Среда, 28 Сентябрь 2016 05:54

Ұлттық ұлан – ұлт ұстыны

ОЛАР ҚАЛА ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТЕДІ

Жарыс, той, мереке, байқау, түрлі іс-шара мен басқа да жиындарды жоғары деңгейде өткізуде, ұйымдастырушылық қызметтерінде біздің өңір қашанда үздік. Осындай шаралардың өз деңгейінде өтуіне  Шымкент қаласындағы ҚР Ұлттық Ұланының 6506 әскери бөлімі жауынгерлері де үлес қосып келеді. Себебі, мұндай кезде олардың тапсырмасы еселене түседі. Олар кімдерді қорғайды? Нендей жағдайдың алдын алады?

20160915 155239Осы мақсатта азаматтардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 6506 әскери бөлімі жауынгерлерінің жұмысымен жақынырақ таныстық.
Сіз бен біз жұмысқа барып-келіп, үйде тамақтанып, тынығып, саялы орындарда серуендеп жүргенде олар күн-түн демей қала тыныштығын күзетеді. «Атаның баласы болмай, адамның баласы болу» деген осы болса керек. Жауынгерлер темір тәртіпке бейімделген жандар.

Ұйқысынан тұрып жаттығуға кірісетін сарбаздар әрдайым шымырлығын шыңдап отыруға үйренген.

Таңғы астан кейін жауынгерлер тәрбиелік және нұсқамалық сабақтарына қатысады. Тәрбиелік сабақтарда сарбаздар қызмет барысында қала тұрғындарымен, қаладағы заң бұзушы азаматтармен қандай қарым-қатынаста болуды, сондай-ақ өздерінің құқықтарымен және міндеттерімен танысады. Әскери қызметтің құндылығы мен жауапкершілігін сезіндіре отырып, әрбір жауынгерді отансүйгіштікке баулу сағаттары да осында жүреді. Ал нұсқамалық сабақтарда Ұлттық Ұлан жауынгерлерінің қызметке дайындығы тексеріледі. Бұл – теориялық және практикалық бағытта өрбиді. Теориялық нұсқаулық сабақта заң бұзушылық әрекеттері болып табылатын ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің және ҚР Қылмыстық кодексінің баптары айтылады. Ал практикалық нұсқаулық сабағында сарбаздар дене шынықтырады. Өзін-өзі қорғауға жаттығады. Заң бұзу, қылмыс жасаумен шектелмей қарсылық білдірген азаматтарды құрықтау кезінде қолданатын әрекеттерді үйренеді. Бұдан басқа заң бұзушыны құрықтаған соң құжат рәсімдеу, оны ІІД қызметкерлеріне тапсыру сынды жұмыстар төңірегінде де өрбиді.

Сіз көшеде үш-үшеуден жүріп отыратын сарбаздарды күнде көресіз. Бірақ, сол әрбір үш сарбаздың бір маршрут екенін білмеуіңіз мүмкін. Осы маршруттың жұмыстары толығымен реттелген әрі уақыты санаулы. Бұл туралы 6506 әскери бөлімінің 5 жедел мақсаттағы рота командирінің нұсқаулық сабақтарынан білдік.

20160915 144037

– Қызметке шыққанға дейін жауынгерлерді жасақтап, пысықтаймыз. Бізден бұрын кезекшілікке шыққан немесе бір күн алдын орын алған оқиғаларды сараптаймыз. Егер қатаң бақылауды қажет ететін нүктелер анықталса, маңыздылығына қарай сол маңайға жауынгерлерді көбірек шоғырландырамыз. Кең көлемдегі іс-шаралар өткізу барысында да халық көптеп жиналатын орындарға жауынгерлер әдеттегіден артық бөлінеді, – дейді капитан Дархан Нұрмағанбетов.

20160915 144255

Оқу-жаттығу сабақтарынан кейін Ұлттық Ұланның 5 жедел мақсаттағы рота жауынгерлері сартылдата сап түзеп түскі асқа бет алды. Сарбаздардың тәртіппен қозғалып, тік жүргені көрген жанды тәнті етеді. Олар бұдан кейін кезекшілікке түседі. Қызмет – қала көшелеріндегі жауапты қызметке оларды өз маршруттары бойынша орналастырудан басталады.

Бекасыл ЖҰРЫНБАЕВ,
6506 Әскери бөлімінде тәрбие саласының офицері, капитан:

– Биылғы жылдың 8 айлық есебіне сүйенсек, Ұлттық Ұланның 6506 әскери бөлімі жеке құрамының қатысуымен 51 қылмыстық іс ашылды. Жауынгерлеріміз 2781 әкімшілік-құқықбұзушылық істердің алдын алды. Жол-көлік оқиғаларынан құтқару, адасқан, жоғалған жандарды отбасымен қауыштыру сияқты 35 үлгілі қызметтер көрсетті. Сондай-ақ, 6506 әскери бөлімінің жауынгерлері Мақтаарал ауданында 30, Жамбыл облысы, Бурыл ауылында 14 қызметтік міндеттерді орындаған.

