18527292 425930161111053 3483463645755434704 oКәсіпкерлік саласында креативті ойлайтын азаматтардың бірі – Алтай Айнабек. «Nuray Construction» компаниясының директоры Шымкенттің жаңа келбетін жасауға тырысып жүр. «Арман», «Шұғыла» және «Sofia Towers» тұрғынүй кешендерінің авторы. ҚР Сәулетшілер одағы аталған тұрғынүй кешендерін үздік жоба ретінде таныған.
Белгілі кәсіпкер жаңадан кәсіп ашып немесе іс бастағысы келетіндерге өзінің кеңестерімен бөлісті.

Білім үшін күрес

Кәсіпкерлік – үнемі дамып отыратын сала. Біз енді қол жеткізіп жатқан білім экономикасы дамыған елдерде әлдеқашан ескіріп қалған. Мысалы бұрынғы сымсыз телефон мен бүгінгі смартфонның арасы жер мен көктей ғой. Кәсіпкерлікті дамыту үшін ең басты нәрсе – білім деп ойлаймын. «Өзіңді дамытуға инвестиция қысқа мерзімде, кемі 15 есеге өседі» деген тұжырым бар. Бірде аустралиялық бизнес кеңесшіден бір кісі: «10 000 $ бар, қандай бизнес ашсам болады?» деп сұрапты. Сонда «ақшаны өз біліміңе жұмсау керек» деген кеңес алады. Кәсіпкердің кеңесін бұлжытпай орындаған әлгі кісіден жаксы кәсіпкер шығады. Менің өмірден түйгенім, кәсіпкер болу да бір талант. Біреу кәсіпке икемді болып туылады, екіншісі білім арқылы өзінен кәсіпкер жасайды.

15283914 338326213204782 3365526726499777877 n

Тәуекелсіз іс бітпейді

Өткен ғасырда зерттеушілер «бизнесмен болу үшін IQ деңгейі жоғары болуы керек» деп есептеуші еді. Дәл қазір оны теріске шығарып, бизнесменнің басты қаруы – тәуекелшілдік, EQ (эмоциялық интеллект), одан кейін қайсарлық екенін дәлелдеп отыр. Демек бизнес бастағысы келетін адамдар осы 3 нәрсені меңгеруден бастау керек. Бұл қасиетті бойына дарытпаған адам жақсы менеджер болуы мүмкін, бірақ өз кәсібіңді дөңгелетуге жеткіліксіз.

 

Ортаны дұрыс таңдаңыз!

Менен жиі сұрайтын сұрақтардың бірі, ол «бизнесті неден бастау керек?». Жалпы бизнес бастау үшін ортаңды зерделеп алуың керек деп есептеймін. Бұл туралы батыстың бизнес жаттықтырушылары жиі айтады. «Араласатын он адамыңның бір айлық табысын өз ойыңша қосып, сол 10 адамға бөлгенде сенің айлық табысыңның мөлшері шығады», – дейді олар.

13872872 277654545938616 1240236335752693520 n

«Бизнес – ақша генераторы» дейтін болсақ, бұл қағиданы тура мақсатта пайдалану керек. Бұл дегеніміз – ертеден келе жатқан мақалдар, хадистер, аңыз-әфсаналар. Мәселен «Маған жолдасыңды көрсет, сенің кім екеніңді айтайын» дейтін мақалды алайық. Немесе ертеде 100 адам өлтіріп, тәубе жолын іздеген адамға бір дана кісі «ортасын ауыстыруы керек екенін айтып, ол жерден кету керек» деп кеңес береді. Бұдан шығатын қорытынды: журналист журналиспен, жазушы жазушымен, ұстаз ұстазбен пікірлес болатыны сияқты, кәсіпкер болу үшін, кәсіпкер сияқты ойлау үшін, шешім қабылдау үшін кәсіпкермен араласуы керек.

 

Кедергіні жеңіп үйреніңіз!

Бизнес — үлкен сынақ. Мен өз жұмысымда күнделікті әр түрлі кедергілерге кезігемін. Ешқашан жылтыр мұзда сырғанағандай болған емес, болмайды деп те ойлаймын. Өйткені бизнес тек сынақтардан тұрады. Кедергі болған соң адам сүрінеді, құлайды, тек нағыз кәсіпкер ғана қайта тұра алады. Майк Тайсонның: «Егер сен құлап барып тұрсаң, бұл – физика емес, мінез» дейтін жақсы сөзі бар. Сол сияқты бизнес күнделікті соққы жасайды. Кейбіреуі айналып үлгермей жатып, маңдайыңа тиеді, сол кезде тұра білу керек. Бизнесің құлашын кеңге жайған сайын проблемалардың да көбейетінін естен шығармау керек. Жетістікке жетудің жеңіл жолы болмайды.

18595293 427869714250431 4407331372985332290 o

Кәсіп пен отбасыны қатар алып жүріңіз!

Кітап сататын дүкендерде «Табысқа қалай жетуге болады?» деген сипаттағы көптеген кітаптар бар. Барлығы дерлік бизнес туралы. Демек адам санасы «жетістік» сөзін көбінесе бизнеспен ассоцияцалайды. Бірақ бизнес – бақытты болу жолы емес екені анық. Проблемасы көп кәсіпкер, өкінішке қарай, отбасы, жеке бастың бақыты мәселесіне көп көңіл бөле алмай жатады. Осы жерде бір ортақ шешім табылуы керек.

 

Дұрыс қарым-қатынас түзіңіз!

EQ – эмоциялық интеллект. Бұл бір ауыз сөзбен айтқанда, қас-қабақтан түсіну. Форбстың мүшелерін зерттегенде, «5»-ке оқыған адамнан нашар бағаға оқығандардың саны көп екен. Тереңірек зерттей келе, олардың эмоциялық интеллектісі дамығанын пайымдайды. Жақсы кәсіпкер болу үшін көшбасшы болу керек. Ал көшбасшы көптеген адамдармен жұмыс істейді. Тұтас ұжым кәсіпті алға дөңгелетеді. Бұдан шығатыны: жақсы бизнесмен қарамағындағы қызметкері болсын, бизнес серіктесі болсын адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай білуі керек! Яғни, адамдардың қас-қабағына қарап амал етуі өте маңызды. Қызметкердің төбесінде тұрып, «менің айтқанымды ғана істе!» деп емес, оның білімін, идеясын, тәжірибесін жұмыста пайдалану керек. Атақты Стив Джобс: «Ақылды адамды жұмысқа алып, оған нені қалай істеу керек екенін айту – ақымақтық», – дейді. Сол үшін эмоциялық интеллект (EQ), (IQ) мәліметтер жиынтығынан маңызды деп ойлаймын. «Табыстың көзі – мынау» деп айта салатын нәрсе емес. Өйткені әр келесі қадам өткен шақтағы тәжірибеге байланысты. Ең маңыздысы, іске кірісіп, бастау керек. Адал жолдарды анықтап, қиындықтарға қаймықпай, біліммен қатар тәжірибе жинау керек.

13925013 280376512333086 8601672328081929524 n

Кеңесшімен кеңесіңіз!

