Среда, 29 Ноябрь 2017 06:07

«Ал, Бастарбек, баста!»

Президентпен кездескен кейіпкеріміздің тағы бірі – Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің ОҚО филиалының төрағасы, ҚР мәдениет қайраткері Бастарбек Пірімбетов.

DSC 1726

– Бастарбек Пірімбетұлы, Елбасымен ең алғаш қашан кездестіңіз? Оңтүстік өңіріне жасаған сапарларындағы жүздесулеріңіз туралы айтып өтсеңіз...

– 1992 жылы облыстық мәдениет басқармасының бірінші орынбасары болып тағайындалдым. Облыс әкімі М.Үркімбаев, мәдениет басқармасының басшысы 

Х.Есенқараева еді. Н.Әбішұлын Президент болғаннан соң ең алғаш рет сол жылы Дендрологиялық саябақта концерттік бағдарлама қойып күтіп алғанбыз. Келесі жылы Оңтүстікте 3 елдің басшылары кездескен. Қазіргі «Мирас» университетінде сол президенттердің қол қою рәсімі болған. Ислам Каримов, Асқар Ақаев, Нұрсұлтан Назарбаевтың әңгімесін тыңдап отырдық. Бұдан кейін де бірнеше рет Елбасымен дастарқандас болдық. Ол кезде жылына бір рет қана келетін, қазір, өздерің білесіңдер, Президент өңірімізге жылына 2-3 рет келеді.

DSC 1737

– Елбасының өзіңіз басқарған Ж.Шанин атындағы театрға келген кездесуіне тоқталыңызшы...

– Театрға президенттің өзі келеді дегенде Асқар Мырзахметов «Экскурсияны өзіңіз жүргізесіз. Бар жағдайды айтасыз. Мүдіріп қалмаңыз» деп дайындаған. Сосын біз де жақсылап дайындалдық. Шын мәнінде де ол өте жауапты іс. Бір апта бойы пысықтадық. 

Сонымен кездесетін күн келді. Көлігі көріне бастады дегеннен кішкене қобалжи бастадым. Кейін қасыма жақындады. Барып қолын алдым. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен Ж.Шанин атындағы драма театрының директоры Бастарбек Пірімбетов» деп едім, «Ал, Бастарбек, баста» деді. Содан көңілім жайына түсіп, бірнеше жылдан бері білетін адам секілді еркін сезіне бастадым. Сөзімнің барлығын айттым. Елбасы да «Мынаны олай істеу керек, мынаны былай істеу керек. Мынау жақсы болыпты» деп оң бағасын берді. Қайтар кезде «Сендерге осындай театр салып бердік, енді жақсылып жұмыс істеңдер» деп қолымды қысты да көлігіне отырып кетті. Бар болғаны осы. Кездесуден кейін әкім «Сіз Елбасын күнде көріп жүрген секілді сөйледіңіз ғой» дейді. Туыстарым «Галстуктарыңды да бірдей етіп тағып алыпсыңдар» деп әзілдеген. Негізінде ол сәйкестік болған. 

Елбасының қасында жүріп оның жан-жақтылығына қатты таңғаламын, қызығамын. Өлең айтады, теннис ойнайды, домбыра тартады, суда жүзеді. Тіпті кейбір мықты әншілерге «Ол өлеңді былай айтады» деп түзеп жіберген кездерін де көрдік. Әйтпесе, ауылда өскен қойшының баласы ғой. Осы қасиеттеріне қатты қызығып алғашқы немерімнің атын Нұрсұлтан қойдым. Қазір 3 курста оқиды.

 

– Рахмет!

Опубликовано в Қоғам

Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен кездесіп, тілдескен келесі кейіпкеріміз – «Бал текстиль» кілем фабрикасының директоры Талғат Ысқақов.


DSC 0705

– Талғат Жүнісбекұлы, сіз Президентпен қашан кездесіп едіңіз?

