Ол – Жер-ана табиғатқа, қоршаған ортаға сергек қарайтын жан. Өзі тұрған мекенге, қала тазалығына бөлек көзқарас танытатынын ісімен дәлелдеп жүр. 21 шағынаудан тұрғыны Нұрлан Айтбаев өз ауласына, демалыс орындарында тал-теректер отырғызып, оларды күтіп ұстауды әдетке айналдырған. Қала тазалығына жанашырлықпен қарайтын азамат осындай-ақ болсын.

DSC01527Табиғат қорғаушысы бұны жас кезінде көрген тәрбиеден деп біледі. Он жылдан бері көктем және күз айларында тазалыққа белсене үлес қосады: тал отырғызады, жерсіндіреді, топырақтың сапасын қадағалайды. Одан қалса зерттеу жұмыстарымен де айналысады. Бәрі де өзінің ынта-ықыласымен. Жұмыстан босай қалғандағы әдеті осы. «Қошқар ата» өзені бойын көгалдандырып, абаттандыруды жалғыз өзі-ақ атқарып келеді.
– Өзім осы жерде тұрамын. «Тұрған мекеніңді таза ұста» деген ата-бабалар сөзі жадымнан шықпайды. Өзеннің айналасында жеті бұлақ көзі бар. Жылда солардың көзін ашып, өзімнің перзенттерім, аула балаларымен бірге абаттандыруға атсалысамыз. Бейқам жүре алмаймын, – дейді Нұрлан Айтбаев бұл ісінің мәнін түсіндіріп.
Бұл ісін 2006 жылы бастаған. Он жылдың ішінде ағаштар саялы орынға айналыпты. Бүгінде шағынаудандағы бұлақ суы бойында, «Шымкент келбеті және Панорама Шымкента» газеттері аллеясы жанынан өтсеңіз бұған анық көз жеткізесіз. Мұнда тал-теректердің он екі түрі көгеріп-көктеп тұр. 200-ден астам ағаш Нұрекеңнің өз қолымен отырғызылған. Олардың қорғаушысы да өзі.
Ойын балаларының қарап жүрмей ағаштарды сындырып, бүлдіріп кететін жағдайлары да жоқ емес. Ондайда талдарды қайта отырғызуға тура келеді. Мұны да сабырлықпен, өз ісіне ұқыптылығымен атқарудан жалықпайды. Бұдан бөлек, өнбей жатқанын дәрілеп, «емдейді» де екен. Осы күні тазалық жаршысы жаңа шағынаудандардың да көркеюіне үлес қосып жүр.
Бұл ісі мақтаныш немесе міндет қылу үшін де емес. Басты ниеті – табиғатқа деген ішкі экологиялық көзқарасында болса керек. Экологияны ішкі сезімімен сезіне білуде. Адам әуелі табиғатқа деген көзқарасын түземесе, қоршаған ортамен қарым-қатынасы да түзелмек емес. Табиғат жанашыры осыны алға тартады.
Біле білсек, Нұрлан Ергенұлы – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор. Биология ғылымдарының кандидаты. 1991 жылы К. Тимирязев
атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. Өзінің зерттеп жүрген тақырыбы да – гендік инженерия бағыты. Қазір «Мирас» универсиетінде «Биотехнология, гендік инженерия» пәнінен шәкірттерге дәріс береді.
Екі қыз, бір ұлы да қолғабыс етуге жарап қалған. Кешқұрым саябаққа барғанымызда үлгілі әке оларды да тал-терек отырғызуға, қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеп жүргеніне куә болдық. Менің жұмысым емес деп селқостық танытуды хош көрмейтінін аңғардық.
Жалпы, әр адам бірінші өзінен бастау керек. Әр адам өзі жақсы болса, оның айналасындағы адам да жақсы болады. Өзі жақсы болса, оның перзенті де сол ізімен жүреді.
– Ауламызды таза ұстау өзімізге байланысты. Тазалық отбасынан басталады. Қазақта «Жер-ана» деген сөз бар. Тұп-тура айтылған сөз. Бәрін жерден алып жатырмыз. Елбасы әлем елдері алдында жариялаған өзінің манифесінде «Мемлекеттер әр түрлі, ал жер біреу» деді. Жерге Отан ретінде қарасақ келешекте жастарымыз патриот болады, – дейді өзі.
Кейіпкеріміз осылай ой айтты. Өзінің айтуынша, бір күндік, екі күндік акциядан қоғам өзгермейді. Күнделікті салауатты өмір салтын ұстанатын көзқарас болса ғана қоршаған ортамыз таза болмақ.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 29 Апрель 2016 06:41

Олар – тыныштық сақшылары

Шымкенттіктердің қауіпсіз өмір сүруі үшін қаланың әрбір бұрышына бейнебақылау камералары орнатылған. Олар жол бойындағы, тіпті аулалардағы тәртіпті бақылайды. Ал соның барлығын Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының Жедел басқару орталығының қызметкерлері кірпік қақпай, реттеп отырады. Жаяу жүргіншіден бастап, көлік тізгіндеген азаматтардың әрбір қимыл-қозғалысы назардан тыс қалмайды. Осындай қырағылықтың арқасында қаланың кез келген бұрышында қандай да қылмыстық оқиғаның немесе тәртіп бұзушылықтың орын алғанын лезде біліп отырады. Міне, жуырда Жедел басқару орталығының құрылғанына 10 жыл толды. Осы ретте орталықтың жұмысымен танысуды жөн көрдік.