20160915 145850Нұрлыбек ӘБІШ,
6506 әскери бөлімі, 5 жедел мақсаттағы ротаның қатардағы жауынгері:

 – Қызылорда қаласында 1995 жылы дүниеге келдім. 
Жақында ғана шағынаудандардың бірінде 3 жасар қыздың ата-анасынан адасып қалғанын анықтадық. Шошына жылаған қызды алдымен жұбатып, сөзге тарттық. Оның үстіндегі киімі мен өзге де белгілерін басқа бақылау нүктелерінде тұрған жауынгерлерге хабарладық. Біршама уақыт өткенде қызын іздеген ата-ананы да тауып алдық. Олар баланы далаға ойнауға жіберген екен. Қыз баланы ата-анасына тапсырып, қызметімізді қайта жалғастырдық. Елдің бақытты өмір сүруі үшін тер төгіп жүргеніме қуанамын. Әскери қызмет – мен үшін мақтанып айтуға лайықты абыройлы қызмет!

20160915 150317Алексей ШАПОВАЛ,
6506 әскери бөлімі, 5 жедел мақсаттағы
ротаның жауынгері, ефрейтор:

– Ақмола облысы, Көкшетау қаласынан келіп, Шымкентте әскери борышымды өтеп жүргеніме жылдан аса уақыт өтті. Қоғамдық тәртіпті бақылау барысында күнде қызметке шығамыз. Түрлі жайсыздықтар мен қақтығыстың алдын алудағы еңбегімді бағалаған басшылар ефрейтор әскери шенін берді. Біз осы Шымкент қаласының тыныштығын сақтау жолында аянып қалмаймыз. Әскери өміріммен тығыз байланысты Шымкентте қала күні аталып өтуде. Айтулы мерекемен қала тұрғындарын құттықтаймын. Әрқашан елімізде тыныштық, татулық орнасын, көк Туымыз көгімізде желбірей берсін.

Опубликовано в Әлеумет

Баспасөз хатшысы – өз мекемесі туралы оң пікір қалыптастыратын маман. Сонымен қатар, қалам ұстаған журналистер қауымының әр саладағы ақпараттарды дер кезінде халыққа жеткізуіне бірден-бір ықпал ететін көмекшісі. 28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзовадан сұхбат алған едік.

sqarakozova

– Салтанат Бегімбайқызы, сіздің полицияда қызмет еткеніңізге биыл 21 жыл болады екен. Ал ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметін басқарғаныңызға биыл 11 жыл. Осыншама уақыт бір орында тапжылмай жұмыс істеудің сыры неде?

– Оңтүстікке 2005 жылы келдім. Ал оған дейін Ақтөбе, Алматы, Астана және Көкшетау қалаларындағы ішкі істер органдарында жұмыс істедім. Шымкентке майор шенімен келіп, қазір полковникке дейін өстім. Осы өңірдің журналистерімен де, халқымен де тез тіл табысып, сіңісіп кеттім. Менің ойымша, адам кішіпейіл болуы керек. Тек сонда ғана өз ортасында сыйлы болады.

– Сіз баспасөз қызметін басқарғалы бері төрт басшы ауысты. Әр басшының талабына сай жұмыс істеу қаншалықты қиын?

– Мен осы салаға келгелі бері жалпы 12 басшымен жұмыс істедім. Әрине, оңай емес. Өйткені, әр басшы өмірде өз орны бар, қалыптасқан сыйлы азаматтар. Полковниктер мен генералдар. Өз жұмысына тыңғылықты қарайтын мамандар. Көргені мен түйгені мол. Олардың маған қойған талаптары да жоғары болды. Ең алдымен өз жұмысыңды жақсы білуге тиіссің. Сол талаптарға сай болуға тырыстым. Менің адам ретінде, маман ретінде өсуіме тәжірибелері мол кісілердің септігі тиді. Осы өңірге алғаш келген жылы полиция полковнигі Құрманбек Артықбаевпен жұмыс бастадым. Одан соң, Хибратулла Досқалиев, Серімжан Досымовтан көп тағылым алдым. Ал қазір полиция генералы Асқар Оспанов басшылық етеді. Ол кісінің де қызметкерлерге қояр талабы күшті. Ең алдымен тәртіпті талап етеді.

– Баспасөз хатшысына қойылатын талаптар қандай?

– Ең алдымен қазақ және орыс тілдерін жетік меңгеруі тиіс деп ойлаймын. Журналистерге баспасөз мәслихатын өткізгеннен бөлек, өзіміздің сайтымызға және әлеуметтік желілерге ақпараттар саламыз. Айына бір рет ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысын насихаттайтын «102» атты газетіміз шығады. Сол кезде жазылған мәтін сауатты әрі онда толыққанды мәлімет берілуі керек. Ақпарат нақты жайттарға сүйеніп жазылуы тиіс. ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасында қазір 10 адам жұмыс істейді. Қызметкерлеріміз күн-түн демей, өз міндеттерін атқаруда. Баспасөз қызметі ширақтықты талап етеді. Бізді аяғымыз асырайды. Департаменттің ішінде қажетті ақпаратты алу үшін шапқылап, қолда бар ақпаратты заңға сәйкес таратамыз.

– Сынға қалай қарайсыздар? БАҚ тарапынан департамент жұмысына қатысты сыни материалдар жиі шығады ма?