Тағы бір қосарым, бизнес кеңесшілермен де кеңескен дұрыс. Олар көбінесе өздері жаксы кәсіпкер болмаса да, дұрыс жол көрсете алады. Ол – теңбіл доптың жаттықтырушысы іспетті. Футболшы жаттықтырушыдан да мықты доп тепкенмен, ол сияқты жөн көрсете алмайды. Білікті кеңесші сырттай бақылап, орынды ақыл-кеңес бере алады. «Сырт көз – сыншы» деген осы ғой.

 

Кәсіпкер – жұлдыз болуы керек!

«Қоғамда кәсіпкерлікті дамытуға не жетпейді?» десе, біздің арамызда көптеген мықты кәсіпкерлер бар, солардан жұлдыз жасау керек деп айтар едім. Өйткені қазір көп жастар, мәселен Баян Есентаева мен басқа да әнші, әртістерді ғана көріп, соларға еліктейді. Шенеуніктер де көгілдір экран мен әлеуметтік желіден түспейді. Әрине, одан кейін жастар солардай болғысы келеді. Кәсіпкерлерді де танымал етсек, өскелең ұрпақ соларға ұқсағысы келеді. Біздің қоғамда жемқорлыққа жол бермей, адал ақша тауып, жұртқа жұмыс беріп жүрген кәсіпкерлер аз емес, соларды көбірек насихаттау керек деп ойлаймын. СССР кезінен «байдың бәрі сараң» деген қасаң пікір қалыптасқан. Ондай ойдан арылып, жастардың бизнеске барынша тартылғаны елге, қоғамға үлкен пайда әкелері анық. Маргарет Тэтчер «Мемлекеттік ақша деген болмайды, салық төлеушілердің ақшасы деген бар» деп айтқанындай, мемлекетті құрайтын ұлт кәсіпкерлікті жақсы меңгерсе, нұр үстіне нұр емес пе?! Бай-бақуатты, әлемде өзіндік орнымыз болуы үшін, бірінші кезекте кәсіпкерлікті дамыту керек деп ойлаймын.

Опубликовано в Қоғам

Қыз-келіншектер үшін бет сұлулығы мен сымбатын сақтау маңызды. Жасыратыны жоқ, бет күтімі үшін әйелдер қауымы қаражатын аямайды. Шетелден келетін брендті сатып алуға құмар. Кез келген сауда орталықтарында шетелдік косметикалық тауарлардан көз сүрінеді. Алайда бұл салада соңғы жылдары отандық «Айсәуле» компаниясының өнімдері шығарыла бастады. Қазір шымкенттік ғалым Айсәуле Мұсаеваның өнімдеріне сұраныс жоғары.

aisaule

«Айсәуле» отандық нарыққа 5 жыл бұрын келді. Бұған дейін елімізде бірлі-жарым компания болмаса, өзімізде косметика өнімдері өндірілген емес. Идея авторы білім мен ғылым саласында еңбек ете жүріп, Оңтүстіктегі өсімдік пен дәрілік шикізаттарды зерттейді. Жас келген сайын әйелдің бет күтімі – өзекті мәселе. Ал әдемі болу әйелге тән қасиет. Кез келген нәзік жанды жасарудың құпиясын білуден жалықпайды. 

– Көптеген әйелге тән косметикаға деген сезімталдық менде де болды. Терім құрғақ болғандықтан, крем жаға бермейтінмін. Осы мәселе қатты толғандыратын еді. Ізденіп жүріп, өсімдіктерден өнім жасап көрдім. Себебі, бет терісіне арналған кремдер мен түрлі ылғалдатқыш қоспалардың адам өмір сүретін климатқа қарай бейімделетінін көпшілік біле бермейді. Ал косметикалық тауар өндіретін шетелдік компаниялардың бұл талапты ескермейтіні мәлім. Бұл теріге жақсы әсер бере қоймайды. Мәселен, Жапония, Қытай, Корея елдері өзге мемлекеттердің өнімдерін пайдаланбайды. Өздерінде косметикалық тауарлар жеткілікті. Біздің Оңтүстікте де емдік шөптер қоры мол. Неге қажетке жаратпасқа деп шештім, – дейді Айсәуле Мұсаева.

aisaule-2

Көп уақыт өтпей ғалым ғажап маска жасап шығарады. Түрлі шөптер мен дәнді дақылдардан байытылған өнім қыз-келіншектердің үлкен қолдауына ие болады. Сұраныстар мен ұсыныстар көптеп түсе бастайды. Сіңлісі Зәуремен бірге, отандық косметиканы шығаруды жолға қояды. 2012 жылдың қараша айынан бастап, жұмыс істеп келеді. Ғалымның инновациялық жобасы Үкімет тарапынан қолдауға ие болғанын айта кеткен жөн. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік грантты жеңіп алады. Содан отандық «Айсәуле» косметикасын өндіретін өндірістің технологиялық желісі құрылды.

Шетелдік косметикамен бәсекелесе алатын ерекше және қолжетімді косметика дайындау осылай қолға алынады. Бүгінде бет, тері күтіміне арналған алуан өнімдер тұтынушыларды қуантып келеді. Өйткені барлық өнімдер термиялық өңдеусіз дайындалғандықтан, бетке қажетті макро және микро элементтер жақсы сақталады. Ал маска және кремдер тері ағартатын, сергітетін, дақтармен күресетін қасиетке ие. Бүгінде Айсәуленің өндірістік технологиялар желісінде 15-ке жуық маска, крем, сусабын мен фито шайлар дайындалады. Сонымен бiрге, шашқа ерекше әр беретiн, қоректендіретін сусабындар да шығарылуда. Шаштың түсуiне қарсы арнайы маска да бар. www.aisaule.kz сайтында «Айсәуле» өнiмдерi туралы тұтынушылардың жылы лебiздерi жетерлiк. Мұнан отандық косметиканы қолданушылар қатарының көп екенін аңғаруға болады.

Бүгінде зертхана заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істейді. Идея авторының айтуынша, мамандар қыз-келіншектерге қажетті кремдерді дайындауда аянып жатқан жоқ. Қазіргі таңда отандық өнімге сұраныс Шымкенттен ғана емес, республикамыздың түпкір-түпкірінен келіп түседі. Себебі, халық шетелдік косметикадан отандық өнімнің пайдалы екенін түсіне бастады. 

Saule-Musaeva– Елімізде кәсіпкерлерге бизнес жасауға мүмкіндік мол. Оған қолдау да, қаражат та жетеді. Тек ізденіс пен еңбек қажет. Елбасымыз айтқандай, «Өз игілігің үшін еңбек етсең, халықтың да игілігі артады». Кәсіпкерлерге айтарым, бизнес жасау үшін қолыңда өз өнімің болу керек. Кәсібіңді алдын ала жоспарлап алған дұрыс. Еңбек, алда мақсат болғанда жұмысың алға басады. Қорқыныштан арылып, біліміңді күн сайын жетілдірген жөн. Халықтың талабына сай еңбек ету басты ұстанымың болсын. Қоғаммен тығыз қарым-қатынаста болу кәсібіңді алға өрлетеді. Өнімнің әрі қарай таратылуына жарнаманың маңызы зор. Бағаны тұрақты ұстап, есесіне өнім түрлерін көбейткен дұрыс – дейді Айсәуле Мұсаева. 

Алдағы уақытта Айсәуле апай өндірістің шеңберін кеңейтуді, жұмысшылардың санын арттыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ тауар құтыларын, дизайнын жаңарту күн тәртібіндегі шаруа. Шымкенттен «Айсәуле – табиғи отандық косметика» брендімен дүкен ашып, оның санын Қазақстандағы басқа қалаларда да көбейту де алдағы күннің еншісінде.