102 желiсiне – шұғыл хабарламалар

 MG 0059

Шымкент ҚІІБ-ның Жедел басқару орталығының бастығы Қайрат Әбдіжәлілұлы өзі бастап, қызметкерлерімен таныстырып өтті. Олардың барлығы да арнайы құрылғының алдында тоқтаусыз келіп жатқан хабарламаларды қабылдауда. Ең алдымен Жедел басқару орталығының құрамындағы 102 желісіне келіп түсетін хабарламаларды қабылдайтын топпен таныстырды. Онда 4 қызметкер жұмыс істейді. Арасында екі қыз-келіншек те бар. Құлаққаптарын киген олар телефон тұтқасын көтеріп, қоңырау шалған азаматтардың қандай мәселемен және қай жерден хабарласып тұрғандарын жіті жазып алуда. Жұмыс барысы болған соң, оларға кедергі келтірмедік. Қандай да бір жағдайға ұшыраған кезде 102 шұғыл нөмірін теруді білеміз. Міне, сол кезде біздің қоңырауымызды осындағы қызметкерлер көтеріп, тиісті орындарға хабар береді. Мұнда 75 категория бойынша хабарламалар келіп түседі. Осындағы төрт қызметкердің бірі – Сүлеймен Ахметәлиев көп ретте отбасылық дау-жанжал, қоғамдық тәртіптің бұзылуы, көлікті дұрыс немесе тиісті орынға қоймау секілді көптеген хабарламалардың келіп түсетінін айтады. Әсіресе, түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті бұзушылар бойынша жиі хабарлайды. Бірақ, бұрыш-бұрышта бейнекамера барын және орталықтағы қызметкерлердің әр қимылын бақылап отырғанын енді біліп жүрер.

100 монитор орналасқан орталықта жұмыс қызу

 MG 0051

Мұнан соң, жедел басқару орталығы қызметкерлері отырған үлкен залға кірдік. Бір қарағанда жоғарғы оқу орындарындағы аудиторияға ұқсайды. Үлкен аумақты алып жатқан орталықта 8 қызметкер отыр. Әрқайсысының алдында бір монитордан. Онда қаланың көшелері мен қиылыстары анық көрінеді. Бәрі құдды алақандағыдай дерсіз. Пульт басында отыратын тәртіп сақшылары камераны айналдырып қарап, көшенің жан-жағын түгел шолып шығады. Тіпті, алыстағы адамдарды жақындатып, олардың бет-бейнесін анық көруге мүмкіндік бар. Оған қоса, қарсы беттегі қабырғаның ортасында алып монитор ілінсе, ал оның айналасын қоршай орналасқан тағы көптеген теледидарларды көруге болады. Қайрат Оспановтың айтуынша, мұнда 100 монитор бар. Қаладағы төрт ауданның аға инспекторларына 102 желісіне келіп түскен хабарламалар жолданады. Аға иснпекторлар өз аудандарындағы учаскелік полицейлерге рация арқылы хабарлап, оқиға орнын және оның сипатын айтады. Абай ауданы қаланың ең үлкен және халқы көп ауданы болғандықтан, мұнда түрлі оқиғалар көптеп орын алады. Осы ауданның аға инспекторы Төлеген Баубековтың қолы рациядан, ал көзі монитордан босар емес. Десек те, жұмыс барысын таныстыру үшін қысқаша әңігемеге тарттық.
– Шымкент қаласының аумағы күннен-күнге кеңейіп, өсіп келеді. Сондықтан, тәртіпті қадағалауға үлкен мән берілуде. Мәселен, маған 102 арнасынан хабарлама келіп түседі. Мен өз кезегімде учаскелік полицейлерге рация көмегімен оқиға туралы хабарлаймын. Онда автоэкипаж бен жедел тергеу тобын жіберемін. Егер ауыр қылмыс болса, басшы құрамға хабар беріледі, – дейді Т. Баубеков.
Аға инспектордың бізбен сөйлесіп бола бергені сол, «Қатын көпір» шағынауданындағы дүкен алдында А. есімді жігітті дүкен иесі мен тағы өзге де азаматтың соққыға жыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Т.Баубеков бұл оқиға туралы лезде учаскелік полицейге хабар берді. Сағатқа қарағанымызда бұл оқиға 15 сағат 50 минутта орын алған екен. Яғни, барлық мәлімет компьютерге тіркелген. Күн сайын орын алған мәліметтердің компьютерде 30 күн сақталатыны тағы бар.

қырағы полицей – үшемнiң анасы!

 MG 0071

Жедел басқару орталығында қызметкерлер тәуліктік кезекшілікке түседі. Яғни, жұмыс күні таңғы сағат 8-де басталып, келесі күні осы уақытта аяқталады. Мұнда да қыз-келіншектер жұмыс істейді. Олар отбасындағы қым-қуыт тіршіліктің де, жұмыс орнындағы қауырт қызметтің бабын тапқан. Солардың бірі – бейнебақылау инспекторы, аға лейтенант Динара Искакова. Мамандығы заңгер. Осында 2013 жылдан бері қызмет етеді. Жұмысқа жауапкершілікпен қарайтын Динара отбасын құрып, бала сүйген бақытты ана. Оның 3,5 жасқа келген әп-әдемі үшем қыздары бар.
– Біздің жұмысымыз бір қарағанда оңай көрінер. Бірақ монитордан көз алмай, әрбір қимыл-қозғалысты бақылап отыру біз үшін үлкен жауапкершілік. Қаланың қай тұсында не болып жатқанын монитор арқылы көріп отырамыз. Әр кадрды қалт жібермеуге тырысамыз, – дейді күлімдеп.