– Сынға байыппен қараймыз. Оны дұрыс қабылдаймыз. Егер шындыққа сәйкес келетін сын болса, одан сабақ алып, қорытынды шығаруға тырысамыз. Біз бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарыққа шыққан немесе көрсетілген материалдарға мониторинг жүргіземіз. Кімнің не жазып отырғанын білуге тиіспіз. Журналистермен жұмыс бабы бойынша жақсы қарым-қатынас орнатқанбыз. Біздегі ақпараттар қолжетімді. Журналист ауызша немесе жазбаша түрде ақпарат сұраса, ол міндетті түрде берілуі тиіс. Мен осыны баспасөз қызметінде жұмыс істейтін қызметкерлерге жиі айтамын. Ақпаратты қолда ұстап, тілшілерді күттіруге болмайды. Өйткен жағдайда, жаңалық өз маңызын жойып алады. Уақытпен де санасып үйренуіміз қажет.

– Ауыр қылмыстар туралы ақпарат таратқанда оны жүрегіңізбен қабылдайсыз ба? Әлде оған да жан-дүниеңіз көндікті ме?

– Жанды ауыртатын жайттар көп кездеседі. Оларға көндігу мүмкін емес. Ұрлық-қарлық деген секілді қылмысқа бой үйретуге болар. Бірақ жас балаларға зорлық-зомбылық жасалып жатса, бір отбасыны түгелдей өлтіріп кетсе, оған қалай немқұрайлы қарайсың? Мәселен, жуырда ғана жанар-жағар май құю бекетінде үш азаматты өлтіріп кетті. Олардың артында қаншама адам тұр. Анасы, әйелі, балалары аңырап қалды. Қоғамдағы мұндай жайттарға бой үйретуге болмайды. Кейде «неге осындай жауыздыққа барды екен?» деп ойлаймын.

– Оңтүстікте өзіңіз секілді ер азаматтармен иық тірестіріп, полковник дәрежесінде қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер бар ма?

– Жалпы, ОҚО ІІД-де 300-ден астам нәзік жанды азаматтар жұмыс істейді. Олардың барлығына да қойылатын талап бірдей, тәртіп ортақ. Полковник шенін алған алты азаматша бар. Олардың әрқайсысы өз ісінің маманы, ортасына сыйлы.

– Генерал болуды армандайсыз ба?

– Әрине! Кім біледі, нәсіп етсе ол да болып қалар. Қыз-келіншектер де генерал болғысы келеді. Психологтарды тыңдар болсақ, олар армандау қажеттігін жиі айтады. Жастайымнан ішкі істер саласында жұмыс істеуді армандадым. Сол бала арманым мені бүгінгі күнге жетелеп әкелді. Бірақ оңай болды деп айта алмаймын. Талай қиындықтарды еңсеруге тура келді.

– Жұмысыңызға сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Опубликовано в Сұхбат
Пятница, 17 Июнь 2016 07:35

Жас ұландар қияға қанат қақты

Әскери өмірдің алғашқы баспалдағынан өткен жас ұландар ересек өмірге қадам басты. Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» мектебін биыл 142 түлек бітірді. Бәрінің де арманы асқақ, мақсат айқын. Мектеп басшылары, ұстаздар мен ата-аналар түлектерді қимас сезіммен шығарып салды.

SAM 0113

Түлектерге аттестат тапсыру мерекелік жиыны жоғары деңгейде өтті. Шымкент қалалық қорғаныс істері басқармасының басшысы Әбдіғабит Шегебаев түлектердің қадамына сәттілік тілей келген.

Әскери мектеп қазіргі таңда толығымен Қорғаныс министрлігіне өтіп, «Жас ұлан» мектебі атанған болатын. Яғни, биылғы бітірушілер Қорғаныс министрлігінің құрамына өткеннен кейінгі алғашқы бітірушілер. 2016 жылдың ҰБТ қорытындысы бойынша да ұландар жоғары жетістіктерге жетті. Түлектердің алды 118 балл жинаса, орташа балл 81,6-ді көрсетті.

Іс-шара барысында түлектер әуелі Кеңес Одағының батыры, генерал-майор Сабыр Рахымов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін оларға салтанатты түрде аттестат тапсырылды.

– Бүгінгі күн сіздердің өмірлеріңізде ерекше есте қалмақ. Мектепте оқыған кездеріңіз мәңгі жадыларыңызда қалатынына сенімдімін. Қазақстан қарулы күштерінің әскері болуға алғашқы қадам жасадыңыздар. Сіздер ҚР Тәуелсіздігіне 25 жылдығы аясында, әрі Қорғаныс министрлігі құрамында мектепті аяқтадыңыздар. Әрбіріңіз Тәуелсіздік туын жоғары ұстап, елдің дамуына өз үлестеріңізді қосады деп сенемін!, – деді мектеп басшысы Ғазиз Төлеуішев құттықтау сөзінде. Одан әрі ата-аналар мен бітіруші түлектер де сөз алып, қимастық сезімдерін жеткізді. 

