Среда, 29 Июнь 2016 04:13

Велосипед жолы – 12 шақырым

Кез келген мегаорталықтың транспорттық жүйесінің ең басты мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осыған орай, қала әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов Әл-Фараби алаңы мен жаңа әкімшілік іскерлік орталығында 12 шақырымдық велосипедпен жүруге арналған арнайы веложол жасауды тапсырды.

velozhol

Құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі аясында Б.Момышұлы, Желтоқсан көшелері мен Д.Қонаев гүлзары және Т.Назарбеков, С.Бәйтереков, Астана даңғылындағы велосипед қолданушыларға кез болған кедергілерді жою жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның екінші кезеңі аясында веложол Ордабасы алаңы және Қазыбек би көшесі, сонымен қатар, Желтоқсан көшесі мен Д.Қонаев гүлзары аралығында жалғасын табатын болады. Жылдың соңына дейін аталған бағыттар бойынша арнайы веложол белгілері, велосипедке арналған орындар салу жоспарланған. Бұл қатарда Сайрам, Ш. Уәлиxанов, Т.Рысқұлов, Тұрысов көшелеріндегі аяқжолдарда велосипед жолы салынады.

Опубликовано в Қала

Кілем сату ісін бүге-шігесіне дейін меңгерген «Назар-Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аятулла Айымбетов уақыт өте келе кілем сату ғана емес, оны Қазақстанда тоқып шығару өндірісіне де көңіл бөле бастайды. Бұл ойы 2014 жылы нәтиже беріп, 24 желтоқсан күні Шымкент қаласының «Оңтүстік» экономикалық аймағынан «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасын ашады.

Шикiзат тәуелдiлiгiнен арылуды көздейдi

DSC 3462

Әу баста 300 адамды жұмыспен қамтуды көздеген фабрикада бүгінде 120 адам қызмет етуде. Жылына 3 миллион шаршы метр кілем өндіруді жоспарлаған жобада 12 станок жұмыс істеуі тиіс болса, бүгінгі таңда соның 4-еуі іске қосылған. Ал қалғанына тапсырыс берілген.

DSC 3428– Кілем тоқу станоктарын Бельгияның «VanDeWiele» компаниясынан алуға тапсырыс бердік. Өйткені, «VanDeWiele» компаниясының техникасы сапа жағынан әлемдік көрсеткіште көш бастап тұр. Олар техниканы 100% өздері жасайды, – дейді «Назар-Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының заңгері Мақсат Бақытжанұлы. – Тіпті, станокты іске қосу тетігіне орнатылатын түймені де Бельгияда өндіреді. Мұның артықшылығы көп. Ертеңгі күні техниканы пайдалану әдісін меңгеру кезінде түрлі сұрақтар туындаса немесе техникалық ахаулықтар орын алса, уақыт өте келе бұзылса, қосалқы бөлшектерін жаңартуға тура келсе, әр елге байланысқа шығып әуре болмаймыз. Бір ғана Бельгияның көмегімен бұл мәселенің шешімін табуға болады.

Бельгиядан келетін техникаға қарап отырған ұжым жоқ. 3 ауысыммен жұмыс істейтін мекеме ай сайын 105 мың шаршы метр шамасында кілем тоқып шығарады. Станоктар толық іске қосылмағанның өзінде жылына 2 млн м2 кілем тоқылуда. Осы орайда «жұмысшылар жаңа технологияны қалай меңгерді?» деген сұрақтың туындауы заңды. «Назар-Текстиль» тәжірибе алмасу ісін ұйымдастыруда да үздік шығыпты. Шетелге санаулы маманды оқуға жіберуден фабрика жұмысын толық меңгерген маманды Қазақстанға алдыртып, жұмысшыларға техниканың басында жүріп үйрету әлдеқайда тиімді екенін ескеріпті. Түркияның 30 жылдық тарихы бар «Kaplan Kardesler» кілем тоқу фабрикасымен тығыз байланыс орнатқан «Назар-Текстиль» тәжірибе алмасу үшін білікті мамандарды Түркиядан шақырады. Үш ай бойы жергілікті жұмысшылармен білгенін бөлісіп, біліктілігін арттырған маманның орнына келесі үш айда одан жоғары дәрежелі маман келеді. Осылайша тәжірибе алмасу, кілем тоқу ісін меңгеру жұмысы жүйеге қойылған.
– Мамандығым – экономист. Бірақ, кілем тоқу саласында жұмыс істеп жүрмін. Бір ауысымда 12 адам жұмысқа түседі, әрқайсысының өз міндеті бар. Мен станоктарды бақылаймын. Үйде өткізген уақытымнан жұмыстағы жаңа техниканың мүмкіндіктерін тамашалағанды артық көремін. Қызығамын. Жұмысқа асығып жетемін десем де болады, – деген Қанат Еркінбеков ауысым басшысы екен. Жұмысына деген қызығушылығы жоғары екені оның техникаға асыға жөнелгенінен көрініп тұр.

