Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда-ойын-сауық орталығындағы өрт кинотеатр және балалар ойын залдарынан басталған. Өкінішке қарай, қазақстандық Марина Баранова да оқиға орнында қаза тапқан. «Павлодар-Водоканал» ЖШС-інде жұмыс істейтін М. Баранова еңбек демалысын алып, Кемероводағы қызына қонаққа барған. Ал сауда-ойын-сауық орталығында өрт болған күні қызы және үш немересімен қаза болды.

shemkala-25-2

ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Ресей президенті В.Путин «қылмыстық немқұрайдылық пен жауапсыздық» деп бағалаған оқиғадан сабақ алу керек деді. Еліміз бойынша ірі нысандар мен көпшілік орындарды тексеруді тапсырды. 

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Мадияр Жақсыбаевтың айтуынша, шаһардағы барлық нысандар ережеге сай бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы түрде бақыланады.

DSC 4039

– 10 адамнан артық жиналатын кез келген ғимарат көпшілік орын болып саналады. Сондықтан, мұндай орындардың барлығында дерлік апатты жағдайда шығуға арналған қосымша есік болуы тиіс. Көптеген ғимаратта қосымша есік болғанымен, ол құлыптаулы тұрады және кілті есікте болмайды. Яғни, ашылмайды. Үлкен ғимараттарда халықты жаппай құлақтандыру, дабыл қағу жүйесі жұмыс істеп тұруы шарт. Эвакуациялау жолдары анық, өрт сөндіруге ғимараттың сыртынан және ішкі дәліздерден су берілу гидранттары толық әрі дайын болуы керек, – дейді басқарма басшысы. – Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында қалада ойын-сауық орталықтары мен сауда-саттық орындары ғана емес, барлық кеңселер, жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар, білім мекемелері мен көпқабатты тұрғын үйлер жоспарлы түрде жыл сайын тексеруден өтеді. 2017 жылдың соңында «Шымкент-Плаза» сауда-ойын-сауық орталығында оқу-жаттығу жиыны өткен болатын. Ғимарат соңғы технологиямен жабдықталған. Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілген.

М.Жақсыбаевтың айтуынша, қалада жоғары тәуекел тобына жататын 1217 нысан бар. Оның 408-ін 2018 жылдың алғашқы жартысында тексеру жоспарланған. 

DSC 4132

– Бірінші тоқсанда 127 нысанның өрт кезіндегі қауіпсіздік шаралары тексерілді. 127 нысанның басым көпшілігі – мектептер, балабақша, білім беру мекемелері. Нәтижесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 410-бабымен 86 нысанда орын алған кемшіліктерге орай акт толтырылды. Кемшіліктер үшін 15 АЕК көлемінде айып төлеуге акт түзілсе, 1 аптаның көлемінде оның 50 пайызын төлеу жеңілдігі қаралған. Шара қорытындысы бойынша 673 400 теңге көлемінде айып салынды, – дейді М. Жақсыбаев.

Десек те, бұл жоспарлы түрде жүргізілетін жұмыстар.

– Халық жайлы өмірді сезінуі үшін мекемелердің тексеру кезінде ғана емес, барлық уақытта қауіпсіздік шараларымен толық қамтылғанына сенімді жүруі керек. Сондай-ақ, кез келген апатты жағдай үшін негізгі жауапкершілік сол нысанның басшысына жүктеледі, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Ерболат Нұрмаханов. 

DSC 3986

Шымкент қаласында да кинозалдар мен балаларға арналған ойын алаңшалары бар сауда-ойын-сауық орталықтары аз емес. Олар – «Мега Планет», «Фиркан сити, «Әл-Фараби», «Гипер Хаус», «Юг сити», «Рахима Плаза», «Шымкент Плаза» және тағы басқа орталықтар. Аталған сауда орындарының барлығында автоматты өрт сөндіру жүйелері, апаттан шығуға арналған қосымша есіктер, дабыл қағу түймесі және өрт сөндіруге арналған су беру гидранттары талапқа сай орнатылған. 