Айта кетсек, еліміздің әр аймағынан жиналған шәкірттердің бәрі де жоғары оқу орнына жолдама алды. Мәселен, 68 түлек Алматы қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігі, құрлық әскерлері әскери институтына, 15 түлек Алматы қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери институтына жолданды. Сондай-ақ, қалған шәкірттер де елдің түкпір-түкпіріндегі әскери оқу орындарында білім алмақ.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 06 Май 2016 11:19

Әлеуетi артқан әскери мектеп

Олардың бар арман-мақсаты – елін жаудан қорғайтын азамат атану, Қазақстан Қарулы күштерінің айбынды офицері болу. Осы мақсатта қандай қиындық кезіксе де төзуге бар. Қорғаныс саласы темірдей тәртіпті талап ететінін жанымен ұғынған. Бәрінің де кеудесінде намыс найзағайы ұшқындап тұр. Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» мектебінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқанымызда осындай ой келді.

Тәртiп пен талап күшейдi

DSC01583

Биыл әскери-мектеп интернаттың ашылғанына 32 жыл толады. Оқу орны ҚР Үкіметінің 2015 жылы 26 қыркүйектегі Қаулысымен ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтті.
Мектеп өзгеріс, өркендеу жолында тұр: сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелер көбейген, биыл оқу бағдарламасына түрік тілін оқу енгізіліп отыр. Бұдан бөлек, мектепке тек 9-ы сыныпты бітірген мектеп оқушылары ғана қабылданады.
Мұның бәрі де алға қарай жылжудың, талап пен тәрбиенің қатаңдатылуында болса керек. Оқу орнының басшысы, полковник Ғазиз Төлеуішев осылай дейді. Былтыр қараша айынан бері басшылық қызметке тағайындалған ол бізге мұның негізгі себептерін түсіндіріп берді.
– ҚР Қорғаныс министрлігі қарамағына өтуіміздің ең бірінші маңызы – тәртіп күшеймек. Негізгі міндет – сабақ үлгерімін жақсарту, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу. Мектепті бітірген ұландарымыз жоғары әскери оқу орындарына көптеп түсу керек. Бағдарламалар осы мақсатта қабылданып жатыр.
Мәселен, қазір киім кию үлгісі өзгерді. Тамақтандыру, басқа да жағдайлар одан әрі дами түседі. 7 сәуір күні мектебімізге облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов мырза келді. Кездесуде жаңа оқу корпусы керектігі айтылды. Яғни, алдағы уақытта заманға сай жаңа әскери мектеп ғимаратын салу жоспарланып отыр. Қазір екі жақты келіссіздер жүргізілуде. Біз өз тарапымыздан қандай нысандар салыну керектігін айттық. Қаражат мәселесі шешілсе, құрылыс жұмыстары осы жылы басталып кетуі де мүмкін.

DSC01592

Оқушылардан жақсы оқу үлгерімін, тәртіпті талап ету үшін материалдық-техникалық база да дұрыс деңгейде болу керек. Қазіргі күні еңселі спорт залымыз жоқ. Үлкен мәжіліс залын салу қажеттілігі де туындап отыр. Жаңадан салынатын ғимараттың жоспарына бәрін енгіздік. Әзірге барға қанағат етіп, оқу-тәрбие жұмыстарын ойдағыдай атқарып келеміз. Жетістіктеріміз аз емес. Облыс көлемінде, республикалық іс-шаралардың бәріне қатысамыз. Әрқашан да шырайлы Шымкенттің атын әйгілеуге, елдің Туын биік ұстауға шәкірттерім әрдайым дайын! – дейді мектеп басшысы.

Өзгеру, өркендеу жолы

DSC01590Сабақтан тыс уақытта үйірмелердің көбейгенін айттық. Қаңтар айынан бері 9 үйірме жұмысын бастапты. Болашақ офицерлер ағылшын тілінен бөлек, түрік тілін меңгеруге кіріскен. Әрине, қосымша сабаққа ең әуелі ынтасы зор, тіл үйренуге талаптылары қатысады.
Қазіргі күні 9, 10, 11 сыныптар бойынша барлығы 416 ұлан білім нәрімен сусындап жатыр. Оның 90 пайызы – жергілікті ұлт өкілдері. 38 мұғалім жұмыс істесе, оның 15-і – жоғары санатты. 

Оқыту қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізіледі. Жыл сайын мектепті 150 ұлан бітіріп шығады. 

Мектеп түлектерінің Ресей, Түркия, Беларусь еліндегі әскери оқу орындарында тәлім алып жатқандары баршылық.
Өңірлердің үлесін айта кетсек, мұнда негізінен Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облысынан келіп оқитындар көп. Алда насихат жұмыстары күшейе бермек.

«Отан қорғауға дайынмын!»

2003 жылы мектепке Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымовтың аты берілгенін көпшілік білер. Әйгілі батырдың даңқын асыру, мектебін мақтаныш ету шәкірттердің басты ұраны екенін байқадық. Мектептің тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін уақытша атқарушы Сәкен Қолдасбекұлымен бірге шәкірттердің сабақтарына қатыстық. Әуелі физика пәні кабинетіне кірдік. Мұндағы оқушылардың бәрі техникалық пәндерді сүйіп оқитындар екен. Солардың бірі Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласынан келген – Мадияр Қожаназаров. Арманы асқақ, мақсаты айқын. Бізге «Қазақстан Республикасының туын алып жүретін азамат болғым келеді» деп екпіндей сөйледі.

