Пятница, 24 Февраль 2017 05:26

SHYMKENT.GOV.KZ: сауалдар мен жауаптар

shymkgov

Егер де сіздің қандай да бір әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге қатысты шағым-ұсыныстарыңыз болса, қала әкімдігінің ресми http://shymkent.gov.kz/ сайтының «Халықтық бақылау» тармағына сауал жолдаңыз. Онда сіздерге әкімдіктің жауапты сала мамандары сауалдарыңызға нақты жауап береді. Осы орайда, қала тұрғындарының қазірге дейінгі жолдаған шағым-ұсыныстарына берілген жауап төмендегідей болды.

Жұлдыз ЕРЕЖЕПОВА, қала тұрғыны:

Сұрақ: 10 ұл-қызды өсіріп жетілдірген көпбалалы анамды шипажайларға жеңілдікпен жібере аламыз ба және тұрғын үй алуына қаншалықты мүмкіндігі бар? 

Жауап: Азаматша Жұлдыз Ережепованың ата-анасы Шымкент қаласынан тұрғын үй алу мақсатында кезекке тіркелу үшін қаланың тұрғылықты тұрғыны және халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатына енуі, сондай-ақ, соңғы бес жыл көлемінде Қазақ-стан Республикасы аумағында иелігінен тұруға жарамды тұрғын үйі болмауы тиіс. Осы жағдайда ғана барлық қажетті құжаттарымен Халыққа қызмет көрсету орталықтарына хабарласуына болады.

Сондай-ақ, көп балалы ана ретінде 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, «Алтын алқамен», Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Ардақты ана» атағын алған, сондай-ақ 1-2 дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға, біржолғы 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Күлімқыз ӘБДУӘЛИЕВА, қала тұрғыны:

Сұрақ: Маған 2008 жылы Бәйтерек көшесінде орналасқан үйім қажеттілігіне байланысты мемлекет меншігіне алынатыны хабарланған. Шектеуге байланысты, оны сатып жіберуге де мүмкіндік берілмеуде.

Жауап: Сіздің көрсеткен мекенжайыңыз бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің 20.06.2008 жылы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулысы қабылданып, «Шымкент жер» МКК-ны тарапынан мемлекет мұқтажына қайтаруға бағытталған жұмыстарды жүргізу жүктелген. Алайда, Шымкент қаласы әкімдігінің 29.11.2011 жылы №1361 санды қаулысы негізінде «Шымкент жер» МКК таратылған.
Осыған байланысты Сіз жер учаскесіне қатысты құқық белгілейтін құжаттарыңызбен Шымкент қаласы жер қатынастары бөліміне келіп, толық мәлімет алуыңызға болатынын мәлімдеймін.

Нұрлан ЕСІРКЕПОВ, қала тұрғыны:

Сұрақ: «Шұғыла» шағынауданынындағы көшелердің атауы мен үй нөмірлері заңды түрде бекітілмеуі тұрғындарға көптеген қиындықтар туындатуда. Көше атаулары тақтайшаларға жазылып ілінгенімен, ол Әділет басқармасында тіркелмеген.

Жауап: ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы №783 және Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1262 бірлескен бұйрығымен бекітілген жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидасына сәйкес мекенжайлар беріледі. Осыған байланысты сәулет және қала құрылысы органының бұйрығымен осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген жылжымайтын мүлік объектілеріне реттік нөмір береді.

Сонымен қатар, «ҚР аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын айқындау жөнінде анықтама беру» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2016 жылғы 21 қаңтардағы №23 бұйрығына сәйкес, заңды немесе жеке тұлғаға мекен жай беру немесе нақтылау керек болған жағдайда мемлекеттік қызмет реестріне кіру себебінен халық қызмет көрсету орталықтары арқылы тиісті құжаттарды өткізу керек және құжаттарды заңдастыру ақысыз жүргізілетінін мәлімдейміз.

Жанат ӘМІРӘЛИЕВА, қала тұрғыны:

Сұрақ: Қ.Төлеметов көшесінде орналасқан көпқабатты үйде тұрамыз. Жақын маңда мектеп ғимараты жоқ. Балаларымызды шалғайда орналасқан мектептерге беру үшін тікелей және тұрақты түрде қатынайтын қоғамдық көлік бағыты қарастырылмаған.