Нәтиже қандай?

Шымкент қаласында сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен жыл басынан бері 67 қылмыс пен 13 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық деректері ашылған. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 242 сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған. Заманауи талаптарға сай бұл камералардың 220-сы 360 градусты қамтып, айналасындағы аумақты да қамтуға мүмкіндігі бар. Жедел басқару орталығының кезекшілері полицейлермен тығыз онлайн байланыста. Орталық қызметкерлерінің қырағы жұмысының арқасында түрлі қылмыстарды, іздеуде жүрген күдіктілерді және басқа да жедел ақпараттарды полицейлерге хабарлап, орын алған қылмыстардың ізін суытпай ашуға септігін тигізуде. Сонымен қатар, қала бойынша, ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі Жол-патрульдік полиция полкының 17 стационарлық бекеті жұмыс істеуде. Олар да Жедел басқару орталығымен біріктірілген 120 сыртқы бейнебақылау камераларын қадағалап отырады.
Биыл жыл басынан бері бейнекамералардың көмегімен қоғамдық орындарда жасалған 67 қылмыс анықталды. Оның ішінде 37-сі бөтеннің мүлкін ұрлау, 5-уі тонау, 4-уі бұзақылық, ал 3-уі автокөлік ұрлығы және оннан астам басқа да қылмыстардың беті ашылды. Сонымен қатар, 13 мың 600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп отыр. Оның ішінде 548-і бұзақылық, 282-сі қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, 7470-сі жеке және қоғамдық автокөлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережесін бұзу деректері және 5 мыңнан астам басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар.
Шымкент қалалық Жедел басқару орталығы 2006 жылы жұмысын бастаған. 10 жылдан бері қала ішінде тәртіп нығайған. Сондықтан, барша тұрғындарға айтарымыз, қоғамдық орындарда тәртіп бұзбаңыздар. Ешкім көрмейді демеңіздер. Шымкентте аула ішінде де камералар орнатылған. Сіздерді жан-жақтан бейнекамера бақылап тұр!

Опубликовано в Қоғам
Среда, 27 Апрель 2016 06:48

Құтты қала қазаны

Бізде не көп, дәмхана мен мейрамхана көп. Адам қарасы үзілмейді. Бағалары да қалтаңызға қарай әртүрлі. Тағамдардың дәмі тіл үйіретіндігінен бөлек, олардың бағасының арзандығын да Шымкенттің топырағына табаны тиген кез келген адам сүйсіне еске алады. Қонақжайлылығын, даяшылардың жүзі жылы, жылдам қызмет ететіндігін сөз етеді. Біз де Шымкенттің көшелерін аралап, жұрт жылы пікір білдірген бірнеше дәмханалардың ас мәзірімен танысқан едік.

Мейманың болса, «Мұзтауға» келiңiз!

 MG 1821

Шымкенттен корей дейсіз бе, өзбек дейсіз бе, грузин дейсіз бе, барлық ұлттың дәмханасы мен тағамын табасыз. Өкініштісі сол, тек ұлттық тағам мен сусын дайындайтын орындар жоқтың қасы. Жолай тоқтатып, біреу сұраса санаулы дәмхананың аты ғана тіліңіздің ұшына оралады. Сол санаулылардың қатарында ойып орын алған, бүгінде алыс-жақын аймаққа аты танымал болып үлгерген мейрамхананың бірі – «Мұзтау». Бұл мейрамхана сегіз жылдан бері қала тұрғындары мен қонақтарына қазақ тағамының сан түрін ұсынып келеді. Кез келген орында әзірлене бермейтін, бие сүтіне тоқты етін бұқтырып жасалған сырбаз қуырдақты, қойдың сүр еті мен жылқының балғын етін араластырып, пісірілген «сарыаланы», марал етінен дайындалған сорпаның дәмін осы мейрамханадан татасыз. Бұдан бөлек ұлттық нақышта өрнектеліп, бедерленген мейрамханада оюлы киім киген қазақтың ұл-қыздары қарсы алады сізді. Мейрамхана директоры Нұрахмет Шабатаевтың айтуынша, «Мұзтау» аталуының да өзіндік себебі бар.

 MG 1827

– Бұл мейрамхананың ашылуына Шығыс Қазақстан өңірінің азаматтары түрткі болды. Өзім де белгілі жазушы Оралхан Бөкеймен бір ауылда өстім. Жақын араластым. Оның 1975 жылы шыққан «Мұзтау» атты кітабы бар екенін білетін боларсыз. О баста «Тау» деп аталған дәмхананы кейіннен Алтай тауының ең биік шыңы саналатын Мұзтаудың атауымен қоюды жөн деп шештік. Қынжылатыным сол, қалада тек қазақтың ұлттық тағамдарын дайындайтын орын өте аз. Ал сұраныс мол. Тек табыс көзі ретінде ғана емес, ұлттық құндылық, ұлттық рух тұрғысынан қараса ғана ісің алға басады. Қазағы көп, қонағы көп өңірде мұндай дәмханалар көптеп ашылуы керек, – дейді Нұрахмет Шабатаев.
Бүгінде мейрамханаға қала тұрғындарынан бөлек, қазақтың қазы-қарта, жал-жаясы мен бауырсағының дәмін аңсап келетін шетелдік қонақтар да жиі бас сұғады. Солардың бірі – түрік азаматы Салих Демирдже.
Ол он шақты жылдан бері Шымкенттегі мейрамханалардың бірінде аспаз болып істесе де ет пен қымыз үшін «Мұзтауға» жиі келемін дейді. Бұл жолы жалғыз келмей Түркиядан қонаққа келген бауыры Мехмет Акайды ерте келіпті.
– Қазақтың қай тағамы болсын, дәмді әрі пайдалы. Жылқының етін жақсы көремін. Түрік еліндегі қазақ бауырларымыз ет асып, жиі қонаққа шақырады. Ал Шымкентке бірінші рет жолым түсіп отыр. Қала тап-таза, жап-жасыл екен, адамдардың жүзі жылы. Ал ұлттық тағамдарыңыздың дәмі өзгеше, тағы қонаққа келемін, – дейді Мехмет Акай.