– 2014 жылы мамыр айында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өңірімізге жасаған сапарында фабрикамызға арнайы келіп, жұмыс барысын өз көзімен көріп, алға қойған жоспарларымызбен танысты. Бүінгі таңда туындап отырған негізгі мәселелер туралы да сұрады. Сондай-ақ, фабрикадағы жас мамандарға жақсы бағасын беріп, ризашылығын білдірген болатын.

– Бұл сіздің Елбасымен алғаш кездесуіңіз бе?

– Иә, бірінші рет кездестім. Қолбалжу да болды. Бірақ, ол кісінің қарапайымдылығының арқасында, еркін әңгімелесе алдық.

– Не туралы әңгімелестіңіздер?

– Негізінен кілем өндірісі туралы пікірлестік. Қазір әлемде Түркіменстан, Иран кілемдері танымал екенін айттым. Мақсатымыз – қазақы кілемдерді де кеңінен насихаттап, өнерімізді дүние жүзіне таныту керекпіз дедім. Бұдан бөлек кілемнің түрлері, сапасы, тасымалдауы туралы да аз-кем сөз қозғадық. Әңгіме арасында Бәйдібек ауданында туғанымды, бала кезден кілемге қызығатынымды жеткіздім.

DSC 0696

Фабриканы аралап жүріп қазақи үлгіде өрнектелген кілемдерді көргенде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің балалық шағын еске алып, «Анам осындай түс киіз, сырмақтарды тоқитын еді. Сіздер де соларды кілемге түсіріпсіздер» деп өзінің анасын еске алды. Жұмыс барысымен толық танысып, жұмысымызға сәттілік тіледі. Және осы саланы дамыту туралы бірқатар тапсырмалар да берді.

– Мәселен қандай тапсырмалар?

– «Қазақ кілемі» деген брендті қалыптастыру керектігін ерекше айтты. Халқымыздың ұлттық, ою-өрнектерімен безендірілген кілемдерін тек Қазақстанға ғана емес, әлемге танытуды, қазақтың ұмытылып бара жатқан ою-өрнектерінің қайта жаңғыруына мүмкіншілік жасап қолданысын арттыруды, шикізат ретінде отандық және жергілікті материалдарды қолдануды, өңірімізде ұлттық үлгідегі қазақтың жүн кілемінің тоқылуын қайта жаңғыртуға, экспортты ұлғайтуға үлес қосуды тапсырды.

– Кездесуде есте қалған ерекше сәтті айта кетсеңіз...

– Н.Әбішұлының сапары аяқталып, қайтатын кезде кілем сыйладық. Онда Президентіміз «Қазақ елі» монументіне қарап тұрғаны бейнеленген еді. Оның дизайнын сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметов жасаған болатын. Елбасы кілемге қарап жымиып, баршамызға өз ризашылығын білдірді.

– Рахмет!

Опубликовано в Сұхбат

Мұрат ТАҒАЕВ, «Ордабасы құс» ЖШС директоры:


Мұрат Тағаев – Оңтүстікте күркетауық өндірісін алғаш қолға алған кәсіпкер. Іскер азамат құс етін өндіретін фабриканың жобасын бірінші болып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырады, ал 2010 жылы сол жаңа жобаның іске асуын Президент тікелей телекөпір арқылы тамашалаған.

DSC 0110-2

2011 жылы Мемлекет басшысы өңірге сапарында аяққа тік тұрған өндіріс орнына арнайы келген болатын. Мұрат Құлмырзаұлы өндіріс саласын дамытуда Елбасымен жиі пікірлесіп тұратынын айтады. Ол өзінің тұңғыш Президент жайлы жылы лебізін былай жеткізді. 

– Елбасымен 2000 жылы «Қайнар құс» фабрикасында қызмет етіп жүргенде жүздестім. Сол жылдары еліміздің түкпір-түкпіріндегі түрлі сала өкілдерін қоғамдық қабылдауына шақыртып, сұхбаттасып, елдің жағдайымен танысатын. Әлі есімде, сол жылдың 27 шілдесінде Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесу мүмкіндігіне ие болдым. Ол кезде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы өңірдің дамып-өркендеуіне қажетті кейбір жағдайларды жеткізуді шегелеп, сәт-сапар тілеп шығарап салды.

