Пятница, 29 Сентябрь 2017 04:51

Көрмедегі көрініс ой салды

Шетелде домбыра табу қиын. Нұрлан Қамбар жасаған қосымша бағдарлама енді шетелдіктерге де қалаған әнін домбыраның ырғағына салуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мәнін дәл осындай жалынды, еңбекқор жастар аша алғандай.

shymkala-77-1

Шымкенттік өнертапқыш Нұрлан Қамбар – Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы Университетте «Инженер» факультетінің «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша 3 курс студенті. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін меңгерген. Ол биылғы жазда жемісті еңбек етіп, домбыраның ұялы телефонмен тартуға болатын қосымшасын жасады. ІT маманның бұл еңбегін АҚШ-тағы «Apple» компаниясы мақұлдап, авторлық құқық иесі атанды.

– Бұл қосымшаны жасауға домбыра тартып үйренуге деген қызығушылығым ықпал етті, – дейді Нұрлан Бауыржанұлы. – Қосымшаны бүгінде «Apple» компаниясының «iPhone» және «iPad» гаджеттеріне жүктеп қолдануға болады. 

shymkala-77-2Нұрлан жазда білімін арттырып, тәжірибе алмасу мақсатында Астанадағы Н.Назарбаев университетінде болған. Онда Zero To One Labs студиясының nFactorial атты үш айлық курсына жазылып, дәріс барысында халықаралық ЭКСПО – 2017 көрмесіне әр елден келген өнертапқыштардың еңбегімен танысады.

– Шетелден келген ІТ мамандар өздерінің ұлттық танымы мен салт-дәстүрінен хабар беретін жаңа технологияларды ұсынды. Сонда маған 

«қазақтың домбырасын неге жаңа қырынан, IT бағдарламасы арқылы көрсетпеске» деген ой келді. Ойымды жүзеге асыруда дәріс барысында алған білімім мен Zero To One Labs студиясының жетекшісі Арман Сүлейменовтің ақыл-кеңесі көп көмектесті, – дейді 20 жастағы өнертапқыш.

Нұрланның айтуынша, «Домбыра» қосымшасын смартфоныңызға жүктеп алған соң өз даусыңызға лайықтап, нотасын келтіріп аласыз. Бұл қиын емес. Өйткені, мұнда домбыраның «құлағы» болмайды. Сосын электронды домбыра пернелерін баса отырып, қалаған әніңізді әуенге ілесіп орындауыңызға болады.

– Әзірге қосымшада үш ән бар және қазақ тілінде дайындалған. Дегенмен, әркімнің қолындағы нота мен қосымшадағы домбыра пернесі тіл таңдамайды. Қазіргі таңда 3,5 мыңнан астам адам жүктеп үлгеріпті. Оның бірқатары АҚШ, Қытай, Ресей елдерінен екенін статистика көрсетіп тұр. Демек, қазақ халқының құндылықтары жаңалық атаулыға бай ұлы держава тұрғындарын да қызықтыра алды, – деген Нұрлан болашақта қосымшаны дамытуға ықыласты екенін жасырмады.

dombra

Біз де өнертапқыш жерлесімізбен мақтанып, оған сәттілік тіледік. 

Нұрланның жемісті еңбегі елімізді танытуға белгілі бір дәстүр немесе өмір сүру салты ғана емес, бүгінгі жаңа заманның алға жетелейтін технологиялары да қызмет ете алатынын ұқтырған-ды.

 

Опубликовано в Қоғам

Шымкентте ертең алғашқы велостанса пайдалануға берiледi

Мамандар бүгінде Шымкент қаласының экологиялық ахуалы сын көтере бермейтінін айтып, дабыл қағуда. Мегаполис қаланың басты экологиялық мәселесінің бірі – көлік санының тым көптігінен болып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 545 мыңнан астам көлік бар. Ондағы көліктердің отыз пайызы Шымкент қаласында тіркелген.