Лағманның 11 түрiн дайындайды

 MG 1567

Ал лағманның орталығы саналатын «Мизамға» түскі мен кешкі ас уақыты кезінде барсаңыз, орын таппай қалуыңыз бек мүмкін. Дүнгеннің осы бір асын жақсы көретіндер жиі бас сұғады мұнда. Бұл дәмхана мәзірінде отызға жуық тағамның түрі бар, оның 11-і лағман атаулары. Қалауыңызша, қуырылған, қайтатылған лағманды таңдап алыңыз да, тапсырыс бере беріңіз. Басқа дәмханалардан ерекшелігі сол, мұнда тағам тапсырыс бергеннен кейін, көз алдыңызда дайындалады. Ас үйдегі аспаздың әр қимылын, қалт жібермей қадағалап отыра аласыз. Көңіліңізде күдік қалмайды.
Күніне орта есеппен 250-300 адамға лағман әзірлеп жүрген аспаз Қорған Құралтай есімді жас жігіт екен. Осыдан он шақты жыл бұрын ата-анасымен бірге Қытайдан оралған қандасымыз аспаз боламын деп мүлде ойламаған. Үйдің кенжесі болғандықтан қарашаңырақта қалып, егін егіп, мал шаруашылығымен айналысуды көздеп жүрген Қорған Шымкенттен бір-ақ шығыпты.
– Аспаз боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Атамекенге оралған соң ағам жанына ертіп алып, осы кәсіпті игеруге көмектесті, – дейді Қорған. – 8 ай жүріп, лағманның түр-түрін дәмді әрі тез әзірлеуді үйрендім. Алматының дәмханалары мен мейрамханаларында аспаз болып жұмыс істеп жүргем, кейін Шымкенттен алдымен ағама, сосын маған шақырту түсті. Талдықорғанда тұратын ата-анамызбен ақылдасып, екеуміз мүлдем көрмеген, басқа қалаға жұмыс істеуге келдік. Бірақ Шымкенттің халқы бізді жылы шыраймен қарсы алды. Мейірімді, қонақжай бәрі. Үш жылдан асты, қазір қайтадан еш жаққа кеткім келмейді. Бала кезден осы жерде асыр салып ойнап, топырағына аунап өскен сияқтымын. Бауыр басып қалдым.
Қорғанның айтуынша, иленген қамырды біркелкі етіп созып, өткір отта лағманның тұздығын қуырып, тапсырыс берушінің тілегін орындауға бар-жоғы 4-5 минут жеткілікті екен. – Ол үшін қол көп жаттығу керек, – дейді үш жылда 6 шәкірт тәрбиелеген аспаз жігіт.

«Көксарайдың» палауы

Палауды дәмді етіп дайындайтын дәмхана, мейрамхана, орталықтар да жетіп артылады Шымкентте. Солардың арасында «Көксарай» палауының алар орны ерекше. Бұл дәмхананың палауынан дәм татпаған жан кемде-кем шығар. Өзбек ұлтының нақышында өрнектелген дәмханада өзбекше киінген даяшылар қызмет көрсетеді. Бұл дәмхана палаудан бөлек, он бес шақты кәуаптың түрімен, «пармуда» самсасымен де танымал.

plov koksarai

– Осы дәмханада қызмет еткеніме 4 жылдан асты. Екі жылдан астам уақыт даяшы болып істедім, қазір дәмхана әкімшісімін. Бізде Әндіжан мен Ташкент палауы сұранысқа көптеп ие. Олардың күрішін сол жақтан арнайы алдыртамыз. Сондай-ақ «Көксарай» ашылғалы бері табан аудармастан қызмет етіп келе жатқан аспазшылар бар. Сол себепті болар, адам аяғы үзілмейді, – дейді Ұлжан Салыбекова бізбен әңгімесінде.
Иә, қай уақытта барсаңыз да, өзбек палауынан дәм татушылардан босамайды бұл жер. Шетелдіктер де көп келеді. Қазақ, орыс эстрада жұлдыздарын да жиі кездестіресіз.
Шымкент тұрғындары мен қонақтарының асқазаны мен көңілін дәмді тағамдарымен жаулаған «Көксарайдың» қызмет көрсетіп келе жатқанына биыл 11 жыл. Ұстанымдары мен бағыт-бағдарынан айнымай, келушілерді өзіне жіпсіз байлаған мұндай дәмханалар санаулы десек болады.
Айтпақшы, таңғы тоғыздан түнгі бірге дейін қызмет көрсететін «Көксарайдың» тағамдарына үйде, жұмыста отырып-ақ, www.itamak.kz сайты арқылы тапсырыс бере аласыз.