DSC 3456

«Назар-Текстиль» ұжымында айлық жалақыға сыйақы, жұмыс сапасы мен белсенділігіне қарай үстеме ақы да қосылады. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Таңертең және кешкі уақытта жұмысшыларды тасымалдау үшін транспорт мәселесі қаралған. Түскі ас тегін. Тынығу бөлмесі бар. Жуыну бөлмесі де жұмыс істейді.

Техника мен жұмыс күші қамтылған. Бірақ, фабрика кілем тоқитын жіпті шетелден алады. Қазақстанда аталмыш шикізатты өндіру ісі қолға алынбаған. Фабриканың Бельгия, Бангладеш, Түркия сынды елдің шикізатына тәуелді болып отырғаны жасырын емес. Есесіне, фабрика басшылығы 2018 жылға қарай жіп иіру кәсібін игеруді жоспарлап отыр. Тіпті, кілем тоқыма зауытының жанынан жіп иіру цехына арналған ғимараттың құрылыс жұмыстары басталған.

«Оңтүстік» экономикалық аймаққа енген «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасына мемлекет тарапынан салық төлеу, шетелден шикізатты жеткізу, коммуналдық қызмет ақысын төлеу бойынша түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Кілем бағалары қолжетімді. Ендігі мақсат – кілем тоқу ісін күн сайын жандандырып, дамыта түсу. Сұранысты арттыру және қанағаттандыру қажет.

Қазақ оюларын брендке айналдырған

DSC 3431

Кілем тоқу – ең әуелі дизайн дайындаудан басталады. Ұлданай Отыншиева бастаған бөлімде қазақша оюды өрнектеген бірнеше кілем үлгілері бар. Қазақы нақышта тоқылған кілемдерге қай кезде де сұраныс бар көрінеді. Отандық өнімді қолдаушылардан бөлек, оюлы кілемге шетелден де тапсырыс көптеп түскен. Елдің мерейін асырып, қазақы оюды брендке айналдырған дизайнерлер
Ұлданай Отыншиева, Назира Аблазова, Махаббат Бегалиева, Жұлдыз Жұмабек есімді қазақтың қаракөз қыздары екенін біреу білсе, біреу білмес. Ертегі кейіпкерлері бейнелеген кілемдерге де сұраныс көп. Сатып алушылардың көбі балалар бөлмесіне ілу үшін алса, балабақшадан тапсырыс түскен кездер де болды. Соңғы кездері мерейлі жасқа толған туған күн иесіне, үйлену, алтын той, күміс той иелеріне кілемнен тоқылған портрет сыйлау да үрдіске айналды. Дизайн таңдалғаннан кейін кілемнің сапасын анықтау қажет. Тоқыма жібі – мұнайдан өңделіп алынған полипропилен заманауи синтетикалық өнім. Тұтас әрі жұмсақ. Бұл шикізаттың түсі өзгермейді, бояуы ұзақ уақытқа сақталады. Сыртқы лас, қоқыс атаулы кілемнің жібіне сіңбейді, жуғанда тез тазарады. «Назар-Текстиль» кілемдері төрт түрлі сапамен сатылымға шығады. «Түркістан», «Авангард», «Омега» және «Бейбарыс». «Омега» мен «Бейбарыс» сериясының сапасы жоғары, қалың әрі сатылымда сұраныс зор. Көлеміне келсек, орындыққа төсейтін кішкентай көрпеше тәрізді кілемшеден үйдің кіре берісіне, дәлізге, асүйге, жатын бөлмеге арналған және тапсырысқа қарай басқа да көлемде дайындау мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда ені 5 метрге дейін ал ұзындығын 100 метрге дейін тоқуға болады. Бірақ, кілем ауырлап, көтеру қиындап кететін болғандықтан 35-20 метрден бөліп тоқу ұсынылады. Мұндай ұзындықтағы кілемдерге көбіне мейрамхана, қонақүй, балабақша сияқты мекемелер тапсырыс береді.