Велосипедпен жүрудiң пайдасын бiлсек

Қаланың орталық көшелерінде жиі орын алатын көлік кептелісін реттеп, экологиялық ахуалын жақсартудың бірден-бір мүмкіндігі – велосипед стансаларын көптеп пайдалануға беру болмақ. Бұл бағытта қала әкімдігі шілде айының соңына дейін 40 велостансаның қызметін іске қосуға мүдделілік танытуда. Бұл үшін қажетті құрал-жабдықтар мен велосипедтер Франция елінен жеткізілуде. Велосипедті жалға берілетін «Shymkent Bike» автоматтандырылған стансалар жобасының алғашқы сатысында 200 велосипедті сатып алу көзделген. 

2016-07-06-15-45-10-143

«Shymkent bike» жобасы аясындағы алғашқы велосипед стансасы сенбі күні, яғни, 9 шілдеде Әл-Фараби алаңында ресми түрде ашылмақ. Үлкен өзгерістер қарсаңында, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов қала көшелерінде веложол жүйесін енгізу жұмыстарын тексеріп, келешектегі мүмкіндіктерін бағамдады.
– Ендігі жерде қала тұрғындары велосипед пайдалану үшін арнайы карта сатып алу мүмкіндігіне ие. Олардың бір жылдық төлемақысы 11 500 теңге болып бекітілді. Ондағы 10 000 теңге жол жүру құнына, 1000 теңге картаның өзіне берілсе, ал 500 теңге пайдаланушы балансы болып есептеледі, – дейді сала мамандары.
Төлем картасын сатып алған жағдайда азаматтарға арнайы PIN-код беріледі. Бұл жоба елімізде тек Астана қаласында қолданыста болып келген еді. Астаналық тұрғындар картаны маусымына 6 айға қолдана алса, шымкенттіктер 1 жыл бойына пайдалану мүмкіндігіне ие. Сондықтан да бағасында сәл айырмашылық бар.
Станса қызметін пайдалану үшін азаматтарға ескерте кететін жайт, велосипедте анықтама қызметі жапсырылған. Әуелі картаны бекітіп, кодын енгізсеңіз, велосипед автоматты түрде қозғалысқа дайын болады. Іске қосылғаннан соң коммуналдық велосипед жарты сағат тегін қызмет көрсетеді. Әрбір велосипедке борттық компьютер, себет сөмкелер мен заттар орнатылған.

Әлемге әйгiлi, жанға жайлы...

Велосипед тебу – адамның аяқ бұлшық еттерін нығайтып, ағзаның қалыпты жұмыс жасауына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, қан айналымының дұрыс жүруіне оң әсерін тигізеді. Бастысы, бойдағы энергия мен таза ауаны, денсаулық пен көтеріңкі көңіл күйді сақтауға өз үлесін қосары сөзсіз.

IMG-20160706-WA0030  FB IMG 1467804457859 converted 

 