DSC01597

– Сабыр атамыз секілді, ел ді, жерді қорғайтын азамат болсам деймін. Отан үшін бәріне дайынмын. Мұнда тәртіп бірінші орында. Арманым – жоғары әскери оқу орнына түсіп, Отан қорғау. Қазір математиканы меңгеруге әрекет етіп жатырмыз. Жалпы, бізге техникалық пәндерді меңгерген дұрыс. Қазіргі заман талабы сондай. Сыныбымызда 25 шәкірт бар. Бәріміздің жоғары оқу орынында да бірге оқысақ деген үмітіміз бар, – дейді өзі.
Биыл мектепті бітіретін олар Қорғаныс министрлігіне қарайтын «Жас Ұлан» мектебінің 1-і түлектері болмақ. Қазір ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындық үстінде. Мадияр алдындағы барлық кедергілерден өтемін деген сенімде.
Қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне кіргенімізде 10 сынып оқушысы Шыңғысхан Төлеубай қолды сермей өлең оқып жатыр екен. Ол – Шымкент қаласындағы Маржан Тасова атындағы № 12 Дарын мектеп-интернатында оқыған. «Кішкентай кезімізде қолға қару алып ойнайтынбыз. Арманымыз мақсатқа айналды. Соған жету үшін тырысып келемін. Алдымен анам ұсыныс айтты. Одан кейін қызығып, мектеп туралы мәлімет жинай бастадым. Ақыры осында оқуға бел байладым. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан жерімізді қорғауға келіп отырмын». Өлең жазатын қыры бар шәкірттің де басты мақсаты осы. Кейінгі кездері шет тілдерін үйренуге ден қойып жүргенін де білдік. Оның жоғары оқу орынына түскенде пайдасы тимек.

Мерекенi өз деңгейiнде атап өтпек

20160504 123447

Мектеп басшылығы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңістің 71 жылдығы мерекесіне дайындықты сәуір айында-ақ бастап кеткен. Басшылар үшін де, оқушылар үшін де мерекелерді жоғары деңгейде атап өту маңызды.
Мектептің тәрбие және идеологиялық әскери патриоттық бөлімшесінің басшысы Жаңыл Басбақбаеваның айтуынша, балалар 25 сәуірден бастап қалалық іс-шаралардың бәріне қатысып келеді. Ардагерлерді құттықтап, құрметтеп жатыр. Екі айлық жоспар түзілген.
Кеше ғана оқушылар Ұлы Отан соғысы ардагерлері – Қорғанбай Елеуов, Абылай Қазыбаев, Алексей Зинченко және Владимир Савченконың үйіне барып, құттықтап қайтыпты. Мектеп кітапханасында соғыс ардагері Абылай Қазыбаевпен кездесу ұйымдастырылған.
Басшылар 7 мамыр күні «Түркістан» салтанат сарайында облыс әкімінің қатысуымен өтетін салтанатты жиынға 100 оқушыны қатыстыруды жоспарлап отыр. Бір ұлан құттықтау сөз сөйлемек.
Мектептің тәрбие жұмысының бағыты мен мақсаты да осындай іс-шаралар. Оқушылардың бойында патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, ҚР Конституциясын құрметтеуді үйрету – басым бағыттардың бірі.
– Мектебімізде екі жылдық патриоттық тәлім-тәрбие алған оқушы әрдайым Отан қорғауға дайын тұрады. Әскери жоғары оқу орнына түссе де, түспесе де. Біздің түлектер қай салада болса да абыройлы еңбек ететіне мен кәміл сендіре аламын. Денсаулығына байланысты өте алмай қалатындар бар. Түрлі жағдайлар болады ғой. Бірақ түлектеріміз ең әуелі тәрбиелі тұлға болып қалыптасады. Отан қорғауға әрқашан дайын! Ең негізгі мақсаты осы, – дейді Ғазиз Төлеуішев ең әуелі тәрбиеге көңіл бөлетініне айтып.
Біз осындай жағдайларды көкейге түйіп қайттық.

 

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 06 Май 2016 11:17

Антына адал жауынгерлер

Әскер өмірі қашанда темірдей тәртіпті қажет етеді. Бұл – өмірін осы саламен байланыстырған жандар үшін бұлжымайтын қағида. Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде бүгінде еліміздің түпкір-түпкірінен келген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуде. Олар еліміздің қауіпсіздігін ғана емес, ішкі тыныштығын да күзетеді. Отан қорғаушылар күні қарсаңында әсери бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысудың мүмкіндігі туды.