Елбасымен кездесуде үлкен қобалжудың болғаны рас. Кіргенде ол кісі орнынан тұрып амандасып, жұмыс үстелінде емес, емін-еркін жағдайда сөйлескенінен қарапайымдылығын байқадым. «Ал, Мұрат, әңгімеңді бастай бер, ауылда жағдай қалай?» деп есіміммен атап сөйлесуінің өзі қобалжуымды сейілтіп, бойымда сенімділік орнатты. Ауылдың жағдайын айтып бір сағаттай әңгімелесіппіз. Ол кісі мұқият тыңдап, барлығын қойын дәптеріне түртіп отырды. Бұл жылдары елдің басында қиын-қыстау кезеңдер, «бізді үкімет асырайды» деген ойлардан арылмаған уақыт. Мұны естіген соң маған айтқаны: «Мұрат, келешекте олар да қатарға ілігеді» деді. Міне, содан бері 17 жылды артқа тастадық. Осы жылдар аралығында кәсіп істеп, елдің жағдайының жақсаруына үлес қосқан жандар саны артуда. Елбасының болашақты жақсылыққа жоруының өзі үлкен көрегенділік. Қоштасқанда «Елге сәлем айт» деді.

Бұдан кейін Елбасымен араға тоғыз жыл салып қайта қауыштық. Өңірге жасаған кезекті сапарында күркетауық өндірісін дамыту жобасымен таныстыру болғанында ол кісінің есте сақтау қабілетінің жоғары екеніне тәнті болдым. Қаншама жылдан кейін, соншама адамның арасынан мені танып, «Мұрат, енді айта бер» деген сәті еш есімнен кетпейді. Сол кезде өндірісті өркендетуді шыңына жеткізуді өзіме міндет санадым. 

DSC 0110

Айта кететіні, осы жүздесуде күркетауық өсіру және оның етін терең өңдеу кәсібін қолға алатын жобаны таныстырып, қажетті заманауи технологиялардың таңдау үлгісін баяндағанда барлығын мұқият тыңдай келе Н. Әбішұлы: «компост бола ма?» деген сауал тастады. Бұл құс саңғырығынан органикалық тыңайтқыш өндіруге бола ма дегені еді. «Фабриканы дамытудың бірінші кезеңінде етті терең өңдеуге басымдылық танытамыз, ал өндірісті дамытудың келесі кезеңінде бұл мәселені жүзеге асырамыз» деген жауабымды айттым. Қазіргі таңда құс саңғырығынан ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш дайындау ісін қолға алдық. 

Бұл тұста айтайын дегенім, Елбасының кәсіпкерлікті дамытуда бағыт-бағдар беріп, ой тастай білетіндігі және әр сала маманымен кездескенде елдің қай бағытта дамып жатқандығынан хабардар екендігі, ақпаратты толық меңгергендігі, әр саланың жетістігі мен әлемдік технологиялардың дамуындағы жаңалықтарды қалт жібермейтіндігіне куә болдым. 

2011 жылы Н. Назарбаев фабрика жұмысымен танысып, жастармен, жұмысшылармен кездесті. Бүгінде жылына 10 мың тонна күркетауық етін өндіреміз, оның 40%-ы экспортқа шығады. Тауық етінің 70-80-ге тарта түрі бар. 400-ден аса жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылған, ең көп салық төлеуші мекеме атандық. Ең үлкен бағалау – өткен жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы берілді. 

Н. Әбішұлымен бір жүздесуімізде «Күркетауық етін өздерің жей бермей, Астанаға да жіберіп отырыңдар» деп әзілдегені бар. Бұл отандық өнімді тұтынушылар еліміздің түкпір-түкпірінде көбейіпкеледі деген сөз еді. Осы мақсатта биыл «ЭКСПО - 2017» көрмесінде үш айда 500 тонна күркетауық етін жөнелттік. 