Қалалық велоқауымдастық директорының міндетін атқарушы Евгений Малаховтың айтуынша, Шымкентте бүгінгі таңда велосипедті жанына серік еткен жандардың қатары 9 мыңнан асып жығылады. Дегенмен, қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарта отырып, бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыру мүмкіндігі бар. Қызмет орнына аталмыш көлік түрімен қатынайтын қала әкімінің әрекеті кім-кімге де үлгі болардай.
Жоба жетекшілерінің берген мәліметі бойынша, бүгінде Астана қаласы велосипедпен жүрудің орташа көрсеткіші бойынша Мәскеу, Париж және Сан-Францискодан озық тұр. Яғни, әрбір мың адамға шаққандағы көрсеткіш деңгейі Астанада – 5,9, Мәскеуде – 5,7, Парижде – 3,2, ал Сан-Францискода – 3 адамнан келеді. Жобаның өзіндік тиімділігі сол, Астанада велосипедті пайдаланушылар орташа алғанда күніне 6 шақырымдай жол жүруде. Ендігі жерде аталмыш жоба Шымкент және Алматы қалаларында да жүзеге аспақ. Қазіргі таңда бұл қалаларда велосипед қозғалысына оңтайландырылған арнайы жолақтар салынуда. Бұл жоба қаланың экологиялық ахуалын жақсартып, велотуризмді қалыптастыруға оң ықпалын тигізбек.
Жалпы, Еуропаның алдыңғы қатарлы елдерінде қала аумағында велосипедпен қатынауға ерекше көңіл бөлінеді. Әлемде шайтанарбаны шыр көбелек айналдырып жүрген елдердің қатарында Финляндия көш тізгінін қолға алып тұр. Бұл елдің жазы қысқа, қысы ұзақ. Осыған қарамастан, аталмыш мемлекет велосипедтің санын арттырып келеді. Оның жолын салу үшін де қазынадан қомақты қаржы бөлінеді. Қысқасы, оны фин халқы ұлттық жоба деп санайды. Сондай-ақ, олар елге келген жиһанкездерге велосипед қызметін де ұсынады. Олармен көршілес Норвегия елі де сол саясатты ұстанады. Одан кейінгі орынды Чехия, Дания, Германия, Бельгия секілді елдер иеленеді. Мәселен, Данияда бір адам жылына велосипедпен 853 шақырым жолды артқа тастайды екен. Веложолдары 400 шақырымға жуықтаған Копенгаген нақ бүгінгі таңда «Еуропаның велосипед астанасы» атануға ниетті. Сонымен қатар Азияның Үндістан, Малайзия, Қытай секілді мемлекеттерінде де велосипед мініп жүрген жандардың қатары қалыңдаған. Мәселен, жапондықтардың 15 пайызынан астамы жұмысқа велосипедпен барады.
Мамандардың айтуынша, велосипедте күніне 6 шақырым жол жүру инфаркт миокардын 50 пайызға азайтады. Сондай-ақ, велосипедшілер жылына 900 миллион литр бензинді үнемдейді екен.

Опубликовано в Қала
Вторник, 05 Июль 2016 05:00

Жобаға қызығушылық танытуда

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Samsung Central Eurasia» кәсіпорнының Президенті Юн Вол Конмен кездесті.

akimqbyldauy

Кездесудегі талқыланған тақырыптардың негізгісі трансұлттық компанияның қала дамуына қатысуы туралы болды. Бұдан бөлек, кореялық компанияның инновациялары жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйелерінде де қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ, Юн Вол Кон қала әкімдігі жүзеге асыруды жоспарлаған «Shymkent сity» ауқымды жобасынына қызығушылығын білдірді. «Samsung Central Eurasia» Президентінің айтуынша, компанияның осы жобаға қатысуы жобаны дамытуға айтарлықтай үлесін қоспақ.

Опубликовано в Экономика
Пятница, 03 Июнь 2016 05:31

«Оңтүстiк – көшбасшы өңiр»

Осы аптада Шымкентке ҚР инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев іссапармен келді. Сапар барысында Ә.Исекешев бастаған жұмыс тобы облыстағы индустрияландыру және «Нұрлы жол» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.

isekeshov

Облысты аралау кезінде министр Ә. Исекешев «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында болды. Оның инфрақұрылымы мемлекет есебінен салынып, аяқталған болатын. ЕЭА-қа салынған жекеменшік инвестициялар көлемі бүгінде 27,8 млрд. теңгені құрайды. Мұнда 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Қазір ЕЭА-та 10 өндіріс орны жұмыс жасауда, тағы 13-і жаңадан салынып жатыр. Олар негізінен мата, гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасын, арнайы киімдер, униформалар, шұлық және кілем бұйымдарын, қағаз картонын және т.б. шығаратын кәсіпорындар.

Министр сонымен бірге Шымкент қаласы мен Ордабасы ауданында биыл іргетасы қаланған Тассай және Бадам индустриалдық аймақтарын аралады. Қазір бұл екі индустриалдық аймақта 26 жоба жүзеге асырылуда, 3000 жұмыс орнын қоса ашу жоспарланып отыр. Биылғы жылы 9 өндіріс орны ашылып, оларда 419 адам жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ, министр «Рахат-Шымкент» ЖШС-де болды. Бұл жобаны заманауи еуропалық технологияларды қолдана отырып іске асырган кореялық «Lotte» трансұлттық компаниясы. Бұл кәсіпорын жылына 8 мың тонна кондитер өнімдерін шығарады. Мұнда 150 адам жұмысқа орналастырылған. Бұл жобаға жұмсалган реинвестиция 3 млрд. 200 млн. теңгені құрады.

isekeshov-2

Сонымен бірге министр Инвесторларға қызмет көрсету секторының жұмысымен танысты. Жыл басынан бері мұнда кәсіпкерлердің 26 өтінімі өңделген. Өтінімдердің басым көпшілігі инвестициялық келісім шарттар жасау мен ұсынылатын преференциялар жөніндегі ақпарат беру ресімдері.