«Супер самса» дейдi...

samsaШымкентте аяқ аттап бассаңыз, жиі кездесетін, жүрек жалғар тағамның тағы бір түрі – самса. Бүгінде самса пісіріп, тұтынушыға ұсынатын орын көп. Олардың арасында 4 шағынауданда орналасқан самса нүктесі басқа өңірлеріге де танымал болып үлгерді. Қай уақытта барсаңыз да қаптаған кезекті көресіз. Тіпті келушілер 150 теңге тұратын самсаны арнайы талонмен алуға кірісті. Сегіз жылдан бері самса пісірген Рахим Абдумавланов тамыз айынан бастап өзінің жеке ісін бастаған.
– Өз ісіңді адал, таза атқарсаң, келушілер де көп болады. Қатпарлы, тандыр самсаны дәмді даярлаудың өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Ақшаға сатып алынғаннан кейін, алушылардың көңілдерінен шықса деп ойлайсың, – дейді Рахим.
Бір айлық демалысқа келген Дәулет те осы самсаны алуға күнара келеді.
– Астанада жұмыс істеймін. Кейде аңсарың ауып, самса жегің келіп іздесең, Шымкент сияқты кез келген нүктеден таба бермейсің. Базар маңында пісіретін самсаның дәмі көңілімнен шықпайды. Дәмханалардан да табылуы қиын. Сондықтан да Шымкентке осы самсаны аңсап келесің, – дейді күліп.
Тізе берсек, таңдайыңнан дәмі кетпейтін, тұтынушылардың көңілінен шығатын дәмханалардың тізімі таусылмайды. Бұдан бөлек, сіз Шымкентке келсеңіз Тәуке хан даңғылының бойындағы «Барно» квасының, «Теріскей» шағынауданындағы балмұздақтың, «Ладушки» мен «Мадленнің» тәтті өнімдерінің де дәмін татуды ұмытпаңыз!

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 22 Апрель 2016 07:53

Он мыңнан аса ота жасаған

Ол көп сөйлемейтін, нақты істің адамы. Өз жұмысына берілген азамат. Бос уақыты да аз. Қашанда шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген науқастарға көмек қолын созуға даяр. Оны әріптестері «алтын дәрігер» деп атайды. Біздің кейіпкеріміз – Шымкент қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасының жоспарлы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Әбсаттар Пайзахметов.

IMG-20160421-WA0004Әбсаттар Хәшімұлы өткен жылы ең көп ота жасаған хирург. Ол бір жылда 279 науқастың дертінен арылуына көмек берген. «Отасыз өткен күнім жоқ» дейді абзал жан. Күніне бір ота жасалынады. Кейде, жоспардан тыс шұғыл түрде хирургиялық әрекетке көшуге тура келеді. Медицинада еңбек сіңіргеніне 36 жыл болғанын ескерсек, осы уақытқа дейін орташа есеппен 10 мыңнан астам ота жасап үлгерген екен. Бұл статистикаға ой жүгіртсек, оның артында қаншама адамның алғысы мен қуанышы жатыр.
«Хирургтың қолы – нәзік, көзі – қырағы, жүрегі – айбатты болуы керек» деген талаптар халық арасында кең тараған. Бұл қасиеттердің барлығы да Әбсаттар Хәшімұлының бойында бар. Оған қоса, аз сөйлеп, көп іс тындыру қанына сіңген. 1980 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азиялық медицина университетін бітіріп келген соң, алғашқы еңбек жолын Шымкент қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасының жансақтау бөлімінен бастаған. Әлі күнге дейін алғаш рет жасаған отасы есінде. 1985 жылы Түркістан қаласында бір отбасына қарақшылық шабуыл жасалып, қанды оқиға тіркелген еді. Онда күйеуі мен әйелін аман алып қалу үшін санавиацияның көмегімен ұшып барған
Әбсаттар Хәшімұлы мен бір топ дәрігерлер әл үстінде жатқан жергілікті тұрғындарға ота жасап, аман алып қалды.
– Алғаш рет ота жасаған кезде бойымда үрей болды. Өйткені, мен сол адамдардың өміріне жауапты едім. Тәжірибесі мол дәрігерлердің арқасында білімімді одан сайын толықтыра түстім. Ондай кісілер барда өзіңді әрқашан сенімді ұстайсың. Атап айтсам, Антон Дмитриевич және Марат Әшірұлы деген ұстаздарым болды. Ұзаққа созылатын ота кезінде де хирургтердің шаршайтыны рас. Бірақ науқастың өмірі үшін күресуіміз қажет. Шүкіршілік етемін, ота кезінде көз жұмған пациенттер болған емес, – дейді дәрігер.
Ауруханадағы нейрохирургия орталығында омыртқа мен жүйке жүйесінің аурулары бар, нерв талшықтары кесілген науқастар емделеді. Ал диагнозы күрделі, мысалы бас миында ісігі бар науқастарды Астана қаласына жібереді. Онда жол апатынан зардап шеккендер де жиі түседі. Бір ай бұрын Қазығұрт ауданына барар жолда көлік апаты орын алып, бірден алты адам ауруханаға жеткізілген. Олардың барлығына ота жасалып, аман қалды.
Әбсаттар Хәшімұлы қазір медицинаға көп көңіл бөлінетінін және құрал-жабдықтардың диагноз қойып, емдеуде зор көмекші екенін айтады. Ол медицинаға араласа бастаған сәтте рентген аппараты ғана болатын. Әрбір сәтті жасалған ота – хирургтың білімділігін дәлелдейтін емтихан іспетті еді. Осындай сынақтардан сүрінбей өткен дәрігердің марапаттары көп. Өткен жылы «Алтын дәрігер» деген номинацияға ие болып, өзі жұмыс істейтін аурухананың беделін асқақтатты.
Кейіпкеріміз медицинаға тектен-тек келген жоқ. Жастайынан анасының инсульт алып, қиналғанын көріп өсті. Сол кезде «бір отбасына бір дәрігер керек екен» деген тұжырымға келеді. Ол әулетіндегі жалғыз дәрігер екен. Ұл-қыздары басқа саланы таңдаған. Тәжірибелі нейрохирург алты немересінің бірі болашақта дәрігер болады деп сенеді.