Елбасы өндірістің даму жайын жиі сұрайды. Бір ғана «Ордабасы құс» фабрикасының жағдайы емес, индустрияландыру жобасы аясында бәсекеге қабілетті сапалы өнім өндіріп келе жатқан өндірістің барлығының жағдайынан хабардар болып, қамқорлығына, қадағалауына алады. 

Шындығын айтсақ, Елбасының елдің дамуында жасап жатқан еңбегі өлшеусіз. Қазақстанның экономикалық дамуы, бүгінге күнге жеткен жетістігі, еліміздегі ынтымақ пен берекені көшбасшының сарабдал саясатымен тікелей байланыстырамын.

Опубликовано в Қоғам

DSC 1790

Н.Назарбаев 1982 жылы 21 қараша күні Шымкенттегі Дендросаябаққа ағаш отырғызған. Ол кезде ҚКСР Орталық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

DSC 1750

Одан кейін Президент болып сайланғаннан соң, 1992 жылы қайта келіп тағы бір түп ағаш еккен болатын. Қазір сол шынар ағашы өсіп, өніп саябақ көркін келтіріп тұр. 

– Әрине Елбасының саябағымызға ағаш отырғызғаны үлкен мәртебе. Бұл жас ұрпаққа өте жақсы өнеге. Мұнда Н. Назарбаевтан бөлек түрлі ақын-жазушылар, шетел Президенттері, ұлы тұлғалар отырғызған ағаштар бар. Қазір сол ағаштардың маңында жас жұбайлар суретке түсіп, демалушылар көлеңкесін саялауда. Саябақ қызметкерлері де барынша күтіп баптайды, – дейді экскурсовод маман Ақмарал Қыпшақбаева.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 29 Ноябрь 2017 05:22

Тарихи тағылымы терең мереке

quttyqtau-94-2

 

 

Құрметті шымкенттіктер
және қала қонақтары!

Сіздерді 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Тәуелсіздіктің арайлы таңы атқан ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз күллі әлем танып, мойындаған еңселі мемлекетке айналды. Еліміздің бұл жеткен жетістігі мен шыққан биігі сөз жоқ егемендігіміздің, бірлігіміз бен тұтастығымыздың беріктігін айғақтайтын айқын дәлел. Сондықтан бұл мереке –тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп келе жатқан мемлекетіміз үшін маңызы мол, тарихи тағылымы терең мейрам.

Қазақстан өзінің егемендік тарихында әлеуметтік-экономикалық, мәдени жетістіктерімен дараланып, Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын, «Болашақ», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары мен басқа да тарихи маңызы зор құжаттарын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, әлемнің озық 30 елінің қатарына қосылуға қарышты қадам басуда. Биыл елордамыз Астанада табысты өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі тәуелсіз Қазақстанның тұғырын тағы да биіктетіп, әлемдік аренадағы беделін асқақтата түсті. Еліміздің барлық жетістіктері мен жеңістері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тегеурінді және дана басшылығы мен әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болды. 

Елбасы біздің Оңтүстік өңіріне және облыс орталығына әркез ерекше ықылас танытып келеді. Президенттің қолдауымен Шымкент еліміздің үшінші мегаполисі ретінде өркендеп, көркейе түсуде.

 

Қадірлі жерлестер!

1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күнімен мемлекеттігіміздің тарихы тамырлас, Президенттік институттың қалыптасу кезеңі өзектес. Біздің басты мақсатымыз – Елбасының төңірегіне топтаса отырып, «Мәңгілік Елдің» құндылықтарын қастерлеу, келешек ұрпаққа басты байлығымыз – тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың туын биік ұстап, табыстау.
Осынау мерейлі мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ пен береке тілейміз!

 

Нұрлан САУРАНБАЕВ,
Шымкент қаласының әкімі

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы

Опубликовано в Мәдениет
Пятница, 24 Ноябрь 2017 06:39

Ұстаздар ұстаханасына – 80 жыл

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік институтына – 80 жыл. Ұстаздар ұстаханасы Оңтүстікте алғаш ашылған мұғалімдер институты. Жуырда ғана университет статусын алған жоғары білім беретін оқу ордасы 80 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуде.