DSC 0734Біз әскери бөлімге келгенімізде сарбаздардың тынығу сәтіне кезіктік. Барлығы теледидар тамашалап отыр. Қай бөлімге бас сұқсаң да, әскери тәртіптің лебі байқалады. Қазіргі кезде жастар әскерден бой тасаламайды, керісінше Қарулы Күштер қатарына баруға ынтасы зор. Өйткені жас жігіттерге әскери өмірдің берері мол. Биыл да әскери бөлімге сарбаздар Алматы, Астана қаласынан, Солтүстік, Шығыс, Батыс өңірлкрінен келіпті. Ал оларға жүктелген міндет жеңіл емес. Сарбаздар үшін әрбір минут қымбат. Әскери мамандардың айтуынша, мектептен кейін жасөспірім алдымен мұнда тәртіп арқылы шыдамдылық пен төзімділікке үйренеді. Сондай-ақ, жастардың сана сезімінің қалыптасуына, жинақылыққа баулиды. Айтқандай-ақ, Отан қорғаудағы жұмыстың ұсақ-түйегі жоқ. Әскери жарғыда не жазылды, соны мүлтіксіз орындайды. Одан жігіттердің абыройы артпаса, кемімейді. Жауынгерлердің әскери өмірі таң қыла бере басталады. «Тұрыңдар!» деген белгі берілісімен төсектерін жинастырып, таңсәрілік жаттығуларын жасайды. Казарма ішін ретке келтірісімен сап түзегендер, ертеңгілік астан кейін орталық алаңда еліміздің Әнұранын шырқайды. Мұнда этнос өкілдері де қазақ тілін меңгеріп алған. Командирлердің бұйрықтары да қазақша. Бөлімде мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлінген.
Әскер бөлімі өңірдегі мемлекеттік маңызы бар нысандарды, түзеу колонияларын күзетеді. Сонымен қатар, қаланың күнделікті тыныштығын полицейлермен бірге қорғайды. Олар патрульдік полиция батальонымен бірге Шымкент қаласының аумақтарын күн сайын сағат 17-ден 23-ке дейін күзетеді. Таяуда әскери өмірде өздерін жақсы жағынан көрсеткен үш жауынгердің ерлігін естіп, марқайып қалдық.
... Кешкі уақыт. Күн ұясына батып, ымырт үйіріле бастаған шақ. Әдеттегідей сарбаздар жаяу жүргіншілер өтетін жол қиылысында тұрған болатын. Кенет жауынгерлерге жанұшырып әйел кісі жүгіріп келеді. Оған белгісіз бір адам күш көрсетіп, сөмкесін тартып алғанын айтып шағымданады. Қылмыскерді дер кезінде ұстау үшін уақытты босқа жібермеу керек. Жігіттер ұрының түр-түсін сұрастыра жүріп, тауып алады. Әскери сарбаздардың ізіне түскенін көріп, ол бой тасалағысы келді. Бірақ үлгермеді. Күнде спортпен шынығып жүрген жігіттер ұрыны лезде қолға түсіріп, құқық қорғау органына апарып тапсырады.
Сарбаздар барлығына дайын болуы керек. Отан алдындағы борышымызды адал атқару біз үшін үлкен міндет, абырой, – дейді қатардағы жауынгер Б. Бегейбаев.
Рухани бай, көзі ашық азаматтарды ел қорған тұтатыны анық. Осы орайда әскери бөлім командирі, полковник Жамбыл Кульбаевтың да еңбегін атап өтуге болады. Ол өз лауазымын абыроймен атқарып жүр. Өз ісімен, адами қасиеттерімен ерекшеленетін азаматты әскери ұжым ерекше құрметтейді.
– Біздің басты жұмысымыз – жауынгерлердің тәлім-тәрбиесі. Оларды ұлттық рухта, отансүйгіштікке баулуға көп көңіл бөлеміз. Нәтиже жаман емес, жауынгерлеріміздің мемлекеттік рәміздерге деген құрметі ерекше. Олардың әрқайсысы мемлекеттік Әнұранды әуелете шырқайды. Мереке күндері бөлімде еліміздің аспан түстес Туы желбіреп, әртүрлі спорттық ойындар өткізіледі, – дейді 3 взвод сержанты Сәкен Нұсқабаев.
– Әрине, әскери өмірдің өз қиындығы бар. Соған қарамастан, мұнда үйренгенім көп. Өз басым әскери қызмет барысында сержант, командирлерді үлгі тұтамын. Олардың қамқорлығын айқын сезінемін және әрдайым сенімдерінен шығуға тырысамын. Нәтижесінде қиындықты жеңіп, әскери тәртіпке дағдыландым, – дейді Қызылорда облысы, Шиелі ауданынан келген Бижігіт Әлімжанұлы.
Ал Шығыс Қазақстан облысынан келген Азамат Мәуітханұлы Шымкенттің көркем қала екенін, қала тұрғындарының қонақжай, мейірімді, бауырмал екенін айтады.
Қазір әскери бөлімшенің өз музейі бар. Онда әскери мекеме өміріндегі елеулі оқиғалар, атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер келушілердің назарынан тыс қалмайды. Кезінде спорт саңлағы, боксшы марқұм Бекзат Саттарханов осы бөлімшеде әскери борышын өтепті. Әрбір жасқа өнеге болатын қаһармандардың да құжаттары мен наградалары музей сөресінде тұр. Ал бөлімдегі кітапхана қоры жыл сайын байытылып отырады. Бөлімше мерзімді баспасөзге де жазылған. Облыстық, қалалық қана емес, республикалық басылымдар да бар. Сарбаздар сейіл кезінде кітапханаға келіп, кітап оқиды. Соның бірі –қатардағы жауынгер Петр Свифидов. Ол тарихи шығармалар мен детектив кітаптарды оқығанды ұнатады екен.
Әскери бөлімшеде психолог мамандар да жұмыс істейді. Олар да сарбаздар тәрбиесіне үлесін қосып жүр. Жауынгерлерге маманның ақыл-кеңес айтатын кездері аз емес, себебі әскери бөлімше бір ұжым, бір отбасы сияқты. Сондай-ақ, сарбаздар қоғамдық жұмыстардың бәріне атсалысады.
6506 әскери бөлімінде осындай жақсы істер бар. Әрбір жауынгер Отан қорғау абырой екенін жан-тәнімен сезінеді. Бөлім еліміздің гүлденуіне, тыныштығы мен қауіпсіздігіне осылай үлес қосуда.