Мәселен, біз кешкі сағат 19:00 шамасында барғанда, бұған дейін куә болғанымыздай, «Шымкент Плаза» сауда-ойын-сауық орталығының барлық есіктері ашық тұрды. Эскалатор жоғарыға және төменге екі бөлек бағытта да жұмыс істейді. Ғимараттың кез келген бөлігінде спринклерлер бар. Ал адам көп жиналатын «Cinemax Shymkent Multiplex» кинотеатрында 7 кинозал бар. Кинотеатр директоры Бауыржан Бисимбаевтың айтуынша, адам лық толы болғанның өзінде небәрі 7-15 минутта ғимаратты тастап шығуға болатыны сынақтан өткен. Ал дәл осы эвакуациялық дәліз арқылы бір адам 30 секундта далаға шығып үлгереді. Бір ғана 4-кинозалда 15 су себу спринклері бар. Түтін шығып немесе ауа температурасы қалыпты жағдайдан артық (70-75 градуста) қызғанда су себу қызметі автоматты түрде іске қосылады екен.

– Кинозалдардағы орындар саны әртүрлі, 114-тен 214-ке дейін. Ең үлкені 5-зал, онда 214 орын бар. Ал 7 VIP-залда 44 орын бар. Кинотеатрдағы есіктердің барлығынан ішке кіру мүмкін емес, кілтсіз ашылмайды. Бұл кино жүріп жатқанда кездейсоқ адамдардың кірмеуі үшін тиімді. Ал кинозалдан сыртқа шығу үшін кез келген есік кілтсіз ашылады, – дейді Б. Бисимбаев.

Кинотеатр директорымен бірге есіктердің сыртқа оңай ашылатынына көз жеткіздік. Есіктердің құлпы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әдейі осылай жасалған. Мұндай бір құлыптың ғана бағасы – 180 000 теңге.

Ғимараттан шығуға ең аз уақыт кететін сауда-ойын-сауық орталығы – «Мега Планет». Бізді аталған сауда-ойын-сауық орталығы және «Шымкент» ОӘД бас инженері Анатолий Железняков күтіп алып, қауіпсіздік шараларымен толық таныстырып шықты. 

DSC 4097

– Меніңше, Кемероводағы сауда орталығының есіктері біздегідей оңай ашылмайды. Автоматты өрт сөндіру технологиясы да қай деңгейде жұмыс істейтіні белгісіз. Біздегі су себу қуаттылығы 1 секундта 20 литрге тең, – дейді А. Железняков.

«Меганың» үшінші қабатында бірнеше тамақтану орны бар. Демек, бұл жерде шоғырланған адамдарға да ғимараттан тез арада шығу қажет. Ол үшін ғимараттың аппатты жағдайға арналған қосымша есіктері ашық тұр. Біз алдымен балалардың ойын алаңшасына бас сұқтық. Мұндағы жағдаймен балалар ойын алаңшасының әкімшісі Гүлназ Тілегенова таныстырды. 

Ал «Kinopark 5 Mega Planet Shymkent» кинотеатрының директоры Еркебұлан Рахмет кинозалдарда көрсетілім жүріп жатқанына қарамай апатты жағдайда шығатын есіктердің бірден далаға алып шығатынына көзімізді жеткізді. Мұнда да есіктерді іштен сыртқа қарай ашу оңай да, сырттан ішке қарай тек кілтпен кіру керек. 

DSC 4203

– Біз осы орталыққа келген әрбір адам үшін жұмыс істейміз. Сондықтан олардың өзін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі басты назарда болады. Кемерово оқиғасы бізде қайталанбасын деген тілек үшін қызмет етеміз. Күнделікті таңертең 5 минуттық жиында қосымша нұсқаулықтарды пысықтап отырамыз, – дейді Еркебұлан Рахмет.

Тағы бір маңыздысы, өрт болған жағдайда жарық сөніп қалса да сыртқы есіктер бір топ адамның бір соғуымен-ақ тез ашылады екен.

DSC 4221

«Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің тілшілерімен бірге жүрген қалалық мәслихат депутаты Е. Нұрмаханов қауіпсіздік шаралары техникалық жабдықтаумен бітпейтінін ескертті.

– Кез келген ғимараттың техникалық жабдығы сақадай сай болғанымен, мұнда келушілер де эвакуациялық жолдарға мән беріп, апатты жағдайда шығып кетуге болатын қосымша есіктерді біліп жүруі тиіс. 

