ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА «ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ» ФОРУМЫ ӨТТI

Оңтүстік Қазақстанда облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы сегіз жылдан бері түйткілді мәселелерді ортаға салып келеді. Кезекті басқосу Төлеби ауданының «Алма-тау» демалыс аймағында өтті. Жиында 400-ден аса сыйлы қонақтар бас қосып, «Салт-дәстүрлік іс-шаралардың деңгейін көтерудегі ардагерлердің және жастардың рөлі» тақырыбында келелі кеңес құрды. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жас ұрпақтың бойына сіңіру, той мәдениетін жетілдіру сынды мәселелерді талқыға салды.

 Z1A8868

Алдымен мінбеге көтерілген өңір басшысы, қоғамдық форумның төрағасы Бейбіт Атамқұлов көпшілікті қасиетті Рамазан айымен құттықтап, руханият саласындағы мәселелерге көңіл аударуға шақырды.
– Осы форум аясында өздеріңізбен алғаш рет кездесіп отырмын. Құрамында 515 мүшесі бар форум өңірдегі ең беделді қоғамдық платформа. Біз жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, үлкенді сыйлауға, Отанды сүюге, адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Әрбір өскелең ұрпақ жеке қабілетіне және кәсіби біліктілігіне сай қоғамымызда өз орнын табуы қажет. Әлеуметтік экономикалық даму жолындағы қарымымыз жастардың өмірлік ұстанымына, олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен белсенділігіне тікелей байланысты, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жастарды ағылшын тілін меңгеріп, жаңа технологияларды жетік білуге, сергек болуға шақырды. Бұдан бөлек, той өткізуде ысырапшылдық пен даңғазалықтан қашып, оның орнына отау құрып жатқан екі жастың материалдық жағдайын жақсартуға көмектескен тиімді екенін жеткізді.

 MG 4889

Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов той өткізу мәдениетін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алыну қажеттілігіне тоқталды.

– Бүгінде тойдан демалып емес, шаршап қайтатынымыз шындық. Кейде менталитетімізге жат көріністерге де куә боламыз. Ең бірінші кемшілігіміз - тойға кешігіп келетініміз. Сөйтіп, той өз уақытынан 1,5-2 сағат кеш басталады. Музыканың құлақ тұнардай қатты қойылуы, абыз қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың орнына жасанды бейнелердегі әртістердің бата беруі, шаңырақ көтерген екі жас той үстінде тортты кесіп, ата-анасының аузына тықпалауы, жас даяшы қыздардың қонақтарға ішімдік құйып жүруі, биші қыздардың жалаңаш кейіпте өнер көрсетуі, тағы басқа өрескел көріністер мен қылықтар біздің салт-дәстүрімізге жат деп санаймын. Той түптеп келгенде ұлт мәдениетінің, салт-дәстүрінің көрінісі. Сондықтан олқылықтарымызды таразылап, тойдың тәрбиелік маңызын арттыратын жолдарын қарастыруымыз қажет, – деді Жеңісбек Мәуленқұлов.
Ал «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан болса түрлі ағымның жетегіне кетпей, ұлт болып ұйысып, сақтап қалу үшін салт-дәстүрден қол үзбеуге шақырды.
– Қазақтың бүгінгі күнге аман жетуінің ең басты сыры – оның рухани иммунитетінің мықтылығында! Ал мықты руханиятты ұрпақтың бойына мықты дәстүрлер арқылы ғана сіңіре аласыз. Ата-бабаларымыз бойымызға салт-дәстүрді сіңірудей-ақ сіңіріпті. Ал, соны біз өз ұрпақтарымыздың бойына қалай сіңіріп жүрміз, ендігі мәселе осында. Кешегі кеңестік кезеңде иманымыздың байлығы қазіргіден мол болса, біздіңше оның себебі дәстүрімізден қол үзбегенімізде еді. Бүгін Құдайға шүкір, мешіт-медресе көп, бірақ дәстүрімізден көз жазып қалдық. Осы себептен де Ақтөбеде кісі қанының төгілуіне жол берілді. Әйтпесе қолын қанға бояған сол «діндарлардың» бәрінің де бес уақыт намазы болғанын айналасындағылар айтып бере алады. Оларда жоғы – дәстүрмен байытылған ұлттық тәрбие еді. Бұл сөзімізді біреулер құп алар, біреулер құп алмас, алайда, бәрібір айтуға тура келеді, егер дін іздесеңіз қазақтың дәстүрі дегеніңіз тұнып тұрған дін! Қазақтың шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, ақтық демі бітіп, жер бетіндегі сапары үзілгенге дейінгі аралықтағы өмірінің бәрі діннен тысқары емес, – деп түйіндеді ол өз сөзін.

 MG 4834

Сөз соңында Абай Балажан бірнеше ұсынысын жеткізді. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді ұлықтау үшін барлық қазақ тілді газеттерде салт-дәстүр мәселесіне байланысты арнайы айдарлар ашылса, журналистерді, жазушыларды осы тақырыпты жазуға ынталандыру үшін конкурстар өткізілсе, сонымен қатар қазір салт-дәстүрді жетік білетін қарияларымыз бар кезде салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты да үйрететін арнайы бағдарламалар ашылса деген пікірі көптің көңілінен шықты. Тоқсан жылдан аса тарихы бар басылым бетінде биылдың өзіне 24 мақала жарық көріп, «Дәстүр» клубы ашылды. Енді материалдар айына бір рет кең көлемде жарық көрмек. Осылайша қолына қалам ұстаған қауым өкілдері ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, санаға сіңірмек.
Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, профессор Баршагүл Исабек, облыстық «Жастар орталығының» директоры Ерлан Айтбаев көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады.
Ұсыныс-пікір айтқандардың ішінде ОҚО прокуроры Ибраһим Иманов бізге де Өзбекстан мен Тәжікстан елдері сияқты тойға шақырылатын қонақ санына белгілі бір шектеу қоятын заңның қажет екенін алға тартты.
Осылайша, «той өткізу мәдениетін ең алдымен өзімізден бастап, мақтангершілікке, ысырапшылдыққа жол бермей, шақырған жерге кешікпей барайық» деген байламға келген форумға қатысушылар арнайы қарар қабылдады.
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт жүргізген тәрбиелік мәні мол шараның соңы облыс әкімінің ауызашарына ұласты.

Опубликовано в Қоғам