DSC 0074

Оқу ордасының үш күнге созылған (23-25 қараша) мерейтойының алғашқы күні институтта студенттердің шығармашылығын, дарынын ұштауға септігін тигізетін әдеби-мәдени бірнеше орталықтың ашылу салтанаты өтті. 

Алғашқы ашылған «Ұлттық мұра» студенттер мұражайының салтанатты лентасын институт ректоры Оңалбай Аяшев қиды. 

– Мұражайдың ашылу мақсаты – көненің көзі, ұлттық мұралар және құндылықтарымызды студенттер бойында мәңгі қалдыру. Мұнда студенттердің шығармашылық дүниелері, яғни өз қолымен дайындаған қолөнер бұйымдары қойылған. Сондай-ақ, студенттердің археологиялық қазба жұмыстары кезінде тапқан жәдігерлерін жинақтадық. Мұражайдағы ең ең құнды дүниелер – 100 жыл бұрын әжелеріміз өз қолымен тіккен ұлттық киімдер де бар. Мәселен, Орал Шағырбайқызы 1902 жылы өзі тіккен қасқыр ішікті мұражайға сыйға тартты, – дейді оқыту және бейнелеу өнері кафедрасының меңгерушісі Айдай Байбатшаева. 

DSC 0784

Жаңадан ашылған мұражайға оқытушылар мен студенттер ағаштан жасалған астау, музыкалық аспаптар, кебеже, кілем секілді өзге де 100-ге тарта көне заттар жинақтап үлгерген. Оңалбай Аяшев алдағы жылы мұражайға ауқымды орын бөлініп, онда экспонаттар саны артататын айтты. 

Бұдан кейін, ашық спорт алаңының ашылу салтанаты өтті. Бұған дейін, дене шынықтыру сабағын студенттер бас корпуста өткізіп келген. – Енді студенттер тыңғылықты спортпен айналысып, салауатты салтын ұстануына мүмкіндігі бар. Бұл жастар үшін үлкен сый болды,– деді кәсіптік шығармашылық факультетінің өкілі Шегенбай Бейсенбайұлы. 

Ал «Көркем әдебиет» орталығы өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ашылды. Орталыққа институттың даму тарихында еңбегі сіңген Әзімхан Оспанұлы мен Керімбек Сыздықовтың кітаптары қойылыпты. 

Бұдан бөлек, «Сәндік өнер» орталығы, «Нұр Шаңырақ» студенттер театрының тұсауы кесілді. Сонымен қатар, білім шаңырағы ғимаратының айналасына өңірдің зиялы қауымдары, ақын-жазушылар мен оқытушылар 80 ағаш отырғызды. 

Мерейтой барысында халықаралық ғылыми-теориялық конференция, 24 қарашада сағат 15:00-де институттың мәжіліс залында «Өркендеген Оңтүстік» атты республикалық ақындар айтысы өтеді.

Опубликовано в Білім
Среда, 15 Ноябрь 2017 05:22

Теңге – тұрақтылық кепілі

Әрбір Тәуелсіз елдің  басты нышандары ол – Ту, Әнұран және Елтаңба. Бұл ретте ұлттық валютаның да маңызы ерекше. Валютаның  тұрақтылығы ел экономикасының тұрақты дамуының және елге капитал мен инвестиция тартудың басты кепілі болып саналады.

2

Көптеген елдердің ұлттық валюталарының тарихы ұзақ ғасырлар бойы қалыптасты. Ал төл теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылғы 15 қарашадағы Жарлығынан бастау алады. Әрине, оған дейін теңгенің сыртқы бейнесін жасау жөнінде қиын да табанды жұмыстар атқарылды. 