Опубликовано в Қоғам

Отан. Патриоттық сезім. Әскер өмірі. Бұл – қасиетті ұғымдар. Азаматтық парызы мен Отан алдындағы борышын атқаруға бел буған жастар үшін бұл ұғымның мәні бөлек. Сөзімізді статистикамен сабақтайтын болсақ, ел аумағындағы әскерге шақырылған ер азаматтардың 80 пайызы азаматтық борышын атқаруға дайын екенін мәлім еткен болса, 20 пайызы барғысы келмейтінін айтыпты. Дегенмен, бұл көрсеткіштер жас буынның әскер өміріне деген қызығушылығы басым екенін аңғартады.

30 мың азамат әскерге шақырылған

Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны 1-сәуірден бастау алды. Тиісінше, алдағы үш ай уақыт мерзімінде әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады. 

Осы орайда, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінде нақ осы күндері қызу қарбаласты байқауға болады. Мұнда өңірдегі аудан-қалалардан жолданған жастардың денсаулық әлеуеті тиісті медициналық тексеру барысында анықталады. Отан алдындағы парызымды өтесем деген жігіттер медициналық тексерістен өтіп жатыр. Қобалжулы. Оларды түсінуге де болады. Өйткені денсаулықтарынан сәл кінәрат табылса әскерге бару арманы тағы да кейінге шегеріледі. Жастардың денсаулық жағдайын анықтауда қажетті жабдықтар мен тиісті сала мамандары толық қамтамасыз етілген.
– Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаменті мамандары тарапынан қаңтар-наурыз айларының аралығында шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізілді. Яғни, жастарды әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде аталмыш шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі, – дейді облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің медицина қызметінің басшысы, подполковник Әлімжан Оспанов.

 

Айта кетерлігі, әскерге шақырылғандар үшін жиі қойылатын «бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары» диагнозына бүгінде көз аурулары қосылған. «Әскери қызметке жарамайтындар арасында басқа ауру түрлерінің ішінен көз ауруы бірінші орынға шықты» дейді мамандар. Жастардың арасында соңғы жылдарда көздің нашар көруі сырқаты жиілеп барады. Оның себебі, жастардың бала кезінен бастап компьютер, смартфондармен тым әуестенулерінен болса керек. Бұрыннан келе жатқан сырқат түрі ретінде әлі де болса майтабан жастардың қатары қалың. Салмақ жетіспеушілік, бел омыртқасының қисық бітуі секілді аурулар да жиі кездеседі. Сол себепті әскер қатарына ілінбей жатқандар көп екен.
3 күн уақыт мерзімінде медициналық комиссияның бақылауынан өтетін болашақ сарбаздар тиісті әскери бөлімдерге бөлінетін болады. Айта кетейік, бүгінде Қорғаныс министрлігі үш мыңға жуық жас буынды Қарулы Күштер қатарына шақырса, қалғандары Ішкі әскерлер мен Шекара қызметі, Республикалық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберілетін болады. Мамандар бұл қатарда әскери бөлімдерге қабылданатын сарбаздардың 20 пайыз үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін айтады. Өткен жылы күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде еліміздің шекара шебіне 2 мың қазақстандық аттанған. Ал Ұлттық Ұлан 6,5 мың және Мемлекеттік күзет қызметі 300 сарбазбен толыққан болатын. Бүгінде жалпы саны 30 мыңға жуық қазақстандық әскерге шақырылатындар қатарында тұр.

Қарымды жас – қуатты әскер атанбақ

DSC 0365

Шекара қорғауға барғысы келетін жастардың бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Сарбаздың бойы мен келбетіне байланысты қатаң талап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтеуден үміткерлерге қойылады. Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды басшыларды қорғап, күзететін бұл қызметке барғысы келетін жастың бойының ұзындығы 180-190 сантиметр аралығында, бет әлпеті таза, тыртықсыз, физикалық жағынан жақсы жетілген, бойын тік ұстайтын болуы тиіс. Яғни келбеті келіскен, денсаулығы мықты, сымбатты жастар алынады. Сонымен қатар, білімі де маңызды, ең кемі он бір жылдық мектепті аяқтаған болуы қажет. Бір жылдық міндетті қызметтері аяқталғаннан соң үкімет оларды сол мемлекеттік күзет қызметіне алып қалады. Келісім шартпен әрі қарай офицер болып қызметтерін жалғастырады. Сондықтан мемлекеттік күзет қызметіне алынатындардың саны да шектеулі.
Қорғаныс министрлігінің қарулы күштеріне баратындар әуе қорғаныс күштері, құрлық әскері, аэромобильдік күштер секілді бөлімшелерде қызмет етпек. Олардың да өз ерекшеліктері бар. Физикалық жағынан дайындығы күшті балаларға басымдық беріледі. Ал Ұлттық Ұланның ішкі істер әскери бөлімшелері үшін алынатын балалардың ата-анасы және басқа да туыстарының сотталмағанына аса мән беріледі. Өйткені бұл бөлімшелер ішкі тәртіптің сақталуын қарайды, түзеу колонияларын қарауылдайды. Әлбетте, бұлардың барлығында да жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән беріледі.