«Бiз – бәсекелес емес, әрiптеспiз!»

DSC 3513

«Шымкент келбеті» газетінен арнайы барған шығармашылық топқа «Назар-Текстиль» кілем тоқу фабрикасының тыныс-тіршілігін таныстырған Мақсат Имашевтан «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасымен әріптестік қарым-қатынасы жайлы сұрадық.
– Қазақстанда кілем шығаратын фабрика екеу-ақ. Оның біріншісі – «Бал Текстиль» болса, екіншісі – «Назар-Текстиль». Сондықтан біз бәсекелес емеспіз, әріптеспіз. Бірге жұмыс жасаймыз. Осы салада білмеген сұрақтарымызды бір-бірімізден сұраймыз. Бізде техника саласына қатысты сұрақтар болса, «Бал Текстиль» мамандарынан көмек сұраймыз. Олар да аянып қалмайды. Бір ауыз сөзбен айтсам, біз – ауыр жүкті иық тіресе арқалап келе жатқан ағайынды екі жігіт сияқты жұмыс жасаймыз. Бұл қарым-қатынас алдағы уақытта да бізді зор жетістіктерге жеткізеді деген ойдамын, – деп ағынан жарылды.
Әрине, сала мамандары арасындағы әріптестік ұстаным бізді де қуантты. Отандық өнімге деген сүйіспеншілігімізді арттырды.

«Назар-Текстиль» фабрикасының кілемдерін сату желісі Қазақстанның барлық облысында орналасқан. Сондай-ақ, көтерме бағамен алып-сатушылар да бар. Екі жылдан бері кілемнің сапасына сын айтушылар болмаған. «Назар-Текстильге» халық көбіне кілемнің бағасы мен тұтынушыны қызықтырған дизайндағы кілемдердің бар-жоғын білу үшін және портретке тапсырыс беру, жеке ұсыныстарын айту үшін хабарласады екен.

Опубликовано в Қала

Шымкентте жаңа қалашықтың алғашқы iргетасы қалануда

Шымкент – «Ақылды қала» жобасы аясында таяу жылдары әлемдік өркениеттің алғышарты болып табылатын жаңа технологияларды тәжірибеге енгізген елдегі үлгілі қалалардың қатарынан аталатын болады. Бұл бағытта батыл да бастамашыл істерді жүзеге асырудың алғашқы баспалдағы «Shymkent City» қалашығы болмақ.

Яғни, Шымкент қаласындағы жаңа іскерлік және тұрғын үй кешені осылай аталады. «Тұран» шағынауданында құрылысы жаңа басталған «Shymkent City» қалашығы қаланың солтүстік бөлігінде, Бәйдібек би ескерткішінің маңында орналасқан. Кешен заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, өмір сүруге және кәсіпкерлік саласын жандандыруға қолайлы орта ретінде жоғары стандарттарға толық сәйкес келеді.