Іссапар қорытындысы бойынша министр облыс әкімі Бейбіт Атамқұловпен бірлесіп жұмыс кеңесін өткізді. Онда «Нұрлы Жол» бағдарламасының іске асырылуы, туризмді, геологияны және авиацияны дамыту мәселелері талқыланды.
– Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіп өндірісінің өсімі жөнінен еліміздің өңірлері арасында көшбасшылар қатарында келе жатыр. 6 жыл ішінде Индустрияландыру картасы аясында облыста сомасы 223 млрд. теңге 164 жоба іске асырылып, 13 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Индустриалды-инновациялық даму саласы бойынша көшбасшы өңір. Облыс қарқынды дамып келеді. Қазіргі қиыншылығы аз емес жағдайда бізге бірлесіп, ұйымдасып жұмыс атқарған дұрыс. Бүгінгі күрделі кезеңдегі ең бастысы – бірлескен «жұмыс ырғағын» үйлестіру. Кәсіпорындардың күнделікті жағдайын бақылауға алу арқылы уақтылы тиісті шара қолдану аса маңызды, – деді жиынды қорытындылаған министр.

Опубликовано в Экономика
Пятница, 20 Май 2016 04:22

Агломерация асуы

Шымкент халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталығына айналуда

Өркениеттің көшіне ілескен ел тұрғындары бүгінде қолайлы өмірді қаладан іздейтіні аян. Осы мақсатта «қалалық» атануға ниетті азаматтардың қатары көп. Енді бірер жылда Шымкент қаласының халық саны 1 миллион адамға жетпек. Бұл тұрғыдан алғанда, экономикалық һәм әлеуметтік әлеуеті тұрғысында ел аумағындағы үшінші қала атануға қабілетті Шымкент қазіргі таңда урбанизация үдерісінің тап ортасында тұр.


Өңiрдi дамытудың өрiстi қадамы

shymkent-2

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкентте жыл сайын орта есеппен 18 мың сәби дүниеге келеді. Бұдан бөлек, орта есеппен алғанда, 6,5 мың адам қалаға қоныс аударады. Осылардың есебінен, қаланың орташа демографиялық өсімі жыл сайын 3 пайызды немесе 15,3 мың адамды құрап отыр.
Әлеуметтік даму барысын зерттеушілердің болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін Қазақстандағы ауыл мен қала тұрғындарының арасалмағы 65-35 пайызды құрауы тиіс. Қазір бұл көрсеткіш Ресейде – 72, Беларусь, Украина, Арменияда – 70, АҚШ-та – 90 пайызға тең. Осы орайда, еліміздегі бірқатар ірі қалаларды агломерациялық орталыққа айналдыру міндетін белгілеген ҚР Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында келешегі зор қалалар қатарына Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Шымкент шаһарларын жатқыза отырып, Үкіметке елді мекендер шоғырын (агломерация) дамыту жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау жайын тапсырған болатын.
Агломерация – экономикалық, мәдени және тұрмыстық жағынан бiр-бiрiмен тығыз байланысты қалалар мен елдi мекендердiң шағын аумаққа топталуы, шоғырлануы деген ұғымды бiлдiредi. Бұл негiзiнен индустриалды дамуы қарқын алған аймақтарға қолданылатын тәсiл. Iрi қалалардың төңiрегiне топтастырылған елдi мекендерде бiрiншi кезекте өнеркәсiп орындары, яғни еңбек ресурстарын дамытумен қатар бiлiм, мәдениет, әлеуметтiк мәселелердiң қат-қабат дамуына үлкен мән берiледi.
Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ірі шаһарлар маңында алып агломерациялар пайда болды. Қазіргі кезде бүкіл Жапонияның жалпы жер көлемінің оннан бір бөлігі, ал халқының үштен бір бөлігінен тұратын Токио қаласының бүгінгі тынысы талайларға таңдай қақтырады. Токиодан Осакаға дейін 700 шақырымға созылып жатқан «Үлкен Токио» мегаполисі әлемдегі ең алып қала құрылысы саналады. Аумағы 70 мың шаршы шақырым, маңайында 60 миллионнан астам тұрғыны бар Токайдо мегаполисіне 8 префектура мен 87 қала кіреді.
Еуропадағы аумағы 11 мың шаршы шақырымды, халқы 13 миллион адамды құрайтын «Үлкен Лондон» мегаполисінде 34 серік-қала бар. «Үлкен Париждің» де аумағы 12 мың шаршы шақырымға, ал тұрғыны 12 миллион адамға жетеді. Одан кейінгі орындарда Рейн-Рур конгломераты (аумағы 7110 шаршы шақырым, халқы 11 миллион), «Үлкен Нью-Йорк» (7272 шаршы шақырым, халқы 19 миллион), «Үлкен Лос-Анджелес» (аумағы 88 мың шаршы шақырым, халқы 17 миллион) агломерациялары түзілген. Құрамына 50-ден астам қала енетін, аумағы 13 мың шаршы шақырым, халқы 14 миллион адамды құрайтын Мәскеу агломерациясы да аумағын жыл сайын ұлғайта түсуде.