DSC 4107

Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарға эвакуациялық жолдарға сілтейтін қызыл түсті бағыттау белгілері жетіспейді. Абыр-сабыр кезінде адамдар қай бағытқа қарай жүру керегін нақты білуі тиіс. Сонымен қатар су себу құрылғысы орнатылғанымен, су жинақталмаған болуы әбден мүмкін. Осындай кемшіліктердің орын алмауына ғимарат қожайындары жауапты, – дейді Ерболат Жақыпұлы.

Қалай болғанда да ата-ана мен тәрбиеші, оқытушы ертіп жүрген баласына жауапты десек те, кез келген ғимарат иесі өрт қауіпсіздігі тетіктерінің дер кезінде кәдеге жарауына жауапты. «Сақтансаң, сақтаймын» деген бар...

 

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік Қосай

Опубликовано в Қала

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, қалаішілік бағыттағы қоғамдық көлік қызметіне жүргізілген арнайы рейд нәтижесінде жол жүру ережесін бұзудың 43 дерегі тіркеліп, жүргізушілерге 300 мың теңгеден артық айыппұл салынды.

IMG-20171017-WA0025

Рейд барысында құжатсыз жолаушы тасымалдаған көлік жүргізушілері де анықталды.

Құжатсыз көлік жүргізіп, жолаушы тасымалдаған жүргізушінің бірі №58 бағыттағы маршрутта анықталып, автобус ақылы айып тұраққа алынды. Ал жүргізушінің үстінен хаттама толтырылды. Бұл рейд апта соңына дейін жалғаспақ. 

IMG-20171016-WA0056

Сондай-ақ, қоғамдық көліктерге қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың фотосуреті мен уәдесі бар плакаттар ілінді. Уәде бойынша бөлім басшысы 11 желтоқсанға дейін шаһардағы қоғамдық көлік саласына тәртіп орнатуы тиіс. Яғни, автобустардың қозғалу кестесі мен көлік тазалығы басты назарға алынады. Сондай-ақ, жолаушысы көп бағыттарға қосымша көлік бөлінбек.

Соңғы бір тәулік ішінде қала аумағында 13 бағытта қызмет көрсететін бір ғана «Greenbus company» ЖШС-нің қызметін 9 адам оң бағаласа, 11 тұрғын көңілі толмайтынын білдірген. Нәтижесінде, бір тәулік ішінде компания отыздықтың рейтингісінде 25-орыннан 28-орынға төменге сырғыпты. 

Үшінші мегаполис дәрежесіне лайықты қала болу үшін жергілікті тұрғындарға қызмет көрсету сапасы мен өзіндік мәдениеті жоғары болуы тиіс.

shymkala-83-10Әйгерім ЖҰМАҒҰЛОВА,
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Әкімдік қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын компаниялардың тиімділік рейтингісін жариялады.
Бұл ретте кез келген қала тұрғыны дауыс бере алады. Әкімдіктің ресми сайтына кіріп, www.shymkent.gov.kz/ru/bus қосымшасы арқылы смартфонмен жүзеге асыруы мүмкін. Сайттың басты бетінде «Қоғамдық көліктің рейтингі» баннері орналасқан. Сол баннерді таңдаған соң қаладағы жолаушыларға қызмет көрсететін көлік компанияларының тізімі шығады.
Көлік компанияларының жұмысы туралы қала тұрғындарының қалдырған мәліметі олардың рейтингін анықтап береді. Атқарылған жұмыстар аясында 11 желтоқсан күнгі қорытынды жиналыста қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін компанияға қатысты шешім қабылданады.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 20 Сентябрь 2017 04:57

Планшетті полицейлер

Шымкенттік полицейлер айыппұлды планшетпен рәсімдей бастады. Оның басты мақсаты – қағаз құжаттарды толтыру жүйесінен ауысу. Енді жол жүру тәртібін бұзу фактісінің хаттамасын толтыру үшін азаматтың ЖСН нөмірін терсе болғаны, қалғанын әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі жүйесі (ӘӨБТ) шығарып береді.