Құрылыс басына арнайы келген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов тиісті сала мамандарымен жиын ұйымдастырып, қалашықтың келешектегі бағыт-бағдары мен бүгінгі ахуалын талқылады. Өз кезегінде, Ғабидолла Рахматоллаұлы «қаланың жүрегіне» айналуы тиіс өзіндік мәні зор қалашықтың құрылысына мемлекет тарапынан үлкен қолдаудың көрсетіліп жатқанын жеткізді.
– Бүгінгі күн баршамыз үшін де болашақтың іргесін қалайтын тарихи сәт. Біз Орталық Азияның ең ірі шаһарларының біріне айналатын Шымкент қаласының дамуындағы жаңа кезеңді ашып отырмыз, – деп атап өтті қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жоба құрылысы бойынша өткен жиында.

shymcity-1

Қала әкімінің айтуынша, «Shymkent City» жай ғана жаңа кешен емес, ол ең алдымен қала тұрғындарының өмір сүруі үшін барша жағдай жасалған, жаңа стандарттардың үлгілі көрсеткіші болып табылады. Сонымен қатар, қауіпсіздік пен қолайлылықтың жоғары үйлесімін тапқан айтулы кешен болмақ.

Заманауи үлгiде жабдықталады

«Ақылды қала» тұжырымдамасының шарттарына сәйкес, жаңа қалашықтың бой көтеруі – Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан әлеуетін толық танытатын ауқымды шара болмақ. Атап айтқанда, ең алдымен мұнда қаланы электр жүйесімен жабдықтау, экологиялық жағдайды жақсарту мен «жасыл» экономиканы дамыту мәселесі де оңтайлы шешімін таппақ. Ондағы тұрғын үйлердің шатырына күн көзінен қуат алатын панельдер орнатылып, күнделікті тұрмыста электр жарығын үнемдеуші шамдар пайдаланылады.
Озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған қалашықтағы спорттық кешендер мен мешіт, театр, сауда орталығы, жалпы орта мектеп, балабақша, аурухана мен емхана кешендерінің құрылысы қаланың сәулеттік кескін-келбеті мен экологиялық ахуалына ерекше реңк беретін болады. Сондай-ақ, мұнда 25 қабатты бизнес орталығы мен көпқабатты тұрғын үй кешендері қала тұрғындары мен қонақтарын әсерлі күйге бөлейтін заманауи бағыттағы нысандарға айналмақ.

shymcity

Бүгінгі таңда жол және басқа да коммуникациялық жүйелерді орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл қатарда көріктендіру саласына да мейлінше көңіл бөлінбек. Кезең-кезеңімен жүзеге асатын құрылыс шеңберінде жасыл желекке бөленген әсем саябақтар мен гүлзарларды алғашқы ретте пайдалануға беру жоспарлануда. 

Жоба толық жүзеге асқан сәтте, Шымкент – ел аумағындағы үшінші мегаполис қала ретінде жаңа белесте дамуға қадам басатын болады.

Өркениетке жасалған батыл бағдар

Кешен аумағында жаңа нысандардың құрылысы жеке инвесторлардың есебінен жүзеге аспақ. Қазіргі таңда шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Айта кетейік, аталмыш жобаға ең алдымен түрік инвесторлары үлкен қызығушылық танытуда. Жобаны жүзеге асыру барысында жұмысқа жергілікті азаматтар тартылады. Демек, бұл жоба тек кәсіпкерлік, туризм саласын дамытуға ғана емес, қаладағы жұмыссыздық мәселесін шешуге де өз септігін тигізбек.

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Кенжеқұлов қалашықтың орны ретінде 407 га жер аумағы белгіленгенін атап өтті. Заманауи үлгіде бой көтеретін кешенде 70 мыңға таяу тұрғын жайлы ғұмыр кешетін болады. Сала маманы берген мәлімет бойынша, бұл үшін инженерлік-коммуникациялық жүйелердің құрылысына 1,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Сонымен қатар, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін қала қазынасынан 388 миллион теңге қарастырылыпты. Айта кетейік, жалпы инвестициялар көлемі 274,6 миллиард теңгені құраса, оның ішінде, жеке инвестиция мөлшері 172,3 миллиард теңгені құрайды.

Опубликовано в Қала
Страница 5 из 5