Жауап: Сіздің мәселеңіз бойынша Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, яғни «Қайтпас-2» шағынауданы Төлеметов көшесі бойындағы оқушылардың мәселесін шешу мақсатында №59, №88 жалпы орта мектептерге тікелей автобус маршрутын қарастыруды және қарастыру кезінде, сабақ уақытысында (таңертең, түсте, кешке) жүру кестесін жиілету бойынша хат жолданған.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы Төлеметов көшесі бойынан 1200 орындық жаңа мектеп салу үшін, қажетті жер телімі қарастырылып жатқанын назарыңызға жеткіземіз.

Нұржан АСАНОВ, қала тұрғыны:

Сұрақ: Қаратау ауданы №47 үйде барлығы 114 пәтер бар. Қыс маусымындағы берілетін ыстық су мен жылудың сапасы көңілімізден шықпайды. Сонымен қатар, мұнда үй тұрғындарының автокөліктеріне автотұрақ қаралмаған.

Жауап: Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті тарапынан 2016 жылы «Нұрсәт» шағынауданы бойынша жалпы 69 дана бейнебақылау камерасы орнатылып, оның ішінде осы №47 үйдің (қарама-қарсы 41 үйдің алдына) ауласынада орнатылған. 

Сонымен қатар, лифт мәселесі бойынша қызмет көрсетуші «Элитлифт» ЖШС мекемесі техникалық ақауға байланысты уақытша тоқтап тұрғанын және 2017 жылдың 25 қаңтарына дейін кемшіліктерді толық қалпына келтіретінін мәлімдеуде.

Сондай-ақ 2016 жылы ӘІО Астана даңғылы бойындағы №38,39,40,41,42,43,44,45,46,47 үй аулаларына түнгі жарық шамдары орнатылды. Жарық шамдарын қосу техникалық жағдайға орай 2017 жылдың 1 тоқсанында қосу жоспарланған.

Динара БЕГАЛИНА, қала тұрғыны:

Сұрақ: «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары атынан сұрайтынымыз, Шаяхметов көшесінен Рысқұлов көшесіне дейін автобус бағыты қарастырылса...

Жауап: Бүгінгі таңда Шымкент қаласының шалғай аумақтарына қатынайтын әлеуметтік маңызы бар 10 автобус бағытын ашу жоспарлануда. Аталған бағыттар ішінде №150 автобус бағыты Астана, Шәймерденов көшелері арқылы «Сайрам» шағынауданында орналасқан № 65 мектеп, «Солтүстік» шағынауданында орналасқан №41 мектеп, №17 шағынауданындағы №24 мектеп және №18 шағынауданында орналасқан №38 орта мектептердің аумағынан өтетін болып жоспарланғанын хабарлаймыз.

Ерболат ТӨЛЕУОВ, қала тұрғыны:

Сұрақ: Байтұрсынов көшесіндегі №73 үй ауласына абаттандыру және балалар алаңшасын орнату жұмыстары жүргізіле ме?

Жауап: Байтұрсынов көшесі №73 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату үшін Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты тарапынан сметалық құжаттама дайындалған. Аталған жұмыстарды жүргізуге қаржы бөлдіру мақсатында Шымкент қалалық мәслихатына хат ұсынылғанын және қаржы қаралған жағдайда жұмыстар атқарылатындығын хабарлаймыз.

Опубликовано в Әлеумет

Сұрақ: Аида Іздібекова, қала тұрғыны.

«Пахтакор-2» аумағындағы 194 орам тұрғындары үшін автобус бағытын бөліп беруді сұраймыз. Қазір қала орталығынан біздің ауданға дейін Жібек жолы даңғылымен тек бір ғана №65 автобус жүреді. Оның іші әрқашан жолаушыға толы. Бізге Қарабура әулие және Кеме қалған көшелерімен жүретін автобус қажет».

Жауап:
Жібек жолы даңғылымен №44 және №65 бағыттағы автобустар жүреді. Сонымен қатар, «Ақсукент-Шымкент» ауданаралық бағыты да өтеді. Бұдан бөлек, №55 бағыттағы автобус 194 орам тұрғындарына қызмет көрсетеді. Алайда, жолаушылар саны аз болуына қарай, ол бағыттың жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар бағыттар сараланып, 194 орам тұрғындарына қызмет көрсету үшін Жібек жолы даңғылы мен Арғынбеков көшесі арқылы өткізу жоспарлануда. Әлеуметтік маңызы бар бағыт бойынша жаңадан қайта құрылған көлік компаниясы – «Шымкент bus» ЖШС қызмет көрсетеді.

Сұрақ: Ольга Умарова, қала тұрғыны.
«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша Шымкентте жыл соңына дейін қай ауданда және неше пәтер беріледі?».