Опубликовано в Әлеумет

Ағабек Қазанбайдың есімі көзіқарақты көрермен үшін жақсы таныс. Қазақ телевизиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қаншама жігіттерді телеоператорлыққа баулыды. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы атанды. Жуырда «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Айдос Үкібаев пен агенттік ұжымы «Хабар-20 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тағып, зейнеткерлікке құрметпен шығарып салған еді. Шымкентке оралған танымал телеоператормен сұхбаттасудың сәті түсті.

 MG 1135

– Ағабек аға, телеоператор болуды бала күннен армандаған ба едіңіз, әлде кездейсоқ келдіңіз бе?

– Бала күнімде киноға түсіп, театрда ойнайтын әртіс болуды қаладым. Бірақ ол арманым орындалмай қалды. Әкесіз өстім. Әкем Сералы үш жасымда өмірден озыпты. 10-сыныпты бітіргеннен кейін Ташкентке оқуға түскім келді. Анам түрлі қиындықтарға қарамастан «үйдегі жалғыз сиырды сатсам да, сені оқытамын» дейтін. Бірақ жалғыз анама ауыртпалық салғым келмеді. Содан кейін Шымкенттегі политехникумға, көңілім мүлде қаламаған мамандыққа құжат тапсырдым.

– Камераға қызығушылығыңыз қалай оянып жүр?

– 6-сынып оқып жүргенімде анам «Зенит» фотоаппаратын алып берген. Жұман, Әбен деген достарым бар еді. Техникаға қатты құмар болдық. Мектептегі іс-шаралардан бастап, ауыл-аймақтың бар жаңалықтарын фотосуретке түсіріп жүріп, фотоаппараттың тілін жетік меңгеріп алдым. Қалаға оқуға түскен соң түрлі жұмыстарды атқарып жүріп, бір күні облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінен «Киностудия әуесқойлар клубына кино түсіріп үйренемін деген жастарды қабылдаймыз» деген тілдей хабарландыруды көзім шалды. «Көрсем, білсем, меңгерсем» деген қызығушылық көрсетілген мекенжайға жетелеп әкелді. Қожагелді Сағымсақов, Абай Омаров есімді жігіттермен таныстым. Сосын маған «талабыңды байқап көрейік» деді де қолыма кинокамера ұстатып, түрлі планда, түрлі көріністерді түсіріп әкелуімді тапсырды. Пленкамен түсіресің. Түсіріп жүріп, бірте-бірте оны да меңгеріп алдым. Осылайша Киностудия клубында әдіскер болып жұмысқа орналастым. Деректі фильмнің дыбысталуына жауап беретінмін. Ал одан кейін Владимир Ли мен Нарзия Омарова жұмысқа шақырды. Ол «Қазақстан» телеарнасының біздің облыстағы меншікті тілшісі еді. Жаңалықтар қызметіне қалай сюжет түсіруді үйретті. Көлік жүргізушісі, жарық қоюшы әрі кинооператор болып, бірнеше жұмысты қатар атқарып жүрдім.

 MG 1114

– 25 жылдық тарихы бар «Қазақстан – Шымкент» телеарнасында да сіздің қолтаңбаңыз бар екенін білеміз...

– Бірде Байдулла Қонысбек ағамен Бәйдібек ауданында жолығып қалдым. «Қазақстан – Шымкент» телеарнасы ашылатынын, телеоператор жігіттердің қажет екенін айтты. Қасыма Қожакелді Сағымсақов, Абай Омаров, Хусан Азизов, Талғат Елеубеков сынды жігіттерді ертіп бардым. Телеарнаның ең алғашқы құрылған сәтінен бастап, куә болғаныма, ғимарат еденінің шегесін қағысып, техникаларын қойысып, титтей үлесім тигеніне қуанамын. 7-8 жыл сол жерде жұмыс істеп, өңір тұрғындарын дер кезінде ақпараттандыруға тырыстық. Одан кейін бізде «Хабар» арнасының тілшілер қосыны ашылып, белгілі журналист Қалыбек Атжан мені телеоператорлыққа ұсынды. Осылайша 1998 жылдың шілдесінде телеарнаның сол кездегі басшысы Дариға Нұрсұлтанқызы жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығарып, «хабарлық» атанып шыға келдім.

– Зейнеткерлікке шықсаңыз да, қанша жыл серігіңіз болған бейнекамераны сағынатын боларсыз?