ӘӨБТ қосымшасы полицейлерге электронды хаттаманы лезде толтыруға мүмкіндік береді. Оған полиция қызметкері өзінің сандық қолтаңбасымен қол қояды. Ал ереже бұзған азамат хаттамамен танысып болған соң оған стилуспен қол қояды. Бұған қоса ол азаматқа хаттаманың қағаз нұсқасы беріледі, ал екінші нұсқасы инспекторда қалады. Электронды хаттама ереже бұзған азаматтың электронды поштасына, ал ұялы телефон нөміріне хабарландыру жіберіледі. Интернет байланысы бар мобильді құрылғы немесе смартфон арқылы СМС-хабарламадағы сілтемемен өтіп, электронды хаттамамен танысуға болады.

Бүгінгі таңда бес дана планшет пен принтер Шымкент қаласы әкімдігінің ұсынысы бойынша сатып алынған. Енді айдың соңына дейін (пилоттық жобадан соң) тағы 25 жиынтық (планшет, стилус, принтер және сымсыз байланыс жүйесі) сатып алу жоспарлануда. Ал жыл соңына дейін тағы 20 жиынтық сатып алынады. Қазіргі таңда қалалық жергілікті полиция қызметінде 50-ге жуық автокөлік бар, олар толығымен осындай жиынтықпен қамтамасыз етіледі.

Енді ереже бұзған азаматтар оқиға орнынан кетпей-ақ айыппұлды 50% жеңілдікпен төлей алады.

Опубликовано в Қоғам

Білім ордаларына, қоғамдық орындарға, көпқабатты тұрғынүйлерге бақылауды күшейту керек. Шаһар басшысы Ғ. Әбдірахымов қала мәжілісінде осылай деген еді.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ж.Тәжиева аталған бөлімге қарасты 119 мектепке 1091 бейнебақылау камерасы орнатылғанын айтады. Оның 565-і ғимараттың ішінде болса, 416 бейнебақылау құрылғысы ғимараттың сыртында.

Қазіргі таңда бұл құрылғылардың 10-ы ескіріп, жарамсыз болып тұр. Алайда, көнерген камералар да жыл сайын жоспарға енгізіліп, жаңалануда. Бір мектепке орта есеппен 6-8 бейнекамера орнатылған.

– Қала бойынша мектептерге бейнебақылау алғаш рет 2012 жылы, екінші кезеңі 2015 жылы қойылды. Орнатылған бейнекамералар заман талабына сай және сапасы жақсы, – дейді Жанат Тәжиева. 

Мектептерден бөлек, 2016 жылы барлық балабақшаларға бейнебақылау орнатылған. Оның ішінде 12 топтан жоғары балабақшаларға 16 нүктеден, 6 топтан жоғары балабақшаларға 9 нүктеден қойылған. Сонымен қатар, балабақшадағы жалпы бейнебақылау камераларының саны – 1238. Оның 918-і ғимараттың ішінде болса, 320 камера сыртында орналасқан.

Опубликовано в Білім

Шымкентте Жергілікті полиция қызметі «Крис П» құралын (фоторадар) іске қосты. Жаңа қондырғылар тәртіп сақшылардың қатысуынсыз жылдамдықты арттырған жүргізушілерді анықтайды. Мұнан соң, айыппұл парағы жүргізушінің мекенжайына хат арқылы жолданады.

2935faea685b974460f3e1dd8c1c4be87af

Жол полицейлерінің айтуынша, жаңа қондырғылар жақсы нәтиже беруі тиіс. Алғашқы қондырғы Қонаев даңғылына орнатылды. Енді құрылғы осы маңда жол ережесін бұзған жүргізушіні көлігімен суретке түсіріп, ақпарат компьютер арқылы жол полициясының прогрессингтік орталығына келіп түседі. Көлік нөмірі белгілі болған соң, сервер оның кімге тиесілі екендігін анықтайды. Кейін жолда жүру тәртібін бұзудың себебі мен айыппұл сомасы көрсетілген парақ құқық бұзушының мекенжайына жіберіледі. Жаңа құралдың қателесуі мүмкін емес. Бұл ақпаратты жолдың үстіңгі қабатында орналасқан қосымша құрылғылар дәл көрсетеді. Сондықтан сала мамандары қала аумағындағы автокөлік иелеріне жылдамдықты асырмай, жол жүру ережелерін сақтауды ескертеді. 