Опубликовано в Әлеумет

Шымкентте «Құртафелло» тауар белгісі танымал өнімдердің бірі. 2 жыл бұрын жас кәсіпкер Айнаш Убайдуллаеваның идеясы көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Қазір ұлттық бренд тұтынушылар арасында сұранысқа ие.

qurtafello-3Айнаш Медетханқызы кәсіппен жастайынан айналысады. Алғашқыда әпкесінің қымызханасына көмектеседі. Кейін жұмысты өзі жалғастырады. Күн сайын қымыздан айтарлықтай жақсы табыс түседі. Көбіне өзге елдерден келетін туристер киіз үйге жиі бас сұғады екен. Олар қымыз ішіп, құрттың дәмін көріп таң-тамаша қалады. Риза болғаны соншалық алғысын білдіретіндер көп. Шымкенттен бөлек басқа қалалардан келген қонақтар да қымызхананың тұрақты тұтынушыларына айналады. Бірде Айнаш келушілерге тың нәрсе ұсынуды ойлайды. Интернетті қарап, «Құртафелла» атауын көреді. Жаңа идея Айнашқа ұнайды. Әкесі Медетхан Убайдуллаев қызының талабын құптап, қолдау көрсетеді. Жас кәсіпкердің айтуынша, «Құртафелло» тауар белгісін «Raffaello» шоколадының атауымен шатастыруға болмайды. Өйткені, қораптың дизайнын өзгертіп, Астанадағы авторлық құқық саласының мамандарымен кеңесіп, тіркеуден өткізген. Десе де, алғашқыда өнімнің жұмысын жолға қою оңай болған жоқ. Өйткені Айнаш ұлттық брендті танымал болу үшін жасамағанын айтады. Алайда дәмді құрт тұтынушылардың көңілінен шығады. Күн сайын қызығушылардың қатары артпаса, кеміген емес. Бүгінде ұлттық бренд 100-600 теңге аралығында сатылып жатыр. Идея авторының арманы көп. Ұлттық тағамды шетелге кеңінен танытқысы келеді. «Құртафелло» тек қымызханада емес, сауда орталықтарының сөрелерінде тұрғанды қалайды. 

qurtafello

– Құрттың адам ағзасына тигізер пайдасы зор. Себебі, тағам – кальций мен ақуызға өте бай. Ал кальций ағзадағы зат алмасуды жақсартып, сүйек тіндерін бекітеді. Иммунитетті күшейтеді. Әрі сақтау мерзімі де шектеусіз, дәмі өзгеріп, бұзылмайды. Түрлі кәмпиттің орнына ұлттық тағамды неге пайдаланбасқа?! – дейді кәсіпкер.

Айнаш тек «Құртафелломен» шектеліп отырған жоқ. Бүгінде өзінің «Ақсұңқар» жарнама агенттігінің жұмысын дөңгелетіп отыр. Онда балабақшалар мен білім ордаларына және мекемелерге көрнекілік құралдарын жасап, дизайнерлік қызмет көрсетеді. Басында екі компьютермен кішкентай кеңседе жасалған жұмыс әрі қарай ұлғая берді. Жиналған қаржыға үлкен көлемдегі қағаздарды шығаратын аппаратты сатып алады. Енді ғана аяққа тұрып келе жатқанда кеңсеге ұры түсіп, құнды заттары мен дизайн үлгілері қолды болады. Бірақ алдына мақсат қоя білетін іскер қыз мойымады. Жаңа кеңсеге көшіп, 5 қызметкерді жұмысқа алды. Айнаш тіпті Қытайдың Гуйлин қаласында білімін де жетілдіріп қайтты. Тіл үйреніп қана қоймай, ұлттық брендіміз құртты да жарнамалады. 

Жас кәсіпкер кәсіпті несие арқылы бастағанды қолдамайды. Өнімге сұраныс арту үшін жарнаманың рөлі зор екенін айтады. Қолдан келген жұмысты аз-аздан дамытуға болады. Жуырда ол тағы бір кәсіп ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта бағдарламалаушы жастарды жұмыспен қамтығысы келеді.

Опубликовано в Әлеумет

«Шымкент-Кашемир» ЖШС-ін естуіңіз бар ма? Кәдуілгі «кашемирден жасалған» өнімдер осы мекемеде өндіріледі. Кашемир деп отырғанымыз, сол қазақы қой мен түйе жүнінің түбіті.

IMG-20170512-WA0036

Топс дегеніміз – жіп иіруге қажетті шикізат. Қазақстанда түбіттен және жүннен, топстан жасалған бұйымдардың өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпорын әзірге біздің Шымкентте ғана. Таразда топс тоқымасын өндіретін цех ашылды да, белгісіз себептермен жабылып қалды. «Шымкент-Кашемир»-дің ашылғанына бар-жоғы бес жылдың көлемі болса да, жылына 400 тонна түбіт өңдеуге қауқарлы.

Шағанбек Қанжарбайұлы «Шымкент-Кашемир» кәсіпорнын тақыр жерден тұрғызған. 

Елбасының соңғы жылдардағы кәсіпкерлерді жаппай қолдау бастамасынан кейін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан кәсіп бастауға 3 гектар тегін жер алған. Сөйтіп табыс және мүлік салығынан босатылған. Үкіметтің осындай кең көлемді қолдауынан кейін оның кәсібі кеңейіп, өркендеп келеді. 

Кәсіпкерлік саласында тыңнан түрен салған Шағанбек Қанжарбайұлы өз ойларын ортаға салып, тәжірибесімен бөлісті.

IMG-20170512-WA0030

1. Кәсіп түрін анықтаңыз

– Қазақстанда түбіт тарау кәсібі бұған дейін болмаған. Біз бірінші рет станокты Қытайдан әкеліп, жүн тарап, түбіт алып жатырмыз. Әлі игерілмеген кәсіптен бастағым келді. Қытай түбіт тараудан дүниежүзі бойынша алдыңғы орында. Олардың станогы мен құрылғылары да жұмыс істеуге өте қолайлы. Ешкінің жүнін қабылдап, түбіт тарадық та, оны Қытайға экспорттадық. Кейіннен елімізде кездесетін меринос қойдың жүнінен топс тоқымасын жасауға болатынын білдік. Топстан жіп иіреді. Бұған еуропалықтар қызығып келе бастады. Меринос қойдың жүнінің сапасы жақсы емес екен. Кавказдан асыл тұқымды қошқарлар әкелдік те, жергілікті қоймен будандастырдық. Осыдан соң жүннің сапасы жақсара бастады. Нағыз қазақи қойлардың қылшығының арасында түбіт болады. Майда жүннен түбітті бөліп аламыз.

IMG-20170512-WA00312. Кәсібіңізді зерттеңіз

Кәсіп нысанын асықпай, әбден зерттеп алу керек. Қытайда бір зауыт түбіт тараса, тағы бірі жүн жуады. Ал біз осының барлығын бір жерде өндіреміз. Мұны ұзақ уақыт бойы мұқият зерттедім. Қытайдың түбіт пен топс шығаратын барлық зауытын араладым, салыстырдым. Сөйтіп, сол жақтан станоктар мен құрылғылар әкеліп, іске қостық.