Жауап:
Қазір ӘІО-да 7 көпқабатты тұрғын үйдің (882 пәтер) және бір жатақхананың (35) құрылысы жүріп жатыр. Биыл 306 пәтерлік үш үй мен жатақхана пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, ӘІО-да 1134 пәтерден тұратын 15 көпқабатты үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу бойынша байқау жарияланған. 528 пәтерлік 11 үй ТҚЖБ арқылы берілсе, ал төртеуі коммуналдық баспаналар.
Сонымен қатар, «Тұран» шағынауданында да 5 көпқабатты үй салынуда. Оның біреуі биыл, ал қалғандары келесі жылы пайдалануға беріледі.

Сұрақ: Жалғасбаев Әділбек, қала тұрғыны.
«Шығыс» шағынауданындағы №25 және №28 мектептердің арасындағы қоршау қаншалықты заңды? Жаяу жүргіншілер үшін өтуге қолайсыз».

Жауап:
Шымкенттің инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс- монтаждау және демонтаж жұмыстары жүргізілуде. Қауіпсіздікті сақтап, апатты жағдайларды болдырмас үшін ол аумақ қоршалған. Бүгінде қаланың солтүстігіндегі ішкі орам жылу жүйелерін ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жалпы 20 шақырым құбырды жөндеуге бюджеттен қаржы бөлінді. Құрылыс биылғы жылдың 15 қазанында, ал «Шығыс» ықшамауданындағы жұмыстар 17 қыркүйекте аяқталады.

Сұрақ: Қайрат Мыңтай, қала тұрғыны.
«Тұран» шағынауданына газ, су және электр энергиясы қашан беріледі?».

Жауап:
Шымкент қаласы ТҮКШ бөлімі қызметкерлері инженерлік инфрақұрылым құрылысы үшін жобалау-сметалық құжат жасауда. Құжат бойынша, «Тұран» шағынауданын (Бәйдібек би даңғылының оң жақ бөлігі) ауызсумен қамту, электр желісін тарту, кәріз құбырын, байланыс және автожолдар салу қарастырылады. «Әсем Құрылыс» ЖШС жобалаумен айналысуда. Жобалау жұмыстарын 2017 жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр. Ал келесі жылдың наурыз айында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін бюджетке ұсыныс беру көзделген.

Сұрақ: Талиба Бурковецкая, қала тұрғыны.
«Мен «Тоғыс» тұрғын алабының Мұнайбарлаушылар көшесінің тұрғынымын. Көшеге бейнетіркегіш немесе жасанды жол кедергісін орнатуға болады ма? Леңгір-Шымкент тасжолы бойы жарықтандырылмаған. Кәріз құбырлары ескірген. Қыста сымдардың ескіруі салдарынан трансформатор жанып кетті. Ал асфальт су құбырларын жүргізу мақсатында қиратылды ма? Асфальт қайтадан төселеді ме?».

Жауап:
Сіз айтқан жолға жасанды кедергілер қойылмайды. Өйткені, ол облыстық маңызы бар тас жол санатында. Осыған орай, барлық жол белгілері мен жол қозғалысын реттейтін құралдарды ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан қойылады.
Бұдан бөлек, биыл Мұнайбарлаушылар көшесін орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжатын әзірлеуге тапсырма берілді. Сметалық құжат жасалған соң, бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қаралатын болады.
Шымкент қаласының ТҮКШ бөлімі тарапынан «Тоғыс» тұрғын алабында кәріз жүйесі мен тазарту қондырғыларын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттар жасауда. Жобалау мекемесі – «АДТ Сервис» ЖШС. Бүгінгі таңда барлық жобалау жұмыстары аяқталды. 2017 жылдың қаңтар айында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, сапалы әрі үздіксіз электр энергиясымен қамту жұмыстарын жүргізуде. Жобалық жұмыстарға қаржы қаралған. Қазір жобалаушы мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүруде. Жобалау жұмыстары 2017 жылы аяқталады.

Сұрақ: Оразов Батыр, қала тұрғыны.
«194 орамға қарасты Пахтакор-2» ауылында жаңа жол салынды. Алайда, жаңа оқу жылы басталғалы бері балалардың жолдан өтуі қауіпті болып барады. Жібек жолы көшесіндегі №85 мектептің жанына бағдаршам қойып берсеңіздер»..

Жауап:
Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес, көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Жібек жолы даңғылында қайта құру жұмыстары жүргізілуде. (Пазиков көшесінен кіші айналма жолына дейінгі аралықта). Жобалау-сметалық құжатта №85 мектепке қарама-қарсы жерде бағдаршам орнату көзделген. Бағдаршам биыл қазан айында қойылады.

Дайындаған
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Опубликовано в Қоғам