– Соңғы он жылым Алматы, Астанада өтіпті. «Хабар» ұжымы сән-салтанатын жасап, құрмет көрсетті. Шымкентке келіп, екі айдай үйде демалдым. Ағайын-туысты аралап, сағынышым басылғанмен, тыншымадым. Әбден елдің ортасында жүріп адамдармен дидарласып, әңгімелесіп, үйренген соң ба, үйге сыймай кеттім. Қазір Дулат Әбіштің шақыртуымен «Айғақ» телеарнасында қайта телеоператорлық кәсібімді жалғастырып жатқан жайым бар.

– Камераңызға ілікпеген кадрлар бар ма? Не түсіргіңіз келеді?

– Оңтүстіктегі зиялы қауымның барлығы туралы арнайы деректі фильм түсірдім десем де болады. Дінмұхаммед Қонаев, Асанбай Асқаров, Жұмамұрат Тұяқбаев, Сабыр Рахымов тағы басқа ел ағалары жайлы түсірген дүниелерімді ел ұмыта қойған жоқ шығар. Енді 18 ғасыр мен 19 ғасырдың басында қазақ халқының басынан кешірген оқиғаларын көрсететін, отансүйгіштік сезімді насихаттайтын көркем фильм түсірсем деген мақсатым бар. Түсірілім жұмыстары мамыр айында басталады. Сондай-ақ, айтыскер ақын О. Тайманов туралы «Тасада қалған Тайманов» атты деректі фильм түсіруге кірістік.

– Айтыңызшы, телеоператордың бақыты неде?

– 2003 жылы Қазақстан журналистерінің конгрессінде Дариға Назарбаева жаңа куәлік табыстап тұрып, «мен Ағабек Қазанбайдың әр кадрынан-ақ Шымкентте не боп жатқанынан хабардар болып отырамын» деген. Бұл мен үшін үлкен марапат, үлкен мәртебе. Көзіқарақты көрермен, әр түсірген сюжетіңді бағалап, қолтаңбаңды танып жатса, одан артық қуаныштың керегі не?! Қайсар Шерім, Сапарәлі Рысбеков, Нұрлан Нұрбеков, Ақжол Рахманқұлов, тағы басқа телеоператорлыққа баулыған шәкірттерім көп. Аға деп ізет көрсетіп тұрады. Олардың әр жетістігі үшін де қуанамын. Қыстың күні жақсы кадр үшін белуардан су кешіп, өртпен арпалысып, қоңырау түссе, түннің ортасында ұйқымыздан атып тұрып, асығыс жолға аттандық. Ұрымтал сәтті қалт жібермеуге тырыстық. Жауапкершілікті жоғалтпадық. Тарихты таспаға басып, келер ұрпаққа аманаттадық. Біле білгенге, бағалай алғанға, мұның өзі зор бақыт.

 MG 1140

– Қазіргі телеоператорларға көңіліңіз тола ма? Оларға не жетіспейді?

– Әр телеарнада мінсіз түсіретін жігіттер бар. Бірақ санаулы ғана. Кейбіріне сын айтсаң бұлқан-талқан ашуланып, ренжіп шығады. «Мен керемет түсіремін» деп кеуде соғатындардың кадрлары экранда сәулеленіп шықпайды. Тіпті сұхбат беріп тұрған кейіпкердің артындағы фонға назар аудармай түсіре беретін жігіттер бар. Кей сюжеттерін көріп қарным ашады. Қазір ізденуге мүмкіндік көп ғой. Ғаламторды ашып қалсаңыз, барлық мәлімет тұр. Телеоператор жігіттердің көзі қырағы, көреген болуы керек. Ізденісті бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Ал өзін әлі күнге дейін қай қырынан түсірсем, әдемі кадр жасаймын деп, ізденісте жүремін.

– Қалай ойлайсыз, бізде неге телеоператор қыздар жоқ?

– Италияның төрт қаласында, Қытайдың алты қаласында, одан бөлек Германия елінде іссапармен болдым. Ол жақта телеоператор қыздар көп. Бізде жоқ. Қазір біздің қыздарымыз бен әйелдеріміз ер азаматтар атқара алмайтын жұмысты істеп, иықтарымен ауыр жүкті көтеріп жүр. Базарда ала дорба арқалап жүргендері қаншама. Оның үстіне қазіргі телекамералардың салмағы тым жеңіл. Ары кетсе 2,5-3 кг ғана. Оған 3 кг штативтің салмағын қосыңыз. Қазақстанның тұңғыш әйел-телеоператоры Нәрзия Омарованың жолын жалғайтын қыздар керек-ақ. Қыздардың бейнекамера тілін меңгеріп, телеоператор болуын қуана қолдаймын.

– Есте қалған қызықты оқиғаларыңызбен бөліссеңіз?

– Осы оқиға ойымнан бір сәтке де шыққан емес. 1992 жылы Шымкентте Наурыз мерекесі тойланып жатқан. Алаңда әуе шары ұшып-қонып жүрген еді. Жалпыхалықтық мерекені туу биіктен түсірсем, керемет кадрлар шығатынын көз алдыма елестеттім де, бейнекамерамды арқалап әуе шарымен көкке көтерілдік. Бәрі ойдағыдай еді, әуе шарды басқарушы жігіт газдың таусылғанын хабарлап үлгерді. 450 метр биіктіктен құлдилап, Ә. Жангелдин көшесіндегі бір үйдің сарайына келіп соғылдық. Бар ойым, бейнекамераны сындырмай, аман сақтап қалу болды. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін қабырғамның сынғанын білдім. Тыныс алуым қиындап жатса да, әріптестерімнен «телекамера аман ба?» деп сұрай бергенім есімде.
Тағы бірде қазақтың ұшқыш қызы Тоты Әмірова жайлы арнайы хабар түсіру керек болды. Әр қимылын қалт жібермей бақылап отырмын. «Ал, жігітім, дайындал, біз ұшамыз» деді. Мен Алатаудың әсем көрінісі мен Тотының ұшақ басқарудағы іс-әрекетін ұштастырып таспаға жазып аламын деп ойлап отырғанмын. Қайдағы. Ұшақ жермен зулап келіп, көкке қиялай көтерілгенде артқа қарай бірнеше рет домалап, кабинаның есігіне барып соғылдым. Тізе берсем, қызық көп (күлді).