Әскери қызметшi, келешегiң қандай?

Заң бойынша әскерден үйленгендер, сотталғандар, денсаулығы жарамсыздар, студенттер босатылады. Сондай-ақ, әскер қатарына шақырылушы жалғызбасты ананың баласы болып, оның отбасында өзінен басқа 18 жасқа толмаған бауырлары болса және ата-анасы мүгедек болған жағдайда асыраушы ретінде оның әскерге бармауына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда әскерге шақырылушы осыны растайтын құжаттарды жергілікті әскери бөлімге тапсыруы керек. Жалпы, түрлі жағдайларға байланысты әскерден босатылғандар жергілікті әскери комиссариатқа жыл сайын анықтама қағазын тапсырып отыруы тиіс. Ал түрлі жағдайларға байланысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға тек бір рет жасалады.
Әскерде болған сарбаздар мен сержанттар және запастағы офицерлер келісімшартпен әскери қызметке қабылданып, өздерінің қалауы бойынша ел аумағындағы әскери бөлімдерге қызметке баруына толық мүмкіндік бар. Келісімшарт бойынша әскери қызметке алыну үшін ниет білдіруші міндетті түрде ҚР азаматы болуы тиіс. Екіншіден, жасы 19-дан төмен және 35-тен жоғары болмауы керек. Үшіншіден, мұндай қызметке тек әскери міндетін өтеген адамдар мен әскери кафедра немесе әскери оқыту резервтерінде болған азаматтар ғана қабылданады. Төртіншіден, азаматтың денсаулығы жақсы және бұрын сотталмаған болуы керек. 10 жыл және одан да көп уақыт әскери қызметте болғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй беріледі. Ал әскери қызметте жүргендеріне 10 жыл толмағандарға тұрғын үй жалдау үшін арнайы өтемақы төленеді. Бұдан басқа келісімшарт бойынша әскери қызметте жүргендеріне 8 жыл болған азаматтар еліміздегі жоғары оқу орындарына оқуға түскен жағдайда, оқу шығынының 50 пайызы мемлекет бюджетінен қайтарылады. Сондай-ақ, келісімшарт бойынша қызмет істеп жүрген әскерилерге жыл сайын демалыс беріледі. Бұған қоса екі айлық еңбекақысы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.
«Әскерге барғым келеді». Осылай деп жергілікті қорғаныс істері басқармасына келушілер көбейген. Тіпті жігіттер медициналық тексеріс кезінде ауруын жасыратын да көрінеді. Дегенмен, Қорғаныс министрлігі тыңғылықты іріктеуден сүрінбей өткендерді ғана Қарулы күштердің қатарына алмақ.


shegebaevӘбдіғабит ШЕГЕБАЕВ, 
Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы:

Жастардың психологиялық берiктiгi маңызды

– Шымкент қаласынан әскерге неше жасөспірімнің жолданатынын айту қиын. Неге десеңіз, біз қорғаныс істері жөніндегі департаментінің сұранысына орай жібереміз. Ол үшін нағыз шыныққан, денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданған жігіттер іріктеледі. Кейбір жастар өткір, сауатты болғанымен денсаулығы жарамсыз болып шығады. Аға дәрігер бәрін қадағалап өткізеді. Әскерге алынатындардың санының шектеулі, ал әскери парызын өтеп қайтуға тілек білдіруші жастардың көп болуы себепті шақырылушыларға қойылатын талаптар да жоғары. Жастар психологиялық-моралдық тұрғыдан іріктеуден өткізіліп, олардың біліміне, денінің саулығына және физикалық тұрғыдан дайындығына маңыз беріледі.


askerҚуаныш САҒЫНДЫҚОВ,
әскерге шақырылушы:

Отанды қорғау – қасиеттi борыш

– Бүгін медициналық тексеруден өтіп жатырмыз. Отанын қорғау – әрбір ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан өзім оған психологиялық жағынан дайындалдым. Дәл қазір әскер қатарына аттануға әзірмін. Алдағы өмірімді Ұлттық Ұланмен байланыстырғым келеді. Десек те, азаматтық борышымызды абыроймен атқарсақ деген үлкен арман-мұрат бар. Өз басым, еліміздің әрбір ер азаматы әскер өмірін басынан өткергені жөн деп есептеймін. Өйткені, әскер өмірі бізге шынайы өмірдің мәнін ұғындырады. Физикалық тұрғыдан ширақ болумен қатар, өмірдің қандай да бір қиындығы мен ауыртпалығына төзімді болуға үйретер еді. Жолдас пен ата-ананың қадірі қаншалықты жоғары екенін толықтай ұғына алар едік. Сол себептен де, әскер өмірінің біздерге үйретері көп деп есептеймін.

Опубликовано в Қоғам
Страница 2 из 2