Шымкент агломерациясының әлеуетi зор

shymkent-1

Елiмiз бойынша Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Ақтау қалаларында агломерацияларды дамыту арқылы өңiрлiк және әлемдiк нарықтармен ықпалдастырылған ұзақ мерзiмдi экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру мiндетi тұр. Бұл өз кезегiнде ауылдарды дамытуға, бәсекеге қабiлеттiлiгiн және халықтың экономикалық әлеуетi мен қоныстандыруды ұтымды ұйымдастыруға, өңiрлердi қаржылық қолдауға септiгiн тигiзетiнi сөзсiз.
Агломерация аумағы өңiрдiң негiзiн құраушы орталықтан көлiкпен қатынағанда 1,5 сағаттық қашықтықта орналасқан елдi мекендер мен қалалардың шекарасын есептеу негiзiнде қалыптасады. Яғни, Шымкент агломерациясының ықпал ету аймағына Арыс қаласы, Бәйдiбек, Түлкiбас, Қазығұрт, Төлеби, Ордабасы және Сайрам аудандары да ене алады.
Бүгінде Шымкентті еліміздегі үшінші қалаға айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Бас жоспарға сәйкес, қаланың шекарасы 40 мың гектардан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Яғни 2,9 есеге өсті. Өз кезегінде, Шымкент агломерациясы төңірегіндегі аймақтың экономикалық және әлеуметтік жағынан өркендеуіне үлкен ықпалын тигізді. Бұл бағытқа «Шымкент-Арыс», «Шымкент-Бәйдібек», «Шымкент-Қазығұрт», «Шымкент-Ордабасы», «Шымкент-Сайрам», «Шымкент-Төлеби», «Шымкент-Түлкібас» аумағы еніп отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральды көлiк дәлiзiнiң «Шымкент – Ташкент» тас жолы бағытын iске қосу жоспарына орай, Шымкент агломерациясына қосымша Сарыағаш ауданын да қосу жоспарлануда.
Күні кеше облыс басшысы Бейбіт Атамқұловтың алдында Қазақстан үкіметінің «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстар туралы баяндама жасаған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қала агломерациясының тиімді факторларын да атап көрсетті. Нақты айтқанда, ауыл шаруашылығы, сауда-саттық саласы жүйелі жолға қойылған Сайрам, Төле би, Ордабасы аудандарының қалаға жақын орналасуы бірінші тиімділік болып саналмақ. Бүгінгі күннің қажеттілігіне сай, әуе, теміржол, автомобиль жолдары, шағын және орта кәсіпкерлік, сауда саласының маңызды нүктелерін қалыптастыру, қайта құрылымдау жұмыстары жоспарланған. Қала әкімінің айтуынша, Шымкенттегі агломерациялық процесті реттеу үшін әуелі қалада халықтың өмір сүруіне қажетті инженерлік жүйелерді дамыту басты назарда болмақ. Осы мақсатта биыл алғашқы қадамда 8 елді мекенге ауызсу, 8 елді мекенге кәріз жүйесі, 8 елдімекенге электр жарығы, ал 5 елді мекенге табиғи газ тартылады.
Агломерацияның жүйелі жүзеге асуы үшін транспорт саласының да маңызы зор. Кез келген тұрғынның уақытын үнемдеу үшін ең бастысы іркіліссіз жолдың болуы шарт. Осыны ескерген қала әкімдігі қаладағы айналма жолдарды және аудандарға баратын облыстық маңызы бар жолдарды қайта құру, қалаға кіреберіс жердегі көлік жүрісін жеңілдету үшін жүйелі жоспар әзірлеуде.