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Әйгерім БЕГІМБЕТ

Опубликовано в Сұхбат

Шымкенттік Алтынай Асиловамен әлеуметтік желіде танысып, жақынырақ араласқанымызға жылдан асты. Қаладағы «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде аспаз болып қызмет атқаратынын білгенім болмаса, оның 2014 жылы қысқы Олимпиада кезінде Сочиде спортшылар мен қонақтарға тамақ әзірлегенінен хабарсыз екенмін. Жуырда Алтынай сонда өткен қызықты күндері мен достарын сағынып жүргенін айтып қалды. Ары қарай әсерлі әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.

altynai– Алпыс адам Сочиге қараша айында табан тіредік. Қалың күртешемен барған біз қайнаған жазға топ етіп түстік. Ал екі сағаттан кейін «Красная Полянаға», яғни теңіз деңгейінен 940 метрлік биіктікке көтерілдік. Аз ғана уақыттың ішінде жаздан қысқа өтіп кеттік. Қалың қар. Айнала тұнған сұлулық. Сочи Олимпиадасына әлемнің 90-ға жуық елінен спортшылар келді. Демалуға келген қонақтарға, спортшыларға ас мәзірін әзірледік, Тоғыз ай бойы әр елден келген аспаздармен тәжірибе алмасып, тағамдардың түр-түрін шебер дайындауды меңгердік. Бұл менің өмірімдегі ең жарқын, ұмытылмас сәтке айналды, үлкен мектеп болды, – дейді жас аспаз.
Дәмі тіл үйірер тағам дайындаудан бөлек, арасында уақыт тауып Сочи Олимпиадасы кезінде еліміздің намысын қорғаған спортшыларға жанкүйер де болыпты. Шаңғымен тұғырдан секіру, биатлон сынды спорт түрлерін тамашалап, фристайл-акробатикадан сынға түскен Жібек Арапбаева
бен Жанбота Алдабергенованың өнеріне қол соққан. Египеттен келген белгілі аспаз Ахмет Райдтан аспаздық өнердің қыры мен сырына қанығып, әлі күнге дейін әлеуметтік желі арқылы ақыл-кеңес сұраудан жалықпайды.
– Мен ең алдымен ыдыс-аяқ жуудан бастадым. Сосын қонақүйдің бөлмелерін жинастырдым. Қандай жұмыс атқарсам да, намыстанбай, үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырыстым. Қыз баласы кішкентайынан анасынан көргенін істеп, ас әзірлеуге ерте бастан араласады ғой. Мен де 6-сыныптан бастап ата-анам жұмыстан келгенінше кішкентай бауырларымның қарындарын тойдырып қоятынмын. Кейін түрлі тағам пісіруге аңсарым ауды. Әр аспаздың ас әзірлеу әдіс-тәсілдеріне жіті назар аудара бастадым. Осылайша, бұл кәсіптің биігіне шығуға талпынып жүрген жайым бар, – дейді Алтынай.
Жұмысынан тыс бос уақытында Алтынай жекелеген тапсырыстар да қабылдайды. Салаттардың түр-түрін әзірлеп, мерекелік дастарханыңызды көз тартарлықтай әсемдеп, сәндеп береді. Алдағы уақытта түрлі ұлт асханасының тағамдарын дәмді етіп әзірлеуді үйреніп, жеке мейманхана ашу – оның арманы.
– Таза оймен, шынайы пейілмен, сүйіспеншілікпен жасалған тағам ғана көптің көңілінен шығады. Қазір бізге өзіміздің тұрғындармен қатар шетелден қонақтар да көп келеді. Біз ұсынған тағамнан дәм татқаннан кейін, мақтап, жылы сөз айтып жатады. Сол кезде мерейіміз өсіп, іштей қуанып қаламыз. Түсінгенім, аспаз бәрін ішкі түйсігімен сезуі тиіс. Икемің, қызығушылығың болмаса, бұл кәсіп саған «есігін» ашпайды, – дейді ол.
Кей аспаздар тағамның дайындалу тәсілімен бөліскенде бәрібір құрамындағы бір затын кем айтады. Ал Алтынай бар білгенін бөлісуден тартынбайды. Өйткені өзі де аспаздықтың оқуын оқымай, өзгелердің қасында жүріп, сан сауал қойып, құпиясына қаныққан. Алтынайды Қырым мен Түркия елдеріндегі мейрамхана ұжымы тәжірибе алмасуға шақырып, ұсыныс жіберіпті.
– Адам жас кезінде ізденуден, оқып-тоқудан, үйренуден жалықпағаны жөн. Бірнеше айға барып, білімімді жетілдіріп қайтқым келеді. Сосын сүйікті қалама оралып, мейрамхана мәдениетінің дамуына үлес қосамын, – дейді жас аспаз.

Опубликовано в Қоғам
Страница 2 из 2