3. Істі иіріп әкетуге үйреніңіз

Алғашқыда біз жүн жуатын бір ғана цехтан бастадық. Кейіннен жүн сорттайтын, жуатын, тарайтын, Топс жасайтын, көрпе мен киім тігетін қосымша 4 шеберхана салдық. Алдағы уақытта жіп иіріп, бояйтын және кілем тоқитын цех ашу жоспарда тұр. 

Кәсіпорындағы 5 шеберханада 33 станок орнатылған. Мәселен, Топс цехында 18 станок бар. Бір адам бір мезгілде 4 станокты қатарынан игеріп, жұмыс істей алады.
Зауыттың жұмыс барысына тоқталсақ, алдымен Қазақстанның әр аймағынан әкелінген жүндер сұрыпталады. Одан кейін жүн жуатын станоктарға салынады. Жуылып біткеннен соң келесі станокта жүн таралады. Қылы бөлек, түбіті бөлек шығарылады. Қылынан матрас, түбітінен көрпе жасалады.

IMG-20170512-WA0013

4. Өнім түрін ұлғайтыңыз

Біз меринос қойдың жүнінен топс өндіреміз. Топстан жіп иіріледі. Қазір Италияға топс топтамасы жіберілді. Жапония мен Израйль де қызығушылық танытып отыр. Алайда, әзірге түскен тапсырыстарды игеріп үлгере алмай жатырмыз.

Теңіз бетіндегі мұнайды сорып алатын киіз өндіреміз. «Қытай Мұнай Компаниясы» тапсырыспен киіздің осы түрін алады. Алдағы уақытта қазақ киіз үйінің киізін де өндірмекпіз.
Түйе жүнінен көрпе, көрпеше, жамылғылар, матрастар шығарамыз. Трикотаждан әйелдерге арналған пальто, жемпір, кеудеше, балаларға аяқ киім тігеміз.

5. Халыққа пайдасы бар өнім ұсыныңыз

Біздің өнім – отандық өнім, түбіттен жасалған көрпелер. «Шымкент Кашемир» ЖШС-і өңдеген түйе жүнінен жасалған отандық өнімнің сапасы талапқа сай келеді. Тігетін көрпелерге тек табиғи шикізат – меринос қойдың жүні мен түйенің түбіті салынады. Жамылғылар, сонымен қатар матрастың ішіне де түбіттер салып шығаруда. Айта кету керек, сапасы жоғары, мінсіз тігілген көрпелер «Қазақтың ұлттық көрпесі мынадай!» деп мақтана көрсетуге лайықты. 

IMG-20170512-WA0022

Түйе жүні көптеген ауруға ем. Ата-бабаларымыз түйе жүнін, соның ішінде шудасы мен жабағысын әр түрлі сырқаттарға және сары су жиналған жерлерге басып емдеген. Түйе жүнінен жасалған белдікпен құяңды емдейді. Сондай-ақ түйе жүнінен жасалған көрпе суық тиюден қорғайды. Ол адам ағзасын түрлі дерттен сауықтырып қана қоймайды, ағзаны жасартатын қасиетке ие. Жас балаларға түйе жүнінен тоқылған шұлық кигізіп, көрпесін жамылдырса, суық тимейді. Адам температурасын бір қалыпта ұстайды. Денеге қыста жылы, жазда салқын тиеді, оны жамылған адам шілденің аптап ыстығында да терлемейді. 

Нардың жүнін қазақ халқы аяққа таптамаған, тек кеудешелер мен жейделер, шекпендер мен көрпелер дайындаған. Сондықтан түйе жүнінен көрпе таңдасаңыз, ұтылмайсыз!

DSC 1001

6. батыл шешімдер қабылдаңыз

Біздің кәсіпорын тек өз қаржымызға салынды. Үкімет тегін жер берді, бірнеше салық түрінен босатты. Алайда жерді жалға алған болып есептелетіндіктен, әлі күнге банктен несие ала алмай келеміз. Соған қарамастан, тақыр жерден бастаған кәсіпті барынша кеңейтумен айналысудамыз. Қандай да бір қиындықтар мен кедергілерге дес бермей, істі орта жолда тастап кетпеуге тырысу керек.

7. Биік мақсаттар қойыңыз

Мені осы күнге жеткізген әуелі Құдай, сосын алға қойған мақсаттарым деп ойлаймын. Әрдайым жақсы ой ойлап, биік мақсаттар қойсаңыз, арман атты асқарды сөзсіз бағындырасыз.

8. Қызметкерлеріңіздің кәсіби өсуіне мән беріңіз

Қарамағыңыздағы қызметкерлеріңіздің білімді әрі жан-жақты болуына ынталы болыңыз.

DSC 0912

Қызметкерлерімді Қытайға жіберіп, тоқыма мен жүн кәсібіне үйретіп алдым. Тағы біразын Италияда оқыттық. Бұл өз кезегінде фабриканың алға дамуына үлкен септігін тигізді.

9. Қосымша кәсіпті де жоспарлаңыз

Мен қазаққа пайдалы өнімдердің жол тартқанын қалаймын. Сондықтан бұл мәселеге келгенде тереңнен ойланамын. Мәселен, біздің елімізде түйенің сүті дұрыс өндірілмей жатыр. Одан кейін қазақтың топырағында қаншама пайдалы шөп дәрілер өседі. Сол отандық дәрі-дәрмекті өндіріске енгізсек деген ойым бар.

10. қарапайым болуға тырысыңыз

Мен көп сөйлемеймін. Сөздің орнына іс тындырғанды құп көремін. Айналамдағы әрбір қызметкерімнің жалпы және отбасылық жағдайынан хабардар болуға тырысамын. Олардың түстенуі мен жолақысын да қарастырып қойғанбыз. Журналистерге де барынша ашықпын. Жұмыссыз жүрген адамдарды «Шымкент-кашемир» зауытына жұмысқа шақырамын.

Опубликовано в Қоғам

Шымкентте көпке таныс қолөнер серіктестігінің бірі – «Шапағат». Мұнда ұлттық нақыштағы көрпе, жастық бұйымдары тігіледі. Кәсіпкер Гүлбахыт Ахметованың өнімдері сұранысқа ие. Жаз маусымы басталысымен, тігін цехында жұмыс қызады. Серіктестегі қыз-келіншектер түскен тапсырыстарға білек сыбана кіріседі. Қазір қыз жасауы әзірленіп жатыр. Түрлі ою-өрнектермен бұйымды көмкерудің шебер үшін қиындығы жоқ. Алдымен материалын өлшейді. Кейін, оны түрлі өрнектермен сәндейді.

18096647 820155148135320 2494513389154336768 n

Гүлбахыттың негізгі мамандығы – экономист. Бірақ жастайынан анасынан тігін тігуді үйреніп, қолөнермен айналысып келеді. Оның алғашқы еңбегі тұрмыстағы көрпешелер болды. Бірақ кәсіп ашамын деп ойламайды. Анасы Зәуре апайдың қолынан шыққан заттар үнемі сұранысқа ие болады. Кейін анасына осы жұмысты жандандырсақ деген ой келеді. Бірақ көпке дейін өз жоспарын жасауға батылы бармайды. Уақыт өте келе апайдың бұйымдарын тұтынушылардың қатары көбейіп, тапсырыс саны артады. Сөйтіп бұл бастаманы шағын бизнеске айналдырады. Алдымен Гүлбахыт ұзатылатын сіңлісіне жасауды анасымен бірге дайындайды. Сөйтіп қызығушылықпен басталған іс сүйікті жұмысына айналады. Көп ұзамай шеберлердің жұмысы алға басып, мақсаттары орындалды. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі Гүлбахыттың еңбегінің арқасында жаңа форматқа ие болды. Қазір кәсіпкер келіншек сан алуан ою-өрнек және құрақпен жұмыс істеп келеді. 