Опубликовано в Қала

Осы жылдың 1 тамызынан бастап ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің өкілдері облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы көлемінде көліктердің техникалық жағдайын қатаң тексеруде. Және жүк көліктері жүргізушілерінің ҚР ЖҚЕ талаптарын сақтауын бақылау мақсатында «Нөлдік қауіптілік» жедел алдын алу іс-шараларын жүргізуде.

Облыстың автожолдарындағы жалпы қозғалысты бақылауға алған жергілікті полицейлер «Нөлдік қауіптілік» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүк және жеңіл көліктермен жол қозғалысы ережесін бұзушылықтың 7000-нан астам дерегін әшкереледі.

Опубликовано в Заң

Тәуелсіздіктің түп тамыры – тәртіпте. Заң алдында баршаның жауапкершілігі бірдей. Осы орайда, Елбасының 5 институционалды реформасын орындау бағытындағы 100 нақты қадамында ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеу қағидалары атап көрсетілген.

Белгіленген бағыт-міндеттердің аясында тәртіп сақшыларының қатысуымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Таза қала» шарасы аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бүгінде өз тиімділігін көрсетуде. 

6JTNUN85jRvpLJYrFgsWroNIEQEkNI

Атап айтқанда, шілде айының 7-жұлдызынан бастау алып, 1 ай уақыт мерзіміне созылған шара аясында Шымкент қаласының ішкі істер органдарының қызметкерлері барлығы 991 ұсақ құқықбұзушылық дәйегін анықтаған. Акция барысында полиция қызметкерлері қаладағы көпқабатты тұрғын үй аулалары мен көпшілік демалыс орындарында тазалық пен тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына жұмылдырылды.

– Қазақ мемлекетін дамыған 30 елдің қатарына енгізу бағытында жарияланған 100 нақты қадамының 5 бірдей бағыты осы ұсақ құқықбұзушылықты болдырмауға үндейді. Сол себептен де, ауланы ластау, көршілердің тынышын алу, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде ата-анасыз жүруі, қайыр сұрау, қоғамдық орындарда ішімдік ішу мен әртүрлі заңсыз қызметтерді ұсыну, осылардың барлығы жауапқа тартылады. Тиісті мөлшерде айыппұл салынады. Тіпті, сот шешімімен 15 тәулікке дейін қамалады, – дейді Қаратау ауданының прокуроры М. Арыстанов. 

Мемлекет бекіткен ереже осындай. Заң алдында ұсақ, ауыр қылмыс демей, бәрі бірдей жауап беруі тиіс. Себебі, ұсақ қылмыстың алдын алу шаралары үлкен қылмыстарды болдырмау үшін жасалуда. Осы бағытта Қаратау ауданының әкімдігі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мобилді топ жасақтап, рейдтік шаралар ұйымдастыруда. Тамыз айының 7-жұлдызында өткен шараның қорытындысы бойынша шағынаудан көшелерінің бірінде ата-анасының бақылауынсыз жүрген 2 жасөспірім анықталыпты. Олардың ата-аналарына ескерту жасалып, хаттама түзілген.

f3867f53e82d7233a6b7efec95a

Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің сағат кешкі 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – олардың ата-аналарына үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуына әкеп соғады. Осыған сәйкес, мамандар қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында ата-аналар қауымын балаларының әрекеттерін қатаң бақылауға алуды ескертеді. 

– Қылмыстың ұсақ, ірісі болмайды. Қандай да бір келеңсіз жайттың алдын алу үшін «ұсақ құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеу» қағидасы берік ұсталынады. Бұл дегеніңіз – көшедегі ұсақ қылмыстардың алдын алу бағытында жан-жақты жұмыс атқаралып келеді деген сөз. Ұсақ қылмыс қатарында көшеге қағаз, темекі тұқылын, сағыз сорабын тастап кетуден бастап, жолдың рұқсат етілмеген жерлерін қиып өту, ұрлық, бұзақылық, бәрі-бәрі қамтылады, – дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Балмаржан Нарбекова.