Теңге – Тәуелсіздіктің айшықты көрінісі. Біздің ұлттық валютамыздың артықшылығы көп-ақ. Соның бірін айта кетейік. Теңге сапасы мен қорғаныстығы жағынан әлемдік 10 банкноттың қатарында. Бәрімізге белгілі АҚШ долларында 4 түрлі қорғаныс элементі бар. Біздің теңгеде 14 қорғаныс элементі енгізілген. Төл валютамызды жасауға “Harrisson & Sons” фирмасы бекерге таңдалмаған. Ол 1898 жылдан бері осы шаруамен айналысып келе жатқан танымал мекеме. Сол уақыттың ішінде компания мамандарының жұмысына ешқандай сын айтылған жоқ. Теңгенің сапалы шығуына компания өкілдері ынталылық танытпаса, алғашқы ондыққа кірмес едік. 

Қазіргі, соңғы шыққан теңгелерді қолдан жасау мүмкін емес. Оларға кейбір құпия белгілер қолмен салынғандай көрінеді. Қағазы да ерекше. Бірақ жалған ақша бірден анықталады. Санаушы аппараттардан да жылдам өтеді. 1993 жылы 15 қарашада дүниеге келген қазақ ақшасы жыл өткен сайын жетіле түсуде. Ұлттық валютамыз қандай қиындыққа да төтеп берді. Қаржы дағдарысы кезінде де тұрақтылығын сақтап қалды. 

Биыл төл валютамызға 24 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ел экономикасының дамуына теңге мол үлес қосты. Бүгінде төл валютамыз – Қазақстанның дамуының, өркендеуінің негізгі элементтерінің бірі. Сондықтан бұл валютаның пайда болуы егемендігіміздің еңсесін тіктеуіне, халық рухының көтерілуіне, ел жастарының болашаққа деген сенімінің пайда болуына үлкен септігін тигізді.

 

Зарема БИГЕЛДИЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Қаржы» кафедрасының
меңгерушісі, э.ғ.к., доцент

Опубликовано в Қоғам

Қарашаның алғашқы аптасында мейірімділік күнін айрықша атап өту әлемдік дәстүрге айналған.


jj-1

Осы орайда, химия-биология бағытында дәріс беретін Назарбаев зияткерлік мектебінде «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

Қамқорлық, ізгілік ұғымдарынан бастау алатын қайырымдылық шаралары аталмыш зияткерлік мектебінде жиі қолға алынады. Бұл жолғы акцияның барысында жиналған қаражат №7 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының тәрбиеленушісі Жайна Шыршықбайдың (остеомиелит – сүйек майының қабынуы, ми салдануы, омыртқа ми жұлынының жарығы, бүйрек және бауыр ақауының болуына байланысты) еміне көмектесу мақсатында ұйымдастырылды. 

jj-2

Шара барысында зияткерлік мектебінің ұстаздар қауымы және оқушылары, олардың ата-аналарының назарына орталық тәрбиеленушілерінің дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Опубликовано в Мәдениет

Шымкент қалалық мәслихаты ұстаздарға құрмет көрсетті.

DSC 6710

Білім саласының дамуына үлес қосқан қызметкерлерге Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров алғыс хат тапсырып, еңбектеріне табыс тілеп: «Қалада қоғамдық-мәдени салада өтіп жатқан іс-шаралардың баршасына мұғалімдер атсалысады. Сіздер тікелей қатысып, жұмыла кіріскен күштеріңізбен биылдың өзінде қалада үлкен ауқымдағы мерекелер өтті. Бұлардың барлығында қажырлы еңбектеріңіз бар және оны жоғары бағалаймыз. Білім саласын дамытуға келгенде барлық мүмкіндіктер қарастырылуда, биылдың өзінде 44 млрд теңге қаржы бөлінді. Алдағы уақытта әлеуметтік жағынан қолдаулар жалғасады», – деді.

DSC 6729

Еңбегі бағаланған ұстаздардың бірі – Жанар Шираманова №90 жалпы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі. Осы салада еңбек етіп келе жатқанына 15 жыл, шәкірттері талай белестерді бағындырып, түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанған. Ұлттық бірыңғай тестте жоғары нәтиже көрсеткен. «Қарапайым мұғалімнің еңбегін бағалағаны көңіл қуантты. Мұның өзі ұстазға шабыт береді. Алғысым шексіз», – дейді ол.