17267598 294956884256843 8432601689315344384 n 1

– Екінің бірі ою-өрнектің мәніне терең үңіліп жатқан жоқ, сондықтан білмейді. «Бастысы, ұлттық нақыш қой» деген ой басым. Дегенмен қолөнер – адамның ерекше ықыласын қажет етеді. Алайда сапасы мен өрнегіне қарап, қолдың жұмысы емес деп ренжітетіндер де бар. Қазір оюларға назар аударсам, олардың дені қазақтың оюларына келе бермейді. Көбісі ойдан құрастырылып шығарылады. Ал біздің ұлттық ою-өрнек салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың көрінісі емес пе? Содан оюлардың үлгілерін, құрақтың түрлерін пайдалануды қолға алдым. Біз оюларды сақтауымыз керек. Себебі, қазақтың ертеден келе жатқан оюларында терең мағына жатыр. Олардың әр элементі, өрнек-нақышы ұлттық ерекшеліктерді бедерлеп, бейнелейді. Ізденісім, өзім қалаған кәсібімді жетілдіруге себеп болды. Қазір бұйымдарымыз халық арасында кеңінен танылуда. Еңбегіміздің жанғанына қуанамыз. Қазақтың ою-өрнегі ұлттық бренд болуы тиіс, – дейді Гүлбахыт Ахметова. 

18013388 1267354946717428 3107841157179113472 nШынында да қол еңбегі нағыз еңбекті талап етеді. Көбіміз «Қошқар мүйізден» басқа оюларды біле бермейміз. Шындығында қазақ оюларының түрлері көп. Балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған оюлар бар. Бас киімге, камзолға, шапанға салынатын ою түрлері қаншама?! Серіктестікте көз жауын алатын ою-өрнектер бар болғаны қайшымен пішіліп, машинамен тігіледі. Әйтсе де, сан түрлі ұлттық нақыштағы оюлар шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. 

18011685 130419444168497 1194912205858930688 n

Әуелде, осы жұмысты бастағанда күнкөріс үшін арзан өнімдерді пайдаланатын Гүлбахыт қазір сапасы жоғары, құны қымбат, өңі әдемі бұйымдарды қолданатынын айтады. Бүгінде шебердің қолынан шыққан бұйымын шымкенттік жұртшылық көп тұтынады. Тіпті ұлттық өнерден ескерткіш болсын деп арнайы іздеп келеді екен. Ол кәсіппен айналысу үшін бағыт-бағдарды анықтап алу керектігін айтады. Кез келген істі бастау үшін қаражат, нақты жоспар керек. Ал оны қалай бастауға болады? 

17333011 189672104855592 483467271461666816 n 1

– Не қызықтырады, сол саланы таңда. Сонда өзің күткен нәтижеге қол жеткізесің. Менен жақсы экономист те шығатын еді, оған қабілетім де, білімім де жетеді. Бірақ мені мамандығым қызықтырған жоқ. Менің кәсіпте еңбегім жанды. Нені жасасам да, сапалы дүниені ұнатамын. Өйткені шеберлерге ешкім ешнәрсе үйретпейді, – дейді кәсіпкер келіншек. 

Он саусағынан өнері тамған Гүлбахыт 10 жылдан бері талай бойжеткеннің жасауын әзірледі. Ол ұлттық нақыштағы ою-өрнектеріміз арқылы халқымыздың өркениеті мен мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттап жүр. Биыл шебер «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен тігін цехын одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Енді ол көпшілікке қыз жасауының қайталанбас түрлерін жасағысы келеді.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 26 Апрель 2017 10:45

Өнер мен шебер шешімі

IMG-20170414-WA0022

«Ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр». Елбасы Н.Назарбаев жуырда жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай деді.


Президенттің мақаласынан кейін ой үстінде қалдық. Расында, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері де өсіп-өркендеу жолында қанша тарихи кезеңдер мен сәттерді басынан кешірді. Егемендік алған елең-алаң шақта әркім қал-қадерінше күнкөріс қамын күйттеді. Солардың бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз «Алтын жіп» перде салонының басшысы Батырхан Нұрбеков. Нарықта 15 жылдан бері перде тігіп, сатумен айналысатын кәсіпкер тағдыр талайында сан рет таласқа, күресінге түсті. Сүрінді, құлады, арпалысты, ақыры арманына жетті. Алдымен оның неден бастағанын баяндайық. 

IMG-20170414-WA0016

Негізі Батырханның жоғары білімі жоқ. Жетісайда жүргенінде аудандық «Тұтынушылардың құқын қорғау департаменті» ЖШС-де бір жылдай жеке инспектор болып жұмыс істегені бар. Сол кезде айлық жалақыға әрең шыдап күнелткен еді. Табиғатынан тың,тынбай қимыл-қозғалыста жүретін кейіпкерімізге жалақы қолға тиетін айдың соңын күту қиынның қиыны болды. Сөйтті де, Батырхан Нұрбеков 2000-шы жылдары Мақтарал ауданынан Шымкентке қоныс аударды. Жаңа ғасырдың басында өлместің күнін кешу үшін ол сол кездегі «Көл» аталған базарда (қазіргі «Қырғы базар») картоп сатты. Қара базарда картоп сатып жүргенінде, әйелі Тоғжан үйде құр отырмай, бұрынғы «Чайка» қол мәшіңкесімен пердеге тапсырыс алып тіге бастайды. Жеке тапсырыстар көбейгеннен кейін Батырхан да келіншегіне көмектеседі. Бала кезінен бар тірлікке икемделіп өскен оның қолынан тігін тігу де келер еді. Бұған дейін Жетісайда көйлек-шалбар тіккен-ді. Ерлі-зайыптылар 2,5 жылдай үйде перде тігіп, сатумен айналысады. Тапсырыс көлемі мен табыс артқан сайын жанына тігінші алу қажеттігі туындайды. Екі бөлмелі үйін төрт бөлмеліге ауыстырып, шәкірттерімен бірге сол үйінде перде тігеді. Өздері тапсырыс алып, клиенттің үйінің терезесінің өлшемін өлшеп, перде дайын болған соң апарып іліп беретін қосымша қызметті де атқарады. Тұтынушылардың көңілінен шығып, шаруасы дөңгелей береді. Үйден бөлек 3 бөлмелі шеберхана ашады. Бішкектен 10-15 бума мата әкеліп перденің түр-түрін тігіп, базарға сатылымға қояды. Кейіннен Тәуке хан көшесінің бойындағы бір дүкенді жалға алып, Түркиядан мата әкеледі. Кәсіп кеңейген сайын сапаға мән бере бастаған кәсіпкер енді түріктің масаты, жаккард, тафта (жұқа жібек мата), атлас, т.б. іспетті алуан түрлі матасын тасиды. Қытайдан да әкелмек болып, бір-екі рет барған. Бірақ, бәрібір түріктің матасы сапалы болып шыққан. Пердеден бөлек «Алтын жіп» дүкенінде пердеше (жалюз) мен фурнитура заттарының алуан түрі сатылымда. 

IMG-20170417-WA0012

«Алтын жіп» кәсіпорнының негізі 2002 жылы қаланған. Бүгінде 7 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оның бесеуі – Батырханның отбасы мүшелері. Әйелі Тоғжан – дизайнер, ұлдары Мағжан мен Бисұлтан тауар жеткізу мен шопырлық жұмыстарды атқарады. Қызы Ботагөз пердеге ою ояды, жастық тігеді, қолөнермен айналысады. Білдей бір ҚазҰУ-дың қаржы мамандығын алып шыққанымен, ата-анасының кәсібі оң жамбасынан келіп, осы салаға бет бұрған. Батырхан қазір ою өрнектелген перделер сұранысқа ие болғандықтан, таяуда ою оятын арнайы білдек (станок) сатып алмақ ойда. Бүтін бір отбасы ешкімге иек артпай, осылайша өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. Дүкен қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы – 60 мың теңге. 

– Кәсіпкерлер палатасынан қаржылай қолдау алдыңыздар ма? – дедік ағаның табыс сырын білмек болып. 

– Жоқ, олар түрлі ұсыныстар жасады. Бірақ, мен өз арбамды өзім сүйрегім келеді, – дейді кәсіпкер.

IMG-20170417-WA0014

Батырхан Молдакәрімұлының айтуынша, «Алтын жіптің» 15 жылдан бері тұрақты тұтынушылары қалыптасқан. Мұндағы перде бағасы әр түрлі, 100 мыңнан жоғары бағада сатылады. Сапасы жақсы болған соң, бағасы да қымбаттау. Мәселен, метрі 20 мың теңгелік перделер бар. Ал перденің биылғы трендтеріне келер болсақ, ағымдағы жылы ашық түсті перделер сән үлгілерінің қатарында.

Әсілі, перде тігу – әйел адамның жұмысы. Ал Батырхан соған қарамастан, арланбай перде тікті, сатты. Аяққа тұрған соң тігіншілер алды. Бүгінде ол перде тікпейді. Жеке кәсіпкер дүкеннің ұйымдастырушылық, қаржылық жағын басқарады. Ешқандай жоғары білімсіз, қолдаусыз, өз күшімен, еңбегімен кәсіп ашып, тасын өрге домалатты. Иә, еңбек – бәрін жеңбек. Батырхан әлі де еңбектене бермек. Еңбегі еш кетпесе екен!

Опубликовано в Қоғам

(Жалғасы. Басы газеттің №26-шы санында)

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында еліміздің аграрлық секторы экономиканың жаңа драйвері болуы тиіс деп атап өтті. Бұл ретте ауыл шаруашылығын дамыту, оның ресурстарын, бірінші кезекте жерді, материалдық мүмкіндіктерді, өндірістік қорларды, қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізу кезінде еңбек ресурстарын дұрыс пайдалануға үлкен үміт жүктеледі.

57430fd963854Кооперация жолында

Қаланың ғалым-практиктерінің ауылшаруашылығы жануарлары мүмкіндігін гендік тұрғыдан зерттеулерін қолдану жөніндегі ұсыныстары қызықты болды («Ғылым, білім және бизнесті дамыту орталығы» ЖШС). Бұл мәселені шешу ең алдымен, генетикалық популяцияның жаңа әдістерін қолдана отырып, жануарлардың генетикалық ресурстарын пайдалану есебінен қарастырылуда. 

Ұсынылған технологияның мәні – молекулалық-генетикалық селекция жүргізу үшін ДНК-технологияларын пайдалана отырып, ІҚМ-ң (ірі қара мал) болашақ тұқымдары бойынша генетикалық маркерлер құру болып табылады.

2017 жылдың қаңтарынан бастап ОҚО-да еттің тығыздығын, сүттің ірімшікке жарамдылығын, сүйек негізі және соматотропты гормоны арқылы ІҚМ-ң генотиптерін анықтау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта шағын және орта шаруа қожалықтарының мұндай зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері жоқ және осының салдарынан ірі қара малдың сапасын және сандық көрсеткіштерін арттыра алмай отыр. Бұл проблеманы заманауи, қымбат жабдықтармен және білікті мамандармен жарақтанған генетикалық селекция ғылыми зертханасымен ынтымақтастық жағдайда олардың базасында ірі ауылшаруашылығы кооперативтерін құру негізінде шешуге болады. 

Осындай процесстерді талқылау барысында біздер, кооперативтерді құруға мүдделі адамдарды анықтадық. Кооперация құруға ниет білдірген азаматтарды қалалық әкімдігіне шақырып, олармен кеңесу жұмыстарын жүргіздік. Осы бағытта тәжірибелі кооператив төрағаларының қатысуымен мастер-кластар ұйымдастырылды. Олар осы бағыттағы тәлімді тәжірибелерімен бөлісіп, кооперация құрудың жақсы да, қиын да тұстары туралы әңгімеледі. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң ауыл шаруашылығы кооперативтеріне коммерциялық ұйым болуға мүмкіндік жасайды. Демек бұл оларға кооперативтің таза табысын оның мүшелерімен өндірістік және басқа шарушылық қызметінде теңдей бөлісуге құқық береді. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне арнайы салық тәртібі енгізілді. Ол бойынша бірқатар салық төлемдерін 70 пайызға төмендеткен ерекше тәртіптер бар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің қызмет саласы мен отбасы мүшелерінің құрамы кеңейтілген.

Ізденіс барысында біз жұмысшы тобын құрып, болашақ төрағалармен бірлесіп нақты шаруашылықтар бойынша кооперативтер құру жөнінде концепция жасадық. Кейін олар қалалық әкімдікте бұл тұжырымдамаларды қаржы институттарының өкілдерінің қатысуымен қорғап шықты.

Расын айтсақ, ол кезде бұл жобының қаржы ресурстары, қанша қаражат бөлінетіні, субсидия, несие алу кезінде кооперативтерге жеңілдіктердің болуы, лизинг мүмкіндіктері және тағы басқа мәселелерді анық емес болатын. Материалдық-қаржылық ынталандыру механизмі де дайын болмаған.

Дегенмен, жобалар тіркеліп, кооператив мүшелерін тарту бойынша жұмыстар басталып кеткен болатын. Бұл ретте біз, егер осы кооперативтерге жеке қосалқы шаруашылықтар кірген жағдайда ғана Шымкент қаласының өзінің аграрлық болашағы болатынын жақсы түсіндік.

Бұл кезеңде жобаның даму Тұжырымдамасына қол қойылып, содан кейін Шымкент қаласын жерді аймақтарға бөлу жөніндегі ұсыныстар әзірленді.

Мәселен, кооператив мүшелері ауылшаруашылық кооперативіне, соның ішінде қызмет көрсететін (өткізу, қайта өңдеу, жабдықтау және т. б.) кірген жағдайда, өздерінің заңды және экономикалық дербестігін, яғни жердің, ауылшаруашылығы техникасының және т. б. меншік иелері болып қала береді. Бұл ретте ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерінің өнімдерін кепілді түрде тұрақты өткізіп отыру факторы сатылған (өңдеу зауытына немесе нарыққа делдалсыз өткізу). Ішкі тарифтерді пайдалану кезінде шикізатты жеткізу, тасымалдау шығындары айтарлықтай қысқарып келген. Әсіресе, кооператив құрылтайшыларының жалпы жиналысында шешімдерді талқылау және қабылдау кезінде дауыс беру құқығы, сондай-ақ кооператив мамандарынан ақпараттық-консультациялық көмек алу мүмкіндігі.

Біз бастапқыда-ақ кооператив қызметтерінің түрлерін анықтап алғанбыз. Олар мыналарға бөлінеді:

– өндірістік – өндіру, ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ жерді бірлесіп өңдеу, ауылшаруашылығы техникасын пайдалану;
– өткізуші – кооператив мүшелерінің өнімдерін дайындау, сақтау және өткізу, сонымен қатар, жинау, сақтау, сұрыптау, кептіру және шикізатты жас немесе қайта өңделген күйде көтерме немесе бөлшек саудада сату және тасымалдау;
– қайта өңдеу – ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және жеке сауда желісін құру мүмкіндігімен оны көтерме немесе бөлшек саудада сату;
– жабдықтау – кооператив мүшелерін техникамен, жанар-жағар маймен, тұқыммен, тыңайтқыштармен, улы химикаттармен, жемшөппен, қосалқы бөлшектермен, құрылыс және т. б. қамтамасыз ету;
– сервистік – өздерінің мүшелерін агрохимиялық қызметпен, сумен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, техникасын жөндеу, телефондандыру, асыл тұқымды және селекциялық және т. б. қызметтермен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету.

Сонымен қатар, ауылшаруашылық өндірісінің қызмет көрсетуші кооперативтен айрықша ерекшеліктері анықталды.

Мақсаттары материалдық-техникалық базасының ресурстарын бірлесе өндіру болып табылатын ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің құрылтайшылары – ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер берген ауылшаруашылық кооперативі ретінде пай жарнасының өз мүлкін, жер, а/ш техникасын, ғимараты және басқа.

Сонымен қатар, ауылшаруашылық өндірістік кооператив құрылтайшылары – бұл мақсаттары материалдық-техникалық базасының ресурстарын бірлесе өндіру болып табылатын ауылшаруашылық кооперативтеріне – жер, а/ш техникасын, ғимарат және басқа да өз мүлктерін пай жарнасы ретінде берген ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер.

Қызмет көрсетуші кооперативтердің құрылтайшылары – ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер – өздерінің заңды және шаруашылық мәртебесін сақтайды, яғни өздерінің жерлері, а/ш техникаларын және басқа да мүліктерін біріктірмейді. Негізгі мақсат – олармен бірге бірлесіп құрылған кооперация нысанын (мал сою цехы, сүт қабылдау пункті, ТСМ) пайдалану.

Бұл ретте кооператив мүліктерін қалыптастырудың нақты көздері айқындалған. Олар өз (пай жарналары, субсидиялар, ерікті, біржолғы жарналар мен жәрдем жинау, тауарды сатудан және көрсетілген қызметтерден түскен түсім, дивидендтер), сондай-ақ қарыз қаражаты (несиелер) болып табылады. Бұл ретте, мүліктік құрамға жылжымалы және жылжымайтын құралдар, ақша, бағалы қағаздар, сондай-ақ заңнамамен тиым салынбаған басқа да нысандар кіруі мүмкін.

Кооператив пайдасын бөлудің негізгі қағидалары нақтыланды. Ең алдымен олар мерзімі өткен борыштарды өтеуге, резервтік және, мүмкін, пайлық қорларды, мүшелердің қосымша пайлық жарналарын және кооперативтің қауымдасқан мүшелерінің пайлық жарналары, дивидендтер және кооперативтік төлемдер төлеуге бағытталуы тиіс.

Заңды тұлғалар мен ауылдық өндірістік кооперативтерді мемлекеттік тіркеу (қайта ұйымдастыру) үшін құжаттар тізімі мен тәртібі нақтыланды.

Бұл, ең алдымен, заңды тұлғаның мемлекеттік (есептік) тіркеуі туралы өтініші, құрылтайшылар тізімі (жеке куәлігінің деректері, үлесі, пай), бюджетке төленгенін растайтын түбіртек немесе құжат. Сонымен қатар, ауылдық өндірістік кооперативтер болып қайта құрылған заңды тұлғалардың құжаттар тізбесі нақтыланды. Бұл заңды тұлғаның мемлекеттік (есептік) тіркеу туралы өтініші, кооператив мүшелерін ауылдық өндірістік кооператив (АӨК) қылып қайта құру туралы жалпы жиналыстың шешімі, өткізу актісі, заңды тұлғаны қайта құру туралы кредиторлардың жазбаша хабардар етілгенін растайтын құжат, бюджетке төленгенін растайтын түбіртек.

Ол кезде бұл жобының қаржы ресурстары, қанша қаражат бөлінетіні, субсидия, несие алу кезінде кооперативтерге жеңілдіктердің болуы, лизинг мүмкіндіктері және тағы басқа мәселелерді анықталмаған болатын. Ауылдық копператив шаруашылығында әлі де материалдық-қаржылық ынталандыру механизімі дайын болмаған. Дегенмен, жобалар тіркеліп, кооператив мүшелерін тарту бойынша жұмыстар басталып кеткен еді. 

Айтпақшы, ауылшаруашылығы жануарларына тұқымдық зерттеу әдісін енгізу Шымкент қаласында жаңадан құрылған "Шаңырақ-Сүт" агроөнеркәсіптік кооперативінде басталған. Оның әлеуеті сүт өнімдерін ірімшік өнімі етіп қайта өңдеуге, қуаты тәулігіне 40 тонна түйіршіктелген жем шығаратын жемцехына жинақтауға, голштинофриз тұқымды сүтті табынды Татарстан мен Алтай өлкесінен және Ресей Федерациясынан сатып алуға мүмкіндік береді.

Агронесиелік корпорациясының оң қорытындысы алынды. Өндірісті кеңейту үшін шаруашылыққа егістік жем-шөп алқаптары қажет (қала оның шешімдерінің нұсқаларын аграрлық азық-түлік белдеуінде қарайды), бүгінгі таңда жем-шөп Қазғұрт және Түркістан алқаптарынан алынуда.

Кооперацияның бастапқы даму кезеңі командалық-әкімшілік болашағына қайта келуге болмайтынын бірден көрсеткенін ерекше атап өткім келеді. Кооперация үрдісін дамыту қағидалары және кооперация туралы қабылданған заң оған саналы және кезең-кезеңмен өту барысын қамтамасыз етеді, біз оны басшылыққа алуға тиіспіз. Мемлекеттен бөлінетін қомақты қаражаттың қайтарымы барынша пайдаланылуы тиіс.

Біздің пікірімізше, алдағы уақытта Шымкенттің ірі тауар өндірісін өндіретін кооперативтерді қалпына келтіру жөніндегі ғана емес, сондай-ақ ерікті түрде өздерінің мүдделерін қорғайтын жеке қосалқы шаруашылық құрған жағдайда (жеке қосалқы шаруашылықтардағы) аграрлық болашағы бар. Қалалық аграрлық сегментін кооперациялаудың бастапқы кезеңінде, оның дамыту Тұжырымдамасы және Шымкент қаласын аймақтарға бөлу бойынша ұсыныстар әзірленді.