Қазынадан 730 миллиард теңге жұмсалмақ

Шымкент – күн энергиясы ұзақ және мол болатын қала. Сондықтан баламалы энергия көзін пайдаланудың да мол мүмкіндігі бар. Қысқасы, Шымқала агломерацияның қарқынды дамуына жол ашатын қолжетімді әрі құнарлы азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптің отанына айналуы тиіс. Ауқымды жобалар аясында бүгінде «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі экономикалық-әлеуметтік даму Тұжырымдамасы» әзірленіп, бір миллион тұрғыны бар мегаполис қаланың әлеуетін арттыру міндеті нақтыланды. Бұл ретте, Шымкенттің өзіндік ерекшелігі сол – мұнда бизнес жасау мәдениеті айтарлықтай дамыған. Сонымен қатар, оңтүстік өңір еліміздегі жасыл аймақтардың бірі және туристік мінәжат ету орындарымен де қасиетті өлке саналады. Осындай құндылықтарды ескере келе, стратегиялық құжатта шикізат ресурстарын барынша пайдалана отырып, өндірістік саланы әртараптандыру және жаңғырту жолымен қаланы дамытуға айрықша мән беріліп отыр. Осы арқылы келешекте Шымкент қаласын ірі өндірістік-инновациялық және көліктік-логистикалық, білім беру, ғылым, мәдени әрі туристік орталық ретінде дамыту басты назарда тұр.
Қала территориясының кеңеюі өз кезегінде, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму қарқынын арттыруға өз септігін тигізуде. Жаңа жерлерді игеру арқылы қала құрылысын, оның ішінде тұрғын үй құрылысын дамытуға мүмкіндік туындады. Мемлекеттік «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламаларын тиімді іске асыра отырып, азаматтарды баспанамен қамту көлемі ұлғайды. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің дамуына лайықты серпін жасалып, қала экономикасына мемлекеттік бюджеттен және жеке инвесторлардың есебінен ауқымды инвестициялар тартылды. Жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік ашылды. Осының барлығы сайып келгенде, қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартып, табыстарын молайтуға жағдай жасауда.
Шымкенттің атына сай, ел аумағындағы «жасыл қала» мәртебесін иеленуге де мүмкіндігі жоғары. Бұл мақсатта облыс орталығында аумағы 1 мың гектар жерге жасыл аймақ құрылған. Өз кезегінде, жасыл аймақ қаланың көркіне көрік қосуда. Тұрғындардың демалуына жағдай жасау үшін қаланың орталық бөлігі арқылы ағып өтетін «Қошқар ата» өзені, қаланың оң жақ бөлігіндегі «Бадам» өзендерінің арналары да әсем келбетке бөленді.
Иә, әлемдік өркениеттің көшіне ілесе білген Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларын агломерациялау iсiне бүгінде ел қазынасынан 730 миллиард теңге қаржы бағытталып отыр. Кең ауқымды жобалардың нәтижесінде, аталмыш қалалардың экономикалық-әлеуметтiк әлеуетi жақсарып, дамуына даңғыл жол ашылмақ.

Опубликовано в Қала