Шара барысында 18 ұстазға құрмет көрсетілді. Олардың арасында Шымкент қалалық білім бөлімінің мамандары, мектеп және балабақша басшылары бар.

Опубликовано в Әлеумет

Құрыш білекті, тақымы мықты жігіттердің сайысын тамашалауға қашанда асықпыз. Шымкентте қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша ұлттық спорт ойындары тағы да төрге озды. Қала күніне арналған сайыс көңілді көтеріп, мықтыларды танытты. Жалпы командалық есепте жеңімпаз атанған – Шымкент қаласының спортшылары.

IMG-20170930-WA0106

Орталық атшабарда тұлпарлардың тұяғы дүбірледі-ақ. ОҚО ұлттық спорт түрлері мектебі және Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі жыл сайын жарысты жоғары деңгейде өткізеді. Биыл да Сайрам, Сарыағаш, Қазығұрт, Төлеби ауданынан, одан бөлек, Алматы, Жамбыл облысынан да сәйгүліктер келді. Жалпы бұл күнгі ат-спорты ойындары сынында 117 спортшы бақ сынасты. 

DSC 1708

Алдымен дәстүрге сай, көкпар бәсекесі мен аламан бәйге қала тұрғындарына керемет әсер сыйлады. 16 шақырымға созылған бәйгеде Алматы облысынан келген Жеңіс Смайылдың "Триумф" атты сәйгүлігі мәреге бірінші жетті. "Босмойын", «Қарадауыл» атты сәйгүліктер де бабында екенін байқатып, мәреге үзеңгі қағыстыра келді. Алматы облысының тағы бір сәйгүлігі «Босмойын» мәрені екінші болып қиды. Ал Жамбыл облысының Қордай ауданының тұрғыны Алик Нұрмаханбетовтың «Қарадауылы» үшінші орыннан көрінді. Бір айта кетерлігі, көпшіліктің делебесін қоздырған бәйгені облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та трибунада отырып тамашалады. 

Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы жеңімпаздарды құттықтап, «Триумф» тұлпарының иесі Жеңіс Смайылға "Нива" автокөлігінің кілтін тарту етті. Екінші орын алған Жасұлан Тұрғанбаевқа – 450 мың, үшінші орын иегері Алик Нұрмаханбетовқа 300 мың теңге ақшалай жүлденің сертификаты берілді. 

IMG-20170930-WA0117

Шабандоздар сайысында жеңісті дәстүріміз бар. Тақымы мықты шымкенттік көкпаршылар бес команданың арасынан финалға шықты. Бас жүлде үшін таласта Төлеби ауданының командасы қарсы тұрды. Айлакерлігі, тактикалық шеберлігінің арқасында Шымкент қаласының құрамасы жеңімпаз атанды. Олар өткен жылы да осы биіктен көрінген еді. 

Атшабарда бұдан бөлек сайыстар да тартысты өтті. Конкур спортында Саида Әбдірахманова, теңге ілуден Ғалымжан Ізжанов (Шымкент), жамбы атудан Ералхан Айкөз (Төлеби ауданы), желіп шабудан Бағжан Байдарбек (Шымкент), қошқар көтеруден Әлфараби Бекқұлы (Шымкент), қыз қуудан Бибігүл Байдар мен Мағжан Өмірзақ (Шымкент) бас жүлдеге ие болды. Ал аударыспақ бәсекесінде 90 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев биыл да қарсыластарының бәрінен озды. Азия чемпионы білектің буырқанған күшін көрсетті. Сонымен бірге, Жайлаукөл демалыс аймағында қол күресі, кір тасын көтеру, асық ату, арқан тарту және ескек есуден де мықтылар анықталды. 

22047936 1897166170323393 7203124897214863115 o

Шымкент қалалық денешынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Намазбай Әбдіқұлов барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. 

Осылайша, Орталық атшабарда ұлттық ат спорты ойындары шымкенттік спортшылардың жарқын жеңісімен аяқталды.

Опубликовано в Мәдениет
Страница 3 из 12