Тимур БАЙМҰХАНОВ, 
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, экономика
ғылымдарының докторы

(Жалғасы бар)

Опубликовано в Экономика
Среда, 12 Апрель 2017 05:23

Жас кәсіпкерлермен кездесті

Елбасы Н.Назарбаевтың кәсіпкерлікті дамыту тапсырмасына сәйкес, Шымкенттегі «Rixos Khadisha» қонақүйінде жас кәсіпкерлер клубының алғашқы отырысы өтті.

akim kezdesui

Шараның ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев қатысты. Өңір басшысы алдағы уақытта жас кәсіпкерлерді шетелдерге тәжірибе алмасу мақсатында іссапармен жіберу қажет және кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын іске асырудағы мүмкіндіктерін кеңейте түсу керектігін айтты. 

– Облыс экономикасын дамыту – баршамыздың жұмыла көтеретін жүгіміз. Ол үшін әрбір азамат мұндай жұмыстарды шағын істерден бастауы қажет. Өңірімізде шағын және орта бизнес дамып келеді. Ендігі қадам, осынау кәсіп иелері бірігіп, жұмыс істемей тұрған ескі зауыттарды қалпына келтіріп, сол жерде бизнесті одан ары қарай дамыту болмақ, – деді Ж.Түймебаев. 

Шара барысында ОҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры А.Абубакиров жас кәсіпкерлер клубында 40 жасқа дейінгі 30 жас кәсіпкер бар екенін, клубтың кәсіпкерлер арасында байланыс орнатып, түрлі мәселелерді талқылау мақсатында құрылғандығын атап өтті.

Опубликовано в Қоғам

Іскерлік климатты қалыптастыруда оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары. Яғни, ел аумағында үздік үштікке енеді. Шымкент қаласына келген Қазақстанның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша өкілі Болат Палымбетов осындай баға берді. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген жиында кәсіпкерлік саласындағы өзге де өзекті мәселелер талқыланып, алдағы жоба-жоспарлар қаралды.

kaspi 28

Жиында өңірдің іскерлік климатын қалыптастыру, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, салық төлеу, жер телімдерінің берілуі сияқты өзекті мәселелер жөнінде сөз қозғалды. Республика бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағын, орта және ірі бизнеске қатысты түскен арыз-шағымдардың басым бөлігі де осы мәселелер жөнінде тіркеледі. Өңір басшысы аймақта кәсіпкерлікке қажетті жер телімдеріне деген тапшылық туындап отырғанын жеткізді. 

– Оңтүстік Қазақстан облысында бос жатқан бірде-бір жер телімі жоқ. Облыс орталығындағы барлық коммерциялық жерлердің сатылып кеткенін жасыруға болмас. Сондықтан біз құрылысы ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған жер телімдерін анықтап, қадағалауымыз қажет. Бұл ретте аудан-қалалардағы барлық жер телімдері тексеруден өтіп, олардың тиімділігін арттыру жолдарын ойластырған абзал, – деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Сондай-ақ, инвестор тартудағы көшкі-қон заңнамаларының бірқатар заңдылықтары мен мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде туындайтын құжатбастылық мәселелері де жиында тағы бір екшеленді.

Опубликовано в Экономика
Пятница, 07 Апрель 2017 09:07

«Forbes»-ке енген кәсіпкер

Шымкенттің кілемі! Дәл осындай брэндтік атау қалыптастырған еліміздегі ең ірі кілем фабрикасы «Бал Текстиль» деп аталады. Оның орындаушы директоры жас кәсіпкер – Жомарт Керімшеев (суретте). Жас болса да, жауапкершілігі мол жұмысты мойнына алып, оны ойдағыдай атқарып жүрген Жомарттың бұл салаға қызығушылығы ерек. Ол өткен жылы қараша айында Астанада өткен республикалық жастар форумына Оңтүстік Қазақстан облысының атынан қатысып қайтты.

zhomart 27-3

Жас маман текстиль саласын жетік меңгеру үшін шетелде білім алып келген. Кейіпкеріміз елімізде білімін жетілдіріп, жаңа кәсіп меңгеріп, өндіріске жаңалық енгізгісі келетін жастарға барлық мүмкіндіктер бар екенін айтады. 

– Қазіргі таңда фабрикамызда 260 жұмысшы бар. Оның 70 пайызы – 30-ға толмаған жастар. Кәсіпорын өндірісінде құрылғының барлығы – жаңа технология. Сол жаңа ииновацияны өндіріске енгізуде жастардың рөлі өте жоғары деп ойлаймын, – дейді Жомарт. 

«Бал Текстиль» кілемдерінің өтімділігі 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың фабрикаға ат басын бұрғанынан кейін бірден артқан. Мемлекет басшысы отандық өнімді қолдауға шақырып еді сол кезде. Ал таяуда жасаған Жолдауында Президент: «Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді», – деген болатын. «Мемлекет қолдауымен ОҚО-да кілем және басқа да өндірісті дамыту үшін арнайы экономикалық аймақ құрылды. АЭА аумағында жол, газ, кәріз, су жүйесін жүргізіп берді. Біз ешқандай да салық түрін төлемейміз. 6 гектар жерді 10 жыл тегін пайдалануға берді, жалға беру мерзімі біткеннен кейін кадастрлық құнына сатып алмақпыз», – дейді жас кәсіпкер. Осы орайда төменгі пайызбен «Даму» қорынан несие алған кәсіпорынның кілемдеріне қазірдің өзінде елімізден басқа Ресей, Қырғызстаннан да сұраныстар түсуде. Фабрика жылына 2 миллион 300 мың шаршы метр кілем шығара алады.

zhomart 27-2

Отандық кілемнің мақтаулы шетелдікінен еш айырмасы жоқ. Бельгия мен Германиядан әкелінген қондырғылардың арқасында өнім сапасы халықаралық стандарттарға сәйкес шығарылуда. Бұршақ дәнінен де кішкентай ақшыл капсулалар. Шымкенттік «Бал Текстиль» кілем фабрикасында өңделген табиғи газ осылай көрінеді. Кілем тоқуға қажетті жартылай пропиленді жіптер фабриканың өзінде шығарылады. Бұл оларға өнім бағасын 20% төмендетуге мүмкіндік береді.

«Бал Текстиль» жетекшісі Жомарт Керімшеевтің айтуынша, алғашқы уақытта халық арасында отандық кілемге таңырқай қарағандар да болған. Қазір тапсырыстың көбі қазақи үлгідегі нақыштарда, ою-өрнектерде болып отыр. «Тапсырыс берушілер қандай ою-өрнек қаласа да, оны орындау үшін жергілікті дизайнерлер барын салуда. Әсіресе жас мамандардың қиялы жүйрік», – дейді кәсіпорын басшылары. 

«Бал Текстиль» ЖШС былтыр қаржылық-экономикалық, іскерлік Forbes халықаралық журналының үздіктер рейтінгісіне енген еді. Себебі, кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» жергілікті байқауының жеңімпазы әрі республикалық «Алтын сапаның» жүлделі екінші орнын иеленген.

Опубликовано в Қала
Страница 3 из 6