Жалпы, облыс аумағында үстіміздегі жылдың алты айында 128430 әкімшілік құқықбұзушылық деректері анықталып, 1 миллиард 113 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Аталған кезеңде тыныштықты бұзу дерегі бойынша 394 дәйек анықталған. Түрлі деңгейдегі құқықбұзушылықты бұлтартпай дәлелдеу мақсатында облыс аумағында қоғамдық орындарда жалпы саны 379 бейнебақылау камералары орнатылған. Оның ішінде 234 құрылғы Шымкент қаласындағы демалыс орындары мен орталық көшелеріне қойылған. Сондай-ақ, қаланың қозғалысы қарқынды 11 көше қиылысы интеллектуалды бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Осы құрылғылардың көмегімен тазалық пен тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде.

– Тәртіп тегеурінді болғанда ғана тәуелсіздік тұғырлы болмақ. Біз осыны үнемі назарымызда ұстаймыз. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Полицейлер – бұл азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғай отырып, қылмыспен күресте алдыңғы қатарда тұратын адамдар» деп айрықша атап өтуін біздің жұмысымыздың қиындықтары мен ауыртпалығын терең білетіндігінен деп санаймыз, – дейді акцияға белсене қатысқан тәртіп сақшылары.
Жалпы, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Шымкентте барлығы 6 108 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, тәртіп бұзушылар тиісті жазаға тартылған.

Опубликовано в Заң

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мансұрхан Махамбетов Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен келіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралады.

6SPdeNVAqoo

Шымкент қаласында аталмыш бағдарлама аясында қолға алынған 20 нысанның бірі – Қаратау ауданы «Тассай» тұрғын алабындағы 300 орындық №91 жалпы орта мектебі болатын. Жұмыс барысына «Мектеп құрылысы сапалы, тиянақты» деп баға берген Парламент Мәжілісінің депутаты ұсыныстар мен кезекті сұрақтарға да уақыт бөлді.
№91 мектеп ұжымы құрылыс барысында ауладағы спорт алаңшасын жасап беруді де сұрады. Бұл өтініш сол мезетте қаралып, шешімін тапты. Дайын жері бар мектеп жанынан жаздық спорт алаңшасы салынады. Көгалдандыру жұмыстарын күзде қолға алуды жоспарлаған мердігер мекеме «Евроремонт Сервис» ЖШС-і нысанды тамыз айында пайдалануға тапсырады.

Опубликовано в Қала

Сапалы жол – тұрғындардың жайлы өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қала əкімі Ғ. Əбдірахымов бірқатар орталық қала көшелерінде қалыптасқан инфрақұрылымның бүгінгі ахуалымен танысты.

DSC 2140

Сапар барысында жол жүру қозғалысына кедергі келтіретін кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, Əл-Фараби көшесінде аяқ жолдың плита тақтайшалары толық қойылмаған. Жол жағасындағы арық-атыздың беттері темір торлармен жабылмағандықтан, жаяу жүргіншілер кедергілерден аттап өтуге мəжбүр. Сонымен қатар, бірнеше автобус аялдамаларында отыратын орындықтардың жоқтығы анықталды. Қала басшысы Шымкенттің көшелері заманауи мегаполис атына лайықты болу қажеттігін атап өтті. Сала мамандары алдағы уақытта орын алған кемшіліктерді жойып, жағдайды үнемі бақылауға алып отыруы тиіс.

Опубликовано в Қала

Қала әкімдігінің www.shymkent.gov.kz ресми сайтындағы онлайн режим арқылы Шымкент қаласы аумағында жаңадан салынып жатқан не болмаса жөндеу жұмыстары жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысып, сонымен қатар, көшелерде, қоғамдық орындарда орын алған түрлі жағдайлар бойынша толық мәлімет алуға болады.

Surveillance1Ол үшін сайттың бастапқы бетіндегі «Бейнебақылау» тармағын басу керек. ІТ-технология тәуліктің кез-келген мезгілінде құрылыс нысанындағы жүріп жатқан жұмыстарды бақылауға мүмкіндік береді. Арнайы портал әкімшілігінің жасаған сараптамасы бойынша аталмыш жүйе қоғамдық бақылаудың әлеуетін одан әрі арттырмақ. Айта кетерлігі, мұндай қоғамдық бақылау жүйесі елдегі ресми сайттардың ішінде тұңғыш рет қолданылып